Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 5737 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЕСЕП БЕРДІ

ҚР Президентi жанындағы орталық коммуникациялар қызметi ОҚО филиалында Еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарманың 2015 жылдың 8 айында атқарған жұмысының есебi тыңдалды.

Брифингте облыстың Бас мемлекеттiк еңбек инспекторы Бастарбек Есқараев жыл басынан берi мекемелер мен кәсiпорындарда 617 тексеру жүргiзiлiп, соның нәтижесiнде 1659 заңбұзушылық фактiлерi анықталғанын айтып өттi. Осыған байланысты еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарма тарапынан 614 нұсқама берiлiп, жалпы сомасы 11 356 860 теңге көлемiнде 229 айыппұл салынып, 1468 заңбұзушылық әрекеттерi жойылыпты. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының талабы бойынша еңбек заңнамасын бұзған 21 адам тәртiптiк жазаға тартылып, құқық қорғау органдары тарапынан шара көрiлу үшiн 69 iс материалы тиiстi орындарға жолданған.

– ҚР Президентiнiң 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының соңғы жексенбiсi «Еңбек күнi» мерекесi болып белгiлендi. Жалпы, еңбек атаулы түнгi кезекшiлiктегi, вахталы, балалар еңбегi болып бiрнеше түрге бөлiп қарастырылады. Соның iшiнде әйелдердiң еңбегi заңмен ерекше қорғалады. Сонымен бiрге, еңбек қатынастарының не екенiн көп адам бiле бермейдi. Ол – жұмыс берушi мен жұмысшының арасында болатын қарым-қатынас. Бүгiнде еңбек қатынасына жатпайтын жаңа байланыстар үрдiс алып жатыр. Бұл – жалға алу әдiсi. Мәселен, жұмыскер бiр нысанды жалға алса, ол жерде тапсырыс берушi мен жұмыскердiң арасында еңбек қатынасы емес, азаматтық-құқықтық қатынас туындайды, – дедi Бастарбек Әуелханұлы.

Облыстың бас инспекторының айтуынша, балалар еңбегiн қадағалау көп жағдайда бизнес субъектiлерiн тексеруге мораторий жариялануына байланысты тасада қалып қоюда. Дегенмен, есеп берушi дәмхана, асхана секiлдi қоғамдық тамақтану орындарында көбiнесе балалар еңбегi пайдаланылатынын жасырмады. Осыған орай, жуырда еңбек инспекциясы балалардың құқығын қорғау инспекциясы, көшi-қон полициясы және прокуратура өкiлдерiмен бiрлесiп, арнайы рейд ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Бастарбек Әуелханұлы жиi туындап жататын еңбек дауларының негiзгi себебi, жұмыс берушi мен жұмыскердiң арасында еңбек шартының түзiлмеуiнен екенiн түсiндiре кеттi.

Әсiресе, елiмiзде зейнет жасына жақындап қалған әйелдердiң еңбек құқықтары ерекше қорғалатынын атап өттi. Мәселен, 55 жастан асқан әйелдердi жұмыс берушi өз еркiмен жұмыстан қысқарта алмайды. Зейнеткерлiкке шығуға аз қалған әйелдердi қысқартуға жiберу мәселесiн тек қана жұмыс берушi мен жұмыскерлер тарапынан құралған арнайы комиссия шешедi екен. Сондай-ақ, бес баласымен 53 жасында зейнеткер атанған мұғалiмдердi мектеп басшылары жұмыстан босатып жiберуге құқылары жоқ. «Өйткенi, Қазақстан Республикасының зейнеткерлiк туралы заңына сәйкес әйелдердiң зейнеткерлiкке шығу мерзiмi 58 жас деп көрсетiлген», – дейдi облыстың бас мемлекеттiк инспекторы.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289