Жұма, 7 Қазан 2022
Қоғам 5460 0 пікір 6 Қазан, 2014 сағат 16:30

ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ШЕНЕУНІГІ

Еліміздегі ең нәтижелі шенеуніктер тізімі анықталды. "Саясат Monitoring" тобы мен "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы министрлер кабинетіндегі еңбекқор шенеуніктердің есімін жария етті. Бұл туралы Nur.kz сайты жазды.

Сараптама қортындысына сай, үздік он шенеуніктің көшін Ерлан Ыдырысов бастаған. Сыртқы істер министрі Украинадағы жағдайға байланысты және жаһандық терроризм қаупі жөнінде тұшымды ой айтқандығымен ерекшеленген. Мамандар Ыдырысовтың БҰҰ Бас ассамблеясының 69-ы сессиясында елуге жуық кездесу өткізгенін, оның ішінде БҰҰ басшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездескенін де назарға алыпты. Ыдырысовтың Елбасы қабылдауында жиі болатыны да "мәртебесін" көтере түсіпті.

Екінші орында - премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев тұр. Ол экономикалық бөлікке, әсіресе, Еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысты маңызды сұрақтарды ұмыт қалдырмайды.

Ал, үшінші орынға Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты лайықты деп табылған. Құқық қорғау органдарындағы шикілік көп болса да, Қасымов үздік шенеуніктер үштігінде.

Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров пен энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин алғашқы ондықта. Екінші ондық ішінен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауап беретін шенеуніктерді көруге болады. Ол қатарда Ұлттық экономика және Энергетика министрлері жайғасқан.

Мамандар Мәдениет және спорт министрлігіне келген Арыстанбек Мұхамедиұлын белсенді шенеуніктер қатарына жатқызады. Ол театр, мұражайды дамытып, отандық кинематографтардың мәселелерін көтерген. Ал, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова жиырмалықтың қатарында енбей қалыпты.

Abai.kz

0 пікір