ЛОНДОНДА А.АТАБЕКТІҢ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Unite the Union кәсіподағының Лондондағы штаб-пәтерінде түрмеде отырған қазақ ақыны және диссидент Арон Атабектің өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.
Ағылшын тілінде шыққан Re-Zona-Nce атты ағылшын тіліндегі жинаққа Атабектің «РЕ-ЗОНА-НС» топтамасындағы өлеңдері енген. Орысшадан ағылшын тіліне ақын Найал МакДэвид пен музыкант Әлфия Нақыпбекова аударған. Жинақтың тұсаукесері Жаңаөзен қаласында 2011 жылдың желтоқсанында болған оқиғалардың 4 жылдығына орайластырылған.
Арон Атабек 2006 жылдан бері түрмеде отыр. 2007 жылы Арон Атабек (ресми аты-жөні— Арон Едігеев) Алматыдағы Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. 5 жылдан астам уақытын жалғыз адамдық камераларда өткізді.
Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныды. Арон Атабек абақтыда отырып Қазақстанның демократиялық қоғамының «Бостандық» сыйлығына ие болды. 2010 жылы ол халықаралық «Шығармашылық бостандығы» (Freedom to Create) сыйлығының «Түрмедегі жасампаз» аталымы бойынша лауреат атанды.
Абай-ақпарат