Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7089 0 пікір 15 Қаңтар, 2015 сағат 01:00

ЖЫЛДАРҒА ТАТИТЫН ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢ

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылдың  20 тамызындағы Жарлығымен Амандық Ғаббасұлы  Баталов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Жаңа әкімнің Жетісу өңірінің жетекшісі міндетін атқаруға кіріскеніне  жарты жылға жуықтады. Осыған орай  әкімнің осынау аса жауапты  кезеңде атқарған жұмыстарын  саралай отырып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.   

Ауылшаруашылығы өнімдерінің 14 пайызын өндіретін Алматы облысының биылғы даму қарқыны ойдағыдай. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешенмен бірге өнеркәсіпті де өркендетіп, қайта өңдеуге қарқын берген, еліміздің бүгіні мен  ертеңіне қызмет ететін серпінді жобаларды мерзімінде орындап отырған өлкеде тамыз айының екінші жартысында ел арасында үлкен серпіліс туғызған жаңалық тіркелді.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күнін Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысуға арнап, сапарының соңында облысқа жаңа басшыны тағайындап,  алдағы кезде атқарылар өрелі міндеттерді саралаған болатын. Өркенді өңірдің өнімді тірлігін көзімен көріп, көңіліне көп нәрсе түйген Елбасының назарынан жұмыс бар жерде кездесер азды-көпті кемшін тұстар да тыс қалмады.  Жетісудың жауһар қаласы Талдықорғанның қанат жайғанын, көрікті де керекті нысандардың бой көтергенін өз  көзімен көрген Мемлекет басшысы Алматы облысының бүгінгі бекем тірлігін айта келе, болашақ дамуының мүмкіндігі аса үлкендігіне тоқталды. Облысты үш жылдан астам уақыт басқарған Аңсар Мұсахановтың еңбегіне лайықты баға бере  отырып, осы облыста ұзақ жылдар бойы облыс басшысының орынбасары, бірінші орынбасары міндеттерін мінсіз атқаруы арқылы көпшілік көңілінен шыққан Амандық Баталовты әкімдікке тағайындаған болатын.  Облыстың беткеұстарлары жиналған алқалы жиында өзінің осынау  шешімін айтқан Елбасы: «Амандық Ғаббасұлы облыстың жағдайын, даму мүмкіндігін бес саусағындай жақсы біледі. Талай сыннан өткен, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы. Сондықтан да өңірдің бірінші жетекшісін сырттан әкелмей, облысты жақсы білетін, халықпен етене жұмыс істеген азаматты тағайындағанды жөн көрдім», – дей келе,  жаңа әкімге тың міндеттер жүктеп, халық атынан үлкен сенім артқаны әлі есімізде.

Амандық Ғаббасұлы жаңа міндетті жатсынған жоқ. Өңірдің бары мен жоғын жақсы білетіндіктен  қызметке бірден бел шеше  кірісіп, облыс әкімдігінің тізгінін ұстағаннан бергі кезеңде  бірқатар игі істерге жол ашып, батыл да байыпты бастамаларымен ерекшеленді. Шындығын айтсақ, жаңа әкім бір күн де қарап отырған жоқ. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларға сай атқарушы билікке қойылар талапты барынша күшейтті.  Кәсіпкерлердің алдынан даңғыл жол ашты. Жетісуға инвестиция саламын деушілердің ынтасын арттырды. Елордада журналистер алдында есеп беруі де жұрт көңілінен шығып, былайғы кезде әр нәрсеге сын көзімен қарайтын БАҚ өкілдерінің де жоғары бағасын алды. Тағы басқа да бірқатар шаруалардың басын қайырып, шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқатты.

