Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6469 0 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 11:07

САФА МУМИН. ТОЙ БОЛАДЫ

(Әңгіме)

 

Анасымен арадағы әңгіме Қасиетке қатты әсер етті. Қызының келіспегенін аңғарып:

− Өзің білесің, қызым, − деп бөлмеден жылыстады. Бастырмадағы үстел жанында жауабын күтіп отырған енесіне дауыстап:

− Болмады, апа. Көңлінде біреу бар білем, − деді.

− Қайдам, жақсы жерден сұрап жатыр еді. Көргенді адамдар екен, − деп келініне қынжыла сөйледі Зумрат әже.

− Иә, қайтеміз енді... − деді келіні ренішті жүзбен қызының бөлмесіне қарап.

Қасиет дәнеңе болмағандай, бөлмесінен шықты да, анасының алдындағы шәйнекті алып, қайнап тұрған самаурыннан шай демдеп әкелді. Әжесінен бастап, шай құя бастады.

− Қызым, − деді әжесі кесеге қол ұзатып жатып. – Мен қартайдым, немере көрдім. Енді шөбере көрсем деймін. Шешеңнің жаңағы айтқанына не дейсің?

− Оқуымды бітіріп алайын, сосын... – деді Қасиет езу тартып.

 – Біз сенің болашағыңды ойлаймыз, − деп босаған кесені ұзата қойды кемпір.

Шай құйып жатып, Қасиет әжесіне  ұрлана көз салды.

− Қызым, − деді тағы әжесі, − Текті әулеттен келіп жатыр, − деді сөзіне мән беріп.

− Әже, мен одан да бай жігітке тұрмысқа шығам, − деп Қасиет әжесі мен шешесін өзіне қаратты да, қалаға оқуына баратындығын сылтауратып, дастархан басынан тұрып кетті.

Аялдамада тұрған Кәмілмен салқын ғана сәлемдесті.

− Тыныштық па, селқос көрінесің?

− Иә, − деді жерге қарап. − Мені айттырып келіп жатыр, дәулетті адамдар көрінеді, − деп Кәмілге көңіл-күйінің ауанын аңғартты.

«Олар кімдер болды екен?» − деп ойлады ішінен Кәміл.

− Сен не деп жауап бердің?

− Мен: «Одан да бай жігітке тұрмысқа шығамын» дедім...

− Ол кім болды екен? – деді Кәміл Қасиетке сұраулы жүзбен қарап.

− Қысқасы, бейтаныс жігіт маған маза бермей жүр. Әрекетіңді жаса, жігітім, − дей сала, тоқтаған автобусқа мініп кетті.

− Біз келісіп едік қой... – деді Кәміл автобустың артынан міңгірлеп.

Көңіл-күйі астаң-кестең болып  үйге келгенінде, шешесі көршінің баласы Сабырмен әңгімелесіп тұр екен.

− Әне, өзі де келді, − деп шешесі үйге беттеді.

Амандық-саулықтан кейін, Сабыр мотоцикль итеріп, ұстаханасының алдына келді.

Кәміл:

− Не болды? – деп сұрады.

− Білмеймін. Әйтеуір от алмай қойды. Көріп берші.

− Қазір... Киімімді ауыстырайын.

Үйге кіріп, анасымен есендесті.

− Көңлің алаң боп тұр ғой, − деді шешесі.

− Жай, анашым, − деді өтірік күлімсіреп.

Өз бөлмесінен киім ауыстырған соң, тысқа шығып кетті.

Жадыраған жаз айы. Мусрат кемпір терезеден түскен күн сәулесін көлегейлемек болып, терезе алдына барғанында, атлас көйлек киген, қызыл шырайлы қыз баланың үй жақтан көз алмай, қадала қарап, өтіп бара жатқанын байқап қалды.

Артынша ауладағы сыртқы есік тықылдады. Кемпір тысқа шыққанда, қыз табалдырықтан имене аттап, сәлем берді.

Мусрат кемпірге оның жағымды даусы таныс сияқты көрінді.

