Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 11122 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 10:36

САТҚЫНДЫҚ ЕМЕЙ НЕМЕНЕ?


 

Ағыбай батыр сарбаздарымен Қашқантеңізге оралып Кенесары ханның бәйбішесіне қайыр болсын айтып, бір жеті аялдап Күнімжан мен Жаңылды қайғыдан сергітіп, ел жұртқа қонақасы бергізіп құран оқытып, бата жасатты.

Екі әйелді де төркіндеріне қайтармай Күнімжанның ұлы Ахметпен, Жаңылдың алты ұлының басын қосып, ақылдаса отырып Жәмші өзенінің бойына, өзі жайлап отырған Қаракесек көкбөрі Кернейдің жеріне көшіріп алуға көндірді. Әкесінің қайғысын мойынмен көтерген Ахмет, Омар, Оспан Тайшық, Әбубәкір, Садық, Шығайлардан «ат жалын тартып мінуге жарадыңдар, хан баласы деген атақтарың бар, болашақ туралы ойланатын уақыт болды» деп  төрт көзін түгелдеп, Ағыбай батыр ақыл қосып, жөн сұрап ұлдардың жолы үлкені деп Ахметке қарады. 

- Әкем көп жыл соғысты. Әкесі де, ағалары да жау қолынан қайтыс болды. Бейбіт өмір сүре алғамыз жоқ. Мал бағып тыныш өмір сүрсек қайтеді?

- Жоқ - деді қызба қанды Садық. Мен әкемнің ісін жалғастырам. Орысқа қарсы соғысам. Кім орысқа қарсы соғысса соған қосылам. Ағыбай атам құсап батыр болам.

- Болсаң бол, Садығым. Іс қимылың Наурызбайға тартқан. Жаңыл әкелген ақ сауыт саған шақ. Әкең солай атаған. Биыл қыстап шығайық. Алдағыны келер жыл көрсетеді.

Еріп келген жігіттерге жылқы, түйе, сиырдан бөліп алдарына салып, еліне қайтатындарға ұлықсатын беріп, рақыметін айтты. Ханның сыбағасын бала шағаларына қалдырып Күнімжан мен Жаңылдың көшін өзі бастап, Жәмші өзенінің жағалауына, батыр Балта тоғанының басына көшіп келді. Хан ордасының сән салтанатын бұзбай, бірнеше қонақ үйлер тігілді. Сойыс малдарын іріктеп келімді кетімді кісілерді күтуге жігіттер, аспазшы келіншектер дайындады. Қызыларай тауында отырған Жанғұты би хан көшінің келуін естісімен қоныс жайлы болсын айтып бата оқыды. Жанғұты бидің ақылымен «келер жылы мал қоңданғанда күзге салым, қыркүйектің ортасында айналадағы елге сауын айтып «тас түскен жеріне ауыр» дегендей бес ата Қаракесек жылдық қадесін беруді көтеріп алар. Құнанбайға естіртіп, келетін күндерін хабарлауды Найманның төресі Бексұлтанға, Қыпшақтың биі Балғожаға да, Қаракесектің биі Алшынбайдың да хабарсыз қалмауын ескертіп, әрі қарай біріне бірі хабарласар деген ойын түйіндеп Ағыбай батыр мен Қаңлыбай батыр өзі бас көз болар» деп бәтуаласты. Қаңлыбай батыр өз елі Тоқырауын өзені бойындағы Дадан Тобықтының жақындығын пайдаланып Кенесарының ет жақын туысы сексендегі Рүстем төрені шақыртып алып дастархан иесі етіп төрге жайғастырды. Сейдақ қожа молдалық жасап құран, батасын оқып, уағызын айтып хатшылық, елшіліктегі іс әрекеттерін әңгімелеп отырды.

Қыстан аман есен, мал шығынынсыз шығып, қайғыны да жеңіп  күнделікті шаруасымен айналысып жатқанда Ағыбай батырға Үйсіндерден Арқаға жақын отырған Ысты-Бөлтірік биден жаушы келді. Теріскейдің Бұрқылдақ деген өзегінде қыстатып отырған жылқсынан үш үйір жылқыны белгісіз біреулер айдап кеткенін, із кесушілер, іздің осылай қарай түскенін байқап, келіп тұрған беті екен. Қаракесектер арасынан «жылқы қуып келді» деген әңгімені естімеген Ағыбай батыр «дүдәмәл жерлеріңді аралап көріңдер» деп жаушыларды еркіне жіберді. Осы әңгіме сылтау болды ма Ағыбай батыр тақымды-тақымды жиырма жігітті іріктеп «жылқы іздеушілер» болып жолға дайындалды. Арнайы жалпақ тоқым дайындатып, астына қылыштарын жасырып, қолдарына құрық ұстап жорыққа аттануды Садық төреге ғана айтып «жорықтың мақсаты Сыпатайды табу» деп түсіндірді. Мамыр айының басында Балқаш көлінің оңтүстігімен Бақанасты басып өтіп екі күнде Ақтастыда отырған Бөлтірік шешеннің ауылына келіп қонды. Жетпістен асқан би бетінің қызылы қайтпаған тың көрінді, жүріс тұрысы ширақ болғанмен, ауыл аймақтан шықпай бұрынғыдай төгіле сөйлеуден қалып, шаруа бағып қалғанға ұқсайды. Әңгімеден әңгіме туғанда Сыпатайға жасаған жақсылығым өзіме тікен болып қадалып жатыр деп мұңайғандай болды.

- Ана жылы өздеріңді тастап қашқанда Мықан суынан өтіп қырғыздардың найзасына түйреліп, далада қалған жерінен тауып алып, жарасын емдеп қашқындарына қосып жіберіп едім. Сол Сыпатай үйірдегі айғырларымды Ыстылардың ұрылары ұрлады деп қартайған шағымда елдің  айғырларын ұстатып әкетті. Осы жолғыны да сол істеді деп ойлаймын. Құмалақ салдырып едім жылқыңды батысқа қарай айдап кетті дейді.

- Ақ адал малыңыз еш жаққа кетпес табылар. Бізге ұрланған малдың түр түсін анықтауға 3-4 жылқышы қосып бер. Сыпатайдың жүретін жерлерін, жайлау, қыстауының қай жерде екенін айтыңыз?  

