МАҢҒЫСТАУДА ЖАҢА МҰНАЙ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
«-Біздің 3 мұнай зауыты жылына 2,1 млн.тн. бензин шығарады. Тағы да қажетті 1,1 млн.тн. бензинді біз Ресейден сатып аламыз. 2020 жылға қарай 4-ші мұнай өңдеу зауытын іске қоссақ, бензинге деген тәуелсіздіктен құтыламыз».
2015ж. 9-қыркүйекте «Хабар» арнасында ҚР Энергетика министрі В.Школьниктің сөйлеген сөзінен
МАҢҒЫСТАУДА ЖАҢА МҰНАЙ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
Маңғыстауда ауыр мұнай өндіріледі. Бозашыда. Қаражанбаста, Қаламқаста. Ауыр мұнай деген не? Ол мұнай құрамында ванадий мен никель секілді ауыр металл кездеседі деген сөз. Одан бөлек күкірт, тіпті алтын да бар. Бұндай мұнайды тереңдете өңдеу Қазақстандағы химия, фармацевтика және басқа да салалардың дамуына аса зор септігін тигізер еді. Ауыр мұнайды кәдімгі мұнай айдайтын құбырмен айдауға болмайды, ол тек танкермен тасымалданады. Бұл мұнайдың өзіндік құнын күрт көтеріп жібереді. Шетелдерге ол осының салдарынан су тегін кетіп жатыр десе де болады.
Ал, енді ауыр мұнайдан әлгі ауыр металдарды айырып алу технологиясы бар ма? Әрине, бар. Оны өңдейтін зауыт Кеңес Одағында Бакуде бар болатын. Бірақ, оның сапасы, әрине, ойдағыдай емес, әлемдік стандарттан әлдеқайда төмен жатыр. Жақсы өңдейтін зауыт Сицилияда, Италияда. Сөз жоқ, Жапонияда. Сол кеңес дәуірінің өзінде-ақ бұндай мұнайды толық өңдейтін зауыт салу қажеттігі туындап, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бір топ маман осы мәселені көтерген болатын. Бастамашысы - «Маңғышлакмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Нұрлыхан Өтеуұлы Бекбосынов.
Жауғаштының 1989 жылы «Қазақстан Коммерция» сыртқы экономикалық байланыс қауымдастығын құрғаннан кейін «Ермакферроқорытпаның» басшысы Семен Аронович Донскойдан бөлек қоян-қолтық жұмыс істеген екінші адамы осы Бекбосынов болды. Жауғашты ПГМК-мен де (Прикаспийский горно-металлургическй комбинат) өте жақсы бірлесе жұмыс істеді. Бұл комбинат уран (атом) өнеркәсібінің флагманы еді. Аммофос, нитроаммофос секілді тыңайтқыш та шығаратын. Нарық заманында бұл комбинат жабылып қалды. Себебі, сол маңайдағы уранның кені таусылды, аммофос өндіретін кен орны болмады.
1991 жылы ақпанда Нұрлыхан мен Жауғаштының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, тек екеуі ғана емес, әрине, СССР Мұнай өнеркәсібі министрлігі Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Маңғыстауда жылына 6 млн.тонна ауыр мұнай өңдейтін зауыт салу жайлы бірлескен қаулы шығарды (суретте). Бұл қаулыда көптеген министрліктер мен ведомстволарға «...жылына 6 млн.тонна теңдессіз Бозашы мұнайын өңдейтін, жоғары сапалы бензин, реактивтік және дизельдік отын, битум және басқа да өнімдерді шығаратын, сондай-ақ ванадий мен никель айырып алатын өндірісі бар Маңғышлақ мұнай өңдеу зауытының жобасы мен құрылысын іске асыру» жөнінде тапсырмалар берілген болатын. Зауыттың қуаты 3 млн.тонналық бірінші кезегі 1995 жылы пайдалануға берілуі тиіс деп есептелді. Тапсырыс беруші ол кезде СССР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігіне қарайтын «Маңғышлақмұнай» (Ол кезде Маңғыстау деген ресми атау әлі жоқ) өндірістік бірлестігі еді.
Және жалаң тапсырмалар берумен іс шектелген жоқ, қаулы бойынша бюджеттен қаржы да бөлінді. «Нысанның теңдессіздігі мен оның саланы дамытудағы маңызын ескере отырып, 1991-1995 жылдарға арналған жоспарда ММЗ бірінші кезегінің құрылысын СССР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің орталықтандырылған бастауынан қаржыландыру алдын-ала қарастырылсын, ал, 1991 жылдың жоспары бойынша «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне құрылыс индустриясын дамыту мен дайындық жұмыстарын 16 млн.рубль мен құрастыруды қажет етпейтін жабдықтар сатып алуға 3 млн.рубль бөлінсін».
Бұл ақшаны кеңес өкіметі қайдан алды? Аспаннан ақша жауған жоқ, қазақтың өз бидайын өзіне қуырып, Қазақ ССР-інің сыртқы саудамен айналысатын мекемелерін іске тарта отырып, жыл сайын Маңғыстау мұнайының бір миллион тоннасын экспортқа шығаруды, содан түскен табысты тікелей құрылыс жұмысына жұмсауға шешім қабылданды.
1991 жыл… Жұрттың бәрі үшін де бұл оңай жыл болған жоқ. Совет Одағы деп аталатын алып империя күн санап күйрей бастады. 1989 жылдан кейін Одақ құрамынан ашық шығуға бет алған Прибалтикадағы үш республика 1991 жылы наурыз айында өткен бүкілодақтық референдумға қатысқан да жоқ, қалған республикалардың әрқайсысы өз бетінше күнкөріске іштей дайындала бастады. Бірақ, Мәскеу бұрынғыша екі тізгін, бір шылбырды қолынан шығармауға тырысып бақты.
Экономикасы дамыған, инфрақұрылымы да ел қатарлы Қазақстанның бұл кезеңде минусынан плюсі көп еді. Басқаны айтпағанда, республикада әскери зауыттар аз болмайтын. Қазба байлық қоры жөнінен оған теңесер ел мүлде аз, тіпті, рений, осьмий секілді құны алтыннан жүздеген, мыңдаған есе қымбат сирек металлдар да өндіріледі Қазақстанда! Қысқасы, Жаратушының ерекше ықылас-махаббатынан пайда болған бұл байтақ өлкеде не жоқ дейсіз, бәрі бар! Ең ақыры космодромға шейін. Қазақстан шикізаттан бөлек көп дайын өнімді де сыртқа шығарып сататын. Қазақ ССР-інің өнімі әлемнің 78 еліне жөнелтілетін. Және оның басым бөлігі дайын тауар болатын.
Бастысы бұл да емес, бастысы – адам байлығы. Кеңес кезеңінің мамандары әлемдегі ең мықты мамандар болғандығына Жауғаштының сенімі кәміл. Олай болуының негізі әлемдегі ең озық кеңестік білім беру жүйесінде жатыр деп білетін. Және оның бұл пікірімен толық келісуге болады. Дәлел ретінде 1961 жылы Гагарин аспанға ұшқанда бүкіл Америка есінен танып қалғанын еске алайықшы. «Қалайша, күні кеше ғана бес жыл қырғын соғыстан шыққан кедей ел АҚШ-тан бұрын космосқа жол сала алды?!» Конгресс бұл жайттың сырын анықтау үшін арнайы комиссия құрып, бір жылдан соң құзырлы комиссияның жасаған түйіні мынаған сайды: «Кеңес Одағында орта және жоғары білім беру жүйесі АҚШ-тағыдан артық дамыған!» АҚШ сондықтан да сырттан жібітіп, іштен ірітіп отыру саясат қолданды, олар ең алдымен біздегі білім мен денсаулық саласын ақсатуға тырысты, және осы жымысқы тірлігінің арқасында өз дегеніне қол жеткізе білді, ал, сондай жағдайға ұшырамас үшін, Африка, Латын Америкасы мен Азиядағы көп елдің кебін құшпас үшін Қазақстанға жігерлі саясат жүргізсе жетіп жатыр еді деп есептейді Жауғашты...
...1991-тамызда Мәскеуде атақты путч болды, барлық одақтас республикалар өзінің егемендігін жариялап, СССР бүкіл елдің көз алдында ыдырап, тарап бара жаты. Басталған іс аяқсыз қалмасын деген оймен Жауғашты Нұрлыхан Бекбосыновпен, және тағы бір топ мамандармен бірге тізе қосып қимылдай жүріп, Қазақстан Үкіметін қайта-қайта мазалаудың арқасында 1991 жылы қазан айында ауыр мұнайды терең өңдейтін Маңғыстау мұнай зауытын салу жайлы ҚР Министрлер Кеңесінің өзінің жеке қаулысын қайта шығартты.
Грозный қаласындағы «Гипронефтехим» институты зауыттың жобалау жұмысын жасамақшы болды. Ол үшін инвестор табу керек, байқау (тендер) өткізу қажет. СССР Сыртқы сауда министрлігінде мұнай-химия өнеркәсібіне қажетті машина, құрал-жабдық әкелумен айналысатын «Машинаимпорт» дейтін бүкілодақтық бірлестік (ББ) бар. «Қазақстан-Коммерция» компаниясы екіжақты, «Манғышлақмұнаймен» және шет елдерден мұнай технологиясы бойынша әріптестер іздеумен айналысатын субмердігер ретінде «Машина-импортпен» келісім-шарт жасасты. Шетелдік инвесторлар тарту үшін біздің көздеген мақсатымыз не екенін анық көрсететін байқау құжаттарын дайындау қажет болды. Сол құжаттарды техникалық тапсырма түрінде жаңағы аталған Грозныйдың «Гипронефтехим» институты жасады. Жауғашты шетелдік талапкерлермен Лондонда жұмыс істеп жатыр. «Біз жасаймыз!» дейтіндер – телегей-теңіз! Мұнайға кім қызықпайды дейсің, америкалықтар да, жапондықтар да, немістер де, бәрі балға үймелеген арадай Жуғаштының айналасында. Оларға грозныйлықтар жасаған техникалық тапсырманы таратып берді. Ал, олар болса бірінен соң бірі келісіп алғандай: «Бұл құжат - қажетті деңгейде жасалмаған, жасалуы керектің бәрі қамтылмаған, шикі құжат» дейді. Осы кезде, 1992 жылы, Қадыр Бәйкенов Энергетика министрі болып тағайындалды, ал Бекбосыновты Маңғыстаудан әкеліп оның бірінші орынбасары етіп қойды. Маңғыстауға бас директор болып Ләззат Қиынов барды.
Енді грозныйлықтар жасаған құжат жарамаса, жарайтындай етіп қалай жасалуы керек, ондай құжатты кім жасайды деген сауал туды. Мәселені шұқшия зерттеуге жаны құмар Жауғашты сұрастырса, Лондонда америкалық Юниверсал Ойл Продакшн (UOP) деген компанияның Европадағы бөлімшесі бар екен, ол мұнай мәселесіне байланысты ең көп лицензия алған және ең көп тәжірибе жинаған компания екен. Солармен кездесті. Бірақ, Жауғаштыға олармен тіл табысудан көрі Бәйкенов пен Бекбосыновты техникалық тапсырманы қайта жасауға көндіру қиынға түсті. Қанша дегенмен, қалыптасып қалған кеңестік ойлау жүйесі адамның санасынан бір күнде қолын көтеріп шыға салмайды ғой. «Грозныйлықтар жасаған жобаның несі жаман?» деген сұрақ қойылады қайта-қайта. Әңгіме оның жақсы-жамандығында емес, әңгіме ол тапсырманың негізінен техникалық жағын жасап шыққанында болып тұр, ал шетелдіктерге керегі – қаржылық мәселенің кең тарқатылып көрсетілгендігі. Жауғашты Бәйкеновті Лондонға алып барды, фирманың өкілдерімен кездестірді, көндірді ғой, ақыры. Осынау ұзақ-сонар, қай жақ болсын өз мүддесін жанын сала қорғаған келіссөздерге Жауғашты үріп ауызға салғандай сүйкімді референт қызды ертіп барып жүрді. Бұл не үшін? Өңкей ер азаматтар жиналған кезде мұндай қиқулы жиынның «ыстығы» оп-оңай көтеріліп кете беретін. Араларында «арпа ішінде бір бидай» болып сылаңдаған сұлу әйел баласының отыруы жігіттердің сабасынан асып-төгілмеуіне септігі тиетін. Бұл да болса істің қамын ойлағандық...
Сонымен, үш-төрт айдың ішінде шетелдіктер техникалық құжатты дайындап шықты, сосын істің талабы бойынша осы мәселеге байланысты халықаралық тендер жариялау туралы Қазақстан Үкіметі қаулы шығарды, яғни Үкімет те бұларды қолдап отырғанын көрсетті. Тендерлік комиссияның төрағасы болып Бекбосынов тағайындалды, Жауғашты – комиссия мүшесі. Халықаралық байқау жарияланды.
