Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3876 0 пікір 19 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: "КЕРУЕН САРАЙ" ТУРИСТІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Кеше Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен «Керуен сарай» – «Silk Road Fair» республикалық туристiк жәрмеңкесi болып өттi. Алматы, Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан келген сала мамандары Шымкенттегi «Көрме» залына тек мақтаулы деген дүниелерiн әкелiптi.

Жәрмеңкенiң ашылу салтанатында облыстық кәсiпкерлiк, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбековтiң атап өткенiндей, өңiрiмiздегi туристiк бағыттарды дамыту мен тиiмдi келiсiмшарттар жасасуға осындай жәрмеңкелер мол мүмкiндiк бередi. Мәселеге ерекше мән берiлiп отырғандығынан болар, жәрмеңкенiң жұмысымен жiтi танысу үшiн Астанадан ҚР Инвестиция және даму министрлiгiнiң Туризм жөнiндегi департамент директоры Әсел Мамажанова көрмеге арнайы келiп қатысты.

Бiздiң облыс Қазақстанда туризм саласын дамытуда 4 бағыт бойынша жұмыс iстейтiн бiрден-бiр өңiр. Олар – зиярат ету туризмi, экологиялық туризм, емдеу-сауықтыру туризмi және балық, аң аулау туризмi. Бұл бағыттардың маңыздылығы ерекше ескерiлгенiмен Оңтүстiкте саланы дамыту мен нақты шаралар көру қадамы соңғы кезден берi ғана қарқын ала бастады.

Экономиканы дамытуда басымдық берiлген сала ретiнде сыртқы туризммен қатар бiр кездерi тұралап қалған iшкi туризмнiң тынысын ашуда басқарманың алдағы күнге жоспарлаған нақты iс-шаралары да жоқ емес. Облыста тарихи және мәдени 802 ескерткiш бар. Оның 530-ы археологиялық, 44-i тарихи, 228-i – сәулет ескерткiшi санатында.

Өңiрiмiзге шетелден турист тарту мен iшкi туризмнiң көрсеткiшi соңғы кездерi едәуiр жақсарғаны, өскенi байқалады. Әсiресе, «Тау самалы» аспалы жолы, «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Мариям ана», «Ысқақ ата», «Исмаил ата» кесенелерiн жөндеу және қайта қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлiп, бұл нысандарды «Жiбек жолы» орталығының тарихи дамыту» бағдарламасына енгiзгелi туристердiң қызығушылығы артқан. Туристiк нысандарды қаржыландыру үшiн тартылып отырған инвестициялық жобалар да аз емес. Сондай жобалардың арқасында Отырар ауданында – 5, Сайрам ауданынан – 2, Төлеби ауданынан – 1, Түркiстан қаласынан 5 нысанның жұмысы жандана түскен.

– Туристердiң көптеп келуiне әсер етушi себептер – «Керуен сарай» – «Silk Road Fair» сынды жәрмеңкелер мен халықаралық туристiк көрмелер ұйымдастыру, ынтымақтастық жолымен инвестицияны дамыту, талапқа сай қонақүй және туристiк қызмет көрсету сапасын жоғарылату, – дейдi облыстық кәсiпкерлiк, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков.

«Керуен сарай» – «Silk Road Fair» республикалық жәрмеңкесiнде де бiрнеше меморандумға қол қойылып, «Риксос Хадиша Шымкент» қонақүйiнде «Экспо–2017 көрмесiн өткiзудегi өңiрлiк туризмнiң рөлi» жөнiндегi форумның тұсауы кесiлдi. Оған облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қатысып, әлемде бiр ғана туризмнен теңге тауып, байып отырған мемлекеттердiң аз еместiгiн, бұл орайда Қазақстанның да мүмкiндiктерi мол екендiгiн, оның iшiнде Оңтүстiктiң алар орны орасан екендiгiн атап өттi. Туристiк жәрмеңкеге арнайы Еуропа елдерiнен келген туризмдi дамыту саласының мамандары жоғары қызығушылық танытты. Жәрмеңке аясында сондай-ақ «Шымкент Конвеншн орталығының» да ашылуы болып, таныстырылымы өттi.

Жәмила МАМЫРӘЛI

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437