КЕРЕКУДЕГІ ҚОНЫС ТОЙЫ
Павлодарда тоғыз қабатты жаңа үй пайдалануға берілді. Бұл осы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының қаржысына бой көтерген екінші үй.
Жалпы Павлодарда 12 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Олардың көбі бюджеттік мекеме қызметкерлері мен жаңадан шаңырақ көтерген жастар. Ал жыл басынан бері Кереку қаласында 100 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйден пәтер кілтін алғандардың арасында көп балалы және аз қамтылған отбасылар, әртүрлі топтағы мүгедек жандар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Биыл қалада осындай 8 үй қолданысқа берілді. Әсіресе жастарға жасалып жатқан қамқорлықтар қуантады. Алдағы жылы көпқабатты 12 үй салынса, олардың басым бөлігі жас отбасылардың еншісіне тимек. Ал келер жылдың алғашқы тоқсанында 195 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Абай-ақпарат.