БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК
Арыста, жалпы оңтүстiк өңiрде игерiлмей бос жатқан жер болмауы керек. Егiстiктi кәдеге жаратпай, босқа құнарсыздандырып жатқан шаруалардан жердi қайтарып алып, оны тиiмдi пайдаланып, мол өнiм алатын, жұртты жұмыспен қамтитын азаматтарға беру керек. Арыс қаласына iссапары барысында облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов осылай дедi.
Бiр ғана Арыстың өзiнде 22 мың гектар егiстiк алқап игерусiз жатыр. Бұл – зор әлеует, ен байлық. Осыны ескерген облыс басшысы Арыс қаласының әкiмi Сейiт Ертайға игерусiз алқаптарды мемлекетке қайтару бағытындағы жұмысты күшейтудi тапсырды. «Бос жатқан жерлердiң қожайындарының арасында жоғары лауазымды тұлғалар болса, маған тiзiмiн бер, олармен де жұмыс iстейтiн боламыз» дедi өңiр басшысы.
Iссапар барысында Б.Атамқұлов Ақдала елдi мекенiндегi су айдау стансасын аралап, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесiмен танысты. Айта кетейiк, бүгiнде арыстықтардың 90,7 пайызы таза сумен қамтылған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы сапары барысында «Қазына жер LTD» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнде болып, ондағы тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты. Бұл – Оңтүстiктегi ең iрi тауарлы-сүт фермасы. Ал, елiмiз бойынша алғашқы бестiкке кiредi. Мұнда қазiр 1000 бас голландиялық асыл тұқымды сиыр бар. Әрбiр сиырдан 25 литрден, яғни тәулiгiне 25 тонна сүт сауылады. Күнделiктi сауылған сүттi «Алтын Дән» және «Фудмастер» сүт өнiмдерiн өндiретiн зауыттарға өткiзуде. Компания жемшөп мәселесiн де оңтайлы шешкен. Иелiгiндегi 2 800 гектар егiстiк жердiң 1 мың гектарына жүгерi, 500 гектарына жоңышқа егiптi.
Облыс әкiмi аталған серiктестiктiң тамшылатып суару әдiсiмен отырғызылған пияз алқабын көрдi. Мұнда жаңа әдiспен 100 гектар жерге пияз егiлген. Ал, шаруалар пияздың әр гектарынан 800 центнерден өнiм алуда. Аталған серiктестiкте 150 адам жұмыспен қамтылған, олардың орташа жалақысы – 70 мың теңге.
Егiстiк алқабының басында Арыс қаласының әкiмi Сейiт Ертай облыс басшысын аймақта iске асырылып жатқан бiрқатар инвестициялық жобалармен таныстырды. Бейбiт Бәкiрұлы Арыста күн электр стансасының құрылысына жоғары баға берiп, болашақта бұл нысан жергiлiктi тұрғындар мен кәсiпорындарды арзан электр қуатымен қамтамасыз етуi керектiгiн айтты.
Сондай-ақ, жергiлiктi билiк өкiлдерiне қаракөл қой шаруашылығын жандандыруды тапсырды.
Бейбiт Атамқұлов Арыстағы Абай атындағы жалпы орта бiлiм беретiн мектеп-интернатта болды. Бiлiм ұясының жатақханасы жақында күрделi жөндеуден өткен. Алайда, Бейбiт Бәкiрұлы жөндеуден кейiн қойылған жаңа жиїаздың талапқа сай еместiгiн сынға алды.
«Балалар – болашағымыз. Бар жақсылық соларға жасалуы тиiс. Қазiрден балаларымызды мәдениеттi, талғампаз етiп өсiруге тиiспiз. Бұл ғимаратты жөндеуге облыстық бюджеттен 147 миллион теңге бөлiнiптi. Аз қаржы емес. Неге талапқа сай жиїаздар қойылмайды? Екеуара бiр шкаф дегендерiң не? Мен 2-3 айдан кейiн арнайы келiп тексеремiн. Әр баланың жеке шкафы, басқа да қажеттi жїаздары болсын» дедi өңiр басшысы.
Б.Атамқұлов «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нiң жұмысымен, Арыс өзенiнiң үстiндегi көпiрдiң жағдайымен, қаладағы күрделi жөндеуден өтiп жатқан бiрқатар көшелермен, қалалық мәдениет үйiмен және жаңадан бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенiмен танысты.
Сондай-ақ осы аптада облыс басшысы Отырар ауданында да болып, ауызсу мәселесi толық шешiлуi керектігін айтты.
Отырар ауданында көптеген әлеуметтiк мәселелер оң шешiлген. Ендiгi кезекте аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұл аудан әкiмдiгiнiң алдына қойылған негiзгi мiндеттердiң бiрi. Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов Отырар ауданына жұмыс сапары барысында осылай дедi.
Отырарға ат басын тiреген өңiр басшысы алдымен Шiлiк ауылындағы «Жаңа – жер» шаруа қожалығына тоқтады. Мұнда ет, сүт, шұбат, жұмыртқа секiлдi өнiмдер өндiрiледi. Шаруашылық төрағасы Ж.Құдiретуллаевтың айтуынша, қожалықта тәулiгiне 5 тонна сүт өнiмдерi, 150 литр шұбат, 3 тонна ет өнiмдерi мен бес мың данаға жуық жұмыртқа өндiрiледi. Шаруашылықта 35 адам жұмыспен қамтылған.
Мұнан кейiн өңiр басшысы Шiлiк ауылындағы С.Құртаев атындағы мектеп пен Шәуiлдiрдегi «Руханият – Әбу Нәсiр әл-Фараби» мұражайына барды. Сондай-ақ, Темiр ауыл округiндегi «Отырар-Дән» жүгерi кептiру және сақтау кешенiнiң жұмысын аралап, индустриалды аймақ пен жаңа жүгерi өңдеу зауыты құрылысының жобасымен танысты. Кәсiпорын жылына 10 мың тоннаға дейiн жүгерi дәнiн кептiрiп, сақтай алады. Мұнда жергiлiктi 35 тұрғын еңбек етiп, отбасын асырауда. Б.Атамқұлов жүгерi шаруашылығының әлеуетi мол екенiне тоқталып, бұл саланы одан әрi дамыта түсу қажеттiгiн айтты.
Аудан әкiмi Салыхан Полатов облыс басшысын ауданның әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерiмен және iске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен таныстырды. Бейбiт Бәкiрұлы барынша тиiмдi, нарыққа бейiм жобаларға қолдау көрсетiлуi керектiгiн ескерттi.
Облыс әкiмi Көкмардан ауылындағы «Үсенов Н.» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы және сүт өңдеу цехымен танысты. Кәсiпорын күн сайын 5 тонна экологиялық тұрғыда таза шұбат, био шұбат, пастерленген түйе сүтiн өндiрiп, Шымкент, Астана, Алматы қалаларына жөнелтедi. Жалпы, «Түйе сүтiн өңдеу» жобасы 2012 жылы ҮИИД мемлекеттiк бағдарламасы аясында iске қосылған. Қазiр бұл шаруашылық түйе сүтiн ұнтақтап шығару жұмыстарын да қолға алуда.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкiмi Б.Атамқұлов аудан әкiмдiгi атқарып жатқан жұмысқа оң баға берiп, алдағы уақытта аймақ экономикасын көтеретiн iрi инвестициялық жобаларды iске асыру керектiгiн айтты.
Abai.kz