Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 10480 0 пікір 6 Қараша, 2014 сағат 01:03

ҰЛТТЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ҚҰРМЕТТЕУ ДЕҢГЕЙІ ТЫМ ТӨМЕН

Пайда ойлама, ар ойла.

Абай.

         Кей-кейде қолға қалам аласың, зеріккендіктен емес, әр қазақтың ар-намысы оянса, баршамыз жаманнан жиіркенсек, айықсақ дейсің ғой баяғы. Таяуда бір журналист азамат қазаққа тіл тигізгенді доғарайықшы деп өтініпті. Пәлі. Терең ой қадірсіз қазір. «Қайраттан, сілкін!» деп оятар маса ызылы әлсіз. Ұлттың өзін өзі құрметтеу деңгейі тым төмен.  Тағы тағылар.  Сонда қалай? Болу я болмаудың сызығында тұрсақ та, бөрікті аспанға ата беру керек пе?!   

         Қашан орынды сын артықтық еткен. Әр ел өз қотырын өзі қасымаушы ма еді, оның әлеуметтік дертіне, мін, кемшініне өзге жұрт пысқырсын ба.  Сөз жоқ, кеселге диагноз қою, оның алдын орау қажеттілік. Қасиеттілік деген осы, бәлкім. Міне, төменде көпшіліктің ықыласын «ар-ұят»  ұғымына бұруымызға ойтүрткі осылар болды.  

        «Адамзатты махаббатпен жаратқан» бір Тәңірі берген әділ қазы бар. Ол - ар-ұжданымыз. Оның әмбебап сипаты (ар-ұят, ар-иман, ар-әділет, ар-намыс, ар-инабат т.с.с.) содан. Адами қасиет, сырлы сезім есігіне кілтін табу оңай шаруа емес. Әдетімізше әулиеміз - Құнанбайдың Абайына жүгінбекпіз.  

                                     Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

                                     Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!

                                     Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

                                     Қазысы оның - арым мен бір-ақ Құдай! (1897). 

         Соңғы жолға зер салайық, іштегі қазы: Ар және Иман екен. Бұлар егіз ұғымдар. Иман, баршаға аян, бір Құдайға сену және мойынсұну. Ол - мейірім мен әділеттің қайнары. Ал, ар міндеті не? Ар ісі - жақсы мен жаманды айыру. Талдаңқырап айтар болсақ, құдай деген кісі болу аздық етеді,  бұл дүние мен ақиретті, ақ пен қараны, әділет пен қиянатты айыра біл! Айыра білмеу – арсыздық көзі. Ондайдың «иманын түгел деуге аузым бармас» дейді Абай.  

          Өздеріңіз де байқап отырсыздар, хакімнің бір ауыз сөзінің өзі-ақ түйдек-түйдек идеялар көмбесі. Талдауымыздан шығар қорытынды түйін: адам жүрегінің айнасы - иманы, таразысы - ар.

         Ар туралы пайымды бекіте түсуге Абайдан тағы бір мысал алайық.

                                  Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

                                  Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

                                  Жақсы мен жаманды айырмадың,

                                  Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

        Әйгілі өлең 1886 жылғы деп қате белгіленіп жүр. Шығарма Абайдың 1885 жылдың мамыр айындағы Қарамола съезінен алған әсерінен  туылған (тап сол күндері «Билер ережесін» жазған Абай алғаш рет өзін исі қазаққа жол көрсеткен рухани ұстаз ретінде сезінген болатын).  Жарайды, өлеңнің жазылу уақыты өз алдына тақырып. Менің назар аудармағым - «Жақсы мен жаманды айырмадың» деген үшінші жол. Бақсақ, бұл Абайдың ұлт мінезін тексеретін басты тәсілі. Дәрігердің ауыру адамға қоятын диагнозы есепті.

