Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 8695 0 пікір 29 Желтоқсан, 2015 сағат 11:30

ТӘШЕНОВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫ?

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ НАЗАРЫНА!

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА!

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев

 

2015 жылдың 20 наурызында қазақ халқының біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің туғанына 100 жыл толды. Ең өкініштісі, туған елі үшін жасаған ерен ерлігі мемлекеттік деңгейде күні бүгінге дейін еленбеген қаһарман-тұлғамыздың айтулы мерейтойы жетім қыздың «тойындай» болып та өтпеді. Олай дейтініміз, елорданың мәдениет басқармасы 28 ақпанда Тәуелсіздік сарайында Ж. Тәшеневтің өмірі мен қызметіне арналған шағын көрме ұйымдастырумен шектелді. Біздіңше, бұл елдігімізге сын. Қылышынан қан тамған қызыл империяның түкірігі жерге түспеген заманда туған елінің тұтастығы үшін мансабына зияны тисе де өз басын бәйгеге тігіп, азуы алты қарыс Никита Хрущевпен айқасып, Қазақстанның жерін талан-таражға салудан арашалап қалған Алаштың ардақтысының аруағының алдында үлкен күнә.

Сонымен... ұлттық деңгейдегі қаһарманымыз, тұғырлы тұлға Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығы неге елеусіз қалды? Мұның түпкі себебі неде? Осы сауалға жауап іздеп, жолға шықтым. Әуелгі іздегеніміз – Жұмабек атамыздың туған келіні, Заречный кентіндегі «Береке» балабақшасының меңгерушісі Роза Тәшенева. Осыдан тура 6 жыл бұрын Роза Қаматайқызы «Жас қазаққа» (№52, 25 желтоқсан, 2009 жыл, «Менің арманым атамның атындағы көшеде тұру») сұхбат беріп, Астанадағы Ж. Тәшеневтің есімі берілген алақандай көшедегі тегінің «Тәшенов» деп қате жазылғанына жаны ауыратынын айтқан. Заречныйға барар жолда, әдейілеп Жұмабек Тәшенев көшесімен өттім. Баяғы жартас – сол жартас. Тегіндегі қате түзетілмеген. «Жұмабек Тәшенов» деген жазу менмұндалайды. КСРО компартиясының бірінші хатшысы Л. Брежневтің өзі Кремльге шақырғанда «Ташенев» деп жазғанда, өз елінде «ов» болып тұрғаны өкінішті-ақ. Қош делік. Қала шетіндегі ауылдағы балабақшаға жеткенімізше түс болды. Роза Қаматайқызы әдеттегідей күлімсіреп қарсы алды. Әдемі жабдықталған кең бөлмеге өтіп, сыр-сұхбатымызды бастап кеттік.

«Бір жыл бұрын, Иманғали Тасмағамбетов елорда әкімі болып тұрғанда жергілікті билік: «Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығын жақсылап өткіземіз. Астанада мұражайын ашып, Ж. Тәшенев атындағы қор құрамыз» деп уәде берген. Уәде сөз жүзінде қалды. Бәлкім оны ұйымдастыратын адам болмаған шығар? Естуімше, қаражат жағы қолбайлау болған. Жүз жылдыққа Тәуелсіздік сарайындағы көрмеден басқа бірде-бір шара өткізілмеді. Көрменің өзін атамның құжат, хат, фотосурет, киімдерін апарып, бала-келіндері дайындадық. Елорда әкімдігі, Үкімет басшылығы сарайды беруден басқа ешқандай әрекет жасаған жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі үлкен қайраткерді елеусіз қалдырғанына қатты налыдым»,- деп сөздің турасын айтты Роза Тәшенева. Ол жуырда Қызылжарда Ж. Тәшеневке ескерткіш орнатып, жаңа мектепке есімін бергені үшін Солтүстік Қазақстан облысының басшылығына зор алғысын жеткізді. Айтулы мерекеге өзі бара алмай, туыстары қатысып, көзайым болыпты. Сыр-сұхбатымыз одан әрі былайша өрбіді:

Жұмабек Ахметұлының немересі – Шыңғыс Тәшенев.

Роза Қаматайқызы өз немересімен бірге.

- Өткенде Астана-Қарағанды тас жолының бойындағы Жібек жолы ауылының атауын «Жұмабек Тәшенев ауылы» деп өзгертіп, оның төрінен ескерткіш тұрғызу, мұражай салу туралы ұсыныс жасалды. Ол неге іске аспады?

- Жібек жолының бұрынғы атауы – Александровка. Аршалы ауданы әкімдігіндегілер: «Жібек жолы деген атау бекітіліп кетті. Ауыстыра алмаймыз» деді. Бірақ Аршалы кентінің орталығындағы көшеге, Жібек жолындағы жаңа мектепке атамның есімін берді. Үш жыл бұрынғы салтанатты шараға өз әкем – Қаматай (онда көзі тірі еді), балам Шыңғыс қатысты. Ескерткіш орнату, мұражай ашу мәселесін Үкімет қолдамады. Егер ашылса, өзім-ақ басшылық етер едім. Балам Шыңғыс та осы жұмысқа кіріспек болып, құлшынып жүр.

Отбасы мүшелері: оңнан солға қарай – Бәтес Ыдырысқызы, Жұмабек Ахметұлы, немересі Шыңғыс, келіні Роза Қаматайқызы, ұлы Саят.

- Аршалы ауданына атаңыздың есімін беру туралы да ұсыныс айтылып, халық дауыс жинап жатқан көрінеді. Бұдан хабардарсыз ба? Өзіңің қалай қарайсыз?

- Хабардармын. Ауданға атамның есімін берсе – нұр үстіне нұр болар еді. Менің өз әкемнің де, қайын атамның да туып-өскен жері – Аршалы ауданындағы Мартыновка ауылы. Жібек жолына жақын жерде. Кейбір деректерде Бабатайда туған деп шатастырып жүр. Өкініштісі, Мартыновкада атамның тұрған үйінің орны да, белгісі де жоқ. Шымкенттегі тұрған үйінде ғана тақта орнатылған. Өз ұлтына шексіз берілген қайраткерді лайықты деңгейде ұлықтай алмай келеміз. Мысалы, Целиноградтың елорда болатынын атам білген. Ақмоладан үйге қонақтар келгенде: «Ақмоланың топырағы өте құнарлы. Ертеңгі күні халық түгел сонда қоныстанады» дейтін. Біле білсек, сол кісінің ерен ерлігінің арқасында еліміздің бес облысы Ресейге қосылудан аман қалды. Әйтпесе, Ақмола Ресейдің қарамағына көшетін еді. Оңтүстік Қазақстандағы екі ауданды Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға беруге қарсылық танытты. Менімше, қазақтың ірі тұлғасына 100 жылдығына орай Халық қаһарманы атағын берсе де артық етпейді.

- Жұмабек Ахметұлының өз ұлты мен елі үшін еткен еңбегі, ерен ерлігі жетерлік. Соның бірі – «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерін жабылудан аман алып қалғаны. Атаңыздың 100 жылдығында сол газеттердің тілшілері Сізге хабарласып, аман-саулық сұрасып, сұхбаттасуға шақырды ма?

- Жоқ! Ешкім хабарласқан да, келген де жоқ.

- Алғашқы сұхбатымызда Сіз қайын атаңыздың үйде, түзде қандай адам болғаны жөнінде әңгімелеген едіңіз. Жұмабек Ахметұлының мінез-құлығындағы, жан-дүниесіндегі тағы қандай өзгешеліктерді айтар едіңіз?

- Өте батыл, сергек, қонақжай, еңбекқор, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді жан еді. Бірде үйдегі адамдардан оны Мәскеудің Қазақстанның бірінші басшысы болуға дайындап жүргенін естідім. Екеуміз шәй ішіп отырғанда: «Папа, Сіз не себептен Н. Хрущевке қарсы шықтыңыз?» деп сұрағанымда: «Маған орынтақ та, лауазым да керек емес. Елімнің, жерімнің тұтастығы керек. Соны сақтап қалғаныма еш өкінбеймін» деді. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Д. Қонаевтың бес облысты Ресейге беруге келіскенін де үйдегілерден естідім. Айтпақшы, Н. Хрущев, Д. Қонаев және Ж. Тәшеневтің арасындағы әңгімені атам 1986 жылы «Оқжетпесте» емделіп жатқанында қызметтес інісі М. Елеусізовке жолдаған хатында жазады. Қонақжайлығы ерекше еді. Ешкімді есікте күттірмей, өзі қарсы алатын-ды. Таң қалғаным, өзін жұмыстан шығарғанда теріс айналған адамдарды да дастархан жайып, күтіп алды. Үйге сантехник келсе де тамақтандыратын. Адамды бай және кедей, лауазымды және лауазымсыз деп бөлген емес. Үсті-басын өте таза ұстайтын. Ас бөлмеде шыбын көрсе, асын ішпейді. Тәшеневтер отбасына алғаш келін болып түскенімде енем Бәтес Ыдырысқызы ұшып жүрген шыбынды көрсе: «Тез өлтір» деуші еді. Енем атама бірде-бір қарсы келіп көрген емес. Папам (атасын осылай атаған) көп оқып, көп жазатын. Сүйікті ісінің бірі – аңға шығу. Оған екі күн бұрын дайындалады. Мылтығын, киімдерін жақсылап тазалайды. Өнерге де жақын болды. Үйге қонақ келсе, асты-үстіне түсіп, күтетін. Өзі асаба болып, ән де шырқайды. «Гори, гори, моя звезда!», «Туған жер» деген әндерді беріліп орындайтын. Туған-туысқа аса бауырмал, кезкелген адамға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын жан еді. Ақша, байлық, дүние-мүлік жимаған кісі. Қайтыс болғанда бірде-бір баласында мәшине болмады. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болса да өзіне үй салмаған. Шымкенттегі үйімізді аларда енем Л. Брежневке хат жазды. Бұл іске КСРО-ның дөкей басшысы араласқан соң ғана үй алдық. Кезінде туған елінің аумағын қызғыштай қорғаған батыр ешкімге керек болмады. Франция президенті сыйға тартқан алтын сағатын ломбардқа өткізіп, маған тері тон сатып әпергені бар. Ізгілікті істерін тізе берсем – таусылмайды.

Сыр-сұхбаттан соң, тағы екі тараптың ой-пікіріне құлақ салдық. Алдымен Мәжіліске бас сұқтым. Өткен жылы Ж. Тәшеневтің есімін мәңгі есте қалдыру туралы Үкімет басшысы К. Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған Жексенбай Дүйсебаевпен жүздестім. Депутат ағамыз бір топ елордалық ардагердің өтінішімен Астананың бір мектебі мен көшесіне көрнекті қайраткердің есімін беру туралы сұрапты. Премьер-Министр жауап қайтарып, Петропавл қаласындағы №20 қазақ орта мектебіне Ж. Тәшеневтің атын беру туралы мәселені Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссия қарап, оң шешім шығарылғанын айтыпты. Астанадағы ономастикалық комиссия №10 гимназияға қатысты осындай мәселені қолдап, мәслихат сессияның қарауына енгізген. «Мен өз міндетімді атқардым. Ендігі іс комиссия құзырында» деді Ж. Дүйсебаев. Оның пайымдауынша, қоғам қайраткерінің 100 жылдығын өңірлер (Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары) жеке-жеке атап өтуге тиіс. Бір таң қалғаным, Жекең Ж. Тәшеневтің елордада көрмесі өткенінен хабарсыз екен.

Үшінші тарап – қалалық әкімдікпен сөйлесе алмадым. Оның орнына Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Айна Ермекқызымен телефон арқылы тілдесіп, біраз жайға қанықтық. Шыншыл басшы ескерткіш орнату, мұражай салу мәселесі әзір шешілмейтінін жасырмады. «Еңселі мұражай ашуға кем дегенде 5 млн. теңге қажет. Аудандық бюджет ондай шығынды көтере алмайды. Ескерткіш те солай. Біздің тындырғаны ісіміз – Аршалыдағы №3 қазақ мектебіне Ж. Тәшенев есімін беру туралы ұсыныс бердік. Оны аудандық, облыстық ономастикалық комиссия мақұлдады. Ал республикалық ономастикалық комиссия бұл мәселеге мораторий жариялады. Сондықтан 2015 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа мектептің кіре берісіне Ж. Тәшенев есімін жазамыз деген ниетіміз арман күйінде қалуда» деп күрсінді ол. Айна Ермекқызы аудан әкімдігі 100 жылдыққа орай, биыл күзде №3 қазақ мектебіне қонақ шақырып, үлкен дөңгелек үстел өткізетінін хабарлады. Ол 60 пайыз орыс ұлтының өкілдері тұратын ауданның атауын өзгерту оңайға соқпайтынын ашық айтты. «Вишневканы Аршалы деп өзгертер кезде үлкен айқай болды. Бұл жерде қоғамдық пікірдің әсері мол. Түптеп келгенде мәселенің түйінін мемлекеттік ономастикалық комиссия шешеді» деп сөзін түйіндеді.

 

ТҮЙІН:

 

Бұрынғыдан қалған ескірмейтін есті сөздің бірі мынадай: «Қарақан басының қамы үшін ғана қарекет қылған жан демі таусылған күні өледі, туған елі үшін тер төккен тұлға бақилық болса да көптің көңілінде өмір сүре береді». Мұндай сөз өмірден өткен соң ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген қазақ халқының аяулы перзенті, ардақты ұлы – Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке бағышталып айтылған болуы керек. Ендеше, асылымыздың аруағын ардақтап, оның рухы алдындағы парызымызды орындайық! Өлі разы болмай, тірі байымайды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279