Әкім болып тағайындалғаны туралы Жарлық шыққан күні Амандық Ғаббасұлы  облыс ұстаздарының тамыз кеңесіне қатысып, аса нәзік  саланың  дәл сол кездегі жетістігі мен болашақ жоспарларын тағы бір мәрте көңіл таразысынан өткізіп, мүмкіндіктерге мұқият үңілді. Білім саласы жетекшілерінің баяндамаларын зер сала тыңдап, өзінің ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Жалпы Алматы облысындағы  білім саласы ел көлемінде жақсы аталады. Республикалық пән олимпиадаларында тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрінетін жетісулық оқушылар халықаралық, дүниежүзілік білім және өнер олимпиадаларында оза шауып жүргенін жақсы білеміз. Облыста  шәкірт тәрибелеп жүрген ұстаздар саны 35 мыңға жуықтаса, олардың қатарында биылғы оқу жылында  «Дипломмен – ауылға» келген мыңға таяу жас маман бар.  Жыл сайын жаңа мектептер салынады, ескілері жаңартылып, жаңғыртылады. Апатты білім ошақтарының саны да қысқара түскен. Мектепке дейінгі білім және тәрбие мекемелерімен қамту  көрсеткіші осыдан сегіз жыл бұрын 18 пайыздың маңайы болса, биыл 63,5 пайызға жетіпті.

– Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Біз ең алдымен өңірдегі апатты мектептер мен үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге күш жұмсаймыз.  Балаларлы балабақшамен қамту деңгейін арттырып, 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге тиіспіз, – деген облыс әкімі озат ұстаздарды  Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттап, мұғалімдердің мерейін тасытқанын көзіміз көрді.

Білім күні өңірде 12 мектеп пайдалануға берілді. Алғашқы қоңырау күні жаңа білім ошағына кіріп қуанғандардың қатарында Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылындағы 900 орынды қазақ мектебінің  оқушылары бар. Оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын  құттықтады. 2005 жылы облыстағы білім саласының бюджеті 28 млрд. теңге болса, биыл 105 млрд. теңгеден асып отырғанын айрықша атап өтті. Соның нәтижесінде жыл сайын облыстағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығаятынын  да тілге тиек етті. 

Облыс әкімі өзі өткізген алғашқы аппарат жиынында өңірдің өткені мен бүгінгі дамуын, болашақ мүмкіндіктерін өте жақсы білетіндігін аңғартты.  Жиында талқыланған негізгі мәселе – Елбасының облысқа жасаған сапары барысында айтылған сындарына байланысты жедел іс-шараларды қолға алу болды. Маңызды және кезек күттірмейтін міндеттер қатарындағы пайдаланылмай жатқан мыңдаған гектар жерді айналымға қосу,  суармалы жерлерді тиімді пайдалану, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу ісін өркендету, туризмді дамыту, балабақшамен қамту сияқты көптеген проблемалардың шешімі бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, мәселені шешу жолдары сол жолы айқындалды.

–  Елбасы атап көрсеткен басым бағыттарды дамытуға біздің өңірдің әлеуеті жеткілікті. Ең бастысы, жұмысты дұрыс жоспарлап, істі тиімділікпен  ұйымдастыра білу керек. Кешенді жоспардың дер кезінде сапалы орындалуына әрқайсыларыңыз дербес жауап беретін боласыздар, – деді ол аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қарата.

Мемлекет басшысы Жетісу жеріне жұмыс сапарында өңірге инвестиция тартудың мүмкіндігі молдығын атап айтқан болатын.  Осыған орай қыркүйек айының 10-жұлдызында Алматы қаласында  еліміздегі ең ірі деген бизнес өкілдерімен кездесіп, «Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында келелі кеңес құрған облыс басшысы Алматы облысында өркендеу мүмкіндігі бар кез келген салаға қаржы саламын дейтін инвесторларға жан-жақты қолдау жасалып, қолайлы жағдайлар қарастырылатынын жеткізді. Жалпы бұл жүздесуде Алматы облысының іскерлік мүмкіндіктері ортаға салынып, инвестициялық әлеуетін пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды, өзара тиімді әріптестік болашағы мен инвесторларды мемлекеттік қолдау формалары туралы сөз болды.

–  Біз бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттері туралы айтып, облыс дамуының болашақтағы бағытын көрсеттік. Артылған жүк жеңіл емес. Бірақ біз оны шеше аламыз және шешеміз де. Осыған байланысты сіздерді ынтамақтаса белсене жұмыс істеуге шақырамын, – деген  Амандық Ғаббасұлы бизнес өкілдерін өзара тиімді әріптестікке шақыра отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалатынына сендірді. 
 Елбасы облысымызға келген сапары барысында Талдықорған қаласының бүгінгі келбеті мен құрылысының барысына көңілі толғанын білдіріп, алдағы кезде облыс орталығының көркеюін назарда ұстауды тапсырған еді.

