Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5173 0 пікір 12 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ҚҰТТЫ МЕКЕН - ҚҰТАРЫС

Тынысы кең, тамыры терең бiздiң Құтарыс ауылын көпшiлiк кеңес заманындағы «Қызыләскер» атымен таниды. Құтырған мен Арыс өзендерiнiң қиылысында орналасқан ауыл атауы 1998 жылы зиялылардың талабымен «Құтарыс» болып өзгертiлдi. Тiрлiгi мен бiрлiгi бiте қайнасқан ауыл тiршiлiгiн көргенде «құт-береке дамыған ел болсын» деген ниетпен қойылған ауыл атауы өзiне лайықты екенiн байқайсыз. Апта сайын жүргiзiлетiн сенбiлiктер, көгалдандыру, көрiктендiру жұмыстары мұндағы тұрғындардың ынтымағын танытады. Бүгiнгi жағдайы едәуiр жақсарған ажарлы ауылдан тынымсыз еңбек ырғағын көресiз.

Қазiргi кезде Сайрам ауданындағы Құтарыс ауылдық округiнде 5710 тұрғын болса, оның 1579-ы жұмыспен қамтылған. Ауылдың белсендi дамуын соңғы жылдары пайдалануға берiлген 2 мектеп, медпункт пен балабақша айшықтайды. Бүгiнде 1250 оқушы жалпы орта мектепте бiлiм алып жатса, «Ақ қайың» балалар бақшасында 125 бала тәрбиеленуде. Аурухана мен байланыс бөлiмшесi халық игiлiгiне жарап жатыр. Алғашқыда 40 шақты адамды жұмылдырған «JFM» консервi зауыты бүгiнде 160-170 адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отыр. Сонымен қатар 7 жеке кәсiпкер, 264 шаруа қожалығы өз iстерiн дөңгелетуде. Тамшылатып суару арқылы бiрi жүзiмдiктi қолға алса, бiрi жүгерi егудi кәсiп еткен. Бау-бақшадан бөлек мал шаруашылығымен айналысатындар да жеткiлiктi.

Ауыл ауызсумен қамтамасыз етiлген. Әрбiр баспана электр жарығымен қуаттанған. Орталықтағы Абай көшесiнiң 50 пайызы жарықтанған. С.Сейфуллин, Т.Бокин көшелерi мен өткелдерге жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталмақ.

Бiз ауыл биi Сапарбай Өскенбаевты әңгiмеге тарттық.

– 2010 жылы ата-бабалар зиратын қоршаумен басталған тұрғындардың игi iсi 2011 жылы халықтың басын қосып «Наурыз» тойын өткiзуiмiзге септiгiн тигiздi. Мiне, содан берi әр жыл сайын ауыл болып «Наурыз», айт мерекелерiн өткiзу дәстүрге айналды. Ауыл беделдiлерi мен кәсiпкерлерi де ауылдың түлеуiне белсене атсалысуда. Халық болып жұмылып мешiт салдырып жатыр. Өз қаражатымен зират басына екi бөлмелi баспана салған бауырымыз да бар. Биыл 17 отбасыға көмек көрсетiлуi халықтың ауызбiршiлiгiн танытып отыр. Бақыт Атанбаевтың төрағалық етуiмен «Селолық тұтынушылар кооперативi» құрылды. Түпкi мақсаты – ауылды көрiктендiру, көркейту. Аптаның сенбi күнi ауыл iшiндегi қоқыс арнайы полигонға тасылады.

Ендiгi жерде қараусыз қалған дендросаябақты «Жастар саябағы» етiп қайта атаса, жастарды жұмылдырып сол саябақты жөндесе деймiз. Ауыл орталығында кiшiгiрiм шайхана, жас мамандар үшiн коммуналдық үйлер көптеп салынса, – дедi ауыл биi.

Ауыл әкiмi Ержан Нұрашов – барлық бастамалардың ұйтқысы. Ол ең алдымен ауыл тазалығын қолға алыпты. Электр қуатын ұрлау, қызыл сызыққа шығып кеткен үйлердi тәртiпке келтiру жағына да мән берген. Сонымен қатар кәсiпкерлердi есепке алу, көшелердi толықтай жарықтандыру жұмыстары басты мақсаттарының бiрi болып отыр.

Жергiлiктi билiк алдағы уақытта мектеп пен аурухана ғимаратын ұлғайтуды жоспарға енгiзiп отыр. «Ардагерлер» саябағын реттеудi қолға алмақ. Спорттық сауықтыру кешенiн салсақ деген ниет бар.

Иә, туған ауылының көркейiп, гүлденiп жатқаны әр перзентi үшiн үлкен қуаныш. Кiндiк қаным тамған жерге келгенде көңiлiме мақтаныш сезiмi ұялады. Әрбiр отбасы өз тiршiлiгiн жасап жатыр. Жұмыс көп болса жастардың да бос сенделiп жүруiне жол жоқ. Ауылда жастар арасындағы бұзақылық азайған.

Менiң Құтарысым осындай!

Айдана КӘДIРБЕК, Орталық Азия университетiнiң 2-курс студентi.

ОҚО

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593