Ол бір жылға жуық уақыт жүріп, 1992 жылдың аяғында аяқталды. Қатысқан Kellogg (АҚШ), Salzgitter (Германия), Lurgi (Германия), ERG (Италия), Mitsui (Жапония) секілді 18 команданың ішінен бірінші турдан кейін үш команда қалды. Америкалықтар (Kellogg), немістер (Salzgitter) және үш жапон фирмасынан құралған консорциум.
«Жапан» деген сөз нені білдіреді?»
Сонымен, 1993 жылдың қаңтарында жапондық «Мицуи-Мицубиши-Тойо инжиниринг» консорциумы байқауды ұтып шықты. Бұған дейін бәрі ашық күрес, адал бәсеке болып келді, «откат-маткат» дегенді Жауғаштылар білмейтін. Неміс-америкалық тандем - Келлог-Зальцгейтер консорциумы жеңіске жету үшін барын салып-ақ бақты, ең соңына дейін тартысты, дегенмен, таразының басын жапон жағына қарай аударған нәрсе – олардың болашақ зауыттың технико-экономикалық негіздемесін тегін жасап береміз деген сөзі болды. Бұл дегеніңіз 1,5-2 млрд.доллар және дәрігердің аурудың диагнозын дәл тауып қоюына тең нәрсе... Дайва Европа Лимитед (DAIWA, Жапония) компаниясы 1993 жылдың шілде айына дейін қазақстандықтардың қаржылық (техникалық) кеңесшісі ретінде жобаның сараптамасын жасап шықты.
Болса да, Үкімет басшысының да, Өкімет басшысының да құлағына тендер туралы ақпарат жетіп жатыр ғой, олар да мақұлдап, оң пікір білдіруде.
Жеңіске жеткен жапондар енді жалғыз талап қойды: Қазақстан үкіметі «Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының жобасы басымдық берілетін инвестициялық жоба болып табылады» деген қаулы қабылдаса екен деді. Бар болғаны – осы! Шынына келгенде, жапондар үшін бұнда тұрған ешқандай айрықша кеңшілік те, артықшылық та жоқ, бұл көзге көрініп тұрған, солай болуға тиіс дүние, оған басымдық берілуі жапондар үшін емес, бірінші кезекте Қазақстан үшін қажет нәрсе. Біздің елге бұл ауадай қажет зауыт, енді соның солай екенін қағаз жүзінде рәсімдеу ғана. Егер жапондар кепілдік талап етсе, онда басқа мәселе, ол жерде ақшаның иісі шығады. Шетелдік көп фирмалар кейін осыдан күйіп кетіп жатты. Жапондар оны талап еткен жоқ. Талап еткендері - біздің Үкімет үшін орындалуы түкке тұрмайтын бір жапырақ қағаз. Ол қағаз болмаса жапон фирмаларының өкілдері өз еліндегі директорлар кеңесін, басқа да құзырлы органдар мен лауазымды тұлғаларды «Қазақстанмен әріптес ретінде жұмыс істеуге, оларға сенім артуға болады» деп қалай сендіре алады?
Жапондар көреген екен... Біздің Үкімет өзінің абыройын аман алып қалатын алақандай қағазды ақыры бермеді ғой! Міне, бәленің бәрі тап осы арадан басталды. Терещенконың үкіметі қаулы да шығармайды, неге шығармайтынын түсіндіріп те айтпайды. Осы кезде... Жемқорлық деген қалай, қайдан пайда болады десеңізші – осы кезде «жаңа зауыт салып керегі жоқ, оның орнына Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жабдықтаса жетеді, сол қажетірек» деген «идея» пайда бола кетті. Ол идея қайдан шыға келді? Оны шығарып жүрген ағылшындық кәсіпкер Роберт Кисин деген біреу. Ол біздің Үкіметтегі Сыртқы экономикалық байланыс министрі С.Әбішевке шыққан. Ағылшындар сол жобаны қаржыландыруға дайын-мыс.
Бітті! Бәрі осы «идея-сымаққа» тастай жабысып қатты да қалды. Жауғашты Сыздық Әбішевпен Маңғыстау жобасын қорғаймын деп, тіпті төбелесіп те қала жаздады.
-Біз екі зауытқа бірдей мұнайды қайдан аламыз?
Осы да уәж бе?
-Айналайын-ау, бұл екі зауыт бір-бірімен жолы ешқашан қиылыспайтын, мүлдем бөлек екі дүние ғой! Маңғыстаудың зауыты тек ауыр мұнайды ғана өңдейді, және ондай мұнайдың қоры көп бізде. Сенің нең күйе кетті? Неге қарсы шығасың?
Түсінер, ұғынар емес. Немесе ұққысы келмейді. Ал, жапондар ауыр мұнайды өңдеудің әдемі технологиясын ұсынған болатын – мұнайдан бензин, дизельдік отын секілді өнімдер бөлек алынып, қалғанынан битум-мұнай алынады. Өңдеудің екінші циклында осы битум-мұнайдан барып ауыр, сирек металдар ажыратылады. (Сөз ретінде айта кетейік, біздің елімізде битум шығаратын алғашқы зауыт жайлы Қазақстан Президенті «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының 2010 жылы өткен төтенше құрылтайында ғана тапсырма берді, ал зауыттың іске қосылуы 2013 жылға жоспарланды). Жапондар байқауда ұтып шыққанннан кейін Мәскеуге келді, Жауғашты 3 ақпан күні Лондоннан ұшып келіп, 4 ақпанда олармен Мәскеудегі Халықаралық сауда орталығында құрамында Иномата (Мицубиши (дұрысы жазылуы осы – Ө.А.), Фукунага (Мицуи), Ямада (Тойо) и Каори (аудармашы) бар жапон делегациясымен кездесті. Сол күні Астрахань арқылы Ақтауға алып келді. 5 ақпан күні Қиыновпен және Ақтауға ұшып келген Бекбосыновпен кездесу болды. 6 ақпанда Алдын-ала келісім-шартқа қол қойылды және зауыт салынатын құрылыс алаңы белгіленді. Ол үшін Ақтаудан Қаламқасқа қарай шыққан жол бойында шамамен 25 шақырым, теңізден 6 шақырымдай жер таңдап алынды. Әдеттегідей, митинг өткізілді, шампан атылды, бәрі оны тағы да жақсылап «жуды». Қуанышта шек жоқ! Лазарь деген азамат салынып жатқан кәсіпорын құрылысының директоры болып тағайындалды. Ол жұмысқа кірісіп те кетті. Электр желісі тартылды. Теңіз жағасында жұмысшылар поселкесі салына бастады. Не керек, 100 (жүз) миллионнан астам доллар инфрақұрылымға жұмсалды.
