ЖИРИНОВСКИЙ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕДІ
РЛДП көшбасшысы Владимир Жириновский “Разговор по душам” видеоблогының авторымен өз кеңсесінде жолығып, Қазақстанға деген шынайы көзқарасы жайлы сұхбат берді. Nur.kz жаңалықтарының жазуынша, Қазақстандықтар үшін аса жағымсыз осы саясаткер Қазақстанға қатысты айтылған пікірлерінің мағынасын журналистер өзгертіп жібергенін айтқан.
“Алматы – менің туған қалам. Мен Қазақстанда 18 жыл тұрдым… Ресейде ешкім Қазақстанның мәртебесі мен шекарасына күмән келтірмейді. Біздің сөздерімізді кей журналистер басқаша етіп жеткізіп жатады. Мәселен “Эхо Москвы” радиосында Плющевке сұхбат бергенмін. Біз Украина, Донбассты талқылап отырдық. Ол “келесі кезекте кім, Қазақстан ба?” деген сұрақ қойды. Мен “кейін” деп бұл мәселені талқылап жатпағанымызды аңдату үшін айтқан едім. Алайда қазақстандықтар мұны өздерінше түсініп, келесі кезекте Қазақстан тұр деп ұғып қалды”, – деп түсіндіреді Жириновский.
Саясаткер Қазақстанның шекарасын ешкім өзгертуге ниетті емес екенін ескертеді. Ол бұған кері ақпарат таратушылар – Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына қаяу түсіргісі келетіндер деген пікірде.
Сөз арасында Жириновский Алматыдағы Масанчи көшесінің атауына өз есімін беруге әзір екенін байқатып, Мен тіпті Алматыдағы Масанчи көшесінің атауын Жириновский деп өзгертсе де қарсы емеспін деген.
“Қазақстан – менің кішігірім туған жерім. Мен тіпті Алматыдағы Масанчи көшесінің атауын Жириновский деп өзгертсе де қарсы емеспін. Ал №25 мектепті Жириновский атындағы деп те атай берсін. Мүмкін болашақта солай істегісі келетіндер табылар? Есесіне туристер көп келетін болады. Бұл өздеріңе тиімді. Сондықтан алдын-ала келісімімді беремін”, –дейді Жириновский.
Abai.kz