ІЛИЯС ОМАРОВ. АҚЫН САРА
Ақын Сара туралы құнды деректер тауып, әдеби ортаға ұсынған өлкетанушы, қаламгер Тәңірберген Қалилаханов еді. Алдымен аз-кем сөз осы бір абыз қарт туралы болсын.
Қалилаханов Тәңірберген 1916 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. Жазушы, драматург. Әкесі Қалилахан Нұрмолдаұлы Қазақ халқының азаттық күресінің майдангері. Қалилаханов Тәңірберген Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер, Ақсу театрында директор болды. Екінші дүниежүзілік соғыста қос жанарынан айрылса да, зерттеу жұмыстарынан қол үзбеген. Ақсу ауданы газетінде редактор болды. Қалилаханов - ақын Сара шығармашылығын зерттеушілердің бірі. «Ақын Сара» кітабының авторы. Жазушы қаламынан туған «Қазақнама» – үш томдық тарихи зерттеу, «Абылай аманаты», «Алтын бесік» пьесалары Талдықорған облыстық қазақ драма театрының сахнасында қойылған. Тарихи тақырыпта жазылған «Қазақ кағанаты», «Қара шаш» пьесалары бар. «Қыпшақ» ертегі драмасының, «Әсет - Мақпал» либреттосының, «Ақын Сара» киносценарийінің авторы. Тарихи-танымдық мақалалары мерзімді басылымдарда жарияланған. Жазушының «Түп төркін», «Хандар шыққан Қарадан» тарихи хикая әңгімелер циклі, «Қош, қонақ жай дүние», «құда құрмет», «Балаларыма» деген өлең-поэмалары бар.
Тәңірберген Қалилаханов – Талдықорған қаласында, Қосағаш ауылында, Жансүгіров кентінде акын Сараға ескерткіштің орнатылуына ұйытқы болған азаматтардың бірі. Акын Саранын образын зерттеу максатында талай жерлестермен кездесіп, тұлғаның бейнесін, оның өмірін жан-жақты саралап шыққан қазақ елінің бір тума перзенті. Осы бір қайраткер жанның, талантты адамның еңбегіне кезінде сараптама жасаған Ілияс Омаровтың мақаласын бүгінгі оқырманға қайыра ұсынғанды жөн болар деп санадық.
АҚЫН САРА
(Ілияс Омаровтың мақаласы)
Сараның атын білмейтін адам жоқ. Бірақ сол Сара жөнінде бұрын-соңғы лақапты былай қойғанда, ғылыми-зерттеулер жоқтың қасы еді. Жұрттың көпшілігі Сараның тарихта болған адам екеніне күдіктенбесе де, қалдырған еңбектері белгілі болмаған соң, шын дарынды ақын болғандығына шүбәланатын. Тіпті, белгілі Біржан мен Сараның айтысын біреу болды деп, біреулер болмады деп бір пәтуаға келмей жүретін. Осындай жағдайдың боларын тегі зирек Сараның өзі де алдын ала білген сияқты, «Қош бол, елім» деген ұзақ өлеңінде Сара:
Мен риза – риза шығар жұрт та маған.
Сезе ме тұщы-ащыны ұрттамаған,
Ақ жүзім күзгі гүлдей солғын тартты,
Күн қаққан шүберектей жұртта қалған.
... Дүниеге келіп кетер әркім қонақ,
Солардың біреуі мен – өмірі шолақ,
Сырықтан қызық жасап ала алмайтын
Ұқыпсыз болмаушы ма ед кейбір олақ.
Адаммын мен де сондай ұқыбы жоқ,
Тіл бар деп санап жүрген көңіліне тоқ,
Қағазға жалғыз сөзім түспегенсін,
Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп.
Дәм татқан қадірлі елде тартып бұйрық,
Осы бір он ауыз сөз менен сыйлық.
Хикая, кітап жазып бере алмадым,
Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.
Кемді күн қызмет еттім дос жаранға,
Өнерім аз болса да мақтанарға,
Мені де баламыз деп еске ал, жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда.
Кешегі қытымыр заманда зарлап өткен Сараның арман ұшқыны осы өлеңінде айқын көрінеді.
