Әмірхан БАЛҚЫБЕК. АУДАРМАЛАР-2
Әзиз НЕСИН
КҮТУ
Маған бөгет бола алмайды
Күйкі мұң.
Алыстасаң,
Жандүниең тазарып,
Алыстасаң,
Артады екен сүйкімің.
Сол үшін де кеттім сенен
Жыраққа,
Естен шықсын қалған кездер
Ұятқа.
Көнген сұлу сұлу емес,
Далбаса,
Сол шын сұлу құшаққа енбей
Арбаса.
Өмір сұлу
Күткендіктен ажалды,
Мен күткен жан
Сен сұлусың ажарлы.
Қанша күтем,
Бір күн, бір ай, мәңгілік?
Күту – жану
Сағынышты ән қылып.
Келу, кету,
Енді бірі болмайды.
Күту – парыз,
Бұл өмірде
Сол қайғы.
Күткен жан жоқ
Келер сәтін
Өмірге,
Туылғасын
Күтерің тек
Өлім де!
БЕКЕРГЕ
Сен жоқсың...
Бекерге жауады жаңбыр...
Екеуміз бірге су болмаған соң...
Мына өзен бекерге...
Күркіреп-сарқырайды...
Жағасында бірге отырып қарамаған соң...
Сонау алыс жақтарға...
Жол да бекерге созылады...
Екеуміз бірге жүре алмаған соң.
Сағыну да, жабығу да бекерге
Арамыз тым қашық...
Бірге жылай алмаған соң.
Сені сүйгенім де бекерге...
Өмірім бекерге өтеді,
Өзіңмен оны бөлісе алмаған соң.
ТАР ДҮНИЕ
Жүрегім кеудеме сыймайды,
Кеудем бөлмеме.
Бөлмем үйіме сыймайды,
Үйім дүниеге.
Дүнием әлемге сыймайды,
Әрдайым осылай қинайды.
Қасіреттен
Мылқау болып қалып ем,
Сол болар-ау
Деген едім жаныма ем
Үнсіздігім жер мен көкке
сыймайды,
Көңіліме ұнамаса сезімім,
Басым үшін болып алды
ми қайғы.
Міне, осылай бүкіл дүние
Тарылып,
Екі шекем бара жатыр
Жарылып.
Себебі не,
Енді-енді түсіндім,
Түсіндім де өз-өзімнен қысылдым.
Барлығын да ғұламаша талдаймын
Ешкімге, әттең, түсіндіре алмаймын.
ӨСІМДІК БОЛСАМ ЕГЕР ДЕ...
Өсімдік болсам егер де,
Ән-күйге толсын маңайым,
Шайқалар желге
көкорай шалғын болайын.
Дәл үстімнен түсер болса жол ұлы,
Өтсін басып қалыңдықтың көлігі.
Шынжыр табан танкіден
тек сақтасын.
Қуған, қашқан әскер емес және де,
Тек балалар жүгірсін,
Ел мен елді жалғайтын
Жол боп ақыр жатқасын.
Керек болсам,
Кірпіш қылып құйыңдар,
Мектеп болып тұрайын
Болашаққа сыйым бар.
Тек, тек анау түрме, зындан секілді,
Жайды салып, қызартпаңдар бетімді
Дабыл емес,
Ерке ысқырық оятсын,
Менің үшін сол болады тоят шын.
Қажет болса қаламсап та
болайын
Үкім емес өлімге,
Тек махаббат жайында
жыр жазатын толайым.
Өлгеннен соң айналсам-ау
жапырағына даңқтың.
Қару-жарақ болудан тек сақтасын,
Атасы сол қауіптің.
БҰЛАЙ ЖҰПАР АҢҚЫМАЙДЫ...
Дәл бұлайша аңқымас ед қалампырдың
жұпары,
Иісі өзіңді иіскегендей иіскегесін
тұтады.
Дәл бұлайша көз тойғысыз болмас еді
дала да,
Өзіңді өпкен құтты мекен болмаса егер
ана ара.
Дәл бұлайша болмас еді дүние де
әдемі,
Өзің болып зарықпасам жүрегімнің
әлегі.
Дәл бұлайша ессіз болған кезім жоқ-ты,
бұл анық,
Ессіздіктің өзін енді қабылдаймын
қуанып.
Дәл бұлайша таңданбас ед бал көркіңе
ел дағы.
Мен сүйгесін сұлусың сен, шындығы осы,
болғаны.