- Ай, Ағыбай-ай ұрыда жайлау, қыстау бола ма? Іле өзенінің бойында, қалмақ Жалайырдың ортасында туып өсіп, көзін ұрлықпен ашқанын білесің. Сен ұмытатындай болған жоқсың. Тоқрауын өзенінің бойында отырғаныңда, қанша жылқы екенін бімеймін. Біраз жылқыңды ұрлап кетіпті, сол үшін Жалайырды шабамын деп жар салыпсың. Олар маған келді. «Ағыбай батырды тоқтатыңыз, елді шаппасын жылқысын ұрлаған Ботпай-Андас, Сыпатайды ұрлаған жылқыларын жинап алып өздерін қыр асыра қудық, қырғыздарға жаққа қашып құтылды, Қалмақ-жалайырын Мойынқұм асырып жібердік» деген соң мен саған барып кәрі құртаң шалдың несін шабасың деп тоқтатқан жоқ па едім. Жылқыңды басы артығымен түгелдепті. Өз елі ботпайларға да сыймай жүрген адамда береке бола ма, қайын жұртының жерінде жүрген болар.

- Қайын жұрты кім еді? - деді Ағыбай батыр жұлып алғандай.

- Кім дерің бар ма? Баяғы Абылай ханның қолынан өлген қырғыздың Солто руының Жайылханы емес пе? Шешесі қырғыздың қызы, әйелі Әлиман қырғыздың қызы, атасын өлтірген Абылай. Сендерді сатпағанда кімді сатады? Бір жүрсе Сусамырдың таулы қиясында, Сарыкемерде, Талас өзенінің басы Жаршапқанды қыстап шықты деп естідім.

- Жарайды, Бөке. Қанықтым сөзіңізге. Мына қасымда отырған баланың кім екенін білесіз бе?

- Жоқ. Қай баланы тани берем, ол жастан өтіп кеттім емес пе?

- Танымасаңыз таныстырайын. Бұл құрметті хан ием Кенесарының көп баласының бірі емес, бірегейі Садық сұлтан болады. Әкемді өлтіртуге себепкер болған сатқынның кім екенін көрейін деп іздеп шықты. Баланың алғашқы жауынгерлік жолын бастап беруге ертіп шықтым деп таныстырғанда, Садық сұлтан «иә, солмын» дегендей бас изеп ишарат білдірді. Бөлтірік шешен орнынан қозғала қолын созып «орнында бар оңалар» деген осы алпамсадай жігіт болып өсіпсің. Әкең қатал да болса ақылды, 20 мың қолды басқарған қолбасшы, айналасына 50-60 Ағыбайдай батырларды жинаған баһадүр, алған бетінен қайтпайтын ержүрек кісі еді. Арты қайырлы болсын, балам. Жасамаған жасын сендер жасаңдар. Әкең азаттық үшін алысқан арыстан еді, етектен тартқан Сыпатайдай иттердің, өзіңнің орыстанып кеткен төрелеріңнен қолдау таппай, басын тасқа соғып өлді ғой, қайран ер - деп көрген жерде қайыр болсын айтып әкесінің сыбағасын сойғызып, екі күн тынықтырып қонақ етті.

Қордай асуынан тіке асқан жорытушылар қырғыздың Қарабалта жотасына ат шалдырып, жеке-жеке отырған ауылдарға жоқ іздеген жылқышылар болып түнеп шықты. Жол жосықты сұрап алған жылқышыларға жөн сілтеген қырғыздар:

- Сыпатай дегенді білмейміз. Шалдуар өзенінің басында біраз қазақтар тұратын көрінеді солардан сұраңыздар деді. Жүрер жолдың үсті болған соң соға кеткенді дұрыс көрген Ағыбай батыр Бөлтірік би қосып берген бес жылқышыға тағы үш адам қосып «Билікөлден келген қонақтар едік деп Сыпатайдың жайлауын сұрап» білуге жіберді. Өздері тасада қалып жауап күтіп, ат шалдырып тыныққан болды. Көп кешікпей кешке қарай жылқышылар қайта оралып «Ағаеке, Жаршапқаннан көшіп келген болса Сарыкемерге қонған болар» деген жауапты жеткізді. Осы дұрыс жауап болар деген Ағыбай жігіттерді үш топқа бөліп, жаңа көшіп қонған ауылға жансыздандырып бірінші топты жіберіп, екінші топқа қарауыл қаратты. Қалған топ Сыпатайды тірідей ұстап, ауылға алып кетуді ойластырып жатқанда «бірінші топ» келді.

- Ағаеке, Сыпатайыңыз көрші ауылға кетіпті. Кешке қайтып оралып қалар деп әйелдер айтты. Ауылда бірде бір еркек жоқ. Азғантай ойын балалары жүр, олардан сұрағанды ұят көрдік.

- Жақсы, шыдасаңдар осында түнеп, ауылды торуылға алайық. Олар бір кісі емес 10-15 кісі болуы мүмкін. Бір жағынан келіп қалар. Қонаға, жатар орынға жиырмашақты аттылы келіп үйді үйге бөлініп түсті. Сыпатайдың отауын анықтап кеткен жігіт, ол үйге адам кірмегенін байқап батырға хабар берді. Ағыбай бірден секем алып «Билікөлден адам келді» дегенді естіп «ол қашып кетті» деп таңертең ауылға кіріп, қонақ болып жағдайды анықтамаққа тәуекел жасады. Жігіттерге менің атымды, Садықтың атын атамайсыңдар деп тапсырып «Билікөлден келген қонақпыз» деп ауыл ақсақалын сұрастырып аттарынан түсті. Қонақтар келді деп құлшынып тұрған адам байқалмаған соң бұл Сыпатай ауылы ма? - деп сұраған жігіттерге тұшымды жауап берген ешкім болмады. 4-5 жігіт жылқының қасында қалып жетпістен мол асқан қартқа «үйіңіз қайсы» деп сұрастырып үйіне баса көктеп кірді. Әр үйден қуырдақтық ет алдыртып үлкен қазанды қайната бастап, қымыз жинатты. Дастархан жайылып кепкен бауырсақ төгіліп 2-3 жерден қуырдақ қойылды.

- Ақсақал - деді жігіттердің бірі Сыпатайдың ауылы бақуатты, мырза деп еді бұларыңыз қалай? Әр үйден қуырдақтық ет жинатып, әуреге түсіп жатырсыздар, бір-екі қойды сойып тастасаңыздар қонақтарыңыз батасын беріп риза болып қайтпай ма?