Бұл құрылыстың жүріп жатқан себебі жоғарыда айтылған, 1991 жылы қазанда қабылданған Үкіметтің қаулысы бар ғой, соған сүйенгендік еді. Ал, мына басымдық беру жайлы қаулы қабылданбай жатса, Жауғаштылар оған ол кезде онша мән беріп те жүрген жоқ. Несі бар ойланатын, ол бір аса ауыр, қабылдануы қиын мәселе емес қой, бұрынғы қаулы бар, тендер-байқау өткізілді, жеңімпаз анықталды, жеңімпаздың ұсынып отырған жобасы да әдемі, біз үшін тегін ТЭН секілді үлкен жеңілдігі және бар, бірінші сыныптың баласы үшін де ешқандай қиындық туғызбайтын есептей оп-оңай нәрсе. Үкіметтегілердің мың-сан шаруасы бар, қолдары тимей жатқан шығар... Анық Кисиннің «Атырау жобасы» бұлар жеңе алмайтын «жауға айналады» деген ой Жауғаштылардың үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. Бұл екі ортада Жауғашты Жапонияға барып қайтты, себебі ол Мицуи компаниясымен бұл жобаға дейін де жақсы жұмыс істеп жатқан, «Ямаха» тәрізді электротехникалық бұйымдар, Мицуи арқылы «Тойотаға» шығып, алпауыт фирманың авомобильдерін Қазақстанға әкеліп сатып жатқан. Қысқасы, Жауғашты бұл компаниялар үшін Қазақстандағы бірден-бір сенімді әріптес.
Осы сапарында техникасымен, технологиясымен әлемнің алдына шығып кеткен, бұл елге келген кімді болса да бір таң қалдырмай қоймайтын жапондар Жауғаштыны басқа бір мәселеде ойлантып тастады.
-Сіздерде «жапан» деген сөз бар ма?
-Иә, бар.
-Бар болса ол сөз нені білдіреді?
-«Жапан» - көз жетпес құла түзді, қол жетпес алысты, алып айдаланы білдіреді.
-Міне, міне, біз өте көне замандарда сіздердің сол айдаладағы, алыстағы аралдарға келіп орналасып қалған бір бұтақтарыңыз боламыз. Біздің шыққан жеріміз сол Алтай тауының арғы беті, бергі беті.
«Ойпырмай,ә!» деп ойлады Жауғашты. «Мынау өзі шынында да жаны бар сөз екен. Көшпенді ата-бабаларымыз қайда бармаған біздің. Біз орыстың тілімен «жапон» деп айтып, жазып қалыптасып кеттік, ал жапондар өзін «жапан» деп атайтыны рас қой...» Жапондардың бұл сөзінің қисыны тарихи деректермен өте жақсы қиюласатынына Жауғашты кейінірек, қазақ тарихымен тереңірек айналысып, ғалымдарға демеушілік көрсеткен кезінде көз жеткізді...
Айтпақшы, бейтаныс, беймәлім қай нәрсені болсын білгісі, танығысы келіп елеңдеп тұратын қазақтар секілді жапондар да жаңалыққа жаны құмар халық (олардың шынымен қазақтан шыққанына бұл да бір қосымша дәйек бола алатын шығар...). Тек бізден айырмашылығы жаңалықты өмірге ендіруге аса құштарлығы болса керек. Дегенмен, бұны біздің табиғатымызға тән бойкүйездігіміз деп, өзімізді жерге ұра жөнелген жөн бола қоймаса керек, жапондардың да шын мәнінде «жаңалықшыл ұлт» атанғаны (генерал Макартурдың 1945 жылы "жапондар нағыз жалқау ел екен" деп Эйзенхауерге жазған хаты бар...) Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күншығыс елінд асқан табандылықпен жүргізілген идеологиялық-экономикалық саясаттың арқасы. Оған ұлттың үлкен-кішісі, кәрі-жасы, бірі қалмай атсалысты. "Жаңалықшыл" атану, титтей де болсын жаңа дүниені өмірге ендіру - жапон атаулы үшін ең үлкен мәртебе болып саналды. Күні бүгінге дейін император шетелдік қонақтарды өзіне тамаққа шақырғанда олармен табақтас болу бақыты өнерпаздарға, ақын-жазушыларға емес, нақ осы өнертапқыштардың үлесіне тиеді...
Біз де айтамыз, бірақ, айтумен шектелеміз. Мысалы, автордың ойынша Президент Н.Назарбаевтың соңғы жиырма жылда аузынан шыққан екінші керемет сөз (біріншісі: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ!») – «Инновация біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс!» Өте орынды пікір, бірақ, оны жапондар секілді ұлттық идеяға айналдыру үшін күн сайын, сағат сайын, үзіп алмай, тоқталмай, бір сәтке де аялдамай істелуі тиіс күнделікті қара жұмыс істелінген жоқ. Іліп әкетіп, дамыта жөнелетін Бас уәзір, тіпті тиісті сала уәзірі де табылмады, Президенттің өзі де өте әдемі, нағыз өміршең идеяны айтумен шектелді. Осындайда Ленин атты бір ел басшысының арнайы Жұмысшы-шаруа бақылауы атты, министрліктен де құдыретті мемлекеттік ұйым құрғаны еске түседі екен... (кейін оны бар билікті большевиктер партиясының қолына жиып берген Сталиндей «күн көсем» Партиялық бақылау етіп өзгертті).
"Мен мұнда сенің жапондарың үшін келдім...»
