Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Алашорда 12192 2 пікір 31 Қазан, 2015 сағат 03:00

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ТЕБІРЕНІС

Біз - ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Сондай сұмдықтардың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды.

 Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Алқакөл-сұламаға ұшырадық. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Тарихымыз саясаттың құралына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан айрылды. Шыбын жаны шырқырады. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Қазақтың: “Қаратаудың басынан көш келеді”, деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың: “Қайран да менің Еділім” деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қонған жұртын орнықтырып ел ете алмай Абылайдың пұшайман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; “Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны”, “Әдіра қалғыр Үш Қиян” деп Мұрат ақынның күйзелгені; “Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын”, деп Абайдың қабырғасы қайысатыны осы тұс еді.

 

Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бетіндегі жабайы халықтың қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан басталғандығын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты тіршілік болғандығын, керек болса, ер қанаты жылқыны да қолға үйретіп, ер-тоқым салып, жүгендеп, өмір сүрудің құралына айналдырғандығын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің жалғасын, тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да; көк Тәңірі мен қара жердің ортасындағы бүкіл адам баласын билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан, сөйтіп азды-көп, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған, асыл мұралар қалдырған Қағанат қаһармандарын да жабайыға санады.

 

Ойыңа түссе зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеңге салатын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.

 

“Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме”, – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік.

 

Құдайға шүкір, Алла көзіміздің жасын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.

 

Сөйтіп, көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ызы-қиқы, адам баласы түсініп болмайтын неше түрлі мехнат-қиындықтар ұмыт болды. Жылқы мінезді халық емеспіз бе, енді бүгін сол құбыжықтарды басымыздан кешпегендей, көзімізбен көрмегендей болып отырмыз. Демде-ақ бәрін де ұмыттық. Ұлы далада шым-шытырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заманның ел басынан өткені де, талай дәурен сүргені де рас, бірақ ХХ ғасырдың аяғында көзіміз көрген, өзіміз араласқан бүгінгідей ғажайып шындықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес.

 

Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Небары он сегіз-ақ жылдың ішінде осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады. Арғы-бергі заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңіліндегісін тауып, көкейіндегісін істеген Назарбаевтай кісіні Ұлы даланың тарихы білген емес.

 

Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады.

 

Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ тарихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұңғышы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.

 

Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулиелерді аралап, ақыры Райымбек батырдың басына кеп түнеген түні түс көреді... Түсінде ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді. Жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мылтықты көтеріп алып, иығына салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады...

 

Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: “Құрсақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен”, – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі.

 

Айтса айтқандай, ес жиып, етек жапқаннан бері Нұрсұлтанның өмірі ел үшін, болашақ үшін күреспен өтіп келеді.

 

Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін.

 

Болат кездік қын түбінде жатпайды дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.

 

Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.

 

Асылы, ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жасынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.

 

Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына, онда да оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге де қазақстандық жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке – Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Совмин Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі.

 

Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,

 

Қарындағы баланың хан боларын кім  біледі,

 

– дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

 

Нұрсұлтан уақыт тынысын ерте сезді. Қазақ жастары атын естісе де затын білмейтін бүкілодақтық екпінді құрылысқа жазылды. Өз жолын, даңғылын тапты. Ортасынан оза шауып, көшбасшылыққа ұмтылды. Көкірек көзі ерте ашылды. Сандалмамен күн кешкен, қызыл төңкеріс, қызыл зұлмат, кіші тәркілеу, ұлы тәркілеу, ашаршылық тозағынан өткен қазағына күзетші болайын деді, ел қатарына қосудың қамын жеді.

 

Темір қорытты. Домнаның пешіне қайнап-пісті, жарғақ құлағы жастыққа тимей жастайынан жарқырап көзге түсті. Дегеніне жетті. Әруақ қолдап, бақ дарып, таққа мінді. Сөйтіп, заты қазақтың рухын аспанға көтерді, ел-жұртын да өрге жетеледі.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы неге жетсе де – моншақтаған терін сұқ саусағымен сыпырып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Жоғарыға, билік иерархиясына сүйреген, қолтығынан демеген жанашыры болған жоқ. Өзінің жүрек отына сенді. Бейнеттен бойын тартпады. Өмірдің ыстық-суығына алмас қылыштай суарылып өсті.

 

Н.Назарбаев жауапкершілікті мойнына алып, ел үмітін арқалаған кезде, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы дейтұғын елде тұратын азаматтардың ішіндегі ең бейшарасы, ең сорлысы қазақтар болатын. “Қазақпын” деп те, “Менің ана тілім – қазақ тілі” деп те айта алмайтынбыз, айтқызбайтын. Мың қазақ отырып, арамызда жалғыз орыс болса бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де мансұқ болды. Мәскеуден келгендердің ығына жығылдық. Сөзін сөйлеп, жағынуға тырыстық. Қатыгездік, бірін-бірі сыйламастық, жанкештілік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық етек алды. Елдің еңсесі түсті. Өтірік күлді, жалған сөйледі.

