Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 5922 0 пікір 15 Қаңтар, 2015 сағат 01:26

ДІН – ІЗГІЛІККЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

Дін түзетіп, тарихи шешім қабылдауда Діни басқарма үшін қоғамның пікірі маңызды, зиялы қауымның көзқарасы қымбат. Сөзі салмақты, пікірі өтімді тұлғалардың Дінбасымен сұхбаттасып, мүфтиятта еркін әңгіменің өрбитіні де сондықтан. Жуырда көрнекті жазушымыз Дулат Исабеков те Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен сұхбаттасты. Дін мен дәстүр, елдік мақсат, жастар жайлы ой бөлісті, мәселенің түйінін тарқату туралы ұсыныстар айтылды. Белгілі драматург пен Дінбасының шағын әңгімесін жазып алған едік.

Бас мүфти: Дулат аға, Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағына қош келіпсіз! Жақында Айтматов атындағы халықаралық сыйлыққа ие болдыңыз. Әуелі Сізді өзімнің және Діни басқарманың атынан құттықтаймын. Бұған біз де марқайып қалдық.

Дулат Исабеков: Рахмет, мүфти-хазрет. Бұл – барша қазаққа берілген марапат деп есептеймін. Өзімді бақытты санаймын. Өйткені, осы халықаралық сыйлықты тәуелсіздік мерекесі қарсаңында алдым.

Бас мүфти: Сыйлы, құрметті кісілерге тәбәрік ұсынған қонақжай қазақпыз ғой. Қажылықтан келген сый-тәбәріктерді өзіңізге берсем деп әуелде ниет етіп қойғам. Астанада Төлен (ӘбдікА.Қонарбайұлы) ағаға бердім, Алматыда өзіңізге құрметпен ұсынамын. Қасиетті зәм-зәм суын жақсы тілек айтып ішкен адамның дұғасы қабыл деген. Жайнамаз өміріңіздің серігіне айналсын. 

Дулат Исабеков: Үлкен рахмет. Мүфтидің қолынан тәбәрік алу мен үшін үлкен абырой. Мұны жақсылыққа балаймын. Бұл үшін алғыстан басқа айтарым жоқ.

Бас мүфти: Дулат аға, қазір біз дін мен дәстүр сабақтастығын жиі айта бастадық. Діни басқарма деңгейіндегі «Дін мен дәстүр» жылын 2018-ге дейін созуды ұйғардық. Бұл идея қоғаммен тығыз байланыс орнатуға жол ашты. Жазушылармен, зиялы қауым өкілдері арасында алтын көпірге айналды. Имамдарымыз түрлі саладағы адамдарға жақындай түсті. Оның үстіне теріс ағымға кеткен жастарымыз арамызға қосыла бастады. Өзіңіз де жақсы білесіз ғой, кезінде шариғаттағы амалдар біздің дәстүрімізге сіңісіп кетті. «Құдай жоқ» деп ұрандатқан кешегі коммунистік кезеңде дінімізді сақтап қалған осы дәстүріміз болды. Оның ықпалы зор болды.

Дулат Исабеков: Бұл бастамаларыңыз орынды болған. Жұмыстарыңызды көріп, естіп жүрмін. Мен оны қолдаймын. Құдайға шүкір ғой, қазір діни ахуал түзеле бастады. Бірақ менің қарным ашатын дүние: осы біздің дінімізден жамандық, дұшпандық, жауыздық іздеу үрдісі соңғы кездері үдеп кетті. «Қит» етсе немесе біреу бір жерде «қисайып» қалса, дереу «ойбай, мұсылмандар қырып жатыр, Ислам террористері» деп оңай жала жаба салады. Жаныма батады. Дін деген ізгілікке толы дүние ғой. Ислам мен лаңкестікті егіз ұғым етіп көрсеткісі келетіндердің әрекеті үлкен күнә деп есептеймін. Бұл мұсылмандар арасына үлкен лаң салады.

Бас мүфти: Дұрыс айтасыз, аға. Ақиқат көп адамға жақпаған. Ислам пайда болғалы бері оған күй жағушылар да қарап отырмаған. Өткенде Елбасы журналистермен өткен сұхбатында әдемі айтты емес пе? Лаңкестің ұлты, діні, тегі болмайды. Ол барлық жерде бар. Ал енді осындай оқиғалардан діни астар іздеу, шынында да, қате көзқарас. Исламда адам өміріне қиянат жасау былай тұрсын, біреуді қорқытуға болмайды.

