Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5077 0 пікір 25 Шілде, 2015 сағат 21:12

Б.Сапарбаев Қазақ хандығы тойына дайындық барысымен танысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды, онда Қазақ хандығының құрылуының 550-жылдығын мерекелеуге дайындық барысымен танысты. 

Таразда вице-премьер «Қазақ хандығы» монументін орнататын жерге барып, ескерткіштің орналасуының эскиздік әзірлемелерімен танысты. 

Одан кейін Б.Сапарбаев еліміздің басқа өңірлері салып жатқан немесе жөнеуден өткізіп жатқан нысандарды аралады. Атап айтқанда, кіру аркасын жөндеу және екі барельефті салу барысын тексерді. Жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ, ол Тәуке хан көшесіндегі (Павлодар облысы) және Жамбыл даңғылындағы (Ақтөбе облысы) көпірлерді жөндеу, тұңғыш Президент саябағы жанындағы (Атырау облысы), «Тараз» қонақ үйінің алдындағы (Маңғыстау облысы), автовокзал жанындағы (Солтүстік Қазақстан облысы) гүлзарларды абаттандыру барысымен танысты.

Сосын Б.Сапарбаев драма театры ғимаратындағы жөндеу жұмыстары, «Даңқ аллеясы» құрылысы, Қарахан баба мавзолейі жанындағы гүлзарды абаттандыру барысын қарап шықты (Қызылорда және Қостанай облыстары). 

«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында ол археолоиялық және реставрация жұмыстары, музей, этноорталық, «Тараз саздары» стелласы құрылысы, «Мыңбұлақ» гүлзарын абаттандыру барысымен танысты (Батыс Қазақстан облысы және Алматы қаласы).

ТарМУ-де Б.Сапарбаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен, аудан әкімдерімен, басқарма, аумақтық департамент, оқу орындары, кәсіпорындар мен бизнес құрылымдар басшыларымен Қазақ хандығының құрылуының 550-жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

«Мемлекет басшысы Қазақ хандығының мерейтойын мерекелеуге орталық, сондай-ақ өңірлік деңгейде уақытылы дайындалуды тапсырды. Аталған іс-шараны жастарды патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттілікті нығайту рухымен өткізу маңызды», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, вице-премьер бірқатар облыстар жоспарланған жұмыстарды баяу жүргізіп жатқандығын айтып өтті. Атап айтқанда, ШҚО және Алматы қаласы әкімдігі жұмыстың тек 5%-ын орындаса, елорда әкімдігі әлі жұмысты бастамаған.

«Бізге барлық нысандарды сапалы және уақытында аяқтау қажет. Оған қоса, әкімдіктер қаражатты тиімді пайдаланып, оған демеушілерді тартуы тиіс», - деп баса айтты ол. 

Күннің екінші жартысында жұмыс сапары Жуалы ауданында жалғасын тауып, онда Б.Сапарбаев «Burnoe Solar» күн электр станциясының жұмысымен танысып, әлеуметтік, білім беру және спорт нысандарын аралады, Б.Момышұлының музейінде болып, әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында вице-премьер жаңа оқу жылына уақытылы дайындалу бойынша шаралар қабылдауды тапсырып, ағымдағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік проблемаларды шешуге баса назар аударды.

© primeminister.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341