         Сөйтіп, Абай қалың елі қазағына «ең әуелі жақсы мен жаманды айырып ал, іштегі қазыны тыңда, соны үйрен» деген екен (ақыл-кеңес қараңғылық түнегі мен бодандық бұғауы қос өкпеден қысқан сынақты кезеңде берілген).

         Жамандық - арсыздықта, арсызды Құдай атады. Жақсылық - ар ойлауда, арлы адамды Құдай сүйеді.  Айдай айқын осы ақиқатты айта, айта шаршаған Абай 1891 жылғы «Менсінбеуші едім наданды» өлеңінде «мен - қажыған, арықпын», өйткені, «көнбеді ешкім сөзіме» деген ғой. «Келдік талай жерге енді» өлеңінде де сол күйзеліс:

                            Әзелде Тәңірім сорлы етті,

                            Арсыз елмен әуре етті.

                            Жалғыз үйде күңірентті,

                            Тағдырға білдік көнгенді (1890).

         Бірақ ақын елді хат танымадың деп жазғырудан аулақ.  Кім сөз ұқпас тас керең болса, жақсы, жаманды айыра алмас көрсоқыр болса, хас надандық сол. Абай шығармашылығында «арсыз ел» мен «надан ел» синоним. Олар ессіздікке ұрыну, рухани құлдырау деген мағынаны білдіреді. 

          Сонымен, ар ойлану неге қажет? Оған үш түрлі уәжімді айтайын.

          «...Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады, және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды» (26-сөз) дейді халқының намысын қайрап қайран баба.

          «Ұяларлық нәрседен ұялмайды». Абай ата қалай тап басып айтқан, жастарымыз жаппай орысша шүлдірлеп жүр, ана тілін білсе де, сөйтеді, тұқымың өскірлер.  Қазақпен қазақ, әже мен немере бөтен тілде ұғысады (қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ, рахат). Қартамыс қазағың да сол тілде сөйлегенді еп көреді, құданың құдіреті. Кейбірі ресейлік әлдебір кино я эстрада жұлдызын танымай қалуды өзіне намыс деп біледі, бетім-ай. Көшеде қазашаны естіп қалсаң қуанасың, ұят-ай. Сөздің турасы, ұлт болмысы өзгеріп, мүлде бөтен халыққа айналуда. Жаңағы біз тізбелеген құбылыстар соның айтөбе нышандары. Сөйтіп, қазақтың қазақтығы қыл көпірде әрең ілініп, теңселіп тұр. «Апыр-ай» деп қымсынар, арланар түрі кәне көптің. Төнген қауіпті сезінер емес. Міне, ар ойлану, алдымен, осы үшін қажет.

           «Жаным – арымның садағасы». Ескілікте осы сөзді ата-бабаларымыз болмыс-бітімін сақтап қалуды уайымдап айтқан болар-ау. Еврей мемлекеті өлі тілін қайта тірілтіп алды. Қонарын сай, ұшарын жел білетін сыған халқы да үлгі – тілін де, салтын да сақтап қалды. Біз ше? Күллі қазақ балалары ана тілінде оқуы керек. Қазақ тілінде кітап, киноларды көбейту керек. Аударма ісі жолға қою керек.... Аталған не істеу керектерді жақсы білеміз, бірақ... қолға алмаймыз. Осы алаш атты халық, біз кімбіз өзі?! Ұлттың өзін өзі танып білуі, өзіне деген сенімі шатқаяқтап тұр. Міне, ар ойлану сол үшін қажет.            

         Біз көтеріп отырған мәселенің ендігі бір ұшы мынау.

                                Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,

                                Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар (1901).

          Абай ата тағы да құтты арамызда жүргендей таныс көріністі берген. Айнала таңның атысы, күннің батысы қу құлқынның қамымен зыр жүгірген халық. Жарық дүниенің ең құндысы - адам. Ол - падишах. Тәнді асыраймыз деген желеумен оны тағынан түсірмеген жөн. Әрине, кедей, қарны аш кісінің «көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық тұрмайды» (Абай).  Мал тап, қарын тойдыр - кім қарсы, бірақ арлылықты аттап кетпе, жан сатпа, ойлан, шырақ. Ар - жан азығы. Ар ойлану - жаның тыныш болуға да керек. «Ар ұялар іс қылмас – ақыл зерек» (Абай).  Жемқорлық, көрсеқызарлық, күншілдік, қатыгездік пен озбырлық сияқты жаман сезімдерді «іштегі мұз» дейді қазақ данасы. Қазіргі ақшаны әке, сауданы шеше деп жалаң қаққан қоғамда патша көңіл жайлауы шаңы шыққан тақырға айналуы, ал рух бақшасы солуы мүмкін. Сол себепті  Шәкәрім «жайнар көңіл, қайнар өмір» деген жарқын дәуренді жақындату зор міндет. Қоғамда әділет пен жан жылуы көп болса, «іштегі мұз»-дың түк қалмай еритіні сөзсіз.

          Міне, ар ойлану, алдымен, сол үшін керек. Осымен үш уәж де тәмам.

          Қазақтың ішкі тазалығы деп, елім, ұлтым деп түн ұйқысын төрт бөлген Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» өсиеті ХХ-ғасырда бұқаралық идеология деңгейіне көтерілген-тұғын. Сол тәжірибені қайталауға бізге не бөгет? Беу, Абайына құлақ асса, қазақтан ұлы халық болмас еді-ау (мүбада үлкенді кіші сыйласа, дүкенде сатушы Сізді алдап соқпаса, жол сақшысы я сот сый дәметпесе, ауыра қалсаң дәрігер мейірімін төксе, ұрпағың білімді махаббатпен көксесе - «арды аялаған ел болу»  деген сол емес пе).  

                              Абұйыр қайда, ар қайда?

                              Әз басыңа не пайда? (1889).

         Ей, пенде, тоғышар болма, ақыл-түйсікпен өмір сүр! Арсыздықпен тапқан байлығыңнан басыңа не пайда? Рас қой енді. Еститінің, жемқор шенеунік әне-міне ұсталды дейтін суыт хабар. Иіс алмас наданға жақсы не, жаман не, бәрібір. Абайша «оған бір бәс». Рухы әлсіз, ергіш, сенгіш оның «сүйенгені – көп пен дүрмек» (мұны тобырлық психология дейді қазір).

         Шүбәсіз, ар-ұждан мәңгілік феномен. Абай, Шәкерім оның ілімдік негізін қалады, әлемдік деңгейге көтерді.  Өзінің «Үш анық» атты еңбегінде  Шәкәрім: «Жанның екі өмірде де азығы – ұждан, осыған нанған адамның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды» деп түйін түйеді. Қайта тумас дана ұстаздары бар алаштың жарық пен қараңғыны айыра алмай тентіреуі, ұлттық болмысы мен мінез-құлқының қожырай бастауы айтуға да ұят нәрсе.

         Ар деген әр адам жүрегіндегі кішкене күн. Оның жарығы қараңғылық бұлтын қуады, надандық пердесін сыпырады. Ар - екі дүниеге де егіндік. Ол иманигүл үш категорияның бірі.

                            Әділеттік, арлылық, махаббат пен –

                           Үй жолдасың қабірден әрі өткенде (1896).            

          Сөз соңы, ар ардақталған жерде жеке адам да, бүткіл қауым да ұшпаққа шығады. Жан дүние тазалығы мен оянған елдік сана керек-ақ, әттең. Әйтпесе  адамгершілік тәрбиеге де, озық өркениеттілікке де жол кесілмекші. Қалай өршелене ұмтылсаң да.  Олай болса, әкім, мейлі, қарапайым шаруа болсын, әр қазақтың іште соты, қазысы оянсын! Осы талап тұрғысынан, ұрпаққа ар ілімі, ал халыққа ар идеологиясы ауадай қажет деген ойдамын.

Асан Омаров,  абайтанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357