...Тендерді жапондық консорциум ұтып алғаннан кейін осы мәселенің ұйымдастыру жағын пысықтау үшін Жауғашты 1993 жылдың мамыр ойының ортасында Күншығыс еліне келді. Оны келген сәттен бастап-ақ елдегі ең ірі тоғыз компанияның қатарына кіретін «Мицуи» мен «Мицубишидің» вице-президенттері бастаған іскер азаматтар оны бір аптадай қолдан-қолға тигізер болмады. Әрине, бұл ең алдымен географиялық тұрғыдан өте ұрымтал жерде орналасқан, қазба байлыққа тұнып тұрған, жаңадан өз билігі өз қолына тиген мемлекетке деген құрмет еді. Жапондар өздерінің осы байлықты бірге игергісі келетінін жасырған жоқ. Жапония әлемдегі бай-қуаттылығы жағынан екінші ел (бүгін жалпы көлемі жөнінен Қытай екінші орынға шықты, бірақ, жапондар жан басына шаққанда әлі де екінші орынды бермей тұр) ретінде орасан зор қаржысы бар екенін, экономиканың барлық саласында озық техника мен технологиясы бар екенін, ең бастысы осының бәрін қазақ елінің өнеркәсібіне құюға мүдделі екенін жасырған жоқ. Және жаратылысынан сыпайы жапондар өздерінің бұл ұстанымын Жауғаштыға барынша дипломатиялық түрде жеткізді – Қазақстан қазба байлығы ғана мол емес, оның жері де өлшеусіз кең-байтақ, қажеттілік кезінде ол аумаққа сансыз жапондықты қоныстандандыруға болады, ал, олар тек технология мен инвестиция ғана әкеліп қоймас еді, жас мемлекетті сыртқы көре алмайтын көп дұшпаннан да қорғауға кепіл болар еді...
Дәл сол кезде «Жапонияның күйреуі» деген кітап шығып, соның негізінде түсірілген осы аттас кинофильм жұрттың бәрінің аузында жүрген. Кітаптың да, фильмнің де түйіні ретінде жапондықтардың атақонысқа, Алтайдың аржағында жатқан алып өлкеге қайтуының мүмкін екендігі ишарамен болсын беріліп кетеді.
Жауғашты жапондардан:
-Шын мәнінде осы идеяның іске асуына негіз бар ма?- деп сұрағанында:
-Неге жоқ? Алыс-жақын болашақта сондай мүмкіндіктің туа қалуы ықтимал екенін жоққа шығаруға болмайды. Сіздерде мемлекет аумағы кең, жапондардың жартысы көшіп барса да тарлық етпейді.
Жарайды, бұл болашақтың ісі дейік... Іскер Жауғашты үшін әзірге қажеті - жапондарда технология бар, техника бар, мамандар бар, қаржы бар, ең бастысы Қазақстанмен жұмыс істесек деген шынайы талпыныс бар. Олардың Қазақстанға құлай берілген – есепсіз бір қадам баспайды деп саналаты іскер адамдарға қатысты бұлай айту дұрыс бола қоймаса да - адал, ақ көңілдерін көріп тұрған Жауғаштыда бұндай құлшынысты қалайда Президентке жекізу керек деген жігер пайда болды.
Жапониядан келген күннің тура ертесіне Ниге, Президенттің көмекшісіне кірді. Кеңесшісі Нұртай Абықаев болатын. Екеуі біріне-бірі қарама-қарсы бөлмелерде отырады.
-Владимир Васильвич, мен кеше ғана Жапониядан келдім. Жапон «жайындарының» сәлемін Президентке жеткізуім керек.
-Жауғашты, қабылдауға Нұртай жазады ғой.
Жауғашты Нұртай Абықаевпен Министрлер Кеңесінде бірнеше жыл әріптес болып жұмыс істеген, оның үстіне Үкімет үйінің асханасындағы бөлім меңгерушілеріне арналған залда бірге тамақтанатын. Жауғаштыны жылы қарсы алғанымен Нұртай ол күні оны Президентке кіргізе алмады. Келесі күні де сәті түспеді. Ойға алға ісін орындамай тынбайтын Жауғашты үшінші күні қатарынан тағы келді.
-Жауғашты, - деді Нұртай, - көріп тұрсың ғой, ешқандай мүмкіндік жоқ. Сен одан-дағы ойыңдағыны қағазға жазып беріп кетші, мен міндетті түрде Президенттің қолына тигіземін.
Жауғашты Нидің кабинетіне барып отырды да, қағаз бетіне қысқаша, тезисті түрде айтқысы келгенінің бәрін түсірді. Тіпті жапондардың өздерін қазақтан шыққан халық деп түсінетінін жазуды да ұмытқан жоқ...
Содан екі-үш ай өткенде жапондық 43 адамнан тұратын бизнесмендер делегациясын ертіп Жауғашты Демалыс үйіне келді. Келуге тиісті өзге де қонақтар мен қазақстандық лауазым иелері бәрі жиылып болды. Бірақ, ішке ешкім шақырыла қоймады. Жұрт жиырма минуттай иіріліп фойеде тұрып қалды. Не болды, неге кіргізбейді, түсініксіз.
Кенет... Есіктен жылдам басып Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келе жатты. Мәжілістің неге кешіктіріліп жатқаны да бірден түсінікті болды. Жауғаштылар фойенің екінші қабатында әңгімелесіп тұрған еді. Премьер бастаған министрлердің сәлемін алған соң Президент жан-жағын жіті шолып шықты. Іздеген адамы көзіне түспесе керек, енді ол басын көтеріп, жоғары қарады. Жауғаштыға «бері кел!» деп шақырғандай болды. Жауғашты анықтай түскісі келіп: «Мені ме?» деп өз кеудесін нұсқап еді, Президент басын изеді. Оны қаумалап тұрғандар қақ жарылып, Жауғаштыға жол ашты. Бұның қолын ықыластана қысқан Президент күлімдеп:
-Мен бүгін бұнда келуге тиіс емес едім, сенің «жолдауыңды» оқығаннан кейін арнайы келіп тұрмын, - деді.
Осы кезде бұлардың қасына жымия басып жапондар да жақындады. Істің мүддесі үшін кез-келген қолайлы сәтті пайдаланып қалмауды бойына күнә санайтын Жауғашты дереу оларды Президентке таныстырды.
-Иә, не мәселе шешіп жатырсыңдар?
-Бұл мырзалар бізбен қоян-қолтық жұмыс істегісі келеді, Нұреке. Сол үшін осында келіп отыр.
-Жұмыс істеуі үшін бұл кісілерге не керек екен?
-«Мицуи» Алматыдан офис салсақ дейді.
-Ал, офис салуға не қажет?
-Қаланың ішінен жер керек, басқа ешнәрсе керек емес.
Президент Нұрқаділовке бұрылды.
-Заманбек, немене, бұл шешілмейтін мәселе ме?!
Нұрқаділов қалбалақтап қалды.
-Шешеміз ғой, Нұреке, шешеміз! (Бірақ, Заманбек марқұм сол күйі бұл мәселені шешкен жоқ...)
Президент қабағы сол сәл түйілген күйде Жауғаштыға қайта қарады.