Біздің алдымызда Қапал аудандық газетінің редакторы Тәңірберген Қалилаханов жолдастың «Жұлдыз» журналының 1958 жылғы 5-нөміріндегі мақаласы және «Ақын Сара мен Әріп» деген көлемді қолжазбасы жатыр. Тәңірберген ғылыми қызметте болмағанмен көптеген дерек материалдар жинап, өте бағалы еңбек еткенін атап айту керек. Ғылыми-зерттеуші мамандар үшін бұл материалдардың әлі де талас жақтары болар. Дегенмен, бұл еңбектің құндылығында дау болмасқа керек.
Сара кім? Оның дәуірі қандай? Оның Біржанмен айтысқаны шындық па? Тәңірберген еңбегі бұл сұрақтарға жауап бере алады.
Шынында Сара кім? Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған. Әкесі Тәстенбек Жетісудағы аты-шулы Маман, Тұрысбектердің қоңсысы, кедей адам болып, Сараның жас кезінде дүние салған. Тәңірберген еңбегінде толық келтірілген Сараның өз өмірінен алынып айтылған «Дұзақ» деген поэмасында мынадай өлеңдер бар:
Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй,
Қазандық, көне алаша, тозған қомша,
Жетімсіз жаралы тұрмыс – іштегі күй.
... Жылтылдап сол бір үйден шыққан жарық,
Кейде өшіп, үзіледі, кейде жанып.
Сол үйде тынбайды бір талдырмаш қыз,
Тамызық отқа ұстап отын салып.
Бұл Сараның өз жәй-күйін беретін өзі туралы өлең болса керек. Сараның бір жақын ағасы жүдеу туыстарына жәрдем қыламын деп өгіз ұрлап, соның нәтижесінде шонжарлардың ұйғаруымен Сараны Жиенқұлға атастырмақшы болады. Бұл ұйғарындыны да «Дұзақ» поэмасынан көреміз:
Айыпқа ат орнына тіксін басын,
Өтесін сөйтіп ішкен арам асын,
Жабатын бұл жарлының шапаны жоқ,
Бермесе күңшілікке қарындасын.
Тегі Сараның трагедиясы да, бас бостандығы үшін күресі де өзінен өзі туған осы тартыстан басталады. Сара алдымен барлық мұңын апасына шағады.
Апатай, осы ма еді «қорлық» деген?
«Қорлыққа» көндіретін «зорлық» деген?
Жан шошыр ақсақ, соқыр бір есектің,
Қорланып «қосағында болдық» деген.
Беріп пе ең ақ сүтіңді маған қарғап?
Тауып па ең дүниеге осыны арнап?
Деп жылап, ащы үнімді ағыттым мен,
Апамның құлағын жеп, күн-түн сарнап.
Айып анасында емес екенін білген Сара туған халқына жар салады. Мұнда да тілегі тасқа тіреліп, ол жалпы әйел қауымына теңдік жоқ екенін түсінеді. Бұдан былай өз бас бостандығы үшін күрестің осы әлеуметтік маңызы бар мәселемен үндестігін ақын сезеді. Сөйтіп, он жеті жасар қазақ қызы ХІХ ғасырдың ақырғы жылдарында-ақ әйел бостандығы деген тарихи әлеуметтік маңызы зор ұранға өз үнін қосады.
... Буып та көгендеген ақ тұсақтай,
«Қалыңнан» қыз құтылып көрген бар ма?
... Әйелге бұл заманда атқан таң жоқ,
Не өнеді айтып бәрін зарлағанда.
Әрине, Сараның ең қуатты құралы өлең еді. Қолында бар осы құралмен ол ескіліктің шырмауын шенеуге талпынады.
Түсіндім менің тағдырым көппен бірге,
Жеңіске жете алмайсыз қоспай ірге.
Зар-мұңды көп алдына көрсетейін.
Жалынып ең болмаса қызыл тілге.
... Ортақ мұң әркімнің-ақ ойын тербеп,
Азаттық зары айтылса-ақ арман кернеп,
Намысы әр әйелдің түрткілейді,
«Сараны сайратуға жәрдем бер» деп.