Аднан ШАХИН
БАЛЫҚ
Ағысы асау өзен бойы құрақты,
Мені бүгін ой түбіне құлатты.
Тәңір берген ризықты қарсы алып,
Балық аулап отыр едім, нан салып.
Кенет аттай тулап кетті жүрегім
Қармағыма балық түсті, білемін.
Тереңдіктің болса да ерке дүлейі,
Жанарына толыпты ажал үрейі.
Енді оған құтылу жоқ қармақтан,
Көп кешікпей шоққа қарыр жан-жақтан.
Не болмаса тіскебасар болады,
Ішкен үйде иесі мен қонағы.
Кенет халде өң менен түс аралас,
Армандап ед болсам-ау деп адал ас,
Мүмкінсізді мүмкін еткен Құдай-ай,
Осы сәтте бау үзілді шыдамай.
Аузында ілгек қалғанымен, жаны азат,
Жүзіп еді өмір жайлы ой мазалап,
Ауға түсті уақыт салмай араға,
Енді оны анық шыжғырады-ау табаға.
Балықшы-екең істен қашан жалықты,
Сұрыптап ед ауға түскен балықты,
Аудан бұрын түсіпті-ау деп қармаққа,
Құтқарды да аузындағы ілгектен,
Қоя берді, Хаққа қарсы болмақ па!?
Тіршілікте ғажап көп-ау не түрлі,
Өзенде енді ол еркін шоршып секірді.
Алла барда үзілмейтін үміті,
Осы балық су шайыры секілді.
Шереф ЙҮЖЕЛ
ЖАҢБЫР
Жаңбыр жауды, міне, тағы майдалап...
Сені есіме түсіріп.
Аспан жылап жатқандай,
Басымдағы мұңлық халді түсініп.
Әр тамшыда арманым бар,
Иісің сіңген топыраққа тамады.
Әрбір тамшы жерге түскен соғылып,
Жүрегімдей парша-парша болады.
Жаңбыр жауды, міне, тағы майдалап...
Мөлдіреген бота көзің,
Жауын болып жанарыма құйылса,
Жып-жылы боп иегімнен
Аққан да сен сорғалай.
Тек сен үнсіз жауасың,
Тек мен үнсіз жылаймын.
Айдай көркің түсіп кетсе есіме,
Қу жанымды жер таппаймын қоярға.
Бұлт та мендей жылаған жоқ,
қара жерге егіліп,
Ешбір алау жеңе алмайды сезіміме
өзің жаққан отымды.
Және ешкім есіміңді
атаған жоқ дәл мендей,
Жүрегімен дірілдеп.
Тамады мұң тағы да,
тамшы көктен тамады.
Бұлт болса бусанғандай
Арылып бір азаптан.
Тоңдым, білем!
Қолыңды ұстап тұрғанда,
Тоңған кезім болып па еді жаңбырға?
Қараңғыдан кезім жоқты үріккен,
Сенсіз жалғыз қалмасам.
Үстімде су болмаушы еді малмандай,
Көңіліммен үндесіп,
Жалғыздықтың ақ жауыны жаумаса...
Жаңбыр жауды, міне, тағы майдалап...
Жан ЙҮЖЕЛ
БӘРІ СЕНДЕ ЖАСЫРЫН
Қандай күшпен тартса жер,
соншалықты ауырсың,
Жеңілдікке келгенде
секілдісің қауырсын...
Құштарлығың өмірге
дүрсілінде жүректің,
Жанарыңның отында
жастық дейтін жүр екпін...
Жақсы көрсең қаншалық,
сонша жақсы боласың,
Жек көргенге өзгені
өзге қайтіп жоласын...
Жүзің сұлу болғанға
жолым болды демегін,
Жайып салар әңгімең
жандүниеңнің дерегін.
Өміріңді өткізген
байлығым деп санама,
Әрбір батқан күніңмен
жақындайсың шамаға;
Қанша өмір сүрсең де,
аса алмайсың межеден,
Жан қапаға батады
шын күлкісін тежеген.
Тағдыр қанша жылатса,
тағы сонша күлесің,
Сені сонша сүйеді,
өзің қанша сүйесің.
Күн шықты ма арайлап,
табиғаттың сыйы де,
Суар әркез жаныңды
адалдықтың күйіне.
Айтсаң егер өтірік,
сендірем деп алданба,
Қанша алданғын бәрібір,
өзі сеніп қалғанға.