Қыркүйектің алғашқы күндерінің бірінде Талдықорғанға тұтас бір күнін арнап,  қасына жауапты тұлғаларды ертіп, облыс орталығын аралап шыққан облыс әкімі Амандық Баталов шаһардың сәулеті мен құрылысының қай бағытта, қай деңгейде дамуы қажеттігін анықтауға күш салды. Тың бағыттарды нақтылады. Әуежай ғимаратының сыртқы келбеті, қала мен әуежай аралығындағы жол жиегін көгалдандыру, гүлзар жасау сынды  тапсырмалар берді.

Идеологиялық тұрғыдағы билбордтардың безендірілуіне жаңаша көзқарас қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. «Шығыс» шағын ауданы мен қалаға шығыс жақтан кіретін жолдың түйісетін тұсы бос жатқанына назар аударып,  осы ашық аймақта болашақта саябақ немесе басқа да демалыс орындарын жасауға болатынын айта келе, қала басшысына жобалар ұсынуды жүктеді. 

Облыс әкімі Талдықорған қаласын мұнан кейін де бірнеше мәрте аралап, құрылыстың қарқынын, абаттандырылудың жай-күйін өз көзімен көріп, тиісті орындарға тың тапсырмалар жүктеді. Білікті сәулетшілердің басын қосып өңірдегі бас қаланың болашақ жоспарын пысықтап, ерекше жобалар әзірлеуге көңіл бөлді. Көпсалалы аурухана, дарынды балаларға арналған  мектеп, драма театры сынды ғимараттардың қатарында сәулетті де сәнді Неке сарайы тұрса деген ойын жүзеге асыруға кірісті.

Алматы облысында негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы аспандай қойған жоқ және тапшылық та болып көрмепті. Бұған облыстың аграрлы өңір екендігі, негізгі тұтыныстағы азық-түлік түрлерінің өзімізде өсіріліп, өндірілетіні және қайта өңделетіні оң ықпал етіп отырғаны анық. Қалыптасқан дәстүрге сай жыл сайын қоңыр күздің алғашқы айынан бастап  Талдықорған қаласында ауылшаруашылығы өнімдерінің сенбілік жәрмеңкесі өткізіледі. Сонымен бірге, Алматы және Астана қаласын жетісулық шаруалардың өсіріп-өндірген ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында да жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Бұл дәстүр биыл да өзінің жарасымды жалғасын тапты. Қыркүйектің алғашқы сенбісінде Алматы қаласындағы «Астана» алаңында облыстың 16 ауданы мен 3 қаласының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті. «Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру»  бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге азық-түліктің 45 түрінен 217,8 мың тонна өнім жеткізілді. Алматылықтар бір күн ішінде 115,3 млн. теңгенің азық-түлігін сатып алды. 

Жәрмеңкені Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов аралады. 

–  Бұл – дәстүрге айналған шарапатты шара. Сондықтан алматылықтар облыс жәрмеңкесінің қай мерзімдерде, қай жерде өтетініне құлақ түріп, асыға күтіп жүреді. Қай ауданнан қандай азық-түлік алатындарын да біледі. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен бірлесіп, Алматы маңында азық-түлік белдеуін дамыту, Алматы агломерациясы бойынша жұмыс жүргіземіз, – деген облыс әкімі мұндай жәрмеңкелер алдағы кезде де жалғасын табады деп айтқаны әлі есімізде.

Араға екі апта салып барып,  Астана қаласында да тура осындай жәрмеңке өтті. Жетісулықтар Елордаға  420 тонна азық-түлік апарылып, бір күнде жалпы сомасы 240 млн. теңгенің тауары саудаланды.  Жәрмеңке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағасын ырықтандыру мақсатында ұйымдастырылды. Базаршылар  жетісулық өнерпаздардың ән-жыр шашуын да қуана қабылдады.  Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдері сенбілік жәрмеңкені аралап, халықпен әңгімелесуге де уақыт тауып, бағаны тұрақтандыру шараларының болашағы жайлы кеңесті. 

