РЕСЕЙ УКРАИНА ШЕКАРАСЫНАН ӘСКЕРІН ӘКЕТТІ
Ресей қорғаныс министрлігі Украина шекарасында орналасқан қарулы күштерін әкеткені туралы және әскердің бұрынғы әскери бөлімдерге, тұрақты пункттерге орналастырғандығы туралы хабар таратты. Ведомства мәліметтері бойынша 21 мамырда Ростов, Белгород, Брянск аумақтарынан төрт темір жол эшелонына және 15 «Ил-76» ұшағына әскери жүктер тиеліп, оқу-жаттығуға қатысқан әскерлермен бірге шекара маңынан әкетілді. Бұл туралы BBC хабарлады.
Ал «Азаттық радиосы» Украина билігі өкілдерінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, ресейлік әскери бөлімдер шекарадан кемінде 10 километр ғана кері жылжығанын хабарлады. Сараевоға сапарында НАТО бас хатшысы Андерс фог Расмуссен Ресей әскерінің шекарадан түгел қайтқанына "толық дәлел жоғын" айтып, Путиннің әскерді шекаралық аймақтардан әкету туралы осымен үшінші рет мәлімдеме жасап отырғанын меңзеген. АҚШ армия министрі Джон Макхьюдің айтуынша, Вашингтон Ресей әскерилерінің шекаралық аймақтардан толықтай кеткенін емес, тек белгілі бір қашықтыққа ғана кері шегінгенін байқаған.
Естеріңізге салсақ, 20 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин Украинада 25 мамыр күні өтетін президент сайлауы қарсаңында "жаймашуақ жағдай" тудыру үшін әскерді қайтаруға бұйрық берген еді.
Абай-ақпарат