САЙЛАУ СЦЕНАРИЙ БОЙЫНША ӨТЕ МЕ?
Президент пәрменінен кейін еліміздегі "етжеңді" партиялар құрылтайларын өткізіп, сайлау науқанына белсене кірісіп кетті. Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі тарихи миссиясын аяқтап, Ұлт жоспарының негізін қалады. Бұл заң жобалары бірінші қаңтардан бастап күшіне енді. Ал алтыншы шақырымнан не күтеміз? Мәжіліс сайлауынан кейін не өзгереді?
Бүгінде жаһандық экономикадағы ахуал күрт нашарлап кетті. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, бір жағынан мемлекетаралық шиеленістер де себеп. Экономикадағы мұндай күрделі жағдай – халықаралық саяси аренада өз орны бар Қазақстанды да айналып өтпейтіні сөзсіз. Бұл ретте, әр ел өзіндік шешім қабылдайды. Соның бір көрінісі – мерзімінен бұрын Параламент Мәжілісінің сайлауын өткізу.
Жұрт ішінде «сайлау сол сценарий бойынша өтеді» деген пікірлер жиі айтылуда. Құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын сайлауға жұрт не үшін барады? Алтыншы шақырылым депутаттарынан жұрт не күтеді?
Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, «алдағы депутаттар сайлауы ашық әрі әділ өтуі керек» деп тапсырған-ды. Сол Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанындай, мәжіліс пен мәслихат сайлауы әділ әрі ашық өте ме?..
Осы ретте «Abai.kz» порталы арнайы сауалнама жүргізген болатын. Қоғам белсенділері мен тәуелсіз саясаттанушылардың «сайлау» туралы пікірлері әр түрлі болып шықты.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
- Мен сайлауға бармаймын. Өйткені, бұл сайлауға барып дауыс берудің мәнін, мағынасын көріп тұрғаным жоқ. Біріншіден, мен өз даусымды беретін партия көріп тұрғаным жоқ. Біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шеше алатын, айта алатын, көтере алатын партияларды бұл тізімнен көре алмадым. Ондай партиялар жоқ та.
Екіншіден, бұл сайлаудың нәтижелері, өткзілу жүйесі тағысын тағы белгілі ғой. Сондықтан, «Нұр Отан» болсын, басқасы болсын, менің даусыма мұқтаж деп ойламаймын.
Үшіншіден, мәселе олардың сайлауалды тұғырнамаларында да емес. Жылдан жылға әдемі тұғырнамалар жасалып келеді. Онда көтерілген мәселелер де салмақты. Мәселен, жемқорлық, білім беру саласы сияқты қоғамдағы өзекті мәселелерді өз тұғырнамаларына енгізген. Мұндағы жалғыз проблема сол әдемі сөздердің іске аспауында және оған ешкімнінің жауап бермеуінде. Айтады, құрғақ уәдені береді. Ал нәтижеге келгенде ештеңе жоқ болып шығады. Алдымен партиялар сол берген уәделерін орындасын. Содан кейін барып, біз де атқарылған шаруаларға әділ баға беретін боламыз. Ал қазіргі сайлау бір сценарий бойынша өткізілетіні түсінікті. Сондықтан, мен өз даусымды ешбір партияға бермеймін.
Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:
- Әрине, сайлауға барамын. Мен 18 жасқа толған кезден бері бір де бір сайлаудан тыс қалып көрмедім. 2004, 2007, 2012 жылғы Парламент, 2005, 2011, 2015 Президент сайлауларының бәріне де қатысып, дауыс бердім. Бұл жолы да дауыс бермекпін.
Сайлауға әзірге саясаткер ретінде барып көрмегеннен кейін, әрине, дауыс беруші электорат өкілі ретінде барамын. Не үшін дауыс беремін? «Елімнің болашағы үшін!» деп көлгірсімей-ақ қояйын. Менің саясатқа қызығушылығым 1999 жылғы Президент сайлауынан басталды десем болады. Тек дауыс беруге емес, сайлауға қатысқан халықты да бақылап қайтамын. Мысалы былтыр көлікпен Астана қаласындағы сайлау учаскелерін аралап шыққанмын. Былтырғы Президент сайлауы кезінен бастап әлеуметтік желілер арқылы да халықтың сайлауға қызығушылығын анықтауға мүмкіндік болып жатыр. Тек қана Астанада емес, бүкіл республика бойынша азаматтардың сайлауға қаншалықты қатысқанын жалпылама болса да, анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, бұл жолы Жаңа Парламентте бұрынғыдан да көп партия өкілдері болатын сияқты.