− Мені танымадыңыз ба? – деді ол жылы жымиып.

Кемпір көз алмай қарап:

− Таныс сияқтысың, − деді.

− Мен Қасиет деген қызыңызбын ғой...

Сонда ғана кемпір қызды баурына басып, маңдайынан өпті.

− Қартайдық, қызым! Бойың өсіп, өте әдемі қыз болыпсың, − деп оны үйге қарай жетеледі.

Қасиет Мусрат кемпірмен бір ауық әңгімелесіп отырды. Шай ішіп, өткен күндерді еске алысты.

− 8-сыныптан бастап, үй шаруасына қарасып жүретін едің, рахмет қызым. Бағың ашылсын! – деді Мусрат кемпір.

− Жақсы апа, мен кетейін. Сізге тәттілер ала келгем. Бата қайырып жіберіңіз, − деді де сөмкесінен үш бірдей кәмпиттер салынған қалтаны үстел үстіне шығарды.

Қасиет үйден шыққанда, Кәміл мотоциклде отырған. Сабыр оған: «Демалысың біткенше, мотоцикл сенікі,» − деп Қасиетпен бас изесіп сәлемдесті де, жөніне кетті.

Кемпір ұлына қарап:

− Неге Қасиетпен сәлемдеспейсің, балам? – деді. − Кеш болып барады, Қасиетті жеткізіп сала ғой, − құдды сол сөзді күтіп тұрғандай, Кәміл мотоциклін от алдырды.

Қасиет кемпірмен қоштасты. Мотоцикл көзден ғайып болғанша, кемпір соңдарынан қарап тұрды.

Кәміл үйге қайтып келгенде, анасы Қасиет әкелген кәмпиттерге қарап отырған еді: «Береке тапқыр қыз, сонша тәттіні үйіп-төгіп әкелгені несі?»

Баласы келе салысымен:

− Балам, Қасиет әкелген тәттіден ауыз ти, − деп тәттілерден ұзатты.

Мусрат кемпір орнынан тұра беріп:

− Мен осы қызға бақыт тілеймін, кімнің үйіне келін болса да, мақсат-мұратына жеткізетін бала, − деді ұлына.

− Өзіңіз ше, келін қылғыңыз келмей ме? – деді Кәміл анасына жымия қарап.

− Ол қыз маған келін болса, қанеки. Бірақ ата-анасы бай-бақуатты адамдар. Бізге олар қызын бере ме?

Мусрат кемпір дастархан үстінде тұрған кеселерді алып, бөлмеден шықты. Кәміл шешесін іштей қинағанын сезініп, артынан ілесті. Оның қолындағы кеселерді алып, өзі жуды.

Мусрат кемпір кең тыныс алып:

− Тәубе, балам! Жаның сүйетін кәсібің бар, әкеңнен қалған ұстаханаң бар. Сол сені асырар. Әкеңді ел-жұрт құрметтейтін еді, соғысқа кетіп қайтпады. Міне, енді сен ержеттің. Ташкентте оқуда жүргеніңде көп адамдар сені іздеп келуші еді. Ат басқан ізді тай басады деп, бекер айтпаған. Ата кәсіпті тыңғылықты жалғастырсаң болар еді, − деді жеңіл күрсініп.

− Апа, Қасиетке құдалар келіп жатыр екен.

− Қасиетке?! – деді кемпір көздерін алақандай ғып:

− Анау-мынау емес шығар?!

− Әрине, − деді Кәміл. – Бірақ Қасиет сізге келін болғанды қалайды.

− Қой, олай деме. Ол мені тек құрметтейді, − деп дастарханды қайта жасай бастады.

− Апа, тәттілерді не үшін әкелді дейсіз, сізді құдалыққа барсын, әкелгендерімді дастарханына салып алсын, ауырсынбасын, деген ғой! – Байыппен анасына қарады.

Мусрат кемпір не дерін білмей, отырып қалды.

− Апа, сіз барып, бір ауыз сөйлесіп қайтыңыз. Ата-анасы разы болса жарар, болмаса көре жатармыз.