Бұл күресте, әйелдердің әлеуметтік өміріндегі теңдігі үшін күресте, Сара ол теңсіздіктің күре тамырларын таба біледі, оны атап айтуға да батылдығы жетеді. Арсалаң дейтін ақын бастаған бір зор жиында инабаты бар, ара түсе алады деген батыр, билердің Тұрысбектің алдында құрдай жорғалап:
Бәрі де қажы аулының қамын істеп,
Жабысады терідегі шелі майдай, -
дей келіп, дін шырмауына негізделген әдет-ғұрып заңына қарсы шығады.
«Ақ бата», «ақ қой қаны» деген атақ,
Әрқашан көлденеңдеп алда жатад.
Дегенде-ақ «құдай», «құран» құл боласың,
Қайсыңның бұл қамалға қолың батад?!
Қол болып дінге улаған ел жүрегі,
«Бұйрыққа лаж бар ма» деп жүреді.
Көзсіз ел, көргенсізге жем болғанша,
Суға ағып бір күн өлгім кеп жүреді.
Көп нәрсені аңғаратын, байымдайтын Сараның зирек ойы бостандық аңсаған елінің қамын жеке өз қайғысымен бірге ойлайтынында. Келешектен зор үміт күтеді Сара. Бұған тірек болған сүйген жігіті Күсембай мен оның бекетте (пикетте) тұратын досы - орыс шалы Павел. Көшке ілесе алмайтын кедей үйі бекетте тұратын жалғыз үй орыстың жанына келіп, күнелтеді. Сараның бас қайғысын білетін орыс шалы келешектен үміт күттіретін болжаулар айтқан сияқты. Сара ондай бостандыққа қуана сенсе де, бүлк етпей, үнсіз ұйқыда жатқан айналаны көріп, көңіліне көптеген күдік алады. Әйтсе де Сара көңіліне бұдан көп ұғыныстар ұялаған тәрізді.
Жұмбағын Пауыл қарттың жете білмей,
Ойланам оңашада көзімді ілмей,
«Түбінде жетім-жесір жеңед» деген,
Сөздері таңдандырад ішке кірмей.
Айтса рас, солса-дағы қай халықта,
Секілді кедей күйі бір қалыпты.
«Бірлесіп барлық ұлттар жеңіс табад!»
Деген сөз ұға алмаймын шын анық па?
... Осылай күңіренемін есіз үйде.
Бұраймын домбырамды мұңды күйге.
Кеудемді тыныс кере – уһлесем,
Омырауда үзіледі таққан түйме.
Павел қарттың кім екендігін анықтау жақсы болар еді, біз сөз қылып отырған автордың еңбегінде бекет ұстап тұрған орыс шалы дегеннен басқа ол туралы ешбір дерек жоқ. Сараға соншалықты саяси сөз айтқан шал өзінің әлеуметтік өмірдегі орны жөнінен тегін адам болмаса керек. Шамасы сол кездегі Россиядағы саяси ағым өкілдерінің бірі – халықшыл болар ма деп жорамалдаймыз.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан біз Сараның қандай идеялық жоғары сатыға көтерілгенін көреміз. Сондықтан ақын Сараны еліміздің жуырда ғана өткен тарихындағы көрнекті қайраткері деп есептегеніміз жөн.
Мүмкін, Сараның қоғамдық қайраткерлігіне шәк келтірушілер болар. Бірақ, белгілі Біржанменен айтыста да, басқа әдеби деректерінде де Сараның әлеуметтік мәселеге көбірек көңіл бөлгені бой көрсетіп отырады.
Айтыста Біржан:
Жақсыны көрмек үшін деген Сара,
Өзін қойып, ел қамын жеген Сара,-
деп келсе, Сараны көзімен көріп, «Ешкіөлместе» Біржан мен Сараның кездесуінің куәсі болған Шөпшектің Ахметі деген кісі (1928 жылы қайтыс болған) Сараның ақындығы туралы былай дейді:
Сараның ақындығы болды ерекше,
Айтысқа жармаспайтын жәй зерекше,
Жыр қылып заман сырын, тұрмыс мұңын,
____________________________________
Айтады адамдардай жасы кексе.
