РФ, БЕЛОРУСЬ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ АСТАНАҒА КЕЛДІ
Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою үшін Ресей Президенті Владимир Путин мен Беларусь Президенті Александр Лукашенко Астанаға іс сапармен келді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атап айтқанда, бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысады. Сонымен бірге, құжатқа қол қою рәсіміне Армения мен Қырғызстан Президенттері де келеді деп күтілуде.
Аталған одақ туралы келісімге қол қойылар болса, құжат 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылғаннан соң Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жеке кездесіп, Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу туралы келісімге де қол қояды деп жоспарланып отыр.
Абай-ақпарат