Қазір имамдарға Исламды ізгі амалымызбен көрсету жайлы жиі айтып жатырмыз. Қазір сөздің емес, амалдың заманы. Құран үкімі мен пайғамбар сөзіне амал еткен пенде өзгелерге де Исламның асыл құндылықтарын насихаттай алады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мейірімін сезінген, адам баласына қылдай қиянат жасамайтынын түсінген, тіпті талай дін дұшпандары Исламды қабылдаған.  

Дулат Исабеков: Мүфти-хазрет, имам деп қалдыңыз ғой, сізге бұрыннан бері айта алмай жүрген бір жағдай бар еді. Ел ішінде көп жүреміз ғой, құдайы астарға қатысамыз, мәйітті ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерінде, яғни, жаназа намаздарында боламыз. Сол кезде молдалар уағызды ұзаққа созып жібереді. Осы қаншалықты орынды болар екен?

Бас мүфти: Иә, әр жерде уағыз айтудың өзіндік тәртібі, әдебі, ыңғайлы уақыты болады. Тыңдаушылардың жағдайын да ескеру керек. Жақында бұл мәселеге қатысты тапсырма бердім. Өлім-жітімдерде, құдайы астарда уағызды 5-7 минуттан асырмау қажеттігі айтылды. Халық арасындағы осындай жағдайларды байқап, бізге жеткізгеніңізге қуанамыз. Бұл діни ахуалды түзеуге көмектеседі. Баяғыда өмірден өткен ізгілер, иманды басшылар айтқан екен: «Менің кемшілігімді байқап, оны өзіме айтқан адам – маған ең жақын адам, ол менің жанашырым», – деп.

Сіздей жанашыр жазушыларымыз бар кезде дініміздің де, тіліміздің де тұғыры биік бола береді деп сенемін.  

Дулат Исабеков: Сізбен кездесуімді пайдаланып, тағы бір сұрақ қойсам. Мені мазалап жүрген мәселе: бізде өлім-жітім жөнелту салты әр жерде әртүрлі. Осыны бір ізге келтіруге болмас па екен?

Бас мүфти: Оныңыз рас, Дулат аға. Жаназаға қатысты рәсімдер әр жерде әртүрлі атқарылады. Бір облыста қалыптасқан салттар өзге өңірлерде мүлдем басқаша сипат алғанын аңғардық. Діни басқарманың Ғұламалар кеңесінде осы мәселе кеңінен талқыланды. «Жаназа пәтуасы» кітабын дайындап қойдық. Жуырда шығып қалады. Бұл мәселені шешудің бірнеше тетіктері бар. Біріншіден, уақыт керек. Бір облыста қалыптасып қалған салттарды шариғатқа сәйкестендіру үшін түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз. Кейбір ақсақалдар молдаларды мойындамай: «Әй, бала! Қоя тұр мұны біз шешеміз. Біздікі дұрыс», – деп дүрсе қоя береді. 70 жасты алқымдап қалған ақсақалдармен талас тудырмай, әдеп сақтаймыз, әрине. Басқа жол жоқ. Үлкеннің айтқаны кішілер үшін «заң» ғой. Семейде өкіл имам болып жүргенімде мұндай мәселеге жиі кезіктім. Сондықтан бұл жағдайдан жақсы хабарым бар. Екіншіден, «Жаназа пәтуасы» кітабын халыққа таратып, соның төңірегінде насихат жұмыстарын көбірек жүргізуіміз қажет. Бұл мәселе осындай жолдармен кезең-кезеңімен шешіледі деген үміттемін.

Дулат Исабеков: Рахмет. Бүгін сізбен жақсы әңгіме құрдық деп есептеймін.

Бас мүфти: Үлкен басыңызды кішірейтіп келгеніңіз үшін Алла разы болсын. Діни басқарма есігі сіздей дініміз бен діліміздің жанашыр жазушылары үшін әрдайым ашық. Сіздердің ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз бізге аса қажет. Діни басқарма жанынан Қоғамдық Кеңес құруды жоспарлап отырмыз. Амандық болса, сол Кеңесте өзіңіз төбе көрсетіп, халық үшін, мемлекетіміз үшін маңызды ойларыңызды ортаға саласыз деген ойдамын. Алла Тағала ел үшін жасап жатқан игі істеріңізге күш-қуат, жігер берсін.

 

Жазып алған

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377