- Шырағым, онда Сыпатайдың үйіне барып түс. Біздер жалшы, малшы, құлшы адамдармыз.

- Неге бізді Сыпатайдың үйін көрсетіп, сонда түсірмедіңіз?

Сіздер Сыпатайдың үйі қайсы? - деп жөн сұраған жоқсыздар. Оның бержағында батыр ауылда жоқ көрінеді. Өзектегі ауылға қонаққа кетіп еді түндегі келген жігіттердің айтуынша Жаршапқанға - қайын жұртына әйелі мен екеуі жол жүріп кетіпті. Бұйырған дәмнен ауыз тиіп ренжімей кеткендеріңіз дұрыс.

- Ата, Сыпатай қашан келеді - деп ойлайсыз деген Садық сұлтан ақсақалдың жауабын дегбірсіздене күтті.

- Шырағым, біздерге ол жөнін айта ма? Бір жылдан асты батырымыздың «қонарын сай, ұшарын жел біліп жүр» ғой. Арқада Ағыбай деген батыр қырғыздардың қоршауын бұзып шығып, тірі қалыпты. Менің басымды алса сол алады деп, бұрынғы батырымыз қазір пақыр болды. Жан жақтан тың тыңдатып, бөтен бейсаубат біреулер жүрген жоқ па деп жанын шүберекке түйіп жүрген жағдайы бар. Қонақ күтетін жағдайы жоқ.

- Рақымет ақсақал жауабыңызға қанықтым. Қасында отырған Ағыбай батыр үн шығармай дастарханға ықылас жасап сыртқа шықты.

Кермедегі атты күзетушілер де бір-бір жанан қуырдаққа тойып алған екен атқа қопарыла отырып бет алған жаққа ұзаңқырап барып Ағыбай батыр атының басын тартты. 

- Жігіттер - деді Ағыбай батыр - сонша жерден келіп бос қайтқанымыз болмас, алдымызда ермек болсын сыбағалық жылқы айдап қайтайық. Төрт-бес топқа бөлініп мына кемерлерді сүзіп шығыңдар, ұрлықтан жиған Сыпатайдың жылқылары осы маңайда болар, суға құласа Шалдуарға айдар - деп ақыл берді.

Айтса айтқандай Алатаудың созылған сілемдеріндегі сай салада бөлек-бөлек, үйір-үйірімен  екі мыңға тарта жылқы жайылып жүргенін көріп айтып келді. Жылқышылар үш үйір шұбар жылқының қалың жылқыдан бөлек бағылып жүргенін де тауып, Ағыбай батырға айтты. Ат басын тарта бұрып батырдың қасына тоқайласқан жігіттерге:

- Ал тартпаларыңды тартып, қылыштарыңды шығарып белге іліңдер. Құдай бұйыртса осы жерден ауылға қайтамыз. Қалағандарыңша жылқы бөліп алыңдар. Бөлтірік бидің жылқылары бар ма екен байқадыңдар ма?

- Ішін аралап көргеміз жоқ. жылқының бәрі бір емес пе? «ысқырса желдікі...» дегендей Бөлтекең құлағына ен салып қойған жоқ, саны түгел болса болды.

- Онда бас жылқышысын маған жолықтырыңдар. Өз жылқыларын бөліп алсын, айтайық.

Сойыл құрығын сүйреткен онбес жылқышыны жігіттер жинап келді. Ағыбай батыр жәймен амандасып, жөн айтысып өзін таныстырды. Бәрі мұңайған қалып танытып «танимыз, танимыз, естігенбіз» деп шуласты. Біз қазір алдымызға сиғанша жылқы айдап кетеміз. Өздеріңнің жылқыларың болса алып қалыңдар. Сендер жазықты емессіңдер. Шұбар жылқыларға тиіспеңдер. Өзі іздеп келсе алар.

- Батырға не деп жауап береміз? – деген бас жылқышыны жақынырақ шақырып алып Ағыбай батыр:

Үш үйір шұбар жылқыңды,

Ағыбай алды дегейсің.

Басыңды алмай тынбайды,

Сатқындығы үшін дегейсің.

Хан Кененің кегі үшін,

Тағы келеді дегейсің.

Бас жылқышы Ағыбай өлеңін іштей екі-үш қайталап жаттап алды. Сыпатай жылқышыларына еркіндік беріп еді таңдап-таңдап үш жүзге таяу жылқыны бөліп алды. Сыртынан қарап тұрған Ағыбай батыр бас жылқышыға «тағы алыңдар» деді.

- Батыреке, біз өз жылқыларымызды алдық. Сыпатайыңыз өз жылқысын өзі алсын - деп орындарынан қимылдайтын түр көрсетпеді.

- Тігерге тұяқ қалдырмай кеткеніміз Құдайдан ұят болар, жау болғанша дәмдес тұздас болып едік, жылқының ортасынан кіріп, қақ бөліп алып қалыңдар - деп дауысын қаттырақ шығарып жылқышыларды жұмсады.

- Бөлінген жылқылардың өзі жеті жүздей болады - деп шамалады Ағыбай батырдың жігіттері.

- Ал онда Сарыарқаға қарай желдете қуыңдар, ымырт жабылмай жазыққа жетіп алайық - деп бетті елге бұрғызды.

Үш үйір шұбар жылқыны Сыпатайдың баласы Тоқтамбетке айдатып «әкең іздеп келгенше менің қасымда болып өзің бағасың» деп ала кетті. Әкесіне тартқан мінезі жоқ «қой ауызынан шөп алмайтын» момын, ішер асы болса, киім де іздемейтін, денесі әкесіне тартқан ірі, кешке дейін мал соңына салып қойсаң шаршамайтын можан топай секілді. Жігіттер әжуалап әңгімелесіп ішке тартып «Тоқтамбет» деген атын өзгертіп тілге жеңіл «Тоқабай» деп атап кетті. Мал қайыруды үйренген, тақымы мықты қасына кезек-кезек келген жігіттер сөзге тартып «шұбар үйірді» қайырысып «біздің елден қыз аласың, әкеңмен құда боламыз» деп қағытса да жарқын жауап бермей «иә» деумен келеді.

