ЖЕТІСУДЫҢ АҚ МАРЖАНЫ
Басынан талай қиындықты өткеріп, көптеген ауыртпалыққа сабырмен төтеп берген халқымыз артына мол мұра ретінде сөз қалдырған. Сондай нақылдың бірі: «Алтын, күміс тас екен, арпа-бидай ас екен», – деп нағыз байлықтың парқын танытады. Дәнді дақылдарды егуді ерте бастан-ақ қолға алған ата- бабаларымыздың әрбір өнімнің бабын меңгеріп, қыр-сырына жетік болғаны белгілі. Әлдекімдер айтқандай көшпенді тірлік кешкен болса арпа-бидайды өсіруді бабаларымыз қайдан білген?! Шындығында малдың ыңғайымен жаз жайлауға шығып, қыс қыстауға түскен халқымыз құнарлы жерлерді игеріп, бидай, арпа, тары, күріш секілді дақылдарды өсіріп келген. Оған көнеден жеткен алқап пен атырап, арықтар мен су жолдары куә. Тіпті, күріш танаптарының орны еліміздің барлық аймағынан кездеседі.
Жетісу өлкесінде ақ күріш Балқаш және Қаратал аудандарында өсіріледі. Дегенмен, басым бөлігі Бақанастың күріші, ол нарықта жоғары бағаға ие. Өйткені Іленің құнарлы суы Қапшағайда біраз жылыған соң күрішке түсіріледі. Ал суды жақсы көретін дақыл бойына суды сіңірген соң ғана бой алады. Арада өткен 100 күннен соң жайқалған ақ күрішке комбайн түсіп, дәнді дақылды қырманға аттандырады. Қаратал ауданында ұзақ жылдан бері күріш өсірумен айналысып келген «Бірлік» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні күрішке орақ салды. Ақдала алқабындағы күріштің түсімі жайлы әңгімелеген серіктестіктің атқарушы директоры Жанат Аймақовтың айтуынша, шаруашылықтың меншігіндегі5447 гектар суармалы жерде күріштің «Бақанас», «Мәдина», «Ақдала» атты сорттары өсіріледі.
– Биыл1630 гектаржерге арпа, бидай,1221 гектаржерге күріш,2000 гектаржерге ауыспалы егістікке арналған жоңышқа, одан бөлек, 10 гектар жерге бау-бақша өнімдерін салып отырмыз. Арпа-бидайды әр гектарынан 24 центнерден алдық, енді күріш ору науқаны жүріп жатыр, – деген Жанат Жанайбайұлының айтуына қарағанда күрішке керегі судың мол болғаны. – Қарамағымыздағы төрт бригада бүгінгі күні 12 комбайнмен толық жұмысқа кірісті. Алғашқы кезеңде күріштің айналасы шабылады, ол әбден кеуіп болған соң қырманға алынады да негізгі егістікке орақ салынады. Жыл сайын гектарына 45 центнерден өнім алып жүрміз. Кейбір жерлерден 47, кей жерлерден 60 центнерге дейін өнім түседі. Орташа көрсеткіш 45 центнерге тең. Биылғы жылы су жетіспей аздап қиналып қалдық. Өйткені, ылғалды сүйетін дақыл ретінде күрішке мерзімінде су жетпесе бой алмайды, кешеуілдейді. Сондықтан өзіміздің питомникте күріштің көптеген сорты өсіріліп, тәжірибеден өткізіледі. Алматы қаласындағы биотехнология және биоинженерия институтының ғалымдарының қатысуымен жүргізілетін тәжірибе негізінен оңай жерсінетін, тез өнетін күріш сортын іріктеуге арналады. Соңғы уақытта Ресей күріші біздің нарықта басымдық көрсете бастады. Сол себепті бәсекелестік заманында ұтылмас үшін ресейлік сортын жерсіндіріп жатырмыз. Біріншіден, оның түсімі мол, екінші түсінің аппақтығы мен сапасының жоғарылығы алушыны қызықтырады. Дегенмен, бір кемшілігі біздің көктемгі салқынға, ерте түсетін күзге үйрене алмай, ауа райына жерсінуі қиындау келеді. Соған қарамастан күрішшілер бар күшін салып еңбектенді. Биылғы түсім жақсы.
Күрішке комбайн түсірген диқандар күздің алғашқы айының жауын-шашынсыз болмауын тілейді. Себебі, жаңбыр шабылған күріштің кебуіне кедергі келтіріп, ойға алған жоспарды аяқасты қылады. Осыған байланысты шаруашылық жұмыскерлерін ынталандыру ісі тұрақты қолға алынып отыр. Себебі, күріш шабу науқанын мерзімінде аяқтау керек. Жалпы, «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС-да маусымдық жұмыстарға 200-ден астам еңбеккер алынып, жұмыспен қамтылады. Олардың бәрі де нақты жалақыға жұмыс істейді. Одан бөлек, үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған.
Ал «Бірлік» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егістік жерді тыңайту ісін табиғи жолмен жүргізіп келеді. Яғни, бір жыл күріш егілген алқапқа келер жылы жоңышқа себіледі. Бұл, ең алдымен, өнім сапасының экологиялық тұрғыдан таза болуына септігін тигізері анық.
Мәди Алжанбай
Abai.kz