(Өлеңнің астын сызған біз, І.О.).
«Біржан – Сара айтысын» кітап қылып шығарған белгілі Әріп ақын (1924 жылы қайтыс болған) өзінің Сараға жазған сүйіспеншілік хатында Сараның көптеген сипатын суреттеп, бейнесін жасайды. Мүмкін махаббат оты ұйтқытып, ақынның артық та кеткен жері бар шығар, дегенмен өлеңмен жазылған үлкен хат Сараны көп білетін, оның жай-күйін көбірек аңғаратын, оның басындағы хал-жайды көбірек түсінетін адамның атынан жазылған хатқа ұқсайды. Сондай-ақ, бұл хаттан Сараның зеректігін, аңғарғыштығын, ақылдылығын көреміз. Бір мысал:
Сегіз қыр, сексен сырмен шыңға тартсаң,
Түсінбес айтқаныңа кейбір жасық.
Өрнексіз жөн білмеген надандарға,
Туып ең нақыш беріп, өрнек ашып.
... Кәмелет, өзге жаннан көп санасы,
Әйелдің – әуелінде сіз данасы.
Ақылға ишаратпен айтпай түскен,
Өткір зейін, пікірдің нышанасы.
(Мақаламызда біз өлең мысалдарды көбірек келтіріп отырмыз. Өйткені ақын Сара туралы өлеңсіз пікір айтуға болмайды. Сара туралы айтылған пікірде оның өлеңдерін мысалға келтірмеу алғашқы айтылған пікір үшін қиынға соғады.) Қазақ халқының асыл қызы, ардақты ақыны Сара 17 жасында заман шырмауына ілігіп, ауға түскен балықтай жанталасып, бұлқынған еді. Атағы жас кезінен-ақ тараған Сараның бас бостандығын көксеп, аласұрған жастық дауысы – жан дауысы көп жерге кеткен болуға тиіс. Жетім қыздың жер жарған арманы Әріп арқылы Біржан, Абайлардың құлағына шалынуы да мүмкін. 63 жастағы шал Біржанның Жетісудағы Сараны іздеп келуі, оның ел қыдыру ниеті ғана болмасақа тиіс.
Жоғарыда айтылған Ахмет ақын «Ешкіөлмес» деген Біржан мен Сараның поэмасында Біржанның мынадай өлеңін келтіреді:
Ойда жоқ қуанышпен құмырымда,
Кез болдым «Маман шалдың ұғылына».
Найманның бұлбұл құсын көрмек едім,
Қондырған Қаптағайдың тұғырына.
Біржан мен Сараның жұртқа белгілі, әйгілі айтысы болған ба? Осыған көшейік. Дәл бұл мәселе туралы Қалилаханов өзінің еңбегінде көптеген ақылға қонарлық талдау жасаған. Еңбектегі деректер бойынша 1895 жылы Біржан Жетісу өлкесінде болып, Тұрысбектің үйінде Сарамен кездескен. Ол кезде Біржан 63 жастағы қарт екен. Бұрынғы айтылып жүргендегідей айтыс болмаған, руды мадақтап, Біржанды да, Сараны да бай балалары қылып ескі айтыс дәстүріне түсіріп, өңін айналдырушы Әріп. Мұның шет-жағасын Әріптің Сараға жазған хатынан да көруге болады. Автор бұлай болудың себептерін өзі ашады. Дегенмен Әріпті бұл жөнінде кінәлауға болмас. Себебі, айтыс сол тұрғыдан жазылмағанда оның басылып шығып, жарық көруі де екі талай еді дейді Әріптің өзі. Дегенмен сол басылып шыққан кітаптың өзінде де Сараның Қажыға айтатын арызы, Біржанның Сараға қамқорлық жасап айтқан өлеңдері сол қалпымен қалған. Бұл, әрине, құлақ қоярлық зат. Біз ол өлеңдерді келтіріп жатпаймыз, себебі айтыстың тексті жұртшылыққа кеңінен мәлім. Тек қана жаңа деректер жөнінде бірер мысал келтірейік. Ахметтің нұсқасы бойынша, Біржан «Ешкіөлмеске» жиналған көптің алдында өлең айтып, ән салған. Өзін таныстырып айтқан өлеңдерінің көбі бұрынғы айтысқа кірген көркем ағылмалы өлеңдер, бірақ оны Сараға қарсы айтпаған. Бұл есте болу керек. Әрі ол өлеңнің шындыққа жақындайтын өзгешеліктері бар. Мәселен:
Алпысқа келдік аттап, елу бестен,
Өткіздім ойын-сауық мен бір десте.
Найманға келіп сәлем берейін деп,
Еліңді іздеп келдім «Ешкіөлмеске», -
дей келіп, Біржан Сараны жүзбе-жүз көрісуге шақырып келуін тілейді. Сараны іздеп келгендігі және оны мұң-зардан құтқару мақсаты барлығын Біржанның танысу өлеңінен білуге болады.
Осы ма Наймандағы бұлбұл құсы,
Көп сұрап, жаңа таптым жазы, қысы,
Әуелі қазақшалап көрісейік,
Жарқыным, берірек кел, жасың кіші.
Жақындап жаныма кел, жаным балам,
Найманда ұлдан озып туған данам.
Тыңдайын арманыңды айт, халқыңа,
_________________________________
Алдында Тұрысбек пен Біржан ағаң.
(Өлеңдегі жолдар астын сызған біз, І.О.).
Бұдан кейін Сара шешіліп, көпшілікті өзінің хал-жағдайымен таныстырып, айтқан арыз-өлеңін былайша аяқтайды:
Қажеке-ай, сізге айтарлық арызым сол,
Қапамын бас бостандық алмағанға, -
дейді.
Біржан Сараға өлеңмен зор баға беріп, аяғында Тұрысбекке қарап:
Тұрысбек, той боп қайтсын осы жиын,
Берейін көкпарыңа мен-ақ тиын.
Азат ет халық алдында Сара қызды,
Бір бата көп ұйғарса қанша қиын.-
деп бітіреді. Сараның бір бұғаудан босану тарихы осындай.
Кешегі заманда әйелдердің бас бостандық алу ісі оңай болған жоқ. Уақыт ілгерілемей, тарих өзінің жаңа үкімін айтпай тұрғанда, Кеңгірбай, Құнанбай дәуірінің жібі босамай тұрғанда, бұл тіпті қиын болатын. Сол феодалдық заманды өкпек жел ұрған қардай жентектеген капитализм қоғамының алғашқы стадияларының қазақ даласына кіре бастауы, қараңғылық пен феодалдық-байшылдық қармағында зар илеген қазақ елін ептеп те болса тыныстатқан-ды. Руаралық жанжалға шек қойылып, капиталистік қатынастар бірте-бірте өз дегенін жасай бастаған еді. Бұлар ескі баяулықты жеделдетіп, ілгері ұмтылдыра түсті. Бұл кезде капиталистік қоғам аз да болса қамқорлық жасағансып, оянған халықтың тілегін түгел қанағаттандырмағанмен, халық тепкісіне шыдай алмай, алғашқы мәдениет ошақтары – мектептер ашқан. Бостандық деген сөздің буржуазиялық түсінігін көбірек ауызға алып жүрген жаңа күш пайда бола бастаған-ды. Бұл сөздің жаршылары, әсіресе сауда капиталының өкілдері еді. Жоғарыдағы айтылған жағдайлар олардың шын көксеген нәрселері болмаса да керегіне жарарлық ұрандары болатын. Феодалдық қарым-қатынастарға қарағанда, бұл, әрине, ілгері басушылық (прогресс) еді.
Біздің қазақ даласында «Жұмандармен» қатар «Игіліктер» де шыға бастаған еді. Жетісу өлкесіндегі «Игіліктер» Маман тұқымдары болатын. Бұлар ескі сасық байлар емес, сауда-саттық ісіне кең араласқан жаңа капиталистік сатының өкілдері болатын. Т. Қалилаханов өз еңбегінде Маман тұқымдары жай ғана саудагер емес, олар бір өлкеде басқа бас көрсете бастаған саудагерлерді тұншықтырып, Іле өзенінен Аягөзге дейінгі елге монополиялық право алды дейді. Онымен қоймай татар, қырғыз саудагерлеріне қыздарын беріп, құдандалы болып, сауда-саттық қанатын кеңірек жайған. Соның арқасында Тұрысбек тұқымдары ғана халықаралық рынокке жылына 20-30 мың ірі қара, 150 мыңға дейін қой айдайтын болған.
Түбек ақынның:
... Сары алтын сақалынан аққан Маман.
Болмаса:
... Ерніңнің бүлк еткені ем болады.
Жетсін бе бұдан артық қолың бұлтқа, -
дейтіні осыдан болуы керек.
Әрине, осындай томаға тұйықтықтан арыла бастаған, басқа елдермен қатынасы күшейе бастаған Тұрысбектерге әйгілі Сараны феодалдық шеңгелде ұстап отыру атағына дақ келтіретін таңба болатын болғансын, Жиенқұлдан азат етуге мәжбүр еткізді. Бірақ бұл Сараны ораған шырмаудың бір қабаты ғана болатын. Ендігі қабаты "Әмеңгерлік" еді. Мұны Сара ұға алған жоқ.
Сараның сүйген жігіті Күсембай Павелмен ямщик айдап Омбыға барып қайта оралғанда, Сараның басы бостандық алғанына қуанған еді. Бірақ әмеңгерлік салтымен Сараның басы базарға түскенін көріп, ол ниетінің орындалмасын сезеді. Ол Сараға бір момындау, ауқатты адамға тиюге ақыл беріп, өзі жылқы бағып жүріп, қысқы бір суық боранда қаза табады.
Өзінің басы «Әмеңгерлік» базарына түскенін Сара «Шымылдық» деген өлеңінде сыпаттайды. Ұзынырақ та болса үзінді келтірейік:
... Қажы аулы сол жайлауды көшіп-қонып,
Әркім мәз аяқ-қолын еркін созып,
Қызынған қымыз ішіп бай-манаптар
Қыдырып қыз іздейді қырсық қозып.
Қызды да алдыменен мал іздейді.
Қалың мал бере алатын хал іздейді,
Сондықтан бозбалалар былай тұрып,
Малы көп, байып алған шал іздейді.
- Басы бос, - дейді халқым, - ақын Сара,
Азаттық алған жылап кеше ғана,
Көптеген қызқұмарға болдым душар
«Сара!» деп ынтығатын жүрек жара.
Әуре боп қалмаған жоқ құрық созып,
Бәсеке, бақ таластық намыс қозып,
Басымды шатастырды шал-шақпыт та,
Бірінен аламыз деп бірі озып.
«Құтылмас көптен қоян» деген мақал
Қалжың сөз бірі майда, бірі қатал.
Сөз етпей өкінішті боп жүргендер,
Дейді екен «Бай таңдағыш, бедеу байтал»,
Қылжақ сөз тұс-тұсымнан мазамды алып,
«Әмеңгер» әлегіне басым қалып,
Азаттық алды деген сорлы басым,
Күңіренем тағдырыма күнде налып.
Осындай жүрген кезім көп жылауда
Көкірек шерге толы, көз бұлауда
Қараңғы, айсыз түнде ел аулақта
Отырдым жауап беріп көп сұрауға.
Мұнан кейін Сара Күсембаймен кездескенін сырлы лирикалық өлеңдермен суреттейді. Сүйгеніне қосылуды ойлап, Әріптің үйлену ойымен жазған сүйіспеншілік хатына өлеңмен – сондай әдепті, сондай мағыналы хатпен жауап қайырады.
Ақыры 1897 жылы Сара Бекбай деген кісімен қосылады. Тұрмысқа шыққаннан соң да, Сара талай жиын-топтарда өлең айтады. Кейінде құрт ауруына шалдығып, 1916 жылы 38 жасында дүние салады.