-Маған «ананы істейміз, мынаны істейміз» деген шетелдіктер көп келеді. Бірақ, солардың бір нақты нәтижелерін байқай бермеймін. Жауғашты, мына жапондарыңмен тікелей өзің айналысшы. Өзің! Мен тек сені білетін болайын, нәтижесін тек сенен сұрайтын болайын. Ал, мен жағынан толық қолдау болады, оған қам жеме!
Ендігі сәтте Президенттің назары сәл алшақтау қалып қойған, содан ба, әйтеуір, табанына тікен кіргендей тыржиыңқырап тұрған Терещенкоға ауды.
-Сергей Александрович, жапондармен бірлескен сауда-өнеркәсіп комиссиясын құру мәселесі Үкіметтің жоспарында бар ма?
-Әрине, Нұрсұлтан Абишевич!
-Ендеше, сол комиссияның құрамына Жауғашты міндетті түрде кіретін болсын!
-Жақсы!
"Мемлекеттік қызметке қайта оралсаң қайтеді?"
Кездесу біткеннен кейін Президент Жауғаштыны тағы шақырып алды.
-Сен мені қабылдамай жатыр деп өкпелеме. Қолым тиетін емес шынында. Алдағы аптада Семейге барып келемін, сосын қабылдаймын сені.
Айтқанындай-ақ, дәл бір апта өткендеЖауғаштыға Нұрекеңнің көмекшісі Иманғали Тасмағанбетов қоңырау шалды.
-Жақа, Президент сізді ертең сағат төртте қабылдайды.
Жауғашты кіріп сәлемдескен соң, отырар-отырмастан Президент тіке сұрақ қойды:
-Сен осы мемлекеттік қызметке қайта оралсаң қалай болады?
Қашан да шапшаң Жауғашты бұл жолы да жауапқа іркілген жоқ.
-Нұреке, менің сізге осы орында пайдам көбірек тиеді-ау деп ойлаймын.
Ары қарай әңгіме нақты іске көшті. Жауғашты Президентке бір емес, екі емес, бақандай бес хат алып барған еді. Біреуі Маңғыстау мұнай зауыты жайлы болса, екіншісі «Боинг» туралы (ол жөнінде келесі тарауда), қысқасы, Жауғашты көтерген бес мәселенің бәрінің де мемлекет үшін маңызы аса зор болатын.
Ол папкісіндегі бесінші хатына қолын созғанда Президент басын шайқады:
-Ау, сенің хаттарың бүгін таусыла ма өзі, таусылмай ма?
-Осы - соңғысы!
Қабылдау аяқталды. Қоштасу алдында Президент тағы да:
-Жауғашты, дегенмен, мемлекеттік қызметке қайтып келуге қалайсың?- деді.
Бұл – әр адамға оның өмірінде бір-ақ рет қойылатын сұрақтар қатарынан еді... Және салмағы қара жердей ауыр сұраққа қандай жауап беру, қалай жауап беру адамның ішкі дүниесін сыртқа шығаратын. Біреулер ойланып қалады. Бұл оның дайын еместігін көрсетеді. Енді біреулер іштей дайын болса да, күтіп жүргені жарқ етіп алдынан шыққанда жылдам шешім қабылдауға қауқарсыздық танытып алады. Тағдырыңды шешетін осындай қас-қағым сәтте әдетте адамның болмыс-бітімі басты рөл ойнайды. Кейбір өте ақылды, өте сақ адамдардың сынға түскен шақта ішкі дүниесі оның өмір бойы киіп келе жатқан «сақтық» сауытына бой бермей кетеді, сол сәтте сыртқа жарып шығады. Мұндай кезде олар алдында кім отырса да, әкім бе, министр ме, тіпті мемлекеттің президентінің өзі ме, ойындағысын айтып салады.
Тағдыры шешілетін сәт туғанын Жауғашты да ішкі түйсікпен сезіп үлгерді. Оның ойлануға тіпті секундтің жүзден біріндей де уақыты кеткен жоқ, тек ми қыртыстарында бір сәуле жай отынан да тез жалт ете қалды, жауабын сол сәтте-ақ сақпанның оғындай сарт еткізді:
-Нұреке, сөздің ашығы, сіз не айтасыз, сол болады ғой! Қайтып келмесең болмайды десеңіз, келемін-дағы!
Жауғаштыны жүрісі өте күшті болып шықты. Бұл - мемлекет басшысының деңгейіндегі адамның сөзі еді. Президент өз ұсынысын айтуын айтқанмен, дәл осындай алды-артын орап, тығырыққа тіреп тастайтын, мойын бұлтартпас нақты жауап аламын деп күткен жоқ болатын. Сол себепті де ол «көрейік», «ойланайық» деген тәрізді салмақсыз көп сөздің ешқайсысын аузына алмай, үнсіз қалды. Жауғашты қоштасып шығып кетті.
Бұдан соң қайтып Президент тарапынан оны қызметке шақыру жасалынған жоқ...
Жауғашты неге Жапонияға бармай қалды?
...1994 жылдың наурыз айында біздің Президенттің Ұлыбританияға екінші ресми сапары болды. Жапондардың тапсырмасы, дәлірек айтсақ Мицуи компаниясының президенті Кумагаи-санның жеке өтініші бойынша Жауғаштыға Лондонға ұшып барып, өз елінің президентімен сол жерде кездесуіне тура келді. Кумагаи-сан Қазақстанның Президентіне алдағы сәуірде Жапонияға келер сапарында бір күнгі кешкі тамақ уақытын Мицуиге арнап бөлуін, және сол кешкі тамаққа жапондық ең ірі компаниялардың бәрінің жетекшілері келетінін жеткізуін, сондықтан бұл басқосуға қатысуға қалайда Назарбаевтың келісімін алуын өтінді. Жапондардың ол кезде Қазақстанға келуге ықыласы оттай ыстық еді, және олар ең бірінші кезекте мұнай-газ саласына кіргілері келді. Жапонияда 35 мұнай өңдеу зауыты бар, және оның барлығы да техника-технологиялық жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатардағы кәсіпорындар.
Жауғашты Лондондағы кездесулердің бірінде Президентпен жолықты. Кумагаи-санның өтінішін жеткізді. Президенттің келісімін алды. Сосын барып қоштасар кезде өзінің осы жоба жайлы жазып, дайындап қойған хатын Президентке ұсынды. Ол кісі қасында тұрған Әбішев жаққа иегін қақты да:
-Сыздыққа бер, - деді. Берді. Алды. Алуын алса да Президент бұрылып кете берген кезде Жауғаштыға қарап тістене:
-Немене, мен сенің хат тасушың ба едім?! – дегені. Міне, көкірек қайда жатыр!
-Әй, саған Президент ал деді ғой!
