ЕРЛАН ҚАРИН – ДИРЕКТОР
«Меня беспокоят появляющиеся антироссийские материалы в СМИ Казахстана» деп (http://old.abai.kz/content/s-ltanov-myrza-siz-kimsiz) қазақ баспасөзі мен қазақтілді сайттарды Мәскеуіне жамандап, Крмеліне жағынып сөйлеуден жағы талмаған, Қазақстанның Ресейсіз дербес саясаты болмауы керектігін әркез ескертіп отырудан қажымаған «қайран ер» Болат Сұлтанов қызмет жасаған Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының (КИСИ) директорлығына Ерлан Қарин тағайындалды. Ерлан Тынымбайұлын иниститут басшылығына бекіте келген ПӘ жетекшісі Нұрлан Нығыматулин Стратегиялық зерттеулер орталығының қазіргі қызметі сын көтермейтіндігін айтып, Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының мәртебесі жөнінде құжат бекітіліп, алдағы уақытта бұл орталықтың рөлі күшейетінін ескерткен көрінеді (http://saigez.kz/?p=2171). Бүгінгідей алмағайып заманда расымен-ақ халықаралық ахуалды жіті қадағалап, сараптама жасап отыратын орталық тым қажет екені және ондай орталықтың төрінен Болат Сұлтанов, Ермұхамет Ертісбаев сияқты бірді айтып, бірге кететін айнымалы саясаткерлер емес, Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қариндердей табанды азаматтардың табылғаны дұрыс.
Ерлан Тынымбайұлы Қарин 1976 жылы 26 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. 1998 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан даму институтының Саяси зерттеу орталығында ғылыми қызметкер болып еңбек етті. 2005 жылдары Орта Азиялық саяси зерттеу агенттігінің директоры, 2005-2006 жылдары террорлыққа қарсы орталық бағдарламасының бағдарлама директоры қызметін атқарды. Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болды. Соңғы кезде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2008-2013 жылдары «Нұр Отан» ХДП хатшысы болды. «Құрмет» орденімен марапатталған.
«Ел біз үшін емес, біз ел үшін туғанбыз» (Ж. Аймауытов) дейтін алаш ардагерлерінің аманатына берік Ерлан мырзаны жаңа қызметімен құттықтап, істеріне сәтіліктер тілейміз.
Abai.kz