Есенгүл Кәпқызы, журналист:
- Мен сайлауға баратын, бармайтынымды айтпай-ақ, қояйын. Тек Парламент туралы айтайын. Парламент ол бір-екі адамнан жасақталмайды. Ол 107 адамнан құралғандықтан бір адам ешқандай өзгеріс әкеле алмайды. Біріншіден, билік халықтан - жырақ. Парламент халық қалаулылары отыратын орын болғандықтан, ол билік пен халықтың көпірі болуы тиіс. Олар елдің тынысын жақсы сезінуі керек. Қазір ауылдардың жағдайы өте ауыр, "біз ауылға көңіл бөліп жатырмыз" дейміз, бірақ ол әшейін әңгіме. Ауылдың инфрақұрылымын дамытуға көбірек көңіл бөлу керек. Әсіресе, ауыл арасындағы жолдары, келешегі күмәнді саналған алыс ауылдар, елсіз, халықсыз қалып жатқан елдімекендер үнемі депутаттардың назарында болғаны дұрыс. Мысалы, мен ауылға барған сайын қарным ашып қайтады. 25 жылда асфальт бір рет жаңартылған жоқ. Қазір Совет одағынан қалған асфальттің жұрнағы ғана қалды. Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Көкөзек ауылын айтып отырмын. Қыста қар көп жауатындықтан аудан мен ауыл арасында жол болмайды. Аяқ астынан бас ауырып, балтыр сыздаса, сырттан келетін көмек жоқ. Кезінде миллионер колхоз болған Көкөзектің бүгінгі тыныс тіршілігіне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Жастар оқу бітіріп кеткен соң оралғысы келмейді. Сөйтіп өзі шекараға жақын, шұрайлы өлкенің адамсыз қалу қаупі бар. Екіншіден, тағы да ауыл мәселесінен туындайтын, ішкі көші-қон мәселесін реттеу қажет, оны реттеудің механизмдері әлі қолға алынбай отыр. Ішкі көші-қонмен қатар елсіз қалып жатқан елдімекендерді сыртқы ресурстарымыз арқылы яғни, сыртқы көші-қон арқылы толтыру соның нақты механизмдерін жасау, үгіт-насихат шараларын қолға алу, жұмыссыздықпен күресу, білім саласындағы былық, ұсақ жемқорлық, әсіресе, мектепке сыпырушы болып кіру үшін де, мұғалім болып кіру үшін де төленетін пара, мемлекеттік тілдің құрылымдық органдарда әлі күнге қолданылмай келе жатқандығы... Осының бәрін депутат назарынан шығармауы тиіс деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің депутаттар өз қамын көбірек күйттеп кеткен кездері болды. Мәселен, 5 шақырылымда депутаттардың айлығын азайту туралы ұсыныс болғанда, бәрінің шыр-пыры шығып, шырылыдап өре түрегелді. Бірақ солар мектепте балалардың тегін тамағын алып тастау, сол арқылы бюджетті үнемдеу туралы ұсынысқа жапа тармағай қол көтерді. Немесе тағы бір депутатт жол ережесін бұзғаны үшін 23 мың теңге төлерде шыр-пыр болды, ал оның айлығы 600 мың ғой, 60 мың айлықпен күн көріп жүрген қарапайым тұрғын ондай айыппұлмен күнде кездеседі. Олар сол заңды қолдап, қуаттап қол көтергенде қайда қарап отырған, әлде өз басыма түспейді деді ме?
Осы секілді елдің көкейінде жүрген түйткілді мәселелер өте көп. Бірақ біздің депутаттар ештеңеге селт етпейді, селт етпеген күйін де кетті. 4 жылда бір рет депутаттық сауал жолдамағандар тағы да депутат болудан дәмелі. Бұл не, сонда Заң шығарушы орган біреулер үшін қалғып-мүлгіп қана отыратын жайлы орын болғаны ма?.. Креслоларын сықырлатып әрбір шақырылымда депутат болып келе жатқандар бізде аз емес. Алайда, ел есінде мына депутат осы мәселені көтерді дейтіндей сөз жоққа тән.
Абзал Құспан, адвокат:
- Біріншіден мен сайлауға бармаймын. Өйткені партиялар ұсынған ешбір кандидат көңілімнен шықпайды. Сонымен қатар, сайлау нәтижелеріне сенбеймін.
P.S. Кейбір саясаттанушылар мен түрлі сала мамандары біздің сауалнамамыздағы сұрақтарға жауап беруден бас тартып, «жоғарғы» жақтан ескерту жасалғанын алға тартты.
Дайындаған – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz