EXPO Milano 2015: Қазақстанның ұлттық павильоны тұрақты екінші орынды ұстап тұр
Танымал итальяндық Reppublica газетінің платформасында ұйымдастырылған сауалнама (http://utility.repubblica.it/repubblicamilano-sondaggio/…) нәтижесі бойынша Қазақстанның ұлттық павильоны Колумбиядан кейінгі екінші орынды бір жарым ай бойы бойы ешкімге бермей келеді.
Қазақстанның Миландағы көрмеге қатысуы туралы итальяндық басылымдардың не деп жатқаны туралы әңгімелесек.
«Қазақстанның ЭКСПО Милан 2015-тегі павильон көрмесі – келген қонақты ақпарат, бейнелер және түрлі сезімдердің құшағында үйіріп әкететін мультимедиалық шоу. Бұл – өз бойында ғылым, өнер, тарих және мәдениетті біріктірген, ұшан-теңіз байлық пен қазақ халқының мінезін көрсететін шағын мұражай», - деп жазады Media Centre ExpoMilano2015.
Ал тағы бір атақты GazzettaDelloSport басылымы «ЭКСПО-дағы бір күн» айдарында Қазақстанға төмендегідей баға берген екен.
«ЭКСПО-дағы ең қызықты павильон? Ол – кірсең шыққың келмейтін, әдемі технологиялары бар Қазақстанның павильоны», - деп бір ауыздан жауап берді бізге метрода кездейсоқ жолыққан Сиракузадан келген мектеп оқушылары», - дейді басылым.
Дереккөздердің хабарлауынша, келген қонақтарды дәстүр мен инновацияның басын қосқан көрменің инновациялық жағы таң қалдырады. «Тиімді қызмет түрлері, сыпайылық, жалғыз нео-павильонға кіру үшін тұрған елдің кезегі», - деп жазады GazzettaDelloSport.
Күн сайын жарық көретін «GAZZETTA DI PARMA» газеті EXPO Milano 2015 бүкіләлемдік көрмесінің «барып көруге тұрарлық делінетін көрнекті жерлерінің» ондығына қазақстандық павильонды енгізген.
«Қиялыңмен келіспеске амал жоқ, қазақстандық павильонның ішінде ұшқың келеді, бәрі сондай шынайы, тіпті, күдік-күмәнмен келген елдің өзі таң қалып жатады... Павильонға барған адам әділ түрде көрмедегі ең танымал орындардың бірі аталған жерге кіру үшін кезекте тұрғандардың алдында көрсетілетін дәстүрлі билерді, халық әндерін және «рок-жұлдызға» ұқсайтын әншіні көре алады. Осыдан кейін саяхатыңыз қараңғы бөлмеде жалғасады. Ол жақта алып экранда әлдебір жылдам және нақты қимылдайтын адам қолдары ел тарихын құммен салып көрсетіп отырады. Таңбалы тас, бір-бірімен алысқан тайпалар, елдің патшалық Ресей құрамына кіруі, 1991 жылы алған тәуелсіздік – осының бәрін тамашалай аласыз. Бұдан соң эскалатор сізді Азия алыбының ерекшеліктері (ауыл шаруашылығы өндірісінен бастап (батырманы бассаңыз, керегеден ішінде өсімдіктері бар цилиндрлер шығады) энергетикалық ресурстарға дейін, ауыл шаруашылығы әдістерінен бастап алты айға созылған ЭКСПО көрмесі кезінде 10 сантиметрге ұзаратын бекіретұқымдас балықтары бар бассейн түрінде ұсынылған аквамәдениетке дейін) сипатталатын 6 ротонд (тақырыптық аймақтар) орналасқан залға алып келеді», - деп жазады басылым.
Ең үздік павильонды анықтауға арналған дауыс беру 2015 жылдың 30 қазанына дейін жалғасады.
Abai.kz