Сүйіктіңді сағынсаң
ол да сені сағынар,
Жүрегінің төрінен
саған да орын табылар.
Жаңбыр жауса қаншалық,
су боласың соншама,
Күнге күйсең қаншалық,
ыстығың да сол шама.
Жалғызбын деп түңілсең,
байлап-матар жүз арқан,
Қанша күшті сезінсең,
соншалықты қызар қан.
Көріктімін дедің бе,
құлпырады жүзің де,
Бостан-босқа зарығып,
бостан-босқа үзілме.
Есте ұста бұларды
жарық дүние қонағы,
Өмір сүру дегенің,
міне, осылай болады!
Ұмыттың ба бұларды,
жаңыласың шындықтан,
Құтылмайды санаң еш
қасірет пен құлдықтан.
Ұмыттың ба өзгені,
сен де естен шығасың,
Бейбақ болып өтесің,
жуа алмаған күнәсін.
Суланса гүл қаншалық,
соншалықты әдемі,
Сайрай берсе құстың да
әсемденер әуені.
Жылағаны сәбидің,
сәбилігі деп білгін,
Қаншалықты үйренсең,
соншалықты көп білдің.
Бұның бәрін ұғып ал
жүрек ояу кезінде,
Қанша сүйсең, соншалық
сүйіктісің өзің де...
Жерорта теңізі жарасады өзіңе
Жерорта теңізі жарасады өзіңе
Жұлдыздармен бірге терге малшынсаң,
Қыр мұрныңда тамшы жылт-жылт етеді.
Мотор үні бір тынбайды
Алыстан үрген үні естіледі иттердің
Сәби болса шырылдауда дамылсыз
Фатима қыз орамалмен ойнайды
Әли Дүмдүм анашымен керілдесіп бағуда
Балықшылар сабалайды теңізді.
Үні олардың – жердей саған дос болған
Гүл секілді сыбдырлаудан жалықпас.
Кеше түнде жатып едік дамылдап
Жеп-жеңіл жел қытықтайды сананы
Ойларымнан жусан иісі еседі
Бірақ та мен саған көрші қонбастан
Кезгендеймін таудың құзды соқпағын.
Үйрендім-ау сенен сурет салуды
Дарияны салып едім,
Қарындашты қолым нып-нық ұстады
Қолбасшыдай қатыгез қалың қолды
Бастаған
Мұғалимам бет алады мектепке,
Мен де еремін соңынан
Дәптеріме салып бара жатамын
Оңтүстіктің самалын
Тек қарлығаш ұшатын
Аймалайтын аралды.
Басымнан еш кетпейді
Өзіңменен болған күндер бақытты
Мендік өмір – планетаңа өзіңнің
Тиіп кеткен күміс түсті өріс қой
Керегі не қарақшылар жайлапты
Делінетін үңгірдің,
Көзім сені көріп көр боп қалғанда
Өлең деген – сендік ұлы теңіздің
Сүңгу шығар тереңіне тұңғиық
Сен тоқтасаң балдырлары тербеліп
Жасылданып кететін,
Ал жүздің бе – көгілдір
Жағалауда жатып алып ойладым –
Міне менің қираған
быт-шыт болған арман, мұрат, мақсатым,
Міне, ақымақ дәуірім
Арақ ішіп танған әркез есінен.
Шын бақытты
Сені көріп сезіндім
Һәм түйсіндім
Көне грек аттары
әлі күнге екендігін көгілдір,
Күн батқанда сол аттардың жалдары
болатынын тараулы,
Ал жаны болса
Көлеңкесі секілденіп ағаштың
Сұлулыққа әлдебір
Ғашық халде
Дала кезіп кетерін.
Жан қалқам-ай, қарашы енді көзіме,
Жерорта теңізі жарасады-ау өзіңе.
ӨСИЕТ
Жерле мені Датышқа,
Анкара мен Стамбұлды ұмытқын.
Әркез таза болғаны жөн құлықтың.
Ол жақтарда жер жоқ дейді
жерлеуге,
Зинджырлықта, мысалы
700 һәм 50 миллион керек болад деседі
Жоқтаушылар зират қазып терлеуге,
Ал мұнда ше,
арзан әрі қолайлы,
жер болып тұр
еш қаупі жоқ орайлы.