Қарашаның бірінші сенбісінде Алматы қаласының тұрғындары тағы да «Астана» алаңына ағылды. Бұл жолы облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жетісулық шаруалар оңтүстік астанаға жалпы сомасы 115,1 млн. теңге болатын 38 түрлі ауылшаруашылығы өнімінің 243,1 тоннасын алып келді. Алматылықтар бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен әрі сапалы азық-түліктен көтергендерінше алып, қарық болып қалды.

Облыс тәртіп сақшылары 9 айдың қорытындысын шығарған кезде қызметтеріне серпін беретін, міндеттерінің мәртебесін асыратын жаңалыққа куә болды. Келелі кеңеске қатысқан облыс әкімі келесі жылдан бастап Алматы облысының үздік учаскелік полиция инспекторына және үздік аудандық ішкі істер басқармасына автокөлік берілетінін айтып, полиция қызметкерлерін қуантып тастады. 

Облыстық ІІД, Талдықорған қалалық және бірқатар аудандық ІІБ  басшыларының баяндама, хабарламаларын тыңдаған Амандық Ғаббасұлы өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер қылмысы өсіп отырған Райымбек, Ұйғыр, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласының, ұрлық, оның ішінде үй тонау мен мал ұрлығы дерегі көбейген Райымбек, Ұйғыр, Қарасай, Іле, Талғар және басқа да аудандардың әкімдері мен аудандық ішкі істер басқармаларының басшыларына жұмысты ширатуды, мектеп әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнатуды  қатаң тапсырды. 

– Біз жыл сайын мұғалімдер мен дәрігерлерді, ауылшаруашылығы саласы мамандарын жұмыс қорытындысы бойынша ынталандырып, ақшалай марапат немесе көлік сыйлаймыз. Мен биылдан бастап осы үрдісті ішкі істер саласына да енгізуді ұсынамын. Үздік учаскелік инспектор мен үздік аудандық ішкі істер басқармасын анықтап, автокөлік беруді, басқа да түрлі номинация бойынша байқаулар өткізіп, жүлдегерлерін марапаттауды қолға аламыз, –  деді өңір басшысы. 

Қазан айының алғашқы күні Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен «Көмірсутек саласындағы инновациялар» тақырыбында өткен өңіраралық XI форумда екі ел арасындағы энергетикалық кешендерді дамыту бағытында бірқатар келісімшарттарға қол қойылды. Солардың қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Ресейдің Челябинск облысының губернаторы Борис Дубровский Алматы облысы мен Челябинск облысы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Осы құжат арқылы тараптар сауда, экономика, ауылшаруашылығы, логистика, туризм, электр энергетикасы, ғылым, технология, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты жолға қоюды мақсат етіп отыр. 

Келісім аясындағы ынтымақтастық бірлескен бағдарламалар мен жобалар әзірлеу, өзара тәжірибе алмасу, кеңестер, семинарлар мен конференциялар секілді басқосулар өткізу, ғылыми-техникалық және өндірістік кооперация және басқа да шаралар түрінде көрініс таппақ.

Мемлекет басшысы өзінің іссапары барысында көрші Қытай елі арқылы әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық қарым-қатынас орнатудағы орны ерекше «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына баса назар аударған болатын. Ел дамуына серпін беруге тиісті маңызды жобаны  қараша айында халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да айрықша атап өткенін жақсы білеміз.

Осы орайда облыс әкімі Амандық Баталовтың  шекаралы өңірде бірнеше мәрте іссапармен болып, арнайы аймақтағы орны ерекше «Құрғақ порт» құрылысын қоса алғандағы нысандардың жағдайымен тікелей танысып, кеңестер өткізгенін айта кеткен жөн. Одан кейін «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Президенті Асқар Маминмен бірге тағы да Жаркент өңірінде болып, дәл сол кезде алдан шыққан бірқатар мәселелердің түйінін тарқатқан болатын.

Соның нәтижесінде өткен жылғы 25 желтоқсандағы индустрияландыру күнінде ғаламат жобаның алғашқы кезеңі Елбасының сәттілік тілеген сөзінен соң  іске қослғанын көзіміз көрді. Қарасай ауданындағы Береке ауылында облыс әкімінің  қатысуымен үдемелі «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «TerraNova» зауыты ашылды.