Ақсу өзенінің жағалауында отырған қазақ ауылдарына жетіп, қазан көтертіп, екі ту биені сойдыртып маңайдағы ел жұртты да тамақтандырды. «Сақтықта қорлық жоқ» деп жылқы күзетін күшейтіп таңертең ертелеп шыққан жылқышылар Жайсаң таулы жотасының төбесімен Жұмажан жайлауының Қайнарбұлағына көшіп қонған Бөлтірік шешен ауылына жылқыларды қаптата түсірді. Атқа мініп алдарынан шыққан Бөлтірік Ағыбай батырға алғысын айтып жылқышыларын құшақ жайып қарсы алды. Ауылда ақ түйенің қарыны жарылып «жаудан қайтқан мал олжа» деген, арты қырсықсыз болсын деп мал сойғызып құдайы тамақ бергізді. Ағыбай батырдың жігіттері сайдың табанында ағып жатқан суы  мол Шоқпардың өзеніне шомылып екі күн демалып әбден тыңайып алды. Көңілі марқайған Бөлтірік шешен Сыпатайдың екі мыңнан артық жылқысы бар екенін естіп:

- Сыпатайды қанша ұры қары десекте өте малсақ. Ішіп жемеске бар, мал санын көбейткенге құмар. Әне бір жылдары шұбар жылқыға екі жылқыдан беріп жинап жүрді деп әңгімелегенде Ағыбай батыр:

- «Тая жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады» деген осы, әйтпесе, үш үйір шұбардың басы қалай құралады? - деп Бөлтірік шешеннің сөзін қоштай түсті.   

Ағыбай батыр Бөлтірік шешенмен әңгімелесе отырып алдағы күзде, қыркүйектің екінші жұмасында Кенесары ханға арнап ас беретінін, оған Құнанбай, Жанғұты, Қыпшақ-Балғожа би, Қаракесек-Байсейіт, Алшынбай билер, Орта жүздің сұлтан-төрелерінің шақырылғанын айтты. Ұлы жүзден келетіндерді басқарып келуді өзіне тапсыратынын жеткізді. «Жол ақысы жүрсе бітпек» деп атты да, адамды да екі күн демалдырған Ағыбай батыр Балқаш көлінің солтүстігімен Жәмшіге жетуді жігіттерге «шаршасаңдар да жетесіңдер» деп мақсат қойды. Елуді еңсерсе де атқа отыруы тіп тік, тақымының қысымынан астындағы «Қызылауыз» тұлпары белгі алып сан түрлі жүріске салып, батырдың ұйқысын ашып, бойын сергітіп жорғасынан тайпалмай келеді. Айдан аса жол жүріп, елге жетіп қаптаған қалың жылқыны Қарабұлаққа қарай өргізіп, Шұбардың үйірінен басқа жылқыны бөліп алыңдар деп нұсқау берді.

Астың дайындығына ту биелерден бөлгізіп, кебе құйрықты қойларды іріктетіп шөбі шүйгін Толағай тауының баурайына баққызуға адамдар дайындап, үй жайымен көшіріп қондырды. Қонақтарға арналған 70-80 киіз үйлерді қайта қаратып, жасауын жабдықтатуды жер иесі, ел иесі Бағыс пен Аймағанбетке тапсырды. Үш жүздің қазақтарына ат шаптырып, жар салдырмаса да келетін қонақтардың мол болатынына Қаракесек билері Алшынбай мен Байсейіт сенімді еді. Бірі ханның мезгілсіз қазасына қайғырып келсе, бірі 10 жылғы соғысын жазғырып, қатыгез қаталдығын, талауға түскен малдарын мансұқтай келері анық. Елдің азаматымын дегендері  ұлттың азаттығын ойлап жерімді, елімді орыс патшасына бермеймін, табанын бастырмаймын деген қайсарлығын қуаттай келер. Абылай заманын аңсаған шал шауқандар «қайырусыз мал бақтырған, қалыңсыз қатын алдырған» өмірді орнатамын деп мерт болды ғой деп армандай келер. Неде болса Кенесары ханның асы бес ата Қаракесектерге үлкен сын болғалы тұр.

Сыпатай жорығынан Садық сұлтанның буыны қатайып, еңсесі көтеріліп, сөзі түзеліп қайтқаны үлкен апасы Күнімжанға қойған сұрақтарынан, айтқан әңгімесінен сезіліп тұрды. «Әкем қырғыздармен не үшін соғысты» деген сұрақтың төңірегінде қайта айналып соғып, Күнімжанға бауыр басып өскендіктен бе, басқа балалардай емес «апа отыршы, әңгіме айтшы» дегенді жиілетті. Ағыбай көкем Сыпатайды тапқанда «өз қолыммен бауыздап басын кесіп алатын едім, әттең қолға түспеді» деп жұдырығын түйіп отыруы жиіледі. Ағыбай көкесінің мырзалығын айтып, бізбен еріп барған жігіттеріне он-оннан жылқы бөліп берді. Сатқын Сыпатайдың бар малын айдап кетпей жартысын жылқышыларына тастап кетті. Жаудың малын неге  аяды, елдегі малы аздарға бөліп бергенде алғысын айтып, батасын беретін еді» дегенді үлкен апасы естігенде мынау әкесінен де қатыгез болар ма екен деп ойлады. «Бар малын айдап кетсе олар аш қалмай ма?» деп айтқысы келіп оқталды да, алдынан шығып бетін қақпайын әкесінің ызасы әлі көкейінен кетпей тұр ғой деп тоқтап қалды. Садық сұлтан Күнімжан апасын ерекше жақсы көретіні сансыз сұрақтарына ерінбей жауап беріп, сен де ертең батыр боласың, хан боласың, әкеңнің істеген ісін жалғастырасың деп арқасынан қағып, маңдайынан иіскеп отыратын.

Көптен күткен уақыт жақындап Қаңлыбай батыр малды айдатып Қарабұлақ басына келтірді. Қаз қатар тігілген үйлер бой түзеп, керме ағаштар тізіліп, әр үшінші үйге жаңа ысталған қара местер керегенің жібіне ілініп, ас табағын жігіттер атпен таситындай етіп қазан ошақ аулаққа орналастырылды. Қашанғы әдетінше Құнанбай ешкімге тұрып сәлем бермес үшін айтқан уақыттан бір күн бұрын келіп арнайы тігілген үйге жайғасты. Ұлы жүзден Бөлтірік шешеннің қолқалауымен Сүйінбай ақын, Әли, Тезек төре бастаған бірқатар қонақтар келді. Найманнан Бексұлтан төре, Қыпшақтан Балғожа би онбес адаммен келді. Қарқаралыдан аға сұлтан Құсбек төре бастаған қонақтар қатарлас үйге Жаңылдың отауына түсіріліп, Алшынбай би, Байсеит би, Ағыбай батырмен дастархандас болды. Кештеу келген Саққұлақ биді де Құсбек төренің қатарына отырғызылды. Саққұлақ бидің келуімен әлде не ойына түскен Алшынбай би Сакеңді Құнанбай, Бөлтірік отырған үйге кіргізу керек еді деп қалды.

