ХАНЗУ – ТӨРДЕ, ОРАЛМАН – «КӨРДЕ» ЖҮР
немесе ашынған қандастың хаты
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде жүрегі бүлк етіп қуанбаған қазақ жер бетінде жоқ шығар, сірә. Әйтеуір, өзім солай ойлаймын. Сондай-ақ, осы бүлкілдеген жүректің тебініне шыдамай, сол жүрек от боп жанып кетпей тұрғанда «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген баба өсиетін ту етіп, өзім үшін әлемдегі ең ұлы ел Қазақстанға (біреулер сілекейі шұбырып тамсанатын мемлекеттік қызметімді тастап) алып ұшып келген қытай қазағының бірімін.
Атақты этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы «Тәуелсіздік көрдім, арманым жоқ» деп өлерінде ақтық сөзін айтып кетіпті деп естимін. Осы бір жүйелі сөзге имандай ұйи отырып, өзімнің де армансыз екенімді айтқым келеді. Аллаға шексіз ризалығымды білдіремін. Тәуелсіздіктің ауасын жұттым, көк тудың желбірегенін көрдім, ұлы даламның төрінде маң-маң бастым. Бұдан асқан рахат бар ма жер бетінде... Тойғанымнан тоңғаным көп, май жұтқанымнан қара су ұрттағаным көп, қара шай мен қара нанға қақталған күнім одан көп. Маған осы – қызық, маған осы – ләззәт. Әлдекім алтыннан қашалған басқа Отан жасап берсе де бармайтыным және шындық. Өйткені мені Алла осылай жаратқан. Десе де, осы ұлы елде, бақытты өмір кешудің өзіндік қасіреті барын мен бейбақ бұрын білсемші... Бала кезде бір хикая оқып едім. Алып кемедегі құрт кеменің түбін кеміріп отырып, ақыры оны суға батырып тынады. Сол хикаядағы құрт тескен тесікті елемей, суға тұншығып өлерде қанжылаған адамдардың үні, көзбен оқысам да көңілімде ащы зар болып қалып қойыпты. Ендеше сен тыңда, мен айтайын.
Қазіргі біздің алып кемеміз – Қазақстан. Сол Кемемізді кеміріп жатқан құрттар жетерлік. Оның бірі құдайы көршіміз – «қысық көздер». Екіншісі сол «қысық көздерге» сатылған – «сатқын қарагөздер». Үшіншісі - парақор шенеуніктер. Бүгін сіздерге солар жайлы аздаған базынамды төксем деймін.
«Біз қазақ, қайыр тілемеген халықпыз» деп көп мақтанушы едім. Елге келіп қайыршы қазақты көрдім. Бұған да төздім. Біртіндеп көзім де үйренді. «Қазақтан сатқын шыққан жоқ» деп кеуде соғушы едім. Мұны да көрдім. Көрдім де «шортандай шоршыдым».
Елге келіп азаматтық ала алмай жүрген қазақ өте көп. Тіркеле алмай жүргендері қаншама? Уақытында тіркеліп үлгермей сақшыларға ұсталып қалып, айлап қамауда жатқандары ше? Жоғалып кеткендер де баршылық.
Өткен жылы бір жамағайын бауырымды дер кезінде тіркелмегендіктен, сақшылар ұстап кетіпті. Сол ауданға қатысты ішкі істер мекемесіне барсақ, алдымен румызды сұрады. Рулас болмай шыққанымызға сәл қабақ шытып, мұрнын шүйіріп, бізден қыруар ақша талап етті. Бере алмайтынымызды, ондай ақшаның бізде жоқ екенін айтып едік, көзімізді бақырайтып қойып әлгі інімізді қамауға жөнелтіп жіберді. Қолын көзірлеп, «газельге» тығып жатып бізге: «Мынаған айтыңдар! Отаным, елім! Елімді сағынып келдім!» деп басты қатырмасын», - дейді. Осы кезде бірқанша дөкей қазақтар келіп, көзімізше сақшыларға ақша төлеп, «газель» толы мигранттардың бірнешеуін босатып әкетті де, ініміз көзі бақырайып Республика сарайының артындағы түрмеге (уақытша қамау изоляторы болуы керек. - Ред.) жөнелтілді. Содан ол екі ай сонда жатып шықты. Артынша әкесі іздеп келіп Қытайына алып кетті де, елге оралғалы отырған бір әулеттің көші тоқтап тынды. Заң ортақ деп өз-өзімізді жұбаттық. Бірақ, мәселенің бәрі сақшыларда болып тұр ғой. Қалтасы қалыңдарға – заң жоқ, қалтасы тесіктерге – заң қатал. Егер де олар пара талап етпесе, ол жігіт екі айға қамалар ма еді? Жоқ. Ақшаға сатылған қазақтардың әңгімесі мұнымен бітпейді (сатқын қазағымыздың біріншісі – сақшы-шенділер мен жергілікті шенеуніктер деп түртіп қойыңыз).
