Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 8731 0 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 11:49

ТӘШЕНОВ ОТАРЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ ҚАЙТІП ҚАРСЫ ТҰРДЫ?


Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1960 жылдары Тың өлкесін құрамыз деген желеумен Қазақстанның Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын Ресейге беру жөніндегі Мәскеу саясатына қарсы шыққан отаншыл тұлға. Қайраткер «Ақмола облысы менің кір жуып, кіндік қаным тамған ата жұртым. Одан бергі он екі жыл мұғдарында Солтүстік Қазақстан облысында түрлі қызметтер атқардым. Ұрпақтан ұрпаққа бағзыдан мирас болып келе жатқан осынау қастерлі мекенде менің ата-анам, ата-бабаларым мәңгілікке тыныстапты. Сонда сіздер белден басып, осынау кең байтақ қасиетті жерімізді басы бүтіндей Ресейге бере салмақсыздар ма? Байыппен ойланып, ақыл тоқтамға келгендеріңіз жөн дер едім, жолдастар! Сіздердің тап осы теріс пиғылдағы өктем шешімдеріңізбен қай қазақтың баласы оңайлықпен келісе қояр екен? Мен аталған дөңайбат мәселемен келіспек түгіл, оның күн тәртібіндегі қойылымының өзіне үзілді-кесілді қарсылығымды білдіремін!» деп ұлт наразылығын білдірді.

Ұлттық қасиеттерден нәр алып өскен Жұмабек Тәшенов Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Екінші жалпы қазақ сиезіне арнайы шақыртқан милләтшіл Нұрлан Қияшұлындай кескекті ердің сойынан екенін атап өтуіміз қажет. Әлихан Бөкейхан «…Бұл болып жатқан оқиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ елі сезе қоймайтын шығар. Оқиғалардың сүреңі жаман: қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек…

Алаш баласының басына бір сын, бір күн туды» [Қараңыз: Екінші жалпы қазақ сиезі // Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы – Полное собрание сочинений в 9 томах. / Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлыұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. 419-бет.] деп аласапыран дәуірде елге қорған, әлеуметке тұтқа болу барша саналы азаматтардың басты міндеті екенін жеткізді. Міне, азаматтық тұлғасы ұрпақтар сабақтастығының тағылымында қалыптасқан Жұмабек Ахметұлы қазақ баласы сыналар сол бір Хрушевтік билік ойран салған сойқанды жылдары бабалар аманатына адалдық танытты. Ел мен жер тұтастығын сақтап қалудағы перзенттік парызына ар биігінен келіп, ұлт құрметіне бөленді.

Қазақ жерінің бөлшектенуіне жол бермей, ұлы орыстық шовинистік өктемдікке қарсы шыққан Жұмабек Ахметұлы Тәшенов тоталитарлық жүйенің қан қасап зардаптарын қоғамға жеткізуде батыл көзқарасын білдірді. «Жылымық» жылдарында сталиндік жеке басқа табынушылық қасіретін әшкерлеуде айқын азаматтық ұстанымда болып, партиялық талаптың қасаң қағидаларына шырмалып қалмады. Соның нақты дәлелі 1956 жылдың 19 наурызында Жамбыл облыстық партия активі мәжілісінде жасаған «Советтер Одағы Коммунистік партиясы ХХ съезінің қорытындылары және Жамбыл облыстық партия ұйымының міндеттері туралы» атты баяндамасы [ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат. 1109-қор, 3-тізім, 370б-іс, 80а бума].

Сталинизм зұлматын ашуда нақты тарихи деректер мен дәйектерге сүйеніп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргінде «халық жауы» деп айыпталғандардың нақақтан-нақақ заңсыз жазалғандарына шындық сәулесін түсірді. «Установлено, что многие партийные, советские и хозяйственные работники, которых обвинили в 1937-38 годах во вражеских действиях, в действительности никогда врагами, вредителями не были, они были оклеветаны, а иногда, не выдержав зверских истерзаний во время следствия, сами на себя наговаривали всевозможные тяжкие обвинения». Сұрапыл соғысы жылдарында саяси билік тарапынан жіберілген қателіктерге сын көзімен қарап, қан майдандағы сәтсіздіктердің басты себебін атап көрсетті. «Единовластие Сталина приводило к особо тяжким последствиям в ходе Великой Отечественной войны».  

Кеңестік идеология тудырған жалпыадамзаттық ауқымдағы қасіретке үңілген Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атамыш баяндамасында «Сталин нарушал Ленинский принцип национальной политики Советского государства» деп ұлттық саясатқа қатысты орын алған қателіктерге ерекше екпін жасады.

Сталинизмнің қанды саясатын айыптаған қайраткер баяндамасындағы ерекше назар аударылған түйінді мәселердің бірі депортацияланған халықтардың тағдыр-талайы еді. «Речь идет о массовых выселениях из своих родных мест населения» деген өзекті пікірін өрбіте келе, «Так в конце 1943 года, когда на фронтах Великой отечественной войны определился прочный перелом в пользу Советского Союза, принято было и осуществлено решение о выселении с занимаемой территории всех карачаевцев. В конце того же года такая учесть постигла всего населения Калмыцкой Автономной Республики. В марте 1944 года выселены были со своих родных мест все чеченцы и ингуши, и Чечено-Ингушская Автономная Республика была ликвидирована. В апреле 1944 года с территории Кабардино-Балкарской Автономной Республики выселены были в отдаленные места все балкарцы, а сама Республика переименована в Кабардинскую Автономную Республику» деп кеңес қоғамын жайлаған имансыз саясаттың сан ұлт пен ұлысты қаншалықты қасіретке салып отырғанын бүкпесіз баяндады.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов ерекше тоқталған депортация тақырыбы КСРО тарихындағы шеңгелінен қан сорғалаған әрі ызғарлы сұсы жан шошытатын қылмыстың бір ғана парасы. «1920-1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру - сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жетті» [Уикипедия - ашық энциклопедиясы].

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұрынғы КСРО да барлығы 61 ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің байырғы тарихи атамекендерінен қиянатпен ажыратылып, жат жерлерге күштеп көшірілді. Кеңестік идеология тарапынан саяси «сенімсіздік» білдірілген неміс, қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және қырым татарлары Қазақстанға зорлық-зомбылықпен қоныс аударылды. Мәселен, 1943 жылдың 12 қазанында Қарашай автономиялы облысынан қарашайлықтарды Қазақ КСР мен Қырғыз КСР күштеп қоныс аударуға қатысты КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығы шықты. Соның барысында 69 267 қарашай депортацияланды. (1939 жылғы санақ қорытындылары бойынша Қарашай автономиялы облысында 70 301 қарашай болған). Оның 50 % балалар мен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 30 % әйелдер еді. Өз кезегінде Қырымнан 228 543 адам күштеп көшірілген болса, оның 191 014 ын қырым татарлары құрады.  

1944 жылдың 24 ақпанында қанды қол Берияның балқарларды тарихи мекенінен айыруға қатысты НКВД ның «Кабардин-Балқар АСР нан балқар халқын қоныс аудару іс-шаралары туралы» («О мероприятиях по выселению из КБ АССР балкарского населения») зілді бұйрығы шықты. Сол жылдың 8-9 наурызында бүтіндей бір ұлттың шаңырағы шайқалып, бастарына қара бұлт үйірілді. Сол бір шектен шыққан зобалаңда балқар ұлтының 40% қынадай қырылды. Бар жоғы екі  күнде 37 713 балқар 14 вагонға малша тоғытылып, қияндағы өлкелерге жөнелтілді. Қырағы бақылау мен темір тәртіптегі қадағалауға алынып, өксікте жүріп ит өмір кешті. Міне, Жоғары Кеңес Президиумының 1956 жылдың 17 қаңтарындағы Жарлығына сай 1936 жылы күштеп қоныс аударылған поляктардан, ал 1956 жылдың 17 наурызында қалмақтардан, 27 наурызда грек, болгар және армяндардан, 18 сәуірден қырым татарлары, балқарлар, түрік-месхетиндіктер, курд және хемшилдіктерден, 16 шілдеден шешен, ингуш және қарашайлықтардан құқықтық шектеушіліктер алынып тасталды. Алайда олардың Отандарына қайта оралуына қатаң тиым салынып, белгілі бір аймақта жүріп тұруларына құқықтық шектеулер қойылды. Тек 1957-1958 жылдары ғана қалмақ, шешен, ингуш, қарашай және балқарлардың ұлттық автономиялары қалпына келтіріліп, тарихи мекендеріне оралуға рұқсат етілді.

Тұтастай алғанда, 1937-1944 жылдар аралығында Қазақстанға 1 109 мың адам депортацияланды. Қазақстандағы әрбір бесінші адам күшпен қоныс аударылушы болды. Олардың ар-намыстары аяққа тапталып, ұлттық құндылықтары мансұқталды. Туған халқының тарихи атауын атауға тиым салынды. Оны 1944 жылы ұлтының депортациялануымен байланысты майданнан шақыртылып, саяси қыспаққа алынған қалмақ ақыны Давид Кугультинов (Көглтин Дава) «От правды я не отрекался» (1956) өлеңінде: «В то время гнев несправедливый, дикий Нас подавил…И свет для нас потух. И даже слово самое – «калмыки» – Произносить боялись люди вслух» деп жеткізді. Ұлт мүддесін  қорғаған ақын атақты 58 баптың 10 тармағаммен сотталып, Сібірге 15 жылға жер аударылды. 1956 жылы ғана туған жеріне оралды. 

1944 Қазақстанға арнайы қоныс аударылған ұлт өкілдері кеңес саясатының озбырлығына қайтпас қайсарлықпен қарсылықтарын білдіріп отырды. Имансыз биліктің тепкісінде езіліп, тағылықпен бұғақталған мүскіндердің шемен шері өлең болып өрілді. Бұл ретте балқар поэзиясының негізін қалаған ақын Кязим Мечиевтің кеңестік саясат қылмысын айыптаған өршіл рухтағы өлеңдері қазақ топырағында туды.

1944 жылы Талдықорған өңіріне қандастарымен бірге қоныс аударылған қайсар ақын «Тәуекел етейік біз бүгін», «Өсиет», «Жарлы халқым» өлеңдерімен қуғын-сүргінде жаншылған балқар ұлтының қайғы-қасіретін жүрегі қарс айырыла отырып жырлады.

«Кругом жестокий вихрь, тяжелый снегопад,

Но горы, как всегда, без трепета стоят.

В годины бедствия, тревоги и невзгод

Учись у наших гор, несчастный мой народ».  (С.Липкин аудармасы).

 

«Айнала ала құйын, дүлей апат қарлы мұз,

Тұр ғой әне, мызғымастан шың мен құз.

Зұлмат, нәубет төнген қилы кезеңде,

Үйрен содан, сорлы халқым, кезген түз». (Аударма авторлардікі).

 

«Я молю тебя, господи, ныне:

Лучше в камень меня преврати,

Но остаться не дай на чужбине,

К моему очагу возврати!» (1939).

 

«Дұға тілеп, бір өзіңе еттім мәніжат:

Қара тасқа айналдыршы шегендеп.

Жат өлкеде қалдырмашы, құдырет,

Оралдыршы ата жұртқа, аманат!». (Аударма авторлардікі).

1945 жылдың 15 наурызында құсадан өмірден өткен шерлі ақын мүрдесі 1999 жылы тарихи Отанына жеткізіліп, Нальчик қаласында қайта жерленді.

1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947 -1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының бірінші  орынбасары, 1948-1952 жылдары облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Жұмабек Ахметұлы Қазақстанның түкпір-түкпіріне күштеп қоныстандырылған ұлт пен ұлыстардың қайғы-қасіретке толы тағдыр-талайымен етене таныс болатын. Сондықтан шерменде жандардың саяси тұрғыдан ақталып, тарихи Отандарына оралуларына риясыз тілектестігін білдірді. Қызыл қырғын шеңгеліне ілігіп, аяусыз қудаланған ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарының тезірек қалпына келтірілуіне саяси биліктің назарын аудартты. Сталинизм жендеттері тарапынан бұрмаланған демократиялық құндылықтардың сақталуына екпін жасап, ГУЛАГ жүйесіндегі аяр қоғамның ізгіленуіне ой салды. Әділдік, теңдік қағидаттарының заңсыз бұрмаланып отырғанына күйінді. 1934-1960 жылдар аралығында ГУЛАГ-тың еңбекпен түзеу лагерлеріне 15-18 млн. адам тоғытылып, аштық пен түрлі аурулардан 1,5 млн. өлім құшты.

1956 жылы сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия төрағасы болып сайланған Жұмабек Ахметұлы Қарағанды облысындағы КарЛаг еңбекпен түзеу лагерінде жазықсыз тепіріш көріп отырған сан мыңдаған тұтқындардың тамұқтағы өмірімен танысады. Қан жұтқан мүскіндермен бетпе-бет жүздесіп, әділдік, теңдік қағидаттарының бұрмалануындағы заңсыздықтарға көз жеткізеді. Қуғын-сүргін құрбандарына рақымшылық жасауға барынша күш салып, мемлекеттік құзырлы органдардың назарын аудартады. Өйткені аталмыш комиссия құрамына прокуратура, партия және кеңес қызметкерлері және де ең бастысы қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілген болатын.

Зорлық пен зобалаңның қыл көпірінен өткен лагерь тұтқындары комиссияға сан жылдар бойы қордаланып қалған шемен шерлерін тарқатады. Қорлық пен қысастық, азап пен қинау, қиянат пен озбырлықтың небір жан түршігерлік қияпатын көрген олар отызыншы жылдар ойранында өктем заңсыздықтарға, төбе шашың тік тұрар қан қасап қылмыстарға жол берілгенін күңірене отырып жеткізді.

Жұмабек Ахметұлы Қарағанды лагерінде тексеріс жүргізу барысында өз көзімен көрген сталинизм қасіретін туған ұлы Саятқа әңгімелеп берген болатын. Бұған қатысты Саят Жұмабекұлы әке сырының жан тебірентер көңіл толқынын былайша өрбіткен ді.

«Қарағанды олбысында орналасқан лагерге жол тарттық. Гитлерлік өлім лагерлерін еске салатын ҚарЛаг жағдаймен танысу барысында заңсыз жазаланып отырған тұтқындағылардың тамұқ отының небір тозағынан өткенін ұғындым. Комиссияға шақыртылған қуғын-сүргін құрбандары сталиндік жүйеде қандай адам төзгісіз ауыр күйде болғандарын, лагерь күзетшілерінің жыртқыштықпен азаптап, тағылықпен ұрып-соғуын, арсыздықпен арандатуларын көз жастарын көлдетіп тұрып айтты. Тепіріштің небір сойқанын көрген қазақтың көне көз ақсақалын шақыртып, түрмеге қалай түскенін сұрастырдық. Сөйтсек әбден қаусаған қария «Троцкизммен» айыпталған екен. Сол бейбағыңыз Троцкийдің түрін түстеп көрмек түгіл, атын да естімеген болып шықты. Жаналғыш лагерь жүйесінің қан қасап тезінен өткен мүскіндердің жай-күйімен жан-жақты танысу мақсатында тағы бір тұтқынды алдырттық. Ол менің айтар жаубым осы дегендей тоз-тозы шыққан киімін шешіп, қаусаған қабырғасы мен сынған тістерін көрсетті. Мұндай көрініске ұзақ сонар қарауға комиссия мүшелерінің дәті жетпеді...

…Жазықсыздан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтауға қатысты құрылған комиссия жұмысы барысында біздің алдымыздан жаны мен тәні қорланып, аяусыз жаншылған небір бейкүнә бейбақтар топ тобымен өтіп жатты. Нақақтан нақақ «халық жауы» деген қарғыс таңбасы танылған олардың ауыр тағдыр-талайына зар еңіреп шерлі отбасы, қайғыдан белдері қайысқан әке-шешесі, қара жамылған сүйген жарлары, күйікті апа-қарындастары қала берді…

Ақтау комиссиясының төрағасы болған бір ай мұғдарындағы жұмыс барысында сталиндік темір тәртіптің адамдардың тұла бойында аса жиіркенішті де аяр мінезді кесепаттарды соншалықты қоздырып жібергеніне сенер сенбесімді білмей дал болдым…” (Қараңыз: Ташенов Саят Жумабекович. Слово об отце // “Ж.Тәшеновтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие: Жинақ. – Астана: “Чернобылец” – жарымжандар қоғамы ЖШС , 2012. 118-118-беттер”).

Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде төраға қызметін атқарып жүрген уақытта сталинизм құрбаны болған ұлт зиялыларының ақталуына күш салып, олардың ағайын туысқандары, отбасыларына көмек көрсетуі, әсіресе «халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабайұлының жұбайы Зылиха анамызға Алматыдан пәтер әперуі үлкен ерлік болып табылады. 

Елін сүйген қайраткердің ғибратты ғұмыры ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің өшпес үлгі-өнегесі болып қала бермек. Ақтық демі таусылғанша ата-бабаларымыздың ел мен жер қорғау аманатына адалдық танытқан Алаш перзентінің отаншыл тұлғасын қастерлеу ұрпақтың басты парызы деп білеміз. 

Сол бір қанды жылдардың ақиқатын жеткізіп, тоталитаризм зардаптарын айыптаған қайреткердің өзекті ой-толғамдары Отан тарихын кешенді зерттеудегі ғылыми ізденістерге қуатты серпін берері сөзсіз.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұлов. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, “Алаш” мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530