- Бөлтірік құрысын, ол отырған жерге отырмаймын деген сөзім бар. Алшекең қаттырақ күліп жіберді.

- Алшеке, неге күлдіңіз, күлетіндей не бар еді - деп Құсбек төре де жымыйды. Алшынбай айтса тағы бүлдірер, өзім айтып берейін - деді Саққұлақ би:

- Қаратаудан жолаушылап келе жатып құрдасым Бөлтіріктікіне соға кетейін деп жолда Жұмажан жайлауына соқтым. Үйіне кірейін десем табалдырықта көлденеңдеп ит жатыр екен «кет» десем ырылдап айбат шегеді. Қолымдағы қамшымен тартып жібердім қыңсылаған дыбысынан Бөлтірік шығып:

- Қой, төбет қой. Ауылды дүрліктірмей. Ағасы  ұрғанда інісі көтерер болар. Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі.... ағаңа жол бермеген өзің кінәлі деп оттап шығып келеді. Теріс айналып атқа қарғып міндім де жүріп кеттім. Ол ат тауып ерттеп мінгенше мен қыр асып біраз жерге жетіп қалғанмын. Дос көңілі қалжырап қалған білем, қос атты қара терге түсіріп қуып жетті. Өлердегі сөзін айтып екеулеп жалынып жалбарынып бетімнен қайтарды. Құлын сойып, қол қусырып қызмет жасатып, жігіттеріме ту бие сойғызып құрмет көрсеттіріп, әбігерге түсіріп кеттім. Біздің елде «там» деп моланы айтсақ, ол жақта өзінің отырған үйін айтады. Біздің елдегі «ой, төбет-ай» деген мақтау, көтермелеу сөзі үйсін елінде айтылмайды. Соны  маған жапсырып Алшынбайдың күліп еске алып отырғаны осы әңгіме деп тоқтады.

Құсбек төре, Саққұлақ би «Кенесарының өлімін» өз құлақтарымен естісін дегендей басқа үйде отырған Нысанбай жырауды шақыртып алдырды. Сәлем беріп кірген жырауға Құсбек төре:

- Жырау аға, Кенесары өлімінің басы қасында болыпсыз, бізге айтқандар әрқилы етіп айтады. Өз аузыңыздан естиік деп едік.

- Тағдыр шіркін қиын ғой. Байзақ датқа екеумізді қол аяғымызды байлап Кенесарыға қарсы тізерлетіп отырғызып қойған. Ханымыз қол аяғын шешуді, соңғы сөзін айтып, намаз оқып алуға ұлықсат сұрады. Қырғыздар мұсылманшылық жасап ұлықсатын берді. Кенекең басын көтеріп бетін Сарыарқаға бұрып жігерлі, ширақ дауыспен қоштасуын өлеңмен толғап ұзақ әндетті. Хан иемді ақын деп ойламаған едім, таң қалдым. Толғауының соңында Байзақ екеумізді «босатыңдар» деп сұрап алды. Елші боп жүрген Қалығұл аяқ қолымызды шештіріп қасына тұрғызды. Хан ием шынында да жүрек жұтқан батыр ғой өлімді де салқын қандылықпен қарсы алды. Сұратып алған дәрет суымен қолын шайып, бетін сипап болған соң белінен жайнамазын шешіп, бүктелген құрыстарын желпіп жіберіп құбылаға қаратып жайды да намазын бастады. Дұғасын үш рет қайталап бітірген соң жайнамазын жуан бөрененің бас қоятын жеріне төсеп жатар кезде, Байзақ датқа жеңімнен тартып «жүр кеттік» деді. Басының шабылғанын көргісі келмеген болу керек сырттап кеткенде Қалығұлдың дауысы шықты. «Басын кім шабады, кімнің үйінен екі-үш адам өлді» деп айқайлап жатты. Бас шабылған соң жайнамазына орап Қалығұл 5-6 адаммен Қапалға алып кетті. Саққұлақ би мұқият тыңдап алғаннан кейін:

- Жырау деген атыңыз бар біраз толғап жіберіңіз, құлақтың құрышы қансын. Нысанбай домбырасын қағып-қағып жіберіп, екпіндеп барып қайырып:

...Он бес жасқа келгенде,

Кенесары, Наурызбай,

Төрені іздеп келгенмін...  дей келіп ұзақ толғап аяқтарда:

...Кешегі өткен Кенекем,

Дүрри - гауһар данасы,

Арқадан ауып кеткені,

Бұл жақтағы ел жұрттың,

Ауызының аласы. - деп тоқтап маңдай терін сүртіп қайта толғап Меркедегі, Әулиеатадағы қоқандарды қалай қырғанын Ағыбай мен Наурызбайдың шайқастағы батырлығын көркем сөзбен бояусыз жырлап беріп тоқтады. 

Тігілген 85 үй айтылған жұмаға лық толып тағы үйлер тіктірілді. Астың дастарханын басқару Байсеит биге тапсырылып кімнің кіммен отыратынын белгілеп Бөлтірік шешенді Құнанбай, Жанғұты мен Балғожа би отырған үйге кіргізіп сыйлы қонақ етіп қабырғалы билермен дастархандас жасады. Құнанбаймен жалайырлардың жер дауында «Алтын емелде» кездесерде Құнанбай отырған үйге түспей өтіп кетіп, бір күннен кейін оралғаны ел есінде қалған. Қайтып оралған шешенге «қайда болдыңыз, қонақтар күтіп қалды ғой» деген қонақ күтушіге:

- Құнанбайлардан да үлкен әруақтар бар, соларға барып құран оқып, бата жасап қайттым. Құнанбай бала ғой отыра тұрсын дедім - деп үйге Құнанбай естісін дегендей сөйлей кірді. Бөлтіріктің не айтып келе жатқанын түсіне қойған аға сұлтан көзін жұмып, ұйықтаған болып бас көтермеді. Бұрын көрмеген Балғожа бидің сәлеміне жауап қайтарып, жөн сұрасып отырғанда Құнанбай басын көтеріп Бөлтекеңе ақшия қарап «мен көргенде бөлтірік едің, енді арлан болған шығарсың - деп сөйлей тұрды.