Бүгінде Қазақстанға аспан асты елінен ханзу ұлтының өкілдері көптеп келіп жатыр. Олар еліміздің заңы бойынша Қазақстанға екі айға, яки үш айға визамен келеді. Визасы біткен соң кетуі керек. Ең бастысы заңды түрде ішкі істер бөліміне тіркелуі шарт. Болмаса қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Сондай-ақ, тіркелген мекеннен аттап баспауы белгіленген. Тіркелген жерін құзырлы органдар тексеріп тұруы, тексеріп бара қалғанда олар тіркелген мекеннен табылуы қажет. Заң жүзінде бәрі – керемет. Бірақ олар, ханзулар біздің Ата-заңымызға пысқырып та қарамайды. Тіпті өрескел бұзып тайраңдап жүре береді. Егер ұстала қалса, оларды судан ақ, сүттен таза етер тіреулері бар...
Сондай тіреудің біреуін ғана айтайын. Алматы қаласындағы Гоголь мен Шәмші Қалдаяқов көшелерінің қиылысында, биік ғимарат тұр. Сонда қытайша айтқанда «же дәй гуң сы» (тікелей мағынасы «күтіп алып, аралату серіктігі»), яғни «қызмет көрсету» серіктігі деген қытайлардың компаниясы бар. Бастығы – қытай, қызметкерлері қытайдан келген қара көздеріміз, яки қытай тілін оқыған жергілікті қазақтар. Ақиқатын айтқанда екінші – «сатқын қазақтарымыз» осылар. Олардың мінген машиналарының маркасын айтып, жағаңызды ұстатпай-ақ қояйын. «Олар күніне 10 000 АҚШ долларын ойнап отырып табады» дейді білетіндер. Қызметкерлерін үлде мен бүлдеге ораған ол компания не істейді дейсіз ғой? Қытайдан Қазақстанға келетін қытайларды күтіп алады (Ханзуулар оралман қазақтар секілді қағаз жинап, құжат тіркетуге шапқыламайды, өшіретке тұрмайды). Бәрін компания қызметкерлері тындырып береді. Бұл компания оларға құжат қана жасамайды, сол көзі қысық «құдайы қонақтарды» жезөкшелелерге апарады. Моншаға түсіріп, тырнағын алып, қажет болса арқасын ысып береді. Қонақ үйлерге, пәтерлерге орналастырады. «Ішіп-жемін» қамдайды. Қайда барам десе, сонда апарады. Өзара Қазақстанның күллі саясатын, ішкі-сыртқы жағдайын, айтпауға тиісті мәселелерге дейін талқыға салып, терең сыр шертіседі. Қысқасы қытайларға Қазақстанда не істеуге, қалай өмір сүруге болатынын үйретеді. «Отанымызды, елімізді, халқымызды сатып жатырмыз» деген ой әлгі жігіттердің санасына кіріп те шықпайды. Қайта жоғарыдағы айтылған жағдайлар барысында олардан ептеп ақша қымқырып күн көреді. Тіпті көбісі арам ақшамен байығанына мәз боп жүр.
