«ТОРҒАЙДЫ» ТОП ЕТКІЗГЕН» КІМ? ОЛ, ӘНЕ-МІНЕ, АНЫҚТАЛАДЫ
Орыс офицерінің «Мы сбили птичку», қазақшаласақ, "Торғайды" топ еткіздік» деп әлеуметтік желілердің біріне хабар таратып, әлемді дүрліктіргеніне де бір жылдай уақыт болып қалыпты. «Содан бері төрткүл дүниенің жұрты Ресей десе жағасын ұстап, түңілетін болды» деп жазады Батыс басылымдарының бірі.
Анықтай айтсақ, осыдан жыл бұрын әлем жұрты «Шығыс Украина», «Донбас» деген қала мен жер атауларын естіп қана отырса, Malaysia Airlines компаниясының ұшағы құлаған күні, яғни, 17 шілде күні, 298 адамның бір мезетте көз жұмып, Ресей мен Украина арасында қырғын соғыс жүріп жатқанына толық көз жеткізді. 298 адамды тиеп алған «Бойнг» әуекемесі зеңбіректен атылған оққа ұшып, жанып кетті. Тап сол кезде, жазықсыз жандардың өлімінен еш тіксінбеген орыс офицері Игорь Стрелков: "Торғайды" топ еткіздік», - деп жаһанға жар салды. Әрине, ізінше, әлгі әумесердің сөзін терістеп, Ресей баспасөзі шулап шыға келді. РФ жағының саясаттағы ықпалды адамдары да өре түрегеліп, сұмдық оқиғаны Украина әскерилеріне жауып баққан. Міне, содан бері ит ырғылжың итіс-тартыспен он екі ай өтіпті. Содан бері қарайғы баспасөзде жарияланған мақалалар мен сарапшылардың пікірін түгелдей тізіп жарияласақ, ұзаққа сілтеуіміз әбден мүмкін. Сондықтан қысқасынан қайырсақ, Украина тарапы: Нидерландыдан ұшып шыққан Malaysia Airlines компаниясының ұшағын құлатқан жікшілдер, олардың қолына ұшақты жерден атқылайтын зеңбіректі берген Путин десе, ресейлік саясаткерлер: Донбас аспанында жанып үлгерген ұшақты құртқан Украинаның әскерилері деген сөзден танбады. Сөзден іске дереу көшкен ресейлік мамандар, тіпті, құлаған ұшақтың спутниктік суреті мен қабылдағыштағы жазбаларды, куәгерлер мен сарапшыларды, телефондағы әңгімелерді де «тауып алып» бар пәлені ресми Киевке жауып баққан. Алайда, Ресей мамандарының бұл «тапқырлығы» өтірікке шығып, MH17 ұшағының адам қолымен жасалған апаты ақпараттық майданның отына май құя түскен болатын. Сол кезде Нидерланды елінің прмьер-министрі Марк Рютте: «Біздің елдің Үкіметі қылмыскерді жауапқа тарту үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Керек десеңіз, ұшақ құлаған жердің әр тасын аударып көреміз», - деген болатын. Алайда, премьер әр тастың астын аударып көрмек тұрмақ, қиян кескі ұрыс жүріп жатқан аймаққа аттап баса алмады. Бұл шындықты Батыс баспасөзінде пікір білдірген сарапшылар да мойындап: «Соғыс мәселенің ақ қарасын анықтауға мүмкіндік бермей тұр» дегенді айтқан.
Міне, осындай салғырттықтан кейін Австралия, Малайзия, Нидерланды, Бельгия және Украина елдері БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне шағым түсіріп, қанды оқиға қай тараптың қолынан жасалғанын анықтау үшін халықаралық трибунал құру керек деген болатын. Таяудан бері Путин сол халықаралық трибуналдың құрылуына барынша қарсылық білдіруде. Әйткенмен де, істің мән-жайы анықталатын күн алыс емес сияқты. CNN арнасы өткендегі бір хабарында MH17 ұшағының «Бук» зеңбірегінен атылғанын айтты деп жазады http://www.inopressa.ru сайты. Ал, «Бук» зеңбірегі Украинаның шығысында лаң салып жүрген сепаратистердің қолында екенін қазір әлем жұртшылығы біліп отыр.
Abai.kz
.