Мына сөзге я қуанарын, я қуанбасын білмей дағдарған кемпір:

− Қашан барайын? – деп ұлына жаутаңдады.

− Бейсенбі күні, кешкі сағат бесте сізді күтеді.

− Егер сөйлесіп, келісіп қойған болсаңдар, ата-ана деген қайда қашар дейсің. Мақұл, барамын, − деді ұлына қарап, − Ә, мың болғыр, соны ертерек айтпадың ба, кемпір шешеңді қинамастан. Бейсенбің ертең ғой, − деп сыпырасын жая бастаған.

Сол күні Қасиет үйіне жадырап келді. Әжесі мен шешесі мұны көріп, бір-біріне қарасып қойысты.

Ол бөлмесіне кіріп, киімін ауыстырып шықты. Әкесінің қасына отырып, иығынан құшақтап, маңдайына маңдайын тақап еркеледі.

− Сіздерді өте жақсы көремін, − деп шешесіне қарады. Оның қолынан шәйнекті алып, өзіне шай құя бастады.

− Қуаныштысың ғой, қызым, − деді анасы.

− Иә, апатай. Ертең сағат бесте келетін болды.

− Кім?.. – деді әжесі.

− Сіздер зарығып күткендер, − деп шай құйылған кесені қолына алып, өз бөлмесіне кіріп кетті.

Кемпір келініне:

− Бар, біліп шық, − деп бұйырды.

Шешесі бөлмеден шыққан соң:

− Құда келеді екен, апа, − деп күлімдеді.

− Ә, онда ас-ауқатымызды қамдай берейік. Әрі ертең аптаның бейсенбі күні. Дайындықты жеделдет, − деп әжесі орнынан тұра бастады.

Кәміл анасын Қасиет тұратын көшенің басына дейін мотоциклмен алып келді. Мусрат кемпір қолындағы дастарханды баурына басқанмен, екі құлағы ұлында.

− Он жетінші үй, көк түсті қақпа, − деп шешесінің артынан біраз қарап тұрған ол, барған ізімен кері қайтты.

Мусрат кемпірдің үстіндегі ақшыл шыт көйлек пен ақ шыт орамал ағараңдап, көк қақпаны іздеп келеді. Жаяу демесеңіз, ұшып келе жатқандай. Осы күнді шеше байғұс көптен бері армандап жүрген болатын.

Жора балуанның көршілері бақшалық суарғаннан аққан ақаба әр-әр жерде көлмек болып, Мусрат кемпір аяғын лайға тығып алмауға тырысып, айналып өтіп, көк қақпаға әзер тақағанында, қапсағай денелі жігіт ағасына соқтығысып қалды.

− Кешіріңіз, апа, − деді ол сасқанынан.

− Мен әлгі... – деп күмілжіді кемпір.

− Бір пәс күтіңіз, мен қазір... – деді де жігіт үйге кіріп кетті.

Мусрат кемпір үйден мені күтіп алуға әйелдер шықса керек деп ойлап, басындағы жаулығын туралап, оң қолындағы түйінін сол қолына алып, ішкеріге қарап қойды. Жора палуан үйден бір түйін көтеріп келді де, кемпірдің қолына әй-шәй жоқ ұстата салды.

− Апа, несібелі әйелге ұқсайсыз. Бүгін қызыма құда келетін еді, дұға қылып, жастарға бақыт тілеңізші, − деді ол.

Мусрат кемпір не дерін білмей, лаж жоқ, бата беруге алақан жайды.

Ол болса:

− Рахмет, апатай. Өміріңіз ұзақ болсын, көлшіктен абайлап өтіңіз, − деп шығарып салды.

Мусрат кемпір мына жағдайға қорланып, көзі жасаурап, артына қарай-қарай кете барды.

«Дәу де болса, бұл Қасиеттің әкесі шығар,» − деп ойлады.