- Аға сұлтан - қаблан болғаның құтты болсын. Әуелі амандасып алайық, қарадан хан сайланып мәртебелі болдың. Елге пайдаң тиіп, халықтың қамын ойла - деп Құнанбайдың ұсынған қолын алып амандасты. Жарасымды қалжыңдарының артын зілге айналдырмай Балғожа би сөз арнасын басқаға бұрып:

- Құнеке, бізден гөрі орыспен көп араласыз Қарқаралы, Семей дуандарының әкімдері Кенесары туралы не деп жатыр?

- Семейдің ауып келген оқымыстылары, төңкеріске қатысқандары Кенесарыны даттап отырған жоқ. Кесек мінезді, ірі тұлға деп мақтайды. Орыс патшасының қазақ жеріне баса көктеп кіріп, бекіністер салуын айыптайды. Оған қарсы шыққан Кенесарының күресін - қазақтың азаттық күресі деп бағалайды. Тәуекел мен намысты ту еткен алғашқы үш төрт жылдың соғысын тоқтатпағанда, әскерін таратпағанда үлкен күшке айналатын еді. Қоңырқұлжа, Жантөриндердің қарсылығы ел арасына іріткі түсіріп кетті емес пе? Содан кейін-ақ халықтың қиюы қабыспай, төрелер төр бөлісіп қырғи қабақ болды. Қазақты ру-ру етіп бөліп алғысы келді. Қазақтың алауыздығын пайдаланып орыстар бекіністерін көбейтіп жіберді.

- Рас, Құнеке! Кенекең 1825 жылдан 1830 жылға дейінгі генерал Карбышовтың жүргізген соғыстарынан, қазақ ауылдарының шеккен зардаптарын, қырылған адамдарының санын көрсетіп Омбы губернаторына жазған хатын сонда барғанымда маған оқытып жөн сұрағаны бар «жазғанының бәрі шындық» деп жауап бердім - деп Балғожа би Құнанбай сөзін қоштап отырды. Сөзге араласқан Жанғұты би:

- Абылай заманында сегіз дуан ел едік, сол кездегі хандық билікті қалпына келтірмей аттан түспеймін деуші еді, ақыры аттан түспей мерт болды. Иманы саламат болсын.

- Мерт болған жоқ. Етектен тартқан иттер мерт етті. Сыпатай мен Әбілпейіздің Рүстем төресі 12 мың әскерді алып кетпегенде қырғыздарды екі орап алуға күші жеткілікті болатын еді,  - деп Бөлтірік шешен тізесін қомдап оңтайлана отырды.

Кенесары хан атқа қонғалы орыс жеріне басып кірмегендігін қазақтың шұрайлы жерлеріне бекіністер салып жайылымды тарылтып жатқанын, тілге тиек етіп Орынбор, Омбыға қаншама хат жазды. Қазаққа бас көтертер бір адам керек еді, оның жуғарақта шығар түрі жоқ. Бас басына би болып, өз руым, өз құлым деп рудан аса алмай жеке басының мәртебесін ойлап, «барымен базар» деп тамақ тоқтығын, кішкене билікке мәз болғандардың заманы туғаны қара халықтың ойында қалды. Атқа мініп атой салар төре тұқымынан да, қара тұқымынан да көрінбей тұрғаны асқа жиналғандардың көңілінде кетті. Кезінде жазған хаттарынан ештеңе шықпай намысы тапталған соң, атқа қонған Кенесарының ісін жалғастырар ер азамат көрінбегенін асқа жиналғандар білді. Ас тарқап құран оқыларда Ханның артында қалған Күнімжан мен Жаңылды, бала шағаларымен шақыртып алып ақыл кеңестерін айтып сабырға шақырды. Хан Кененің ісі атаусыз қалмас, орыстың құлына айналмаспыз, еркіндікке жеткізер ер табылар, аман болайық деп тарқасты.

Астан екі ой түйілді. Құсбек төре дастархан үстінде отырғанда «Ағаеке осы Көкбөрі Кернейдің жерін жаз жайлап, қыс қыстап жүре бересіз бе? Омбыдағы губернаторға барып жер сұрап алу керек емес пе? Сөзіңізді сөйлейтін адамдар бар» деген еді. Қатты ойға қалған Ағыбай батыр өз ел жұртына Шұбыртпалыға басы байлы жер керек екенін ұғынды. Екіншісі батырдың ішкі ойын түсінген Садық сұлтан екі шешесі Күнімжан мен Жаңылмен ақылдаса келіп, бұл Орта жүз бен Ұлы жүз бізге ел болмайды деп шешті. Ағыбай батыр бәйбішесі Шүкімән, балалары Аманжол, Дулат, Таңыбай Аманбай, Сопыларды дастархан басына шақырып алып:

- Мен Омбыға жүрем, губернатордан жер сұраймын, батыр болып болдым, шұбырған ел жұртымды жинап аламын. Мені жолға дайындаңдар. Қасыма серік болып Алшынбай, тілмәш болып Жандерке барады.

- Батыр-ау, кешегі батырлығыңның ыстық суығы басылған жоқ. Өзің ізденіп барғанда жазым етіп жүрмей ме - деп Шүкімән бір екі-үш жыл өтіп артыңнан ерген әңгімелер басылсын да, неге асықтың? Бағыс батырың елден, жерден қуып жатқан жоқ - деп басу айтып еді, оған:

- Әй, тәйірі-ай, мені танитын губернатор Густап Госпорт кетіп қалса, келген жаңа губернатор кешегі жау - деп шыға келмей ме? «Ұсынған басты қылыш кеспейді». Тәуекел.

Жол жүрейін деп отырғанда Кәрсонның атақты болысы Көпбайдан бір топ аттылылар келіп «Ағыбай батырға жолығайық» деп аттан түсті. Онжеті жыл болыс болған Көпбай губернатор алдындағы төбе би. Түкірігі жерге түспес беделді. Өзі сұлу. Семіздігі сұлулығына жарасқан, тәкәппар кісі  болыпты. Адам тісі бата бермейтін болысқа, Досбол шешен өзі де келмей ат  сұратып, хат жазып жіберіпті.