Міне, қысқаша ғана ақын Сараның тарихы осы. Т. Қалилаханов өзінің еңбегінде Сараның 1500 жолдай өлеңін келтіреді. Оның ішінде өз өмірін баяндайтын «Дұзақ» деген поэма, «Жүрек» атты аңыз өлең, «Арсалаң алдында», «Бекіндім», «Шымылдық», «Қарлығаш», «Қош бол, елім!» деген ұзақ өлеңдер бар. Осы аталған барлық өлеңдерге тән бір стиль бар. Сөз байлығы, сөз құрау тәртібі фольклорлік болмаса ескі ақын жыраулардың сарынына келмейді. Өлеңдері мүдіріссіз сұлу, «бос сөзбен былғанбаған» мәнерлі, мағналы. Көптеген өлеңдерінде дүниелік көзқарасының кең екендігін, көп нәрсені аңғарып, түсінетіндігін көруге болады. Кіптапшыл ақындардың өлеңдеріндей «аллалап» жатқанын да көрмейсіз.
Сараның Абай өлеңдерімен таныстығы жөнінде дерек жоқ. Дегенмен, Сара өлеңдерінде Абай өлеңдерінің сарыны бар сияқты. Сара марқұмның өз айтқандай, қағазға түспеген соң көптеген өлеңдері ізсіз кеткені анық, бірақ та Сара өлеңдері әлі тегіс жиналып болған жоқ. Ел есінде қалған өлеңдерін құмнан жиған алтындай, ерінбей, жалықпай тырнақтап жиған жөн.
Сара – қазақ халқының аса ірі ақыны, аяулы қызы. Социалистік заманда көркейген еліміз Сарадай сүйікті қызын кең құшағына қайта қысып, нәзік лүпілді, алып жүрегіне басады.
Біздің өскен әдебиет тарихынан Сараға әлпештеп орын, тиісті сыбаға беруіміз керек.
Аудандық қызметкер Тәңірберген Қалилаханов аса керекті бағалы еңбек жасаған. Бұл еңбектің тез арада жарыққа шыққаны жөн. Бұл еңбекте жоғарғы айтылғандардан басқа да көптеген бағалы деректер бар. Біз Әріп ақын жөніндегі деректерге тоқтағанымыз жоқ. Мұның өзі автордың зор еңбегі. Қысқаша айтарымыз – Әріп те еңбектері қатты ескерілген ақын. Әріп Абайды жамандапты деген сөзге ырық бере беруге болар ма екен? Әріптің Абайды мақтаныш тұтатын өлеңдері көп-ақ, оның бірі мынау:
... Барлыққа мастанды ма Абай марқұм!
Ақылға құдай өзін қалыптаған.
Тақсыр-ай топырағы торқа болғыр,
Дүниені түгел ойлап шарықтаған.
Өзінде бұл дүниеден бір кемдік жоқ
Қалайша соның бәрін анықтаған.
Тағы да бір ескере кететін нәрсе – Әріптің Ленинге арнап 3 поэма жазуы.
Мақаламыздың қорытындысында тағы бір айта кетерлік жай бар. Ол ғылыми зерттеулердің әдісі туралы Т.Қалилахановтың еңбегінің құндылығы: ол жалғыз ғана архивте отырмай, ел аралап, көрген, естіген адамдардың мағлұматын бірі мен бірін салыстыра отырып, қорытындыға келген. Кейде біз ел арасына іздену экспедицияларын жіберуді мезгілі өткен іс деп санаймыз.
Әрине, Академия маңда жиналған заттар көп шығар, бірақ ертеде қағазға түскен мәдени мұрасы елдердің ел адамының есіндегі мәдени мұрасы толық жиналды деп айта алмаймыз. Қалилахановтың еңбегі оған толық дәлел. Біздіңше Академия болып, Жазушылар Одағы болып, тағы басқа ұйымдар осы жағдайды қатты ескергені жөн.
Алматы, 1959 ж.
«Қазақ әдебиеті», 17 июль 1959 ж.
№29(237) «Ақын Сараның» әдебиетіміздегі үлесі
Анықтама. Акын Сараның портреті, автор М. Ващенко. Ақын Сараның жерлестерімен әңгімелеcіп, зерттеу, анықтау жұмыстарын жүргізгеннен кейін Москвада Маргарита Ващенконың салған суреті. Осы портреттің салынуына көп көмек бергендер сол уақыттағы Қапал ауданнының (Талдықорған облысы) басшылары А. Алыбаев, Б. Рамазановалар еді.
Abai.kz