БАЛАҢЫЗ "БАЛАБЕК" ЖУРНАЛЫН ОҚЫСЫН!
Елімізде балаларға арналған «Балабек» атты жаңа журнал жарық көрді, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" басылымы.
Бұл журнал енді түрлі-түсті суреттермен көркемделіп, ай сайын шығатын болады. Басылым 6-11 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған.
Басылымның мақсаты – ұлтының уызына жарыған ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу. Журналда балалардың біліміне білім қосатын, таным көкжиегіен кеңейтетін, олардың отаншыл, рухты, зияткер болып өсуіне ықпал ететін тағылымды айдарлар аз емес. «Астана – Отанымыздың жүрегі» – патриоттық тақырып. «Менің елім» – аймақтар шежіресі. «Қорықшы атайдың әңгімесі» – туған жердің табиғаты жайлы. «Балабектің» саяхаты» – жер-жиһанды аралатады. «Осы рас па?», «Төрт түлік», «Сен білесің бе?», «Жеріміздегі жеті керемет» секілді топтамалар баланың қиялын шалқытады, ой-өрісін дамытады.
Тұсауын қыркүйек айында кескендіктен, «Балабек» журналы «Қазпоштаның» каталогына кіре алмапты. Бірақ қосымша тізімге енгізілген. Алматыдағы 1 жылға жазылу бағасы – 2704 теңге 68 тиын, басқа қалалар үшін – 2737 теңге 20 тиын, ауылға арналғаны – 2780 теңге 64 тиын. Жазылу индексі – 74878, телефондары: 8 (727) 394-36-46, 268-97-83, 87059883177.
Өзге жұрттың «Мурзилка», «Волли», «Непоседа» журналдары секілді қазақ басылымның да өз кейіпкері бар. Басына тақия киген сүйкімді Балабек мыңдаған қаракөз бүлдіршіннің ақылшысына, сырласына айналады деген үміттеміз.
Abai.kz