Екі көзі төрт болып, хабар тосқан Кәміл бұл кезде ұстахана жанында тұрған. Шеше байғұс  оған бөгелмей, үйге кіріп кетті. Дастарханға түйіншегін қойып:

− Ех, атың өшкір жоқшылық, − деді күйініп. Кәміл батылсыз  келіп, терезеден сығалағанда, анасы жым-жырт бір нүктеге қарап отырған еді. Бір түсініспеушілік болған болар, әлде келіспеді ме? Анасының мұң торлаған азапты жүзі ұлының жанына батты. Жалғыздығы, жетімдігі есіне түсіп, шешесіне баруға батылы жетпеді.

Қасиет келгенде, үйде барлығы тып-тыныш отырған еді. Анасы оны көріп, кемпірлерге бірдеңе деді.  Кемпірлер бұған бір-бір қарап қойды. Әкесі моп-момақан қалпы темекі шегіп тұра берді.

Оларға көңіл бөлмей, өз бөлмесіне келді. Анасы артынша кіріп, қызының қимылын бағып  тұр. Қасиет анасына ықылассыз қарады.

− Дұрыс болмады, − деді Қасиет кереует үстінде бетін жастықпен бүркеп.

− Қой, күйінбе. Келмесе не қылайық, енді? – деді жылап отырған қызын сабырға шақырып.

Қасиет басын анасының кеудесіне қойып, өксіп-өксіп жылады:

− Келген кемпірдің кері қайтқанын мен көрдім ғой. Біреу қуғандай асығып бара жатты...  

Анасы қызының бетін қолымен өзіне бұрды. Қасиет сөз айта алмай, бет орамалымен жүзін жасыра берді.

Ол қызын қоя беріп, есікке асыға беттеді.

Күйеуіне:

− Бағанағы «қайыршы» деген әйеліңіз, құдалыққа келген адам екен. Именіп тұрған әйелді аңдамай, сіз де...

Күйеуі не деп ақталарын білмеді.

− Әй, тыныштық па? – деді Зумрат кемпір анадайда отырған жерінен.

− Тыныштық, апа, тыныштық... – деді келіні. Жанына жақындап, болған оқиғаны айтқан. Баласы шешесінің алдына келіп, кінәсін мойындағандай, үндемей тұрды.

− Ал, ақымақ балам, қыларыңды қылыпсың. Енді бір амалын тап. Қызыңның сорасын ағызба, − деді кемпір ашуланып.

Жора әка қызының алдына барып, кереует шетіне отырды.

− Ақымақ әкеңді кешір, қызым, − деді оның бұрымынан сипап отырып.

Қасиет бетін қабырғаға бұрған күйі, жылап жатыр.

− Мен қателік жасадым, қызым. Енді оны өзім реттеймін, − деп қызының шашынан иіскеп қойды.

Бөлмеден шыға бере, ас үйде жүрген әйеліне:

− Ас-ауқатыңды сал, құданың үйіне барамыз, − деді бұйырып.

Машинасын гараждан шығарды. Ас-ауқат, жеміс-жидектерді көліктің жүк салғышына тиеді.

Сосын:

− Қане, апалар, тұрыңыздар, құдалыққа өзіміз барамыз, − деді.

Кәміл бұл кезде досы Сабырмен ұстаханада сөйлесіп тұрған еді. Бір бөтен машина есік алдына келіп тоқтады. Кәміл рулде отырған Қасиеттің әкесін танып, сасқанынан орнынан тұра алмай қалды.

Әйтеуір қасындағы Сабырға:

− Тез Мәнзура апа мен әйеліңді шақыр, шешеме жәрдем берсін, өзің қонақтарға қызмет қыл, − деуге шамасы келіп, ұстаханасына кіріп кетті.

Әйелдер аулада о жақ-бұ жаққа назар тастады. Аула іші таптай. Іші жайнап тұр. Сан алуан гүл көздің жауын алады.

Мусрат кемпір үш әйелді және арт жақта басын иіп тұрған, өзін қайыршы деп, бір түйіншек нан ұстатқан жігітті көрді. Не істерін білмей