Мына мені жерле деймін Датышқа,
Теңізге көз салып жатар моланы,
Қазынасы бірге қоса жерленген
Айтулы бір бай екен деп қонағы
Әлдекімдер қазар болса бір заман,
Еш кедергі жасамаймын, бұл анық,
Ең болмаса көрімде жатсам деймін қуанып.
Атабол БАХРАМОҒЛЫ
ӨМІРІМНЕН ӨТКЕРГЕН....
Өмірімнен өткерген үйрендім мен бір нәрсе:
Не өтсе де басыңнан жігер қажып жасыма.
Ғашық болсаң жанып сүй, қалғаны құр далбаса,
Жауға тисең өрттей ти, зәре құтын қашыра.
Даналықтың өзіндей көк аспанның дидары,
Балаңдықпен айтарын кім ұғып, кім жинады?
Сезіне алсаң өмірді сезінгендей өзіңді,
Күллі ғалам, тіршілік құшағыңа сиғаны.
Дос болдың ба, достыққа адал болғын барынша,
Жеңдім деп біл жанжалда, қасың жылап жалынса.
Тынығудың атасы сол болады, бауырым,
Жапырақ не құм сынды жататын жер табылса,
Болса десең жан сұлу әсем әуен тыңдағын,
Сезінгенше бойыңда айнакөлдей тұнғанын.
Айдынына теңіздің балық болып сүңгігін,
Босқа өтпейді тек сонда айларың мен жылдарың.
Алыс ел мен бейтаныс жандар болсын құмарың,
Ұмтылғын көп білуге, кітап болып сыңарың.
Бір аяқ су ішуден артық бақыт бар ма екен,
Соны ұмытсаң ақиқат биігіңнен құларың.
Қайғы келсе, салмағын көтере біл иықпен,
Жетілсе адам жетілер қасіретпен, күйікпен.
Ағысына өмірдің қаныңменен аралас,
Қаны болсын өмірдің тамырыңды иіткен.
Өмірімнен өткерген үйрендім мен бір нәрсе:
Түсінгенге табиғат еш таршылық қылмайды.
Өмір үшін ең үлкен тарту болса тіршілік,
Адам үшін өмірден үлкен тарту болмайды!
Адем ҰШАР
СЕНІ ҰМЫТУ
Сезімімді ақыл жаққа ұшырдым,
Әз қанаты талды бірақ құсымның.
Шырғалаңнан алып шығар жалғыз жол
Сені ұмыту екендігін түсіндім.
Түсінгенмен, келмей қойды қолымнан...
Шарасыздан мен болдым ғой қорынған.
Көңілімде гүл бүршігін жарғанда,
Сағынғаннан сан беріліп арманға,
Басымдағы көп үтірден қаптаған,
Саған керек бір нүктені таппаған.
Түсінгенмен, келмей қойды қолымнан...
Әлемің бар алуан түске малынған.
Бағыт та жоқ, бағдар да жоқ өлгенде,
Шыр айналған болдым дағы шерменде,
Амалсыздан ере бердім артыңнан,
Жолдың бәрі саған қарай тартылған.
Түсінгенмен, келмей қойды қолымнан...
Қанша ұмтылдым, шыға алмадым торыңнан.
Көзден кіріп, құйылдың да санама,
Айналдың сен сан қайталар Аллама.
Енді бүгін демімдесің әр алған,
Жүрегімсің бәлкім бірге жаралған,
Өшіретін өшіргіш те таба алман.
Түсінгенмен, келмей қойды қолымнан...
Жаңылсам ба деп те көрдім жолыңнан.
Жек көруге тырысқанмен өзіңді,
Құр алдау боп шықты ол да өзімді.
Өзім сүйіп балаған соң жаныма
Саған кінә арта алмадым тағы да.
Сезімімді ақыл жаққа ұшырдым,
Әз қанаты талды бірақ құсымның.
Шырғалаңнан алып шығар жалғыз жол
Сені ұмыту екендігін түсіндім.
Түсінгенмен, келмей қойды қолымнан...
Дерия МОЛОН
ЖАЛҒЫЗ МЕН БЕ ЕКЕМ...
Жаға жыртып ұрсысуға жарамас,
Бар бағасы қара бақыр шамалас,.
Сүйген жаны сүйіктім деп қарамас
Жалғыз мен болсам, айтсаңшы...
Қарамастан аш-жалаңаш күйіне,
Кекейтұғын кім көрінген сүйіне
Опасыз деп кіргізбес жұрт үйіне
Жалғыз мен болсам, айтсаңшы...
