ЗИЯЛЫЛАР: БІЗДІ ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ АЛАҢДАТАДЫ
Ақпанның 11-күні мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының кісі қолынан қаза тапқанына 10 жыл толды. Осыған орай, зиялылар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, марқұмның отбасы, туған-туысы, жора-жолдастары жиналып, арнайы дөңгелек үстел өткізген еді. Төмен сол дөңгелек үстелде жасалған баяндама, сөйленген сөздердің қортындысында қабылданған қарарды өзгеріссіз беріп отырмыз.
Abai.kz
Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері
Алтынбек Сәрсенбайұлын еске түсіруге арналған,
дөңгелек үстелге қатысқан жұртшылық жиынының
қарары
Біз, осы жиынға қатысушылар, баяндамалар мен сөз алғандардың пікірлерін тыңдай және талқылай келіп, былай деп есептейміз:
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын, Василий Журавлев саяси тапсырыстың құрбаны болды.
Алтынбек Сәрсенбайұлы - халқымыздың ең жарқын өкілдерінің бірі, ол билікті жеке қолға алған қазіргі режімге табанды да дәйекті ұстанымын қарсы қойды. Оның белсенді қоғамдық қызметі, билікке айбарлы оппонент болуы, елдегі жөнсіздіктер үшін басқарушыларды орынды және өткір сынауы бұл қылмыстың саяси себеп- салдары болғандығына күмән туғызбайды. Оны қазаға ұшырату жағдайлары, сондай - ақ қандайда бір тұрмыстық, жеке бастық, қаржылық себептерінің орын алмағандығы мұны одан әрі дәлелдей түседі.
Елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға, қоғамда үрей туғызуға, демократиялық күштердің өкілдерін қорқытуға әрекеттенген тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылардың мақсаты және осы қылмысқа бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен ҰҚК, ІІМ қызметкерлерінің қатысының болуы бұл актінің саяси терроризм екендігін айғақтайды.
Саяси жүйедегі, оның ішінде құқық қорғау органдарындағы белең алған жемқорлық пен қылмыскерлік, жауапсыздық пен жазаға тартылмаушылық оппозиция көшбасшыларының бірін ұрлап әкетіп, өмірін қиған оқиғаға ұрындырды. Осындай аса ауыр қылмысты жасауда арнайы қызмет өкілдерінің, ішкі істер қызметкерлерінің басты рол атқаруы еліміздегі күштік құрылымдар мен арнайы қызмет орындарын түп-тамырымен реформалауды және тоталитаризмге қарсы шешуші шараларды қабылдау мен қолға алуды қажет етеді. Істі қараған жылдардағы толып жатқан сот мәжілістерінің өтуіне және барлық сатылардағы соттардың шығарған үкімдеріне жасалған талдау біздегі сот жүйесінің тұтасымен жоғарғы билікке тәуелді екендігін, заң талаптарын сақтай бермейтіндігін көрсетті.
Арада 10 жыл уақыт өтті, алайда шын мәніндегі тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар және тасада қалған қылмыскерлер анықталмады. Қылмыстық істі бұрмалаған кінәлілер жазаланбады. Қазақстан халқы жаңадан ашылған жағдайларға байланысты деп 2014 жылғы қаңтарда, Қаскелең қаласында өткен сот отырыстарында келтірілген деректердің ақиқаттығын нақтылауды немесе оларды теріске шығаруды күтіп отыр. Қылмыстық зерттеуді қайта жүргізуді себеп іздеп созбалауды біз қылмысты жасыру әрекеті деп бағалаймыз және олай ету жасалған жауыздыққа ел басшысының қатысы жоқтығына күмән туғызатынын ашық айтамыз.
Құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне қоғамдық бақылауды тиімді жүргізудің аса маңызды кепілі – сөз бостандығын қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай қысым жасамау.
Осыған байланысты әрбір азаматтың өз пікірін еркін білдіруге және сөз бостандығына деген конституциялық құқығының кепілдігін сақтауы үшін, азаматтық және саяси құқықтарды қорғау туралы Қазақстан қуаттап, қол қойған Халықаралық пактіде және өзге де құжаттарда тұжырымдалған халықаралық талаптарға сәйкес әрекет етуі үшін біз бүгінгі биліктен мыналарды талап етеміз:
– өздерінің пікірін еркін және ашық білдіргені үшін тұтқындалып, сотталған журналистер мен азаматтық белсенділерді түрмеден босатуды;
– журналистерге жасалған әрбір шабуылды, қатерді, қысымды мейлінше тыңғылықты және мұқият тексеруді;
– мәжбүрлеп жабылған «Ассанди таймс», «Адам бол», «Правдивая газета» газеттері мен «АДАМ» журналы жөніндегі сот шешімдерін қайта қарауды;
– интернет-ресурстағы әрбір заңсыз бұғаттауларды мұқият зерттеуді;
– азаматтардың сөз бостандығы мен өз пікірлерін еркін білдіруі жөніндегі заңнамаларды халықаралық демократиялық ұстанымдарға сәйкестендіруді;
– қасақана жалған ақпарат таратқаны, жала жапқаны және қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды доғаруды;
– пікірін және көзқарасын еркін білдірудегі асыра сілтеушілік өлшемдері мен заңсыз іс- әрекеттерді насихаттаудың ара жігін жіті анықтауды;
– Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактілердің өлшемдеріне, сондай-ақ БҰҰ –ның адам құқығын қорғау жөніндегі кеңесі мен комитетінің нұсқауларына сәйкес келетін «Сөз бостандығы, ақпарат және пікір тарату еркіндігі туралы» жаңа заң жобасын жасауды және оны қабылдауды;
– өз пікірін еркін білдіру және ойын ашық айту құқығы мәселесі бойынша Қазақстанға БҰҰ-ның арнайы баяндамашысын шақыруды.
Адамгершілік және ізгілік идеяларына сүйене отырып, біз Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін:
– Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылындағы өзі оқыған орта мектепке,
– Алматы қаласының орталық көшелерінің біріне беру керек деп есептейміз.
Біз еліміздің ертеңі үшін дабыл қағамыз!
Дәл қазір қазақстандық қоғам мемлекеттік басқарудың тұтастай жүйесін жайлаған түрлі заңсыздықтар мен сыбайлас жемқорлықтың ащы азабын тартуда. Нақтылы істердің орнына мінберлерден тек көпірме сөздер мен желқуық уәделерді ғана естиміз. Жұртшылықтың санасына сол баяғы құлдық пиғыл, бүгежек мінез қайта сіңіріліп жатыр. Кінәсі жоқтарды жалған айыптармен соттайды, елде ой еркіндігі мен сөз бостандығы тұншықтырылады. Халық биліктің барлық тармақтарына деген сенімін жоғалтқан. Мұның бәрі – авторитарлық билеп-төстеудің, бүкіл билік тізгінін бір адамның қолына шоғырландырудың кесірі.
Ұлттық қасіреттің 10 жылдығына байланысты өткізілген дөңгелек стол басындағы жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, зиялы қауым мен азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғаушылар дәл қазіргі кезде қоғамдық өмірді демократияландырудың, саяси жүйені либералдандырудың, шынайы экономикалық өзгерістер жасаудың аса қажет екендігін мәлімдейді. Өйткені, еліміз осындай істерді қолға алғанда ғана және осы істерді жүзеге асырғанда ғана гүлденеді, азаматтарының жағдайы шынайы жақсарады.
Қарар Алматы қаласында 2016 жылы 11 ақпанда өткен жұртшылық жиынында қабылданды.