КӘСІПКЕР ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ ЖАЗДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды, - деп хабарлайды Abai.kz.
Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының саяси-экономикалық өмiрiнде орын алған ғаламат өзгерiстер Сiздiң есiмiңiзбен, жiгерлi еңбегiңiзбен байланысты екенiне ешкiм күмән келтiре алмайды. Бiз баршамыз Алланың алдында бiр нәрсенi ашық әрi шынайы, үлкен саналылықпен мақтан тұтуымыз керек. Ол – Қазақ ұлтын, Қазақстан мемлекетiн Жер шарын мекендейтiн адамзат қауымы, iргелi елдердiң тануы мен мойындауы.
Өзiңдi өзгелерге таныту, елдiгiңдi мойындату – ерлiк әрi өрлiк. Ешкiмдi күштемей, iсiмiзбен, саясатымызбен, сара бағытымызбен биiкте тұрған басқаларға өзiмiздi бiлдiрiп қана қоймай, тарих үшiн қас-қағым сәт саналатын жиырма жылдай өте қысқа мерзiм iшiнде өзгелер iлтипат бiлдiрiп, iзет жасайтын, ұсыныстарымызды ұтымды деп қабылдайтын елге айналуымыз ең әуелi Тәңiрдiң тартуы болса, түпкi тамыры тiкелей Сiзбен астасып, астарласып, сабақтасып жатыр. Сiздiң сарабдал дара саясатыңызды бiз қолдаймыз, оны жүзеге асыруда әрқашан қатарыңызда келемiз. Дамыған елдердiң басшылары Сiздiң жеке басыңыздан өнеге алып, саяси аренадағы бiлiктiлiгiңiз бен беделiңiзге бас иетiндiгi әрбiрiмiздiң кеудемiзге мақтаныш ұялатады.
Қазақстан Республикасы өзiнiң Тұңғыш Президентi – Сiздiң басқаруыңызбен талай белестердi артқа тастап өзгелерге өнеге көрсетiп келедi. Оның бiрден-бiр дәлелi – «Қазақстан–2030» бағдарламасының мерзiмiнен бұрын орындалуы және оның аясында елiмiзде қыруар игi iстердiң тындырылуы. Қазақстан халқына арналған әр жылғы Жолдауларыңыз елдiң еңсесiн тiктеп келедi және жаңа мiндеттердi белгiлеуге, оны нақты жүзеге асыруға бағдаршам болуда.
Сiз ойға алған идеялардың тоқтаусыз легi ерекше серпiнмен ел өмiрiнiң бүкiл тамырына нәр берiп, жаїандық жасампаз жетiстiктердi түбiрлi нысана ете отырып, жаңарудың негiзiн қалауда. Әсiресе, 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары «Мәңгiлiк Ел» болудың болашағына қазақстандықтардың сенiмiн арттырып, серпiндi қозғалыс тудыруда. Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше болу, ЭКСПО-2017 көрмесiнде төрткүл дүниенiң басын қосу бағытындағы Сiз бастаған тарихи маңызды iстер ертеңге деген сенiмiмiздi нығайта түсуде.
Жақсы iстердiң жаңа күндерде одан әрi баянды өрiстейтiндiгiне, Ұлт Көшбасшысы өзiңiз бар кезде ешқандай кедергi болмайтынына сенiмдi екенiмiздi мәлiмдей отырып, қазiргi дағдарыс кезеңiнiң сындарлы сәтiндегi теңге бағамын түзету бойынша қабылданған шараны Оңтүстiк Қазақстан облысының шағын және орта кәсiпкерлiк сала өкiлдерi толығымен мақұлдаймыз. Әрине, бұл экономикалық дағдарыстың бiзге ауырлық артарын жақсы түсiнемiз. Бiрақ бiрде-бiр қиындық бiздi тура жолдан тайдыра алмайтыны анық.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы дағдарысқа қарсы шараларға негiзделген ақша девальвациясы отандық кәсiпкерлерге үлкен басымдық әперетiндiгiне үмiт мол.
Құрметтi Президент мырза!
Елiмiзде кәсiпкерлiктiң дамуына, шағын және орта бизнестiң аяқтан нық тұруына Сiз көрсеткен қамқорлық ұшан-теңiз. Бiр кездерi кәсiпкерлердi орынды-орынсыз тексере беруге мораторий жариялағаныңыздың көреген шешiм болып шыққанын ел ұмытқан жоқ. Сол батыл шешiмiңiздiң арқасында ел экономикасы жаңа белестерге көтерiлдi. Ендiгi ретте iшкi iстерiмiздi жүйелеп, экспортымызды ұлғайту үшiн кәсiпкерлерге үш жыл мерзiмге мораторий жариялау арқылы дамуға тағы бiр мүмкiндiк беруiңiздi өтiнемiз. Мораторий жарияланған жағдайда бiз Қазақстан нарығындағы ұлттық өнiмдердi ұлғайту бойынша қадау-қадау тiрлiктер атқарар едiк, сол арқылы жұмыс орындарын сақтап қалар едiк.
Отаныңыз үшiн, елiңiз үшiн атқарған қыруар еңбегiңiздiң жемiсiн көрiп, халқыңызбен қиындықты артта қалдырып, мерейлi биiктерден көрiне берiңiз, қазақтың бағына бiткен Дарабоз Тұлғасы!
Өзiңiзге деген өлшеусiз құрметпен, Оңтүстiк Қазақстан облысы кәсiпкерлерiнiң атынан Қайрат БАЛАБИЕВ.
Abai.kz