Аяқтағы шаңың болып жүрейін,
Бетіме кеп жұрт түкірсе, күлейін.
Адам деуге тұрмайтұғын дүлейің
Жалғыз мен болсам, айтсаңшы...
Айхан ОКУМУШ
СЕНДІК БОЛСЫН
Күннен күнге қатуланып қабағың,
Кірпігіңді қанжар қылып қададың.
Көрмесең де бір сен үшін жанамын,
Тәнімді ал, сендік болсын ол дағы.
Ішім жалын зәрге толып қабарған,
Жас тоқтады сел боп аққан жанардан.
Шаршаттың ғой, кетті үзіліп сан арман,
Көрер күнім, сендік болсын ол дағы.
Халің осы, тән түскенше табытқа,
Тілім дедім, атын айтып зарықпа.
Сен деп жүріп өртендім бе тамұққа?
Қалған өмір, сендік болсын ол дағы.
Ақымақ деп күле берсін ел мейлі,
Өзіңменен бірге ән салғым келмейді.
Қолда таяқ, екі көзім көрмейді,
Соқыр жанар, сендік болсын ол дағы.
Мазақ болу бұл өмірдің мәні ме?
Тән де тозды, шырт түкірдім бәріне,
Шыдас берер шама да жоқ әріге.
Ысырап уақыт, сендік болсын ол дағы.
Сақал қудай, түк қалған жоқ шаштан да,
Сұрақ белгі секілдімін сасқанда.
Сен деп жүрсем, ажал құшақ ашқан ба?
Кебінді тән, сендік болсын ол дағы.
Мейлі, маған бұрылып та қарама,
Ажал бір күн жармасады жағаңа,
Жаза кесер өзі Алла Тағала,
Мына алақан, сендік болсын ол дағы.
Көз көрмейді, құлағым да тас керең,
Хал сұрасар жағдай да жоқ басқамен.
Есеп бермей кетем деме әсте мен,
Күнә менен сауабым, сендік болсын ол дағы.
МАҒАН ЖАР ЕМЕССІҢ
Енді ұқтым, сен маған жар емессің,
Бар болғаны, есімді алған елессің.
Қанша қара, көрінбеймін көзіңе,
Бар кінәні артам енді өзіңе.
Деп тілеймін қайнасын-шы сорың шын,
Ойсыз басың тау мен тасқа соғылсын
Аһ ұрғанда қырық қабырғаң сөгіліп,
Көркің қалсын гүл сияқты төгіліп.
Демің бітіп, күлге айналсын жүрегің,
Жауға айналсын жанып сүйген тірегің.
Белің құныс, соқыр болсын жанарың,
Қол тиместен солып қалсын анарың.
Білмедің де бұл дүниенің жалғанын,
Үлде менен бүлде болды арманың.
Енді сені қойнына алар қара жер,
Аппақ етің құм болады, бара бер.
Сенсіз мен де мына өмірде тірі өлік,
Баста қайғы, күнім өтті түнеріп.
Махшар күні алқа ортаға алғанда,
Екі қолым, біл, болады жағаңда.
Жалынарсың сұрап сонда кешірім,
Аша алмассың бірақ мейір есігін.
Өзің үшін шеккен жапа есебін,
Өзің айтшы, қалай ғана кешемін?
Кеше алмаспын, болсын жайым жаһаннан
Сонда айығам қайғы, нала, қападан.
Махшар күні сын болғанда арыңа
Азаптанғын атым түспей жадыңа.
Тозақ оты шарпығанда тәніңді,
Жалғыз сөзім құтқарса да жаныңды.
Бәрібір сол шешімімде қаламын,
Сен жоқ жерге, тозақ болсын, барамын.
Эмел ЧЕЛИКЕЛ
ҚҰРТ ТҮСКЕН АЛМА
Дастан аз ба жырлаған Ләйлі менен Мәжнүнді,
Тыңда, ақыным, басқа да ғашық жайлы жаз жырды.
Туынды аз ба өмірде махаббатты ән қылған,
Тапқын басқа себебін, көз тыйылсын жаңбырдан.
Ұтыс ойын ойнасақ арманымыз үй жалғыз,
Басқа мұқтаж жоқ па еді, о, Тәңірім миланғыз.
Екі жарты бір бүтін алмадай ек кеше біз,
Ол алма да құрттапты, енді қайғы кешеміз.
(Жалғасы бар...)
Абай.kz