"Тіркелмеген ханзу қалай ұсталмайды?"," Қалай еліне қайтады?" дейсіз ғой! «Же дәй гуң сы» мұның да жолын тапқан. Қытайлар виза бойынша екі-үш айға тіркеліп, уақыт біткен соң қайту керек. Олар қаласа, қайтпай-ақ қояды. Және тіркелмей жүре бергенді дұрыс көреді. (Тіркелгендер уақыты бітіп кетсе, сақшыларға оңай ұсталып қалады ғой). Екі жыл, үш жыл тіпті одан да көп жүреді. Заң бойынша тек Алматыда тұруы керек болса, олар бұл тәртіпті өрескел бұзып, Астанада, Шымкентте, Атырауда, Талдықорғанда, Өскеменде тағы басқа жерлерде тайраңдайды. Оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Кез келген қожаның аузын ақшамен жабады. Олар он жыл болсын, ақша табудың орайы болса бұғып жүре беруге бар. Тыныш жүрмей өздерінің көне мұраларын жерге, өздері салған құрылыс ғимараттардың астына көміп кетеді. Бұл ертең «жер біздікі» деп дәлелдеуі үшін керек.
Мысалы, үш ай бұрын Ақтоғайда қазақ-қытай жұмысшылары арасында қырғын қақтығыс болды. Қытайда да, Қазақстанда да бұл жағдаят бүркемеленіп, там-тұмдап айтылды. Сол жолы төбелес ішінде екі мың қытай болғанын, сол екі мың қытайдың түгелге жуығы Қазақстанда заңсыз, еш тіркеусіз жүргенін тәртіп сақшылары жылы жауып қоя салды.
Егер де елге келген ханзуларды ешкім күтіп алмаса, ешкім ештеңе үйретпесе, құжатына көмектеспесе, тіл білмейтін олар бізге осыншалықты қауіп төндіре алар ма еді?.
Ол, ол ма, қытайлар сонша жыл заңсыз жүргеннен кейін «же дәй гуң сы-ның» «сатқын қазақтары» оларды әуежай арқылы қалаған уақытында Қытайға жөнелте салады. Мұндай қызметтің бағасы екі мың АҚШ доллары тұрады екен. Бір азаматтың ауылда тығылып жұмыс жасап жатқан техник, инженер қытайларды «же дәй гуң сы-мен» сөйлесіп, Қытайға жөнелткенін өз көзіммен көрдім. Мұның бәрі жергілікті шенеунік қазақтармен ымдасып жасалып жатқаны айдай анық нәрсе. Осындайда «түрмеге» түскен жегжатымды еске алып, күрсініп қоямын. «Шіркін, көк ақша түбімізге жетпесе болғаны» деп жүрексінетінім тағы бар.
Кеше түнде біреу телефон шалып тұр. «Қытайдан келген бір қандасымыз (аты Қойшыбек) байқамай тіркеуі өтіп кетіп, екі ай бойы түрмеде жатыпты. Өзі жетім екен. Біреулер араласып, босатып аламыз деп жатыр. Тәртіп сақшылары екі мың АҚШ долларын сұрауда. Жылу жинап жатырмыз» дейді.