Сонымен тарқасты. Лондонда жапон фирмаларының өкілдіктері өте көп. Олардың бәрі де қазақ елінің Президентінің бұл сапарына қызығушылық танытып жатыр. Қысқасы, Жауғашты Президенттің жапондық сапар барысы кезінде Лондонда болатын болып шешілді. Токиодан белгі берілген бойда Жапонияның Лондондағы консулдігі бір сағаттың ішінде виза ашып береді-дағы, Жауғашты Токиоға ұшып шығады.
Ал, дәл сол уақытта... Премьер-министр Терещенко мырза баяғы Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты жайлы Үкімет қаулысының күшін жоятын Өкім шығарады! Кімммен келісті, кім рұқсат берді?!.. Бекбосынов пен Бәйкенов екеуі жанын салып жұмыс істеген болуы керек, бір аптаның ішінде қайтадан Өкімнің күшін жойдырады... Жауғаштыға бұндай оқиғалар болып жатқаны жайлы ешкім айтпаған, шамасы көңіл-күйін түсірмейік дегендері болса керек. Ал, ол болса ойында түк жоқ, Лондонда мың-сан жұмысы бар, жүгіріп жүр. Жапониямен күніге хабарласып тұрады.
Бір күні аудармашы қыз Каори өзі хабарласты.
-Нәбиев мырза, сіздің еңбегіңіздің бәрінің далаға кетер түрі бар.
-Не болып қалды? Неге олай деп ойлайсыз?
-Алматыдан хабар жетті, делегацияның құрамынан Бәйкеновті шығарып тастапты...
Мәссаған! Бұл – «белгі» деген сөз. Өйткені, делегация құрамы әдетте күнібұрын дайын етіліп, барлық мәселе келісіліп, бекітіліп қояды. Мұнда да солай болған-тұғын. Ал, бұлайша, табан астынан, министрдің тізімнен шығып қалуы...
-... Бірақ, сіз қапаланбаңыз, - дейді Каори. Жұмсақ, жағымды даусымен мұны жұбатқан болып жатыр. Өзі де бір атына заты сай, жібектей созылған, сыбызғыдай сызылған жапон қызы. Аты демекші, Каоридің қазақшасы «Таңғы самал» деген сөз... – Басшылардың сіздің жұмысыңызға қояр кінәсі жоқ, сіз өз міндетіңізді атқардыңыз. Енді не де болса, ақырына дейін күтеміз. Ең бастысы, басшылықтың сізге деген келісімі өз күшінде, сол жақта бола беріңіз, тек кез келген сәтте аттанып кетуге дайын отырыңыз.
Бәйкенов делегация құрамынан алып тасталмағанда, жапондар оған «визаны дайындап, ұшып шыға беріңіз» дейтін еді ғой... Жарайды, ары қарай не болғанын кейін Каори айтып берді.
"Ағылшын-қазақ" мүддесі...
Біздің Президент алдын-ала келісілген жоспар, хаттамаға сәйкес жапон елінің Премьер-министрімен кездеседі. Кездесу үстінде Премьер-министр, олар да делегация құрамына қарап көңілдерінде туған күдіктің анық-қанығына көз жеткізгісі келеді ғой, Маңғыстау мұнай зауыты жөнінде арнайы сұрақ қояды. Сұрақ қойғанында Президент «Маңғыстау мұнау өңдеу зауыты - біздің ең үлкен басымдық беріп отырған жобаларымыздың бірі» деп шегелеп жауап береді. Премьердің көңілі орныққандай болады. Мұнай-газ министрі келмесе келмесін, бір жағдай болып қалған шығар, ең бастысы Президенттің өзі уәде беріп отыр ғой...
Ертесіне таңертең Жапонияның ең тиражы көп «Асахи» газетінің редакциясында жапон журналистеріне арнап біздің еліміздің үш министрі – Экономика министрі М.Үркімбаев, Өнеркәсіп министрі А.Саламатин және Сыртқы экономикалық байланыс министрі С.Әбішев баспасөз мәслихатын өткізеді. Сұхбат барысында Қазақстанның бұл кездесуге бес инвестициялық жоба әкелгені сөз болады. Газет кешкі нөмірінде оның бәрін атап-атап береді. Бес жобаның ішінде мұнайға қатысты бір де бір жоба жоқ...
Сол күні күндіз келісім бойынша Президенттің жапон елінің Кумагаи-сан бастаған өнеркәсіп «жайындарымен» кездесуі өтеді. Мұнда да Кумагаи-сан мұнай зауыты жайлы сұрақты қояды. Президент: «Мен кеше сіздердің Премьерлеріңізге айтып едім, бүгін сіздерге де қайталап айтамын – Маңғыстау мұнай зауыты біз үшін ең басымды жоба!» деп жауап береді. Екінші рет! Сол кезде оның қасында отырған С.Әбішев оған қарай бұрылып, әдетте қазақша сөйлейтін ол орысшалап: «Нурсултан Абишевич, мы же его исключили?!» деп сыбыр етеді. Министр кешкі газетте мұнайсыз бес жоба жайлы мақаланың шығатынын біледі, «ақ патшам, сіз қателесіп тұрсыз..» деп ескерткені ғой бұл.
Президент – бекерден-бекер алғыр аты шығып жүрген жоқ қой - мойнын бұрмаған күйі сол секундта жауап береді: «Исключили? Обратно включите!» Оны екеуінің қасында тұрған Каори ғана естиді...
Қызығы әлі алда... Әдетте мұндай сапарлардан елге оралғаннан кейін Президент «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде іссапар нәтижесі жөнінде халықты құлағдар ететін. Бұл жолы да сондай сұхбатта Маңғыстауда мұнай айыру зауытының салынатыны жайлы айтып өтеді... Үшінші рет!
Жоғары жақта не болып, не қойып жататынын түсінудің өзі қиын. Әдетте мемлекеттік іс-сапардың әр минуты, тек Президенттің ғана емес, делегация мүшелерінің де кіммен, қашан кездесетіні, онда қандай мәселе сөз болатыны, бәрі-бәрі алдын-ала бірнеше рет келісіліп, бағдарлама жасалып, ол бағдарламаны екі жақтың да басшылары көріп, қол қойып, бекітіп береді. Бұл дипломатия тілінде «протокол (хаттама)» деп аталады. Сыртқы істер министрлігінің хаттамамен айналысатын арнайы бөлімі, қызметкерлері болады. Хаттама сапар барысында өте бір ерекше, дәлірегі төтенше жағдайда ғана өзгеріске ұшырайды. Ендеше, Президент өзімен бірге кімдерді, не үшін ертіп бара жатқанын, олардың не алып бара жатқанын, делегация қоржынындағы бес жобаның қандай жобалар екенін өте жақсы білді. Сол бес жобаның ішінде мұнай жобасының жоқ екенін де білді. Білмесе ол Президент бола ма?.. Сөйте тұра Премьер-министрдің, өзге елдің дәл өзі секілді бірінші басшысының «келісілген мұнай зауытының жобасы жоқ қой?» деген нақты сұрағына «ондай жоба - бар!» деп нақты жауап берді. Бұл өзі экспромтпен, табан астында туылған жауап па еді, жоқ әлде алдын-ала ойланып, дайындап қойған жауап па еді? Президент бір емес, үш рет Маңғыстау мұнай зауытыың салынатыны жайлы кесіп айтса, айтқанының орындалатынына сенімді болғаны ғой. Бірақ, орындалмады... Неге олай болғанын білу бізге бұйырмаған. Оның себебін жалғыз адам біледі. Біз тек жорамал ғана құра аламыз. (Әрине, уақыт өте келе барлық сыр ашылады, бірақ ол заманға біреуіміз жетеміз, біреуіміз жетпейміз...).
Мемлекеттің мұнайға байланысты мұндай мың құбылған сасясатының басты болмаса да қосымша сыры кейінірек, Жауғашты Алматыда өзін Ұлыбританияның ресми ұйымдарына Қазақстан Республикасының «Казмедь ЛТД» и «Каруголь ЛТД» компанияларының директоры ретінде таныстырып жүрген Роберт Дэйвид Кисин деген ағылшынды көргеннен соң, бұл мырзаның талай былықпайы туралы ТМД баспасөзінде жаппай жазылған кезде ашылғандай болды..
Ағылшын-саксон әлемінің «өл-тіріл, тек мұнай өндіруші елдің мұнайды өңдеуіне жол берме!» деген жазылмаған, бірақ бұзылмайтын заңы, айтылмайтын, әйтсе де бұлжытпай орындалатын ережесі бар екен. Олардың шикізатқа бай ел сол шикізат сатушы ел күйінде қалуына неге соншама күш салғандары бүгін елдің бәріне түсінікті болып отыр. Осы тапсырманы орындаушы Роберт Кисин емес екендігіне бүгін кім кепілдік бере алады? Жиырма жылға жетпей-ақ жоғарыда айтылған қағида-ұстаным мүлтіксіз іске асты ғой....
Әйтпесе, Қазақстан «Маңғышлақмұнай» ӨБ негізінде жапондық консорциуммен бірге 70х30 үлеспен бірлескен кәсіпорын құрады деп болжалданған болатын. Қаржылық кеңесшілердің көмегімен Қазақстанға жылына 5% өсіммен 8,5 жылға несие бөлінген еді. Оның алғашқы 4 жылына жеңілдік қарастырылған-тұғын. Қалай болғанда да бұл жоба Қазақстанның мүддесіне толық жұмыс істейтін теңдессіз дүние еді. Тек, әттең... «Маңғышлақмұнай» кейін құрылтайшысы индонезиялық компания болып табылатын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға айналды (ол компанияның шын қожайыны Рахат Әлиев болып шықты...). Мемлекеттік мүдде іске асу үшін алғырлық, іскерлік, бірақ, бәрінен де бұрын сатылмайтын арлылық қажет еді. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде, тіпті кәзір де, біздің елімізде АҚШ мемлекетінің атасы Т.Джефферсон «Коммерсантта Отан болмайды!» деп ескертіп кеткен саудагерлік ұстаным салтанат құрып отыр. Соның салдарынан Қазақстан қандай керемет кәсіпорыннан айрылды. Бүгін олардың қаншасынан айрылып жатыр. Ертең әлі қаншасынан айрылады...
Және солай болуға тиісті де. Себебі, «байыңдар!» деп ұран тастаған біздің билік бір емес, екі рет «легализация» жариялап, арамнан жиналған ақша мен дүние-мүлікті заңды түрде «адалдап» алуға әбден жағдай жасап берді емес пе. (Бүгінгі таңда үшінші легализация жүріп жатыр...) Сол уақытта өкіметтің неге мұндай саясат ұстанып отырғанын түсіндірмек, дәлірегі ақтап алмақ сыңайдағы Президенттің бір емес екі рет «накопление первоначального капитала никогда не бывает честным...» деген сөзі елдің есінде. Ендеше, министрлер де қам сүт емген пенде, қызыл-жасыл қу дүние көз алдында «жасыл қағазды» көрсетіп, алтайы қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдап тұрса қызықпады, азғыруға түспеді дейсің бе... Оның үстіне төрт жүз жылдан бері әлемді бұрын отарлай, бүгін қаржылай билеп отырған, билігінің арқасында сол әлемнің байлығының сексен пайызын дүмінің астына басып отырған, адам баласын қалай алдап-сулаудың, қорқыту мен үркітудің теңдессіз мол тәжірибесін жинаған, және онысын ешкімнен жасырып-жақауратпай «қамшы мен күлше саясаты» деп ашық жариялаған ағылшын-американ алпауыттарына біздің «Басы» бар, басқасы бар «абориген» министрлерімізді бір-екі-үш миллион долларға арбап алу - айтуға да тұрмайтын болмашы тірлік қана. Ал, тоқсаныншы жылдардың басында баюдың жолына жаңадан ғана түскен байшыкештеріміз үшін «миллион» деген өте көп ақша болатын.
Міне, қандай мемлекет құрып жатырмыз, қандай мемлекет құрдық біз? Біздің елді қандай адамдар басқарып отыр? Қандай адамдар «Президент нөкерлерін» құрайды? Қандай адамдарды Президент өзінің айналасына жинап алды?.. Уәзірлерінің ондай тірлігін Президент біле ме, білмей ме, оны айту қиын, бірақ үзілді-кесілді «білмейді» деуге тағы болмайды...
Білмесе – тіпті жақсы, ал, білсе ше? Онда - не үшін? Не үшін бір рет емес, үш рет "мұнай зауыты салынады!" деді?!..
Осыны айтып тоқтаған, жиырма жыл бұрын өткен оқиғаны бүгін басынан қайта кешіп, қатты толқып отырған Жауғаштының жүзіне қарау аса ауыр еді...
(жалғасы бар)
«Жауғашты Нәбиев – істің адамы» кітабынан үзінді
Өмірзақ АҚЖІГІТ
Abai.kz