ҚЫЗЫҚ, Ә?
Осы біздің қазақ туралы қандай ғана сөз жоқ?!. Ерінбей, жалықпай тізіп жазар жан табылса, қалыңдығы бармақелі кітап болар еді. Мен соның бірер бетіне жетерді айта алатын сияқтымын, бірақ олардың қалай, нешеуі өзімдікі, нешеуі өзгенікі екенін білмеймін, тұтас шатысып жатқан қоғамдағы бір менің шатысқаным кінә да, күнә да бола қоймас.
Сонымен:
- қазақ қойдан да жуас, басын басып кетсең де қыңқ етпейді;
- қазақтың ағайынға қайырымы жоқ;
- қазақ барыңда – көре алмайды, жоғыңда – бере алмайды;
- қазақ байыса, қатын алады;
- қазақ жоғарыдағынының балағынан тартады, төмендегінің төбесіне түкіреді;
- қазақ бір кебісті бір кебіске сұқпай отыра алмайды.
- қазақ қолынан келгенде қонышынан басады, келмегенде, тойып отырып қарны ашады;
- қазақ жалқау: жатса – тұрғысы жоқ, тұрса – жатқысы жоқ;
- қазақ...
Жә, осы жерде аялдайын да, қалғанын айтпақ әңгімемнің о тұсы мен бұ тұсына сыналап отырайын. Ал айтпағыма себепші болған пенде – жер-көктегі жалғыз жездем Жалпақбас шал. Шіркін-ау, басының аты затына сай болсашы, қайдағы Жалпақбас?! Бізбен іргелес елдердің біреуіндегі президенттің... қап, елінің де, президентінің де аттары есіме түсер емес, сірә, қартая бастағаным рас шығар. Е, мейлі, бүкіл Қазақстанда мен ғана қартайдым ба... ә, иә, әлгі елдің сол президенті ешкібас қой, менің жездемнің де басы дәл сондай, кәдімгі ешкібас! «Қазақ баласын ат қоя алмайды». О, міне, қазақ туралы тура сөздің бірі осы! Мысалы, менің құдамның құдасының балдызының жиені былтыр тұңғышына – қыз балаға «Саммит» деп ат қойды. Мен оған телефон арқылы «Балаңның бауы берік болсын!» айтып: «Ау, жиен, «Саммитің» не деген сөз?» десем, ол: «Мәскеуде жиырма елдің президенттері халықаралық саяси жиналыс өткізді емес пе? Ондайдың «саммит» деп аталатынын шынымен білмейсіз бе? Мен қызымның атын соның ашылу құрметіне «Саммит» деп қойдым! – деді, мен түсіне алмас біртүрлі үнмен. Қызық, ә? Мен ішімнен: «Е, ешкібастардың сөз жәрмеңкесі десеңші?» дей салдым...
Ал жездекем телефонының тұтқасын жарып жібергісі келгендей бір жөткірініп алып:
– Кешегі «Дат» гәзетінің алтыншы бетінде шыққан «Биліктегілердің бизнес-империяларын халық біле ме?» деген материалды оқыдың ба? – деді.
– Жоқ.
– Қазақ гәзет оқымайды, кітап та оқымайды! – деді, құдай біледі, ежірейіп және қазақ туралы екі сөзді біріне бірін тіркеп айтып. Әй, жездеке, қызықсың, ә?
– Әйтеуір, Жалпеке, бәрін оқитын қазақ өзің ғанасың, кәне, оқып жіберші!
– Шының ба? – Жалпекеңнің дауысы жарықшақтанып шықты.
– Шыным болмаса да, расым.
Жауабымда шаруасы болған жоқ, гәзетті құшақтап отырса керек, оқи жөнелді. «Жөнелді» жай сөзім ғой, кетеуі кеткен «кетік-тыртық-жыртық» жолға түскен ескі жүкмәшінше дарылдап-барылдап, сүтпісірім уақытта ақырғы ноқатына жетті-ау!
– Жездеке, жүз жаса! Тыңдадым, түсіндім. Енді телефоның да, өзің де дем алыңдар, аман-сау болыңдар!
– Жо-жоқ, тоқта, тоқта! – деп Жалпекең баж-бұж етті, құдды маған қарай жүгіріп келе жатқандай-ақ. Қызық, ә?
– Е, не болды? Пойызың кетіп бара ма? – дедім, еріксіз күліп.