Сәлем де, Көпбайыма бір ат берсін,

Үш жылғы мінілмеген құр ат берсін.

Бергені Бұқардың ақ бөзіндей болсын,

Жанары ор қоянның көзіндей болсын.

Жүрісі Жанғұтының сөзіндей болсын,

Сұлулығы Көпбайдың өзіндей болсын.

Сол Көпбай Ағыбай батырға жылқысына түскен ұрыны ұстатып абақтыға айдатып «Сыпатайдың баласының жазасын Ағыбай берсін» деп жіберіпті.

- Кірсін, кірсін - деген Ағыбай дауысын естіген балалары келгендерді ішке кіргізгенде қолы артына байланған жас жігітті ала кірді. Қызыққан балалары да қоса кірді.

- Ағыбай көке - деді басына қисайта киген бөркін түзеп, қолындағы қамшысын қолтығына қысып қолын ұсынып амандаса - мына жігіт Сыпатай батырдың баласымын дейді. 15 жігіт жылқы ұрлауға келіп ұсталғанына 5-6 күн болды. Қасындағы жолдастарын актілеп Көпбай мырза Қарқаралыға абақтыға айдатты. Мына жігітті сіздің досыңыздың баласы деп бізден беріп жіберді.

- Атың кім деді Ағыбай батыр.

- Пірімқұл деді үні әрең шыққан жігіт.

- Сыпатайдың баласы болсаң әлгінің аты кім еді деп балаларынан сұрады.

- Тоқабай ғой.

- Шын атын айтпасаңдар Тоқабайыңды, Соқабайыңды біле ме бұл?

- Тоқтамбет деді үлкен баласы Аманжол.

- Танисың ба? - деді Ағыбай батыр бар еңсесімен жас жігітке бұрылып.

- Танимын - деді мұңайып, ол менің үлкен ағам.

- Танысаң маған біреуі де жетеді. Мынаны Көпбай болысқа апарып беріңдер. Қарқаралыға абақтыға жіберсін.

- Әкетай, мені жібертпеңізші, құлақкесті құлыңыз болайын. Қашып кетеді десеңіз екі құлағымды да кесіп тастаңыз.

- Мынау, анадан гөрі пысық көрінеді. Әкелері Сыпатай мен Андас жалайырлардың малын ұрлап елден қуылып қырғызға сіңіп кетіп еді. Мыналар бізге сіңсін. Бірінші қашқанға дейін құлағын кеспей-ақ қойыңдар.

Сөз осымен аяқталып бөлек үйде жатқан Тоқабайға апарып табыстады. Жылап көріскен ағайынды екеуі шұбар жылқылардың үйірін бағып күннен күн өтіп Ағыбай батырдың сеніміне кіре бастады. Мойынқұмды паналап көшіп қонып жүрген Қалмақ-Жалайырдың қызынан бір қызды алып қашып әкеліп Тоқабайды аяқ астынан үйлендірді.

Ағыбай батыр Омбыға барған шаруасын бітіріп Балқаш көлінен Бетбақ дала шөліне дейінгі жерді алып ел жұртын, исі шұбыртпалыны жинауға кірісті. Енді Сыр бойына, Шиелідегі руластарын көшіріп әкелуге қамданып жүргенін білген Садық сұлтан батырға ере кетіп танысы, досы  Қоқанның Әлімқұл бегіне жолығып соның сарбазы болуға бекінді. Өзі орналасқаннан кейін үйді көшіріп әкелуді Жапар, Омар, Оспан, Әбубәкір, Тайшық, Шығай, Ахметтерге, екі шешесіне тапсырып «кек қайтаруды да» ұмытпай Мерке арқылы Ботпайларды аралап жолға шықты.

Әлімқұл бек Ағыбай батырды жақсы қарсы алды. Арғы тегі Қыпшақ емес пе, қоқанға қарсы күрескен Кенесарының баласын жатсынбай бауырына тартты. Бірден бес жүз ләшкерге қолбасшылыққа тағайындап, Ағыбай батырдың батасын алды. Ағыбай батыр өз шаруасын да ұмытпай қоқандықтардың арасында бой тасалап жүрген «қазақты сатып кеткен Сыпатайдың» көзін құртуды тапсырды.

- Ол үлкен жұмыс емес. Өткенде келіп сәлемдесіп көп әңгіме айтқан оның ішінде «қоқанның жауы Кенесарыны қырғыздарға торға түсіріп, сазға отырғызып беріп едік, басын алып тынды. Енді қырғыздарда орыстан басқа жау жоқ» деп мақтанған. Садық сұлтан көзінің оты жайнап шыға келіп:

- Әлімқұл аға, енді алдыңызға келсе, менің қолыма түсіріңізші - деп өтінді.

- Қол аяғын байлап, саған бергіздірейін, әкеңің кегін ал - деп Ағыбай батыр екеуі Садық сұлтанға сын көзбен қарағанда батыр Ағыбай:

- Сыпатай әуелі маған керек. Үш үйір шұбар жылқысын айдатып кеткенмін, іздеп келмей жүр.

- Сыпатайға қазір жылқы емес, жан керек. Осында қоршауды бұзып шығып кеткеніңізді естіп, сіз жақтан бір қауыптың бар екенін сезіп Сыр бойынан жер сұраған. Түркістаннан қайтқаннан кейін ақылдасамыз дегенмін.

Ағыбай батыр Әлімқұл бекпен сөз байласып, Садық сұлтанмен қоштасып «әкең Кенесарының соғыс жүргізу тәсілдерін құлағыңа құйдым. Соны тағы да екшеп әдіс айлаңды жетілдіріп қасыңа таңлап-таңлап сенімді батырлар жина, өзіңнің ақылыңа қонған ұсынысты тыңда, берген ұсыныстарды қорытып шешіміңді жалғыз қабылда» деп қол алысты.