 

Енді, құдайға шүкір, сан ұрпақ аңсаған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзінен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей даурығысып, қалпағымызды аспанға лақтырып, қуаныстық. Есі шыққан ел не істерін білмей шеруге де шықты. Қайсыбірі сол шеруге не үшін шыққандарын да білмеді.

 

Шынтуайтына келгенде, біз бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкершілікті мойнымызға алған едік. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алған едік. Бұл адамзат тіршілігіндегі, адам санасындағы, оның тәжірибесіндегі қиынның ең қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойынына алған, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғаған, сөйтіп солардың ылғи үзіле берген үмітін жалғаған азаматымыз – халқының ержүрек перзенті Н.Назарбаев болатын.

 

Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекеттерін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегінен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген адаммын. Жан-жақтан анталаған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нөкерлерінің бірімін.

 

Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жылдары 5 жыл бойы күні-түні қасында болып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебіренгенін, талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім.

 

Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кестеңі шығып жатқан, алда не боларын білмей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.Назарбаев именбей қол бастады, тар кезеңнен жол тапты. Алаштың аманатын мойнымен көтерді. Азаттыққа қолымызды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты.

 

Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды. Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Н.Назарбаевтың: “мен халқымның тәуекеліне сендім” – деп жазғаны да, “...Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын...” деп ағынан жарылғаны да жадымызда. Қандай да бір шешім қабылдағанда да, нендей бір істі бастағанда да Елбасы осылай, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы.

 

Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе тар кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек керек еді. Білек те керек еді, қолдайтын тілек те керек еді. Риясыз жүрек те, тілек те болды. Алла не берсе де оңынан берді. Соның арқасында біз басымыздан кешпеген өмірді кешіп отырмыз, жүріп өтпеген жолға түсіп отырмыз. Назарбаевты қазақтың пешенесіне берген, халық үшін туған ұлы перзенті дейтініміз сондықтан.

 

Елбасының саясаты алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміздерінен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қайта аузынан тастамайтыны – елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді.

 

Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жырыңға жол бермеу керек еді. Бұдан басқа жол жоқ еді. Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сол жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да, тозақтың отынан да, қияметтің қыл көпірінен де бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өтті.

 

Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың барлығы дерлік дағдарысты басынан кешіргені есімізде. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, экономика құлдырады, ел күйзеліске ұшырады; жұртты үрей биледі, мұның аяғы не болады деп пұшайман болды. Қайтіп ел боламыз деп сергелдеңге түсті. Неше түрлі арандатушылар пайда болып, әбіржітті, ел ішіне іріткі салды. Ресейдің кейбір саясаткерлері бұл ахуалды “Парад Независимости!” (“Тәуелсіздіктің шерулері”) деп келеке қылады. Елдің есі шықты, ойына келгенін істеді. Шерулер көбейді. Түрлі қозғалыстар пайда болды. Адамның ақылына сыймайтын митингілер қаптады. Небір “шешендер” шықты суырылып. Неше түрлі газеттер шыға бастады. Қысқасы, жұрт бетімен кетті. Солардың көбі жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тірсегі дірілдеп, құлағы қалқайып келе жатқан тәуелсіздікке демеу болудың орнына қарсы шыққандай болды. Толып жатқан ессіз митингілер, шерулер елге кесірін тигізді; мемлекеттің алға қойып отырған, биліктің жүзеге асырсақ, құлағанды түзесек, қисайғанды демесек деген тірлігіне кедергі болды. Көбінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Елді бүлікке де шақырды. Елбасын балағаттап та жатты. Тобықтан қағып, етектен алмақ түгілі, жағадан да алып, кеңірдекке де қол салып жатты. Сөйтіп жүріп “Демократия қайда?!” деп айқай салды.

 

Ешкімге оқ атылған жоқ. Елбасы осының бәріне шыдады. “Мұратымызға жету үшін біз осындай қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз керек”, – деп жүрді. “Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген ел едік. Енді аяқ-қолы, тілі босаған соң, жұрт еркін сөйлеуді де үйренсін”, – деді. Кеңшілік жасады. Соның арқасында көрші елдер бүлініп жатқанда, бізде тышқан мұрны қанаған жоқ. Осылай демократия жолына түстік. Жұрт еркімен жүрді, еркімен сөйледі, дегенін істеді. Бірақ демократия аузына келгенді оттау, ойына келгенді істеу емес екендігін, демократия дегеніміз интеллектуалды ақылдың билігі екендігін жұрттың бәрі түсіне бермеді. Бәзбіреулердің түсінгісі де келмеді. Сол бір алмағайып кезеңде Елбасы халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты.

 

Риза болған, әбден сенген ел азаматының соңынан ерді. Ері де елін адастырған жоқ. Сөйтіп, көкірегіміз қарс айрылғандай өзіміздің Мәскеуіміз, өзіміздің Одағымыз деп жүрген елде тірі пенде білмейтін қазақ деген халықты, Қазақстан деген мемлекетті бүгінде бүкіл әлем таныды.

 

“Мен сендердің төбелеріңнен алтын жаудырам деп уәде бермеймін, бұдан да қиын кезеңді бастан кешерміз” дегенінің өзінде де, қай сайлауда да, қайбір таңдауда да ел тағы да сол Назарбаевқа сенді, Назарбаевтың соңынан ерді, оны таңдады. Талай қауіптен, өмірдің талай сынынан елін аман алып шығып, үнемі ілгерілеумен, жұлдызын жоғарылатумен болды. Халық – сыншы, Назарбаевтың елді әйтеуір бір даңғыл жолға түсіретініне сенді.

 

Сенім үдесінен шыққан Елбасы ел тізгінін ұстаған 1991 жылдың 1 желтоқсанынан бергі жерде экономикаға төтеннен, сырттан киліккен бүкілдүниежүзілік дағдарыстың да алдын алу, бетін қайтару амалдарын іздестіріп, тосқауыл қоя білді. Тоқсаныншы жылдардың аяғындағы дағдарыстан аман алып қалды. Назарбаевтың дағдарыстан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойып отырғаны сондықтан.

 

Елбасын әсіре мақтап, аңызға, мифтік кейіпкерге айналдырайын деп отырғаным жоқ, аңызға бергісіз шындықты көзімізбен көріп, басымыздан кешіп отырған соң айтып отырмын.

 

Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айнала бастады.

 

Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да енді бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының “Жасыл ел” дейтін жобасы “Мәңгі ел” орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. Астананың маңына он жылда 45 мың гектар орман егіліпті. Ол 75 мың гектарға жетпекші. “Біз болашақ ұрпаққа ну орманға айналған Қазақстанды табыс етуіміз керек” – деді Елбасы. “Жасыл ел” – “Мәңгі ел” ұғымдары астасып, түбінде еліміздің басты идеологиясына айналатын түрі бар.

 

Елбасын көп ретте Абылай ханмен салыстырып та жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның: “Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем” деген арманы асқақ болатын. Абылайдың да сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адал болған адам – тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев. “Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады” дейді халық. Құдайға шүкір, қазақтың тымағы бүтін, төресі төрінде.

 

Н.Назарбаев ешқашан халқына жалған уәде берген жоқ, ақиқаттан айныған емес. Оны халқы бағалады. Астананы көшіргенде де халқы қолдады, қазір де қолдап отыр.

 

Елбасының: “Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген, өмірдің небір шырғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар; өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзінікі түгіл өзге ұлттың жетімін тентіретпеген, қаншама ұлт пен ұлыстарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дария, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақ ақкөңіл халқым бар; талай жаудың меселін қайтарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; күмбірлете күй төгіп, тамылжыта ән салып, қырық күн, қырық түн жырланатын дастандарды дүниеге келтірген өнерпаз халқым бар; қаншама данышпан-даналарды, кемеңгер ғалымдарды, алып батырларды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірген тәкаппар да паң халқым бар.

 

Мені де осы халықтың дүниеге келтіріп, менің де Ұлы даланың қасиетті топырағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын, жомарт халқымнан, дана халқымнан, көнтерілі халқымнан!” – деп тебірене жазатыны сондықтан.

 

Нұрекең ес біліп, етек жиғалы халқым деп тебіреніп, елім деп еміреніп, ұлтым деп қызмет етіп келеді. Не көрсе де, елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.

 

Құдайға мың шүкір! Бүгінде дүние жүзін мойындатқан егеменді еліміз бар. Мемлекеттігіміздің негізін қалап, еліміздің көсегесін көгертіп, әлемге танытып, көрегендікпен өрге сүйреп келе жатқан Көшбасшымыз бар.

 

“Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар” деген сөз бар бабаларымыздан қалған. Еліміздің ынтымағына қазір жер-жаһанның бәрі де қызығып отыр. Жер-жерде топалаң келіп, топан су басып, түрлі шиеленіс-қақтығыстар болып, қайбір елдер дағдарыстан еңсесін көтере алмай жатыр. Алла сондайдан сақтасын деп тілейік. Билікке таласып, баққа таласып, таққа жармасып жатқан кейбір даңққұмар, таққұмарлардың не ойлайтынын қайдам, халық елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін, ердің абыройын тілеп отыр. Елбасының да күні-түні ойлайтыны осы. Оның халқымен қаны да, жаны да бір, жүрегі де, тілегі де бір, әр күні, әр сағаты туған елінің тағдыры үшін күреспен өтіп келеді. Тәуекелге барып, тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Осының бәрі ынтымақтың арқасы, Елбасының сарабдал саясатының арқасы, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы.

 

Қазір жер аяғы кеңіді. Кеше бір қырдың астында отырып, келесі қырдың басына барып келгенін жыл бойы әңгіме қылып айтатын қазақ, бүгінде таңертең үйінде шай ішіп, Парижде түстеніп, кешке қайта оралып жатса бұған ешкім таң қалмайтын болды. Барамын деген жеріне барып жатыр, аламын дегенін алып жатыр, істеймін дегенін істеп жатыр, ойындағысы болып жатыр. Елбасының қадір-қасиетін осы тұрғыдан да бағалауымыз керек.

 

Билік үнемі бір кісінің басында тұра бермейді, мәңгі тақта отырған патшаны тарих білмейді, білген де емес. Өмір көшкен керуен тәрізді. Бір көш келіп, бір көш кетіп жатады. Сондықтан алдымен мына жалған дүниеде бір-бірімізді қадірлеп, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп жүргеннен артық ештеңе жоқ. Алда не боларын кім біледі дейсіз, тіршілікте сіз-біз дескенге, сыйласқанға, жүзіміздің жарқын болғанына ештеңе жетпейді.

 

Өмір бірқалыпты тұра бермейді. Арқамызды Алатауға сүйегендей болып жүргенде, халықтар достығының кемесі шайқалып, отыз жылдай еліміздің тізгінін ұстаған, аспандағы айымыз, көктегі жұлдызымыз деп жүрген Димекең құданың құдіретімен бір-ақ сәтте торғайдай топ етіп жерге түсті емес пе? Өмір бойы жақсылығын көріп келе жатқан талай қазақ сонда Қонаевтан лезде-ақ теріс айналып шыққан. Жарықтық Димекеңнің басынан бақ, астынан тақ тайғанда, көзін сүзіп қайдағы бір сау денеге шыққан сыздауықтай болып Колбин келгенде: “Бұлттан шыққан күндей болдыңыз” деп әкесі тірілгендей қуанғандарды да көзіміз көрген.

 

Қазақтың бағы Колбин кетіп, билікке Назарбаев келген соң ашылды.

 

Ауыс-түйіс болып жатқанда да, кейін де Орталық Назарбаевқа “Халің қалай?” деген жоқ, қолұшын да берген жоқ. “Сен қалайсың?” деген жанашыр болмады. Қып-қызыл өрттің ішінде жалғыз қалды. Жетпейдінің заманы туды. Қамауға түскен барысша арпалысты, барыстық мінез танытты. Нендей қиындық болмады дейсіз. Сонда да қалың елді, қиямет-қайымнан әупірімдеп аман алып шықты. Ішкі-сыртқы қиындықтармен арпалыса жүріп аса маңызды жобаларды жүзеге асырды, сөйтіп Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қатарына қосты.

 

Ең әуелі: жалпақ дүниеге ат ізін салып, барған жерінен бос қайтпай, еліміздің туын аспандатып, еңсесін асқақтатты. Сөзін өткізді. Нешеме алпауыттың бүйрегін бүлк еткізіп, елдегі тұралап жатқан шикізат пен өндіріс көзіне шеттен инвестиция тарта білді. Соның арқасында жеті қат жер астындағы шикізат көзіне қол жеткізер технологиясы жоқ... бесаспап білгір маманы жоқ... қаржы көзі тапшы дамушы елден – бұл күнде көмірсутегі өндіруден дүниелік бесінші орынға шықтық, уран шикізатынан екінші орынға көтерілдік.

 

Еліміздің талантты да алғыр жастарын “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір менталитеттік технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Ғарыштық зерттеу комитетінде, “Жол картасында”, 30 инновациялық кешенді өндірісте – топ-менеджерлік – ел ертеңі іс білетін жастардың қолына көшуде.

 

Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Президентіміздің айрықша қасиеті. “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы” – ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қамшылаудың айрықша көрінісі. Бәсекеге қабілетті болу үшін – адам факторы алғы межеге шығады. Ол адам бәсекеге қабілетті, білімді болуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын кезеңде, 1993 жылы бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаржы табылмай жатқанда мемлекет өзінің ертеңін ойлады. Халықаралық “Болашақ” стипендиясын тағайындады. Білім берудің қазақстандық моделі жасалды. Білім беру саласында өмір бойы білім алу, өмір бойы іздену; үзбей жетілу тұжырымдамасы алғы межеге шықты.

 

Президентіміз 2003 жылдың көктемінен ешбір елде жоқ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі қарқын алып келеді. Дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен, жоғалған, қолды болған, уақыт топырағына көміліп қалған, шетел асып кеткен небір ғажайып жәдігерлер қайтып оралды. Ауыз толтырып айтуға тұратын жауһарларымыз жарқ етті. Алтын Адам дүниені аралап кетті. Алтынмен апталған, күміспен күптелген Бергі ел – патша әбзелдері, сармат көсемдері күн көзіне шықты. Ұлтымыздың ұмытылып, жоғала бастаған рухани құндылықтарын іздеп тауып, барын базарлап, жүйеге түзіп, халықтың күнбе-күнгі қажетіне жаратуға тәуекел жасалды. Ғажайыптарды ғылыми айналымға енгізіп, ұрпақ санасына сіңіру жұмысы да басталды. Айналадағы елдер көжесін тауып ішуге зар болып жатқанда – біздердің бабалар мұрасын түгендеуіміз айтуы жоқ ыждағаттылық еді!

 

“Мәдени мұраны” кезең-кезеңге бөліп, қыруар қаржы шығарып, ол қаржыны қандай көздерден алып, қалай жаратуды өзі белгіледі. Дүниелік ақпарат құралдары: “Өзге елдер ат ізін салмаған бастама”, “Ұлттық құндылықтың қайта түлеуі”, “Тәуелсіздіктің алғышартының игі қадамы” деп дүрілдетіп жазып жатты. Расында ғой! Көп ел 1999 жылғы азиялық экономикалық құнсыздану құйынынан, 2008 жылдан басталған дүниелік дағдарыстан қиналып, апшысы қуырылып жатқанда – керісінше, Қазақстан экономикалық шайқалысқа төтеп бере отырып, бабалар ізін, қасиетті тірі сөзін түгендеуді жалғастыра берді. Тарихи кезеңді оқиғаларды тізбелеп отырғанымыздың мәнісі осы.

 

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы азиялық дағдарыстан да Елбасының арқасында аман өттік. Қазақстан дамуының 2000-2030 жылғы стратегиясы – елдің кемелденуіне арналған сараптама екенін келе-келе түсіндік. Әлгі стратегия елге толқын-толқын болып келетін жеті түрлі серпіліс әкелді: ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайту; елдің саяси құрылымын – Президенттік институт, қос палаталы парламент – архитектурасын қолмен құру; 30 корпоративтік көшбасшы нысанды шегелей түсіп, елді ашық рынокқа көшіру; білім беруді, денсаулықты, әлеуметтік әл-ауқатты сатылап көтеру арқылы өмір сапасының ұлттық стандартын жасау; экономикадағы голланд ауруын еңсере отырып, көмірсутегі көздерін өндіруден Қазақстанды мұнайлы елдердің ондығына шығару; көлік және байланыс жүйесін жолға қою; кәсіби басқару жүйесін қалыптастыру. Бұл жеті асудан ат шалдырмай өту оңайға түспеді. Тау қопарғандай толағайлы тәуекелді, жүрек жұтқан батылдықты қажет етті. Қазір қарасаң – бәрі өз-өзінен бола салғандай, ертегідегідей елестейді!

 

Бұл жобаларды жүзеге асыруда Елбасы АҚШ-тың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Рузвельттің Ұлы дағдарыстан шығу жолын, Қытайдағы Дэн Сяопин драконының секірісін, Малайзияның “Перспектива 2020” жоспары секілді сол елдерді іркілістен жетелеп шығарған әлемдік тәжірибелерді де ескерді.

 

Уақыт – жинақтауға, көбейтуге, кері қайтаруға көнбейтін құдірет. Дүниеде уақытты жеңе білген адам жоқ. Уақытпен ұстаса білген адамдар ғана ұтады. Алмас тасындай жарқылдаған Президенттің уақытпен салыса жүруі – мінезінің ең асыл қырларының бірі ме деп ойлаймын.

 

Астана қаласында бой көтеріп жатқан халықаралық деңгейдегі жаңа университет білім-ғылымның жаңа биігіне, сапасы бөлек байтақ әлемге айналғалы тұр. Базалық орталығы бар, әлемдік талаптарға жауап бере алатын, Массачусетс технология институты, Гарвард, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді жоғары оқу орны болмақ. Бұл университет еліміздің ғылыми-техникалық элитасын құрамақ, өздеріне жауапкершілік ала алатын жас адамдардың жаңа буынын тәрбиелемек. Бұл жаңа буын бүгінгі өзгерген экономикалық, технологиялық жағдайларға бейімді болатынына, сөйтіп Қазақстанды жаңа биікке көтере алатындықтарына үміттіміз әрі сенімдіміз. Айтса-айтқандай-ақ. Президентіміз ғаламдық құбылысты, кезеңдік сілкіністі елден бұрын, алыстан сезетін көріпкел иесіндей көрінеді көзіме.

 

Жұмыр жерде қауіпсіздік пен тұрақтылықты дәйекті ету мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің лидерлері бас қосқанда, Екатеринбургте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің саммитінде “Не мәселе қозғалар екен” деп елеңдестік. Таңғалғаным: жұмыр жердің тең жарымын жайлаған, дүниені аузына қаратқан алып елдердің басшылары арасында Президентіміз айрықша нұсқаланып көрінді. Жарқылдап жүрді. Толағайлы ой толғады. “Енді не қыламыз” деп дағдарыстан үркіп дағдара бастаған жайсаңдар мен жақсыларға серпін берер тың сөз айтты, санасына сенім ұялатты.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы – жаңашыл адам. Жаңашылдық оның мінезінің ең асыл қыры. Үстіміздегі жылдың үлкен сегіздік (G8) пен жиырма алпауыттың (G20) бас қосқан жиынында тағы да тосын жаңашылдығымен көзге түсті. Елден бұрын дағдарыстан шығу кілтін ұсынды. Валютаның аспанға ұшып кетуінің жеті түрлі себеп-салдарын жіліктеп шықты. Тұла бойында жеті түрлі генетикалық сырқаты бар валютаны, ақаулы капиталды – Президентіміз дефектал деп атады. “Жаңа дамуға жаңа белгі, тың атау берілгені жөн. Ертедегі гректер дамудың жоғарғы кезеңін акме деп атаған. Бойында ауру-сырқауы жоқ таза капиталды жаңаша акметал деп белгілейік, ал жаңа әлемнің болашақ сатысын ендігі жерде акметализм деп атаған дұрыс болар” деп көрегендік танытты. Ертеңгі күнге қалай қадам басуды ойласуға шақырды. Әуелі ақаусыз, ауру-сырқаусыз өңірлік жаңа валютаға көшкен жөн деді. Баяғыф жеті залалды, дімкәсті валютаның шаңын қағып, сауықтырып, әлемдік акме-валютаның – жеті ақаусыз жаңа жүйесіне ертерек көшкеніміз дұрыс деп дабыл қақты. Валюталық-есептік бірліктерге арнап өңірлік және континенталдық эмиссиялық орталықтар жүйесін жасаған жөн деп нығыздады. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа жүйені – әлгі ақаусыз әлемдік валютаны – баяғы адамзатты топан судан құтқарған Нұх кемесіне теңеді.

 

“Адамзат әлі біліп болмаған дағдарысты, айрықша үрейлі құбылысты терең зерделеуіміз қажет. Ескі догмалар мен стереотиптерді сілкіп салып, экономикалық заңдарды қайта қарастыратын кезең келді. Жаңаша батыл көзқарас қажет”, – дегенді алғаш айтқан да Қазақстан Президенті болды.

 

Көнерген дефекталдан шығып, жаңа әлемдік транзиталға көшу ұсынысы Президентіміздің жарқ еткен жаңашылдығының тағы бір көрінісі болды. Ұсынысты Астананың ІІ экономикалық форумының мәртебелі мейманы, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Манделл мырза қуана құптады. Ризалық сезімін жасыра алмады.

 

Президенттің пәрменді іс-қимылынан кейін-ақ дағдарыс қазақ ұлтын рынок көпірінен есен-аман өтетін өміршеңдігін күшейтті. Дағдарыстан – дамуға қадам басамыз деген сенім жүрегіміздің төрінен шығып, көңілден үрей кетті.

 

Екінші экономикалық форумға жиналған әлемнің жетекші компаниялары мен даму институттарының дүлдүл сарапшылары Президентіміздің реформаторлық, жаңашылдық мінезіне тәнті болды. Ұсынысты – экономикалық қауіпсіздіктің кепілі деп бағалады. Осыны естіген елдің еңсесі көтерілді. Иесі бар ел екенімізді сезіндік!

 

Президентіміз осы тұста адам санасының, қоғам дамуының тамыршысы екенін, әрі психолог, әрі ғажап экономист, әрі кемеңгер саясаткер екендігін, қазақ айтатын сегіз қырлы, бір сырлы мінездің иесі екендігін танытты.

 

Президентімізді бұл күнде әлем мойындады. Тақауда Ұлыбританияның саясаткері Джонатан Айткеннің Лондонда, ағылшын тілінде, “Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: коммунизмнен – капитализмге” деп аталатын кітабы жарық көрді. Бұрын бұл автордың АҚШ президенті Ричард Никсон туралы кітабы шыққан. “Назарбаев туралы кітап жазуға не себеп болды” деген тілші сауалына кәнігі саясаткер: “Дүниедегі саяси лидерлер маңайына ауа райын жасай біледі. Маңайына жарқыраған шуақ шашсын, я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар туралы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзінің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күнгі Обама мен Медведевпен бір бойлықта қажыр-қайрат танытып жүрген жампоздар некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқырманды қатты қызықтырады” – деп жауап береді. Иланбасқа шараңыз жоқ.

 

Осы қалай деген алысты да, жақынды да дүркін-дүркін Астанаға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізге сексеннің сеңгіріне шыққан Израильдің лидері Шимон Перес ғажайыпқа қалып, бас шайқаумен болды. Етене ет жақынын көргендей құшағын ашумен болғаны да жадымызда.

 

Діндер шайқалса – әлем шайқалады. Онда дін қасиетіңе емес, қасіретіңе айналады. Дүние жүзі дін басшыларын Астанаға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізден айналсақ та болады.

 

Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші құрылтайы дүркіреп өтті. Биік, мәртебелі мінбеден Президентіміз әлі күнге ешкімнің ойына келмеген, көбіміздің жүрегімізде жүрсе де – құйма алтындай қорытылып шыға қоймаған әлеуетті ойды тебірене тарқатты. Тағы да адамзаттың алдында әзірге ешкім үзілді-кесілді жауап бере алмаған сұрақтар тұрғанын толғады. Үнінен ұлы уәйім лебі есті.

 

– Жаратқанның өзі адамзатқа сый еткен әлемнің бүкіл сансыз байлығы неліктен оның азғана бөлігінің иелігіне қызмет етеді? Кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтық геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Ал осындай кезде миллиардтан астам адам күніне 1 доллардан аз қаржыға күн кешуде.

 

Бір елдерде қоқыстарда барлық өндірілген өнімдердің үштен бір бөлігі жойылуда. Планетаның басқа бөліктерінде тұтас елдер мен өңірлер аштық қатерінде қалып отыр. Осы заманғы ғылымның сондайлық ғажап табыстары жағдайында – неліктен әлемді кенеттен пайда болатын планеталық эпидемияның қатері сілкінтіп тұрады, ал миллиардтаған адамдардың неліктен медициналық көмекке қолжетімділігі жоқ?

 

10 миллион дерлік бала жыл сайын бес жасқа жетпестен, оның үстіне емдеуге болатын аурулардан шетінеп жатады. Адамзатқа жаза секілденіп жаңа эпидемиялар пайда болуда, ал олардың алдында ғылым әзірге әлсіз болып тұр, – деп тебіренді Президентіміз.

 

“Жер бетіндегі игіліктер жолындағы бассыз бәсекеде неліктен өмірдің адамгершілік жақтары ұмытыла беріп, тұтынуға табынушылық неліктен көптеген адамдар үшін өмірдің мәніне айналды... Тұрақты, өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші тұрғыға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар – ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке – билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды. Адам жаны түршігерлік постулаттар осы” – деді Президент

 

“Бәлкім, тоқтап, біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр дегенді ойланатын уақыт жеткен шығар” – дегенде атшаптырым Тәуелсіздік сарайы бір мезет құлаққа ұрған танадай тым-тырыс тына қалды. Артынша дүние тіршілігі төңкерілгендей ду қолшапалақтаудан сарай жаңғырды! Тебіренбеген адам қалмады. Жанарымызды мөлдіреп жас жиектеді. Түсінгендер қопарыла күрсінгендей болды.

 

Елбасымыз әлемдік мінберлерден әлемдік толғаныстарды толғап жатқанда, жер бетіндегі күллі адам баласының тағдырына шырылдап араша түсіп жатқанда, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған осындай заманымызда бар ақыл-ойымызды, күш-жігерімізді бүгінгі бақытымызды баянды етуге жұмсауымыз керек. Бүгінгі табысымызды еселейтін, елді алға сүйрейтін кадрлардың намысшыл жаңа буынын: нағыз отаншылдарды, мемлекетшілдерді тәрбиелеп шығаруымыз керек. Бұрынғы ескі ауруға шалдықпай, ескі әдетке салынбай, өркениетті ел болудың амалын бірлесіп ойласуымыз керек.

 

Бұл ретте ұлы Абайдың: “...Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық – қалып; өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен!”  деп күйінгенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Елдіктің жаңа сатысына көтерілуіміз керек. Мұны кім істейді – қолына тізгін ұстап, ат үстінде жүрген азаматтар істеуі керек. Байқап отырсаңыз: Елбасының маңайында көптен жүрген, тәжірибе жинақтаған ортан қолдай маманның біразы жан бағудың жолына түсті. Халық үшін жанын беретін, елге жаны ашитын кісі азайды. Керісінше, билік басынан айрылып қалмаудың жолын ойлаған жалпақшешей жалбақайлар көбейді. Президенттің төңірегінде қызмет үстелінен тістей қатып айрылмай, елдің көзіне алпауыт болып, бастықтың көзіне қойдан жуас қоңыр қозы болып жүргендер қаптады. Елбасын оңды-солды мақтай берсек жолымыз болады деп ойлайды олар. Жұрт алдына шығып жарқылдап, елдің сөзін сөйлей алмайтын, жосық айта алмайтын үндеместер көбейді. Ызалы жерді баспайтын, аузынан артық сөз шықпайтын, жарытып іс шешпейтіндер бұғынып отыра беруді әдетке айналдырды. Мемлекеттік қызметте ұлттың тілін де, тарихын да, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын да білмейтіндер, ұлтына жаны ашымайтындар көбейді.

 

Ендігі жерде мемлекеттік қызметте елдің қамын жейтіндер, ұлттың мүддесін көздейтіндер, халықтың келешегін ойлайтындар, көкейіндегісін табатындар көбейсе екен деп тілейміз. Өйткені, мемлекетке қызмет ету деген сөз – ұлтына, келешекке қызмет ету деген сөз.

 

Қазір демократия салтанат құрған елде өмір сүреміз. Кеше биліктің тұтқасын ұстаған, Тәуелсіздікке шама-шарқынша қызмет жасаған біраз азаматтар оппозицияның сойылын соғып жүр. Оппозицияның болғаны жақсы. Талас-тартыстан шындық шығады, кемшіліктен тезірек арыламыз. Әйтсе де осынау оппозиция деп аталатын – ашық пікір айқайшылары – көбіне бала-шағаның сөзін сөйлеп, болмашының маңайында талас-тартыс туғызып, тілді де, ұлтты да саудаға салып жүр.

 

Ақпараттық кеңістігіміздің тізгіні көлденеңдеп килігуші өзгелердің қолында кетіп бара жатқандай көрінеді. Бейпіл сөздер, бетімен лағушылық, қалың елдің қадірін түсіретін өсек-аяң, бейбастақ көріністер етек жайып барады. Еркіндік бар да, есерлік бар. Ара жігін ажырата алмай жүргендер де жоқ емес. Газет, журнал, бәзбір каналдар жекеменшік болғанымен – халық жекеменшік емес. Жұрттың, елдің санасын улап, ақты – қара деп, қараны – ақ деп, халықты адастырудың жөні жоқ.

 

Жер шетінен сығалап қарап отырғандар онсыз да жетеді. Қызмет берсе мақтағаннан, қызметтен алса даттағаннан сақтаналық. Ошақтың бұты үшеу болғанымен, ұлт біреу. Өкпешілдік өрге бастырмайды. Күні кеше Есімханға өкпелеп Жиембет жыраудың ат құйрығын кесісіп Арқаға көшкенінен қазақ пайда тапқан жоқ. Азаматтар бірін-бірі аяқтан шалып, етектен, жағадан алып, жатқа таба болмай, кеңірдекке қол салмай, бір-бірімізге құшағымызды ашайық. Қолдан келсе – басымызға қонған бақты ұшырып алмайық, елге күлкі, есекке жүк болмайық. Мінезді кеңге салайық. Өкпеге қиғанмен, өлімге қимайтын бауырларымыз – бір болайық, бірге болайық.

 

Өзімізді-өзіміз бақпасақ – сырттан келіп ешкім, ешқашан бізді жарылқамайды. Сақ заманындағы би атамыздың: “Арманның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді; араздаспай, таласпай, тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар болса, бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді”, деген аталы сөзін есімізден шығармайық.

 

Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Дүниедегі қабырғалы елдердің қатарына қосылдық. Халық Президентін жүрегінің төріне көтерді. Осының бәрі айналып келіп, Елбасын – ұлттың құтқарушысы, ұлттың бас иесі етті.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көшбасшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері.

 

Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ. Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, күнбе-күн келісім мен жарасым шамшырағын жағып отырған қарқарадай Президентіміздің еңбегі.

 

Бертінде, есейген шақта біразымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жанынан табылдық. Басымызды жаңа мемлекет орнату идеясы біріктірді. Есі шыққан елге демеу болып, тізе қосып, ұлтқа жан салып қызмет істегеніміз осы тұс болатын. Аласапыран кезде қоян-қолтық бірге қызмет істегеніміз уақыт үшін де, ұлт үшін де пайдалы болды. Ел ішіндегі ахуалдың орнығуына, жас мемлекеттің іргесінің берік қалануына шама-шарқымызша үлес қостық.

 

Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге таныту дейтін күрделі процеске қатысуды Алла кез келген кісінің пешенесіне жаза бермеген. Біздер руханият саласында осы бақытқа ие болғандармыз. Бізді баулыған да, елге қызмет еткізген де – Нұрсұлтан Назарбаев, сол кісімен бірге келген Тәуелсіздік, Азаттықтың ақ таңы, ата-бабамыздың сан мың жылғы аңсаулы арманы.

 

Қазақ тарихы бұрын-соңды басынан кешпеген, өзіміз де, өзге де таң қалғандай осы құдіретті істің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды.

 

Алпауыт күштер сырттан андыздап тұрғанда, ел ішінде адам баласы түсініп болмайтын шытырман оқиғалар арпалысып жатқанда, Назарбаев көрегендікпен, көсемдікпен есеңгіреген елдің есін жиып, Ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қауымдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалыптастырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды. Ел алдындағы, өркениет алдындағы осындай аса жауапты міндетті Елбасы, сөйтіп абыроймен орындады. “Сүйер ұлың болса, сен сүй” деп Абай айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев қолпаштауға да, қолдауға да, қошеметтеуге де тұратын; қалай мақтаса да сыятын, соған лайықты кісі, ортасынан ойы озған, қатарынан қалпы озған азамат.

 

Жас та, жасамыс та анық білетін ақиқат осы. Құдай үшін, тарих үшін, әділет үшін бұл шындықты да айтатын мезгіл жетті.

 

Президент Назарбаев – мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Елбасының аз ғана жылдарда адам айтса нанғысыз атқарған қыруар істері болашақ ұрпаққа аңыз болып жететіні сөзсіз. Аумалы-төкпелі, алмағайып заманда мың өліп, мың тірілген қазақтың, үш ғасыр бодан болған елдің тізгінін Нұрекеңдей азаматтың ұстауы – Алланың халыққа берген сыйы еді. Қазақ халқы сан мың жылдар іздеген мұратына да, арманына да Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жетті. Осы жылдарда біз Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін айқын таныдық.

 

Н.Назарбаев – ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды Азаматы; қалың елдің жанашыры; мұңдасы, тағдырласы; қорыққанға – қорған, тарыққанға – пана, зарыққанға сана бола білген өз елінің шын перзенті; алдағыны болжай білетін, ертеңгісін де оза ойлай білетін көсемі; елінің жүгін көтеріп келе жатқан қара нары; халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткері.

 

Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, текшіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат.

 

Н.Назарбаев – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегені әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер.

 

Назарбаев – әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.

 

Көк түрктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да, түрк тектес халықтардың лидері де – Н.Назарбаев. Күні кеше ғана Түркияның Премьер-министрі Т.Ердоғанның Назарбаевты “түрік әлемінің лидері” дегені — сол мойындаудың келісті көрінісі.

 

Бәріміз жақсы білетін Назарбаев, міне, осындай адам.

 

Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұндай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев дейтін сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды.

 

Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз, — елдігіміз үшін мақтанғанымыз. Ол Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының осыншама жасап жатқан жасампаз еңбегі баянды болсын. Дені сау, ел-жұрты аман болсын. Халқының мерейі үстем бола берсін. Қазақстанымыз қарыштай берсін. Асқақтай берсін азаттықтың Астанасы. Бүкіл түркі дүниесінің, Алты алаштың айбары мен қорғаны болып отырған Елбасына Алла ұзақ ғұмыр берсін!

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961