– Мен, немене, мынаны текке оқыдым ба? Сенің ойыңды білейін деп әдейі айтып, әдейі оқыдым, кәнеки, қалай жазыпты, дұрыс па, бұрыс па, давай, ойыңды айт! – деді, дауысының «жарықшағы» жымдасып болғандай таза үнмен, әрі шапшаңдау сөйлеп. Қызық, ә?
– Өзіңше қалай?
– Дұрыс жазылған, екі рет оқыдым!
– Солай ма? Ендеше бір рет қана тыңдағанның пікіріне шеміршек құлағыңды түр, тек сұрағыңды сұққыламай отыр. Бұрыштаманы содан соң соғасың, келістік пе, жездеке?
Ол үндемеді. «Қазақ ішін бермейді». Мен «жолға шықтым»:
– Жалпеке, саған жауабымды мен де әнші Роза апамыз «ақ патшалап» кеткен кісіден бастайын. Ол андағы мақаланың тысында болмаса да, астарында бар. Однако, өзің де білесің, қыздары мен күйеубалаларын жарылқамаса, несіне әке, қайыната болады? «Мұхаммед пайғамбар да күйеубаласын сы йлаған». «Қазақтың гүлі – қызы». Бәріне жол ашып берді, қолдарына ілінердің де, ілінбестің де бәрін жиып-теріп алып, жалтақтамай, жасқанбай, қорғанбай тайраңдай беруге тиіс екендерін, өздеріне өзінің тасқамал қорған болатынын ұқтырды. Менде сондай «крыша» болса, баяғыда-ақ біздегі анау миллиардерлердің алдына шығып, зейнетке шықпай қояр едім! Ал інілерімді ұшпаққа шығармасам, аға болып әурем не?! «Қазақтың ағасы – жағасы да, інісі – тынысы». Күйеубалаларының да есеп-қисабы түзу болған, кімнің қызына қызығуды, «екі жерде екі – төрт» екенін құйрықтарын басқан кезде-ақ білген шығар, институттың есігінен шыға бере миллиардер болды емес пе?! «Қазақ қатын алмаған, қайын алған». Сондай-ақ, мақалада «ақ патшаның» жиендерінің де шылқып жүргендері айтылыпты. Шылқуларына жәрдем жасамаса, нағашылығында не сән бар?! Қызық, ә? «Қазақтың бір өрісі – жиені». «Қазақтың үш жұртының бірі – нағашысы». Түсінікті. «Аузыңа шайнап салып бергендей»!.. Содан кейін ол кісі кейбір министрлеріне, әкімдеріне ерекше бас-көз болуда деген сыңай бар. Әй, қазақ, қызықсың, ә? Өйтпесе, президенттігінде қасиет бола ма?!. Ал министрлері, әкімдері балаларын тез байитын жерлерге тықпалап жүр деп жазыпты. Қызық, ә? Оу, бақа екеш бақа да, солардың жаратылысын зерттеуші ғұламалардың айтуынша, көкшақа бақашығына жылы шалшық ідейді екен, егер анау министрлер мен әкімдер балаларының бай болуын көздемесе, министр, әкім болғандарынан не пайда? Жалпы бар ғой, Жалпеке, тырп етпей тыңдап отырсыз, рахмет, ендеше, жездеке, біздің бүгінгі сонау билік басындағылар мен айналасындағылардың миллиардер, миллионер болғандарын, сондай-ақ, болатындарын бәріміз аяқ-қолымызды бірдей көтеріп қостауымыз, қолдауымыз керек. «Неге?» десеңіз, ашып айтайын, «қазақ кейде турасын айтады»: егер билік басындағылар, олардың қойын-қонышындағылар шылқа бай болмаса, халқының жартысы кедей болып отырған Қазақстанның экономикасы қазіргідей дамып, дүние жүзін қызықтыра алар ма еді? Қазақстан жер бетіндегі аса бай он елдің ортасына ертең еніп кетуге бүгін дайын отырар ма еді? Ал, кәне, құрметті Жалпеке, ендігісін өзіңіз айтыңызшы!
Жездем телефонының тұтқасына бір мысқал күрсініс салды да:
– Сен президентіміздң жолдауларын, сұхбаттарын, одан бұрын анау әлгі... оң жақтағы ма еді, сол жақтағы ма еді... елдің ешкібасының сөздерін тыңда, оқы, мәселе сонда, – деп күбірледі де, телефонын бұқтырды. Қызық, ә?..
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Abai.kz