Шиелі, Сыр бойын аралап қайтқан Ағыбай батыр қаздай тізілген алпыс үй түйелі көшті бастап Хантауының Балқаш жақ етегіне орналастырды. Туыстарының қуанғаны соншалық көлдің жақын болғаны, балық аулады да кәсіпке айналдырып, тамақ түріне енгізген еді. Қыстау, жайлауды реттейтін туыстар арасындағы ренжіскен жағдайларды шешіп отыратын би сайлатты. Мініп келген жылқы саны аз болғанмен түйе мол болатын, ежелден шұбат ашытып кәсіп еткен, ұсақ мал - қой, ешкіні ақшаға айырбастап барған жерден сатып аламыз деп келген. Түйені құмға қарай өрістетіп, өзі көшіп қонатын Тайатқан, Шұнақ тауларына қарай раң, бетеге көк шөбі көп деп сиыр мен жылқы табындарына шектеусіз жер берді. 

Көшті жайғастырып Жәмші өзені бойындағы ауылына келгенде алыстан келген қонақтардың қарасы көрініп абыр-сабыр болып жатқан елді көрді. Бұл кімдер болды екен деп таңдана келгенде Садық сұлтанның жаушылары болып шықты. Әлімқұл бек Арыс өзені бойын қоқандар билегенмен қазақтың қаны сіңген қара топырақ деп, Абылай хан қаза тапқан «Хан төбе» деген жерді беріпті. Хан Абылайға дейін қанша хан қаза тауып, жерленгенін құдай білсін, аумақты қорым жатыр. Өзенмен екі ортадағы кең жазықты Садық сұлтан көріп, ұнатып отыз жаушыны Ағыбай батыр әдісімен қылыштарын тоқымның астына тыққызып «керек болса пайдаланыңдар» деп аттандырыпты. Күнімжан да Жаңыл да көшке дайындалып буынып түйініп жтқанының үстінен түсті. «Көш көлікті болсын» деп келген Ағыбай батыр сүйегі қатты қарағаштан жасалған қос арбаны түйеге жеккізіп дайындатты. Жаушыларды бастап келген Қарабатыр руының жігіті Адырбек батыр ағасына сәлем беріп, Садық сұлтанның айтқанын жеткізді. «Көш Адырбек көші» аталып қыруар мал айдатпай «Шу бойына, Талас бойына, одан Арыс бойына көшіп барамыз деген лақап атпен Кенесары-Наурызбайдың аты аталмай «Хан төбеге» жету керек екен.

Садық сұлтанның ақылына сүйсінген Ағыбай батыр көшті өзі бастап бармақ болып бес ата Қаракесек батырларына найзасын қолдарына ұстатып, аттарын дайындатты. «Көшераяқ» дәмін татырып, қара жамылған Күнімжан мен Жаңылды ел жұртпен қоштастырып, көздеріне қимастықтың жасын алдыртып, түйелі көш ұзай берді. Қаңлыбай батыр Кененің таңдаулы бір қос жылқысын түйелі көшті жанамалай, жылқышылардың алдына салып, сауын биелерді көш артынан ілестірді. Жеті күн жүрген көшті Арыс өзенінен өтер бойда Садық сұлтан алдын ала жеткен жаушылардың хабарымен екі апасын күтіп алды. «Хан төбенің» жазығына әкесінің қос отауын тіккізіп, қазан көтертіп, қоныс тойын тойлатқан алты ұлды көшіріп әкелген ағайындарды риза етіп шығарып саларда, Ағыбай батырды «әкемнің орнындағы әкемсіз» деп бағалап балаша еркелеп мойынынан құшақтады.

«Өз еліміз, өз жеріміз болады екен» деген қуаныштан Ағыбай батырдың бәйбішесі Шүкімән Керней елімен қоштасып, күнде дәм берісіп дастархандары жиылмады. «Батырымыз жорықта жүргенде, төркінімдей қамқор болдыңыздар» деп алғысын білдіріп, «келіп тұруға да, ел арасы жақын екен» деп батыры жолдан келгенше мәре сәре болған қуанышы басылмады. Ағыбай батыр келісімен атақты үш би Алшынбай, Байсейіт, Жанғұтыға ат шаптырып «алып берген жерлеріңе көшемін» деп хабар жіберді. Олар: «барып қоныстан, сонда барып тойлайық. Ат жарыстырып бәйге берсін» деген хабар жібереді. «Әкеден қалған мал жоқ, берсем беремін» деп шешкен ауылы жақын Байсеиіт бимен ақылдаса отырып:

- Атан бастаған 10 жылқыдан бас бәйге, түйе бастаған 7 жылқыдан екі бәйге, 5 жылқы, 1 өгізден - үш бәйге тіксек қалай болады деген Ағыбай батырға күлімсірей қараған Байсеиіт би:

- Батыреке-ау, мынауыңыз екі үйір жылқы, бақташысы мінетін түйесі мен өгізі бар, үлкен мырзалықтың белгісі болып шықты емес пе?

- Бәшке-ау, бәйгенің жолы да ұзақ болайын деп тұр емес пе? Мен барып бәйге шабатын Ақдала жазығын айнала шауып өттім. Жетпіс болмаса да алпыстан мол асады, алпыс бес шақырымдай болады. Шабысқа аттың аты шыдайды. Күздің аяғында салқын түсе берейік. Тұлпарлардың да жаны қиналмасын.

- Онда бәйгенің басын ашып айтып, қашықтығын да ескерту керек, аттарын да дайындайтын уақыттары бар - деп Байсеиіт би ризалық білдіріп ат үстінен тарқасты.

Қаракесек көкбөрі Керней ұрпақтарының жерінен бір өзеннің суын ішіп он жыл қыстап, жаз жайлаған бұлақтарынан, Тайатқан, Шұнақ тауларын бетке алған көш Таңбалы тас, Сандықтау баурайына «ата мекеніміз» деп қоныс теппек. Көз алды Ақдала жазығы, әріректе Батпақсу өзені, Бүйрекши, Қасқабұлақ, Есентерек, Аршалы, төменде Балқаш көлі, өзінің Тасаралы мен Мыңаралы, Шығанағы. Батысы Мойынқұмның сексеуілді қалың құмы мен Бетпақтың шөлі. Солтүстігі Болат тауына дейін иесіз дала. Шығысы Шұбартүбек пен Гүлшат, Дадан-Тобықтымен шектескен Тоқырауын өзені азғантай Шұбыртпалыға Құдайдың берген сыйы іспеттес еді.  

Батырдың батырлығы да, ерлігі деп осыны айтар болар.

(Жалғасы бар)

Садық  Смағұлов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060