АХМЕТОВ ІСІ: АРАБ КОМПАНИЯСЫ ПАЙДА БОЛДЫ
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды облысының бұрынғы шенеуніктерінің үстінен жүріп жатқан сотта айыптау тарабының Қарағандыдағы су құбырлары-тазарту жүйелерінің құрылысына қатысты жаңа айыптаулары қарала бастады. Осы жайт бойынша айыпталып отырғандардың бірі, «Қазақстандық өнеркәсіп корпорациясы» компаниясы бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев сотта Серік Ахметовтің өзіне құрал-жабдық пен технологияларды қолдану бойынша кімдермен келісімшарт жасау керектігін айтып отырғанын мәлімдеді. Ақмолдаевтың түсіндіруінше, оның компаниясы Ахметовтің мақұлдауымен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің ұлы Данияр Ахметовпен жұмыс істеген, ол өз кезегінде кәсіпкерден «араб компаниясының» есепшотына 4 млн доллар аударуды сұраған-мыс. Ақмолдаев бұл компаниялардың артында қазір сотталып жатқан премьер-министрдің адамдары тұр деп санайды.
Ақмолдаев сотта «араб компаниясының» шотына ақша аудару үшін қарыз алуға мәжбүр болғанын және оны әлі күнге дейін қайтармағанын мәлімдеді. Ақмолдаевтың айтуынша, «араб компаниясына» 2 млн доллар аударған және ақшаның көп бөлігі Ахметовке арналған көрінеді. Қамауда отырған Әлжан Ақмолдаевтың өзіне миллиард теңге жымқырды деген айып тағылған, ол мұны мойындамайды.
Серік Ахметов Әлжан Ақмолдаевты танымайтынын және онымен кездеспегенін айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ахметовтің адвокаттары Әлжан Ақмолдаевтың куәлігінде қайшылықтар бар деп отыр.
Бұл даулы іс Қарағанды сотында үстіміздегі жылдың тамызынан бері қаралуда. Істегі басты адам— Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы премьер-министр және экс-қорғаныс министрі, Серік Ахметов сонымен бірге парақорлық бойынша айыпталуда. Ол 2014 жылдың қарашасынан бері Қарағандыда үй қамауында отыр.
Абай-ақпарат