Бір қарағанда өзге ел азаматтарының Қазақстанға келуі қиын секілді көрінеді. Азаматтық алуды былай қойып, виза аштырудың көп кедергісі бар екені де жиі айтылады. Бұл қазақтар үшін ғана. Біз Қытайдан келетін қазақтардың жолын жауып тастадық. Есесіне, қазақтың орнына ханзу мен ұйғырлар келіп, елімізде өріп жүр. Қытайлар Заңымызды айналып өтер түрлі жолдарды оңай табады. Мәселен, қытайша «луи ка», қазақша «ықтияр хат» деген бар. Былайша айтқанда, бұл құжатқа қол жеткізсеңіз жартылай азаматтық алғандай қуанасыз. «Ықтияр хатты» алған адам кез-келген уақытта, күнде-күнде, тіпті күніге он бес рет визасыз шекарадан кіріп-шығып жүруге құқылы. Заң бойынша ол оралман зейнеткерлерге берілуге тиіс. Бұл – Қытайдағы зейнет ақыларын алу үшін, сондай-ақ, екі елде шашырап қалған бала-шағасына кезек барып келу үшін берілген жеңілдік. Және ол қазақтарға ғана арнап берілетін құжат. Бірақ, қалай екенін қайдам сол «ықтияр хат» (луй ка) алудың жеңіл жолын ханзулар да тауып алыпты. Яғни, сатқын қазақтар, қытайлар мен Қазақстанның кез-келген азаматының арасында (қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр тағы басқаларды) жалған неке куәлік жасап, яки келісіммен үйлендіру арқылы «ықтияр хат» алып беріп жүр. Ал «ықтияр хат» алған қытайлар Қазақстанға әкесінің үйіне кіргендей алшаңдап кіріп, алшаңдап кетіп жүр. Мәселен мен білетін Димитрий (Дима) деген әрең жан бағып жүрген бір қазақстандық орыс жігіті Яң фамилиялы (ел оны орысша Катя деп атайды) Қытайда сотталып әрең жаны қалған (Қытай заңы бойынша сотты болғандар шекарадан өтуге құқы жоқ) қытай әйелмен жалған некеге тұрды. Яғни, неке куәлік алды. Жұмысқа бірге келеді, бірге қайтады. Өмірде бақытты ерлі-зайыптылар сияқты көрінеді. Іс жүзінде ерлі-зайыпты емес. Шынтуайтына келгенде, әйелдің Қытайда отбасы бар. Қазір «Катя» Диманың арқасында «ықтияр хатпен» екі мемлекеттің арасында визасыз заулап жүр. Қазақстанда да, Қытайда да тасы өрге домалап тұр. Сосын, «Ялян» базарында «қытай супермаркетін» ашқан Хуаң фамилиялы әрі қытай әйел, қазақстандық орыспен үйленіп, «ықтияр хат» алып, саудасын дөңгелентіп отыр. Ал супермаркетіндегі тауарлардың бәрі контрабандалық жолмен келеді. Яғни тауарларында «пин-код» жоқ. «Код» болмаған соң, кедендік рәсімдеу жасалмайды. Сапасы тексерілмейді. Бәлкім ол тауардың ішінде адам өлтіретін улы заттар бар шығар?. Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Барлығы – баяғы сатқындықтың салдары.
Біздегі тәртіп сақшыларының парақорлығы ханзулардың Қазақстанда еркін жүруіне үлкен қолайлылық тудырып отыр. Кеше ғана бір досымнан жаға ұстатарлық тағы бір әңгіме естідім. Тәртіп сақшылары бір бөлмелі жалдамалы пәтерде заңсыз тығылып жатқан 22 қытайды ұстап алып, артынша пара алып, босатып жіберіпті. Осындай жайларды естіп-білген сайын ашынасың. Мұңыңды біреуге шаққың келеді екен.
Бала кезім. Қытайдағы туған ауылыма арқасына көтерген көрпесі бар, халі мүшкіл, азып-тозған бірнеше ханзу келді. Ішкі Қытайдан жер ауып келіпті. Басында олар қазақтарға жалданып жүрді. Там салды, кірпіш құйды, жер қазды, сөйтіп жүріп үш жылда ауылымыздағы ең бай адамға айналды да, күллі ауылға қожа болып шыға келді. Кейін қазақтан жас әйел алып, жырғап өмір сүрді. Осы оқиғадан кейін менің көзім бір ақиқатқа жетті. Аулаңа бір кіргізген аш ханзудан ешқашан құтыла алмайсың. Ол сенен тамақ, киім, ақша сұрамайды. Жер кепе қазып алады да, аш жүріп-ақ, тірлік істеп байып шыға келеді. Cен соңында амалсыздан құлға айналасың. Сондай құл болмау үшін не істеу керек? Ендігі қойылар сауал осы.
Ол үшін біріншіден шенді, шекпенді сатқындарды жазалау қажет. Екіншіден, ханзудың қаржысына қызығып Отанын сатқандардың мойнына қылбұрау салатын кез келді. Үшіншіден, алып Кеменің (Қазақстанның) түбін кеміріп жатқан ханзуларды тезге салып, ел екенімізді білдіру қажет. Әйтпесе, Кеменің түбі тесіліп, бәріміз суға кетеміз...
Қызайбай Ботақараұлы
Abai.kz