 «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральді газ құбырының алғашқы алауы жағылды. Алауды салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Серік Сұлтанғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлихан Тойбаев пен Николай Логутов тұтатты.

Бұл жоба Елбасы Жолдауының міндеттерін жүзеге асыру аясында және Алматы облысын газдандыру өңірлік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылды. 

Жоба арқылы жылына 380 мыңға жуық халқы бар 60-тан астам елді мекенді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік бар. Болашақта облыстағы 600 мыңнан астам адам табиғи газдың игілігін көреді.

Облыс  әкімі Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы С. Демирель атындағы университетте студент жастармен кездесіп, жас ұрпаққа  жасалып отырған қамқорлық, жастар саясатын жүзеге асыру, Елбасының бастамасымен қолға алынған "Болашақ", «Дипломмен – ауылға» сынды маңызды бағдарламалардың беретін мүмкіндігі жайлы айтты. Сол сияқты білім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселесін де тілге тиек етті. 

Кездесу өзара пікір алмасу түрінде өтті. Жастар облыс басшысына өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелер жайында сұрақ қойды. Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлының өмірлік ұстанымына, жеке өміріне қатысты да сауалдар қойылды. Өңір басшысы студенттердің барлық сұрақтарына толыққанды жауап қайтарды. Олар көтерген кейбір мәселелер бірден шешімін тапты деуге болады. Мәселен, университет алдындағы жолдан автокөліктер үлкен жылдамдықпен өтетіндіктен, жастардың өмір қауіпсіздігі үшін аспалы жол салу туралы өтініш айтылған еді. Облыс әкімі аспалы жол салудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді аудан әкіміне тапсырды.

Мақала тақырыбына «Жылдарға татитын жауапты кезең» деген сөз бекер шығарылған жоқ. Шындығында, Амандық Баталов Алматы облысының тізгінін ұстағаннан бергі кезеңде  тыным көрмей келеді. Жоғарыда сол жарты жылға жуық уақыт та атқарылған ауқымды істер мен маңызды шаралардың бірқатарын ғана қамтыдық.  Ал атқарылған жұмыстың әрқайсысына жеке-жеке тоқталар болсақ,  әңгімеміздің алысқа ұзап кетері әбден мүмкін. Сондықтан, негізгі бөлімде айтылмай қалған тағы біраз маңызды шаруаларды тізбелей кеткенді жөн көріп отырмыз.

Талдықорғандағы орталық мешіттің құрылысы аяқталды.

Балқаш көлінің дабыл қағарлық экологиялық жағдайын сауықтыруға шешуші қадам жасалынып, механикаландырылған мелиораторлық отряд құрылып, Қаратал өзенінің көлге құяр сағасын аршып, тереңдетті.

Талдықорғанда көгалдағы хоккейге арналған, халықаралық талаптарға сай стадион ашылды.

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында болған Азия ойындарында ел намысын қолдан бермеген жетісулық жеңімпаздарға үлкен құрмет көрсетілді. 

Мерейлі отбасылардың мәртебесі асырылды.

Ілияс Жансүгіровтің, Үмбетәлі Кәрібаевтің, Бердібек Соқпақбаевтің мерейтойлары лайықты деңгейде аталып өтілді.

Талдықорғанда Жамбыл облысының, Таразда Алматы облысының мәдениет күндері ұйымдастырылды.

Жаңа мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханалар ашылды.

Алматы мен Талдықорған арасын жалғастыратын республикалық маңыздағы күре жолдың күрделі жөндеуі қарқын алып, Алматы мен Қапшағай қаласы арасындағы алты жолақты жолдың құрылысы аяқталуға жақындады.

Облыс орталығында жүздеген шаңырақта қоныстойы тойланды.

Айта берсе, бес айдан астам уақытта атқарылған істер, жүзеге асқан жобалар көп.  Көзіқарақты, құлағы түрік оқырман  олармен БАҚ арқылы жақсы таныс. Біздің мақсат  – сол жаңалықтар мен жақсылықтарды жұрт назарына тағы бір мәрте ұсынып, өңір басшысының қажырлы қызметін паш ету болды.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы.

Абай.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381