Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 3688 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: "СТУДЕНТТІК ШАҚ" ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасы «Бәйтерек» жастар ұйымы қоғамдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студент жастары арасында «Студенттiк шақ» фестивалi өттi, - деп хабарлайды «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.

Денсаулық күнiне орай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң бас ғимаратының алаңында 200 студенттiң қатысуымен таңғы жаттығумен басталған мерекелiк шара спорттық, мәдени сайыстарға ұласты.

Атап айтар болсақ, байқауға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 500-ден аса студентi қатысты. Олар «Шынықсаң шымыр боласың» аталымы бойынша командалық арқан тарту, эстафеталық ойындар, футбол, волейбол сынды спорттық сайыстар мен шығармашыл жастар арасында көркем сөз оқу сайысы, жас архитекторлардың кiшi архитектуралық жарысы және жас суретшiлер арасындағы қылқалам бәсекесiне қатысып, өзара бақ сынасты. Фестивальдiң түрлi бағыттағы байқауларына қатысушы жастардың өнерiн өңiрiмiзге белгiлi өнер қайраткерлерi мен спорт саласының үздiктерi таразылады.

Екi күнге жалғасқан фестивальдiң жабылу салтанаты «Қызғалдақ» су бұрқағы жанындағы алаңдағы гала-концертке ұласты. Думанды кешке облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтаханов қатысып, аталмыш фестивальге белсендi қатысқан жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттерiн арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

– Жаңа оқу жылын өңiрiмiздiң жастары ерекше көңiл-күймен қарсы алды. Облыс орталығында 500 студентке арналған жаңа жатақхана бой көтердi. Бiр сөзбен айтқанда, жастарға жақсы жағдай жасалуда. Ендi тек ерiнбей еңбек ету ғана қалды. Студенттiк шақ – нағыз бiлiм алып, ғылыммен айналысатын, түрлi өнермен қаруланатын кезең. Сондықтан облыстың барша студент жастарын айтулы фестивальдiң сәттi өтуiмен құттықтаймын, – дедi Ерлан Қуанышұлы.

Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында көркемсөз оқудан өткен байқаудың және түрлi аталымдар мен спорттық сайыстардың жүлдегерлерiне дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды. Мерекелiк кеш эстрада жұлдыздары мен жас өнерпаздарының концерттiк бағдарламасымен жалғасты.

Нұршат ТӨКЕН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052