Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6564 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 11:58

«БОЛАШАҚТАН» КЕЛГЕН АЗАМАТ

Болашақ – үміттің бесігі. Адам баласы үміт  ететін жақсы күндер болашақтан қол бұлғап тұрғандай сезіледі. Шетелдерде білім алып, білігін жетілдіріп қайтатын жастарға арналған мемлекеттік бағадарлама атының «Болашақ» болуында да осындай мән бар сияқты. «Болашақ» бағадарламасы бойынша төрткүл дүниеге көзін ашқан қазақ жастары қазір қоғамның әр саласында қызмет атқарып жүр. Соның бірі – Алматы қаласының қазіргі әкімі Бауыржан Байбек.

Бауыржан Қадырғалиұлы мың жылдан астам тарихы бар шаһарға әкім болып тағайындалған күннен бері 100 күннің жүзі толыпты.  Лауазымды қызмет иелерінің ортасында елге есеп беру дәстүріне енген 100 күннің шегінде Байбек мырза не істей алды, өзін қай қырынан көрсетті? Кешелі бері қазақстандық БАҚ-тың осы сауалға ат басын бұрмағаны кем. Abai.kz порталының ұжымы да алып мегаполисте үш айдың көлемінде атқарылған жұмыстарды саралап, Байбек мырзаның кісілік келбетін тануға тырысты.

Бірден айтайық, бұл – Алматыға  қандай да бір игілікті іс жасасам деп келген азамат. Өйткені «Болашақ» көрген жігіттің болашағы алда. Алматыдағы әкімдік қызметін аброймен атқарып, ел ықыласына бөленсе, Бауыржан Байбек көп алысқа барады. Бұны қырықтың қырқасына жаңа ілінген жігерлі жігіт іштей бек түсініп жүрсе керек-ті. Демек, «ішіп-кетті», «жеп кеттіден» құлағы сарсылған алматылықтар алдағы күндері қала әкімі мен оның командасының серпінді істеріне куә болады деп болжам жасауға тәуекел ете  аламыз. 

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі». Алматы – үлкен саяси мансапқа бастап апаратын даңғылдың басы.  Сол үшін Алматының тарихын терең тану ләзім. Алматының рухани ортасымен біте қайнап, бірге жүру керек. Жас әкім араға аз уақыт салып Алматының зиялы қауым өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, олардың лебізін тыңдап, пікір алмасып үлгерді. Қала тұрғындарымен бірге сенбіліктерге шығып, базар аралап, қарапайым жұрт тұтынатын затттардың бағасын бағамдап, қалың бұқараға жақындығын да көрсетті. Бұл оның Алматыға тән әлеуметтік ахуалды алдағы күндері де жіті бақылап отыратын сергектігін аңғартқан сәтті қадамдар. Алматы – ертеден қара кешке дейін әлдеқайда асығып, көшіп бара жатқандай алас-қапасы мол қала. Сондықтан оған сарайында қалғып-мүлгіп, қара телефонды құлағына жапсырып алып, былдырлап отыратын әкім емес, әбжіл қимылдайтын, әлекедей жаланған әкім керек. Байбек мырзаның ширақ қимылдары Алматының  ішкі қуатымен әбден сәйкесетін сияқты. Ендеше, келер күндер алматылықтар күтіп жүрген игілікті істерге тола беремек. Сөзімізге дәлел, Алматы қаласының әкімідігі жуырда шаһарды дамытудың 7 бағытын айқындаған бағдарлама жобасын қабылдап үлгерді.  Бағдарлама бойынша,   «Алматы, біріншіден, адамдарға жайлы қала болуы тиіс, екіншіден, қауіпсіз, үшіншіден, әлеуметтік салаға бет бұрған қала болуы керек. Төртінші  – экономикасы тұрақты, бесінші – бизнес пен жеке капиталдың қаласы, алтыншыдан, барлық аумақ біркелкі дамыған, жетінші – тұрғындары белсенді қала болуы қажет. Бұл – шаһар басшысы Бауыржан Байбектің төрағалығымен Алматы қаласының 2016 – 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының жобасы бойынша өткен келелі жиында айтылған сөз. Осылайша қала басшысы шаһарды әр қырынан дамытудың 7 бағытын атап, осы бағдарламаның аясын кеңейту үшін барша халықты белсенді қатысуға шақырған еді. Аталған бағдарлама қала тұрғындары мен сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің талқысына түсіп ұсынылып, осыған байланысты арнайы almaty2020@a-a.kz электронды поштасы жұмыс істей бастады. Бұл пошта алматылықтардың ұсынысы мен ой-пікірлеріне арналып ашылып отыр», - деп жазады «Алматы ақшамы» газеті.

Жөн-ақ. Даму бағдарламасының алтыншы бағыты туралы осы арада аз-кем айта кеткен дұрыс шығар. Алтыншы бағыт: Алматы барлық аумағы біркелкі дамыған қалаға айналуы керек дейді.

Бәрекелді! Егер алтыншы бағыт шынымен іс жүзіне асса, Алматы әлемдегі әдемі, мәдениетті, таза қалалардың қатарынан орын тебер еді. Өйткені қазіргі Алматы – әлеуметтік келбеті әрқилы; бір тұсы тозған, бір тұсы озған алабажақ тұрмыс кешіп жатқан, әрі ширек ғасырдан бері урбанизация көшін үнсіз көтеріп келе жатқан қала. Сөйтіп өзінің ішкі жылылығын, музасын, көркемдігін жоғалтып барады. Жоғары өрлеп әл-Фараби даңғылына шықсаңыз – әлемнің әрқилы түсіне боялған байлықты, төмен құлдиласаңыз – шаһар салтанатына еш үйлеспейтін үйлерді өз әлінше тұрғызып алған, күнкөрістің шегінде қалт-құлт еткен кедейлікті, жоқшылықты көресіз. Ал, бұл түбі әлеуметтік жарылыстар мен қақтығыстарға соқтыратын қауіпті нышан. Алматының тұрмыс-тіршілігін дамытуға арналған алтыншы бағытта міне, осындай мән бар.

Алматы соңғы жылдары керекті керексіз құрылыстардың алаңына айналып кетті. Қымбат сауда орындары көбейіп, есесіне, тарихи әм ұлттық құндылықтар есебіндегі  нысандар жойылуда. Сондай қатер Алматы ипподромына да таяп қалған еді. Әкім таяуда аташбар майдан ешкімге берілмейді деген шешім қабылдады. «Көк жайлау» шаңғы базасындағы құрылысты да тоқта тұру керек деді.

100 күнде,әрине, бар жұмыс бітпейді. Басталады. « Істің қандай болмағы бастауынан көрінеді», - деген екен хакім Абай. Бауыржан Байбектің күрделі жағдайдағы мектептерді жөндеуге, кәсіпорындармен келісе отырып мамандарды тез арада оқтып даярлауға, тасқын су шайып кете жаздаған Наурызбай, Алатау аудандарының тұрғындарына жедел түрде жәрдем ақы бөлуге, қаланы таза ұстауға, жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік желілерде халықпен тікелей тілдесіп отыруға пәрмен етуі – ел үшін жасалар игілікті істерінің бастауындай көрінеді.  «Болашақтан» келген әкімнің ендігі жұмысы Алматының рухани, ұлттық келбетін көркейтумен жалғаса береді деп сенейік.

Abai.kz   

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449