ТҚЖБ: 242 САЛЫМШЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ИЕ БОЛАДЫ
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Астанадағы салымшылары үшін жағымды жаңалық!
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мамандары Астана қаласы бойынша салымшылар баллдарын есептеуде жаңа өзгерістер енгізілгенін хабарлайды. Сондай-ақ, автоматтандырылған жүйе арқылы банк салымшыларына тұрғын үй үлестірудегі жаңалықтар туралы бізге ТҚЖБ-нің Астана қалалық филиалының директоры Эльмира Қабланова (суретте) баяндап берді.
Үстіміздегі жылы Астана қаласы бойынша мемлекеттік «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында тұрғындардан пәтер сатып алуға немесе жалға алып тұруға өтінімдер қабылдау басталды. Өтінімдер 4 құрылыс нысандары бойынша қабылдануда. Қазіргі таңда алғашқы 2 пулдың қорытындылары шығарылып отыр. Өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 5-мамыр күні аяқталған болатын. Аталмыш өтінімдер қорытындысы бойынша Астана қаласы Тілендиев көшесінде 134 пәтер тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал азаматтардан өтініш қабылдаудың екінші кезеңі 4-қараша күні тоқтатылып, өтініштер бойынша қорытындылар әзірленген. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары банк көмегінің арқасында екінші кезеңде өтінім жазып, Астана қаласындағы Иманов, Брусиловский және Жұбанов көшелерінің бойынан 136 пәтердің кілті жаңа қожайындарына табысталды. Айта кетейік, өтініш қабылдаудың екінші кезеңінде тұрғындардан 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Ал қазіргі таңда ТҚЖБ азаматтардан өтініш қабылдаудың үшінші кезеңін бастап отыр. Өтінішті қабылдау 17-қыркүйек пен 17-қараша арасында жүргізілетін болады. Ал өтініш қабылдаудың соңғы төртінші кезеңі 30-қыркүйек пен 30-қараша аралығында жүргізіледі. Астана қаласы бойынша аталмыш кезеңде барлығы 242 жаңа пәтер банк салымшыларына табысталатын болады. Мемлекеттік ТҚЖБ бағдарламасы бойынша Астана қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің орташа бағасы 1 шаршы метріне 120 мың теңгеден басталып, 142 мың теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар ТҚЖБ-нің Астана қалалық филиалының директоры Эльмира Қабланова ханым, салымшылар баллдарын есептеуде жаңа технологиялар енгізілгенін, тұрғын үйлерді үлестіру процесстері автоматтандырылғанын, салымшылар төлемдері кредиттік және депозиттік жүйемен жүзеге асатынын жеткізді.
«Бұрын салымшыларымыз ҚТҚЖБ бағдарламасы бойынша жаңа пәтер алуға өтініш жазу үшін ұзын-сонар кезекте тұратын. Тіпті банк ашылмастан келіп, есік алдында кезекке тұрып әуреге түсетін. Себебі, бірінші келген адам бірінші өтініш жазады. Демек, ертең пәтер үлестірілетін кезде де бұл ескеріледі, салымшының баллына әсер ететін еді. Енді салымшылар өтінішті онлайн режімде жаза алады. Азаматтың үйінде интернетке кіру мүмкіндігі жоқ болса, біздің банкке келіп, өзіне-өзі қызмет көрсету орнынан онлайн өтініш жазуына мүмкіндік жасалып отыр: керек деп тапса, біздің банк қызметкерлері кеңесіне жүгіне алады. Айта кетейік, ендігі жерден бастап өтініштің жазылған уақыты салымшылар баллдарын есептегенде ешқандай әсер етпейді»,-дейді Э. Қабланова.
Сонымен ендігі жерден бастап салымшылардың ай сайынғы тұрақты депозитіне құйып отырған қаржысы ғана пәтер үлестірудегі баллдарына ықпал ететін болады.
«Ең бастысы біз балл есептеуде адами факторлардың барлығын жойдық. Енді баллдарды есептеу мен пәтер үлестіру автоматты жүйе арқылы жүргізілетін болады. Автомат өзі рейтинг жасап, қатысушылардың ортақ баллдарын есептеп шығарады. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші бойынша ендігі жерде пәтер үлестіруге қатысушылардың өтініштері кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады. Енді салымшыларымыз әр кезеңде өтініш білдіре алады»,- дейді Э. Қабланова ханым.
ҚТҚЖБ автоматтандырылған жүйесі арқылы салымшылар тек онлайн режімде өтініш жазып қана қоймай, несиені де жеке кабинет арқылы төлей алады. Сондай-ақ, депозитін толықтыру үшін банкке барып, ұзын-сонар кезекте тұрмайды. Төлемдер VISA, VISA Electron, Mastercard, Maestro/Cirrus барлық банкке немесе American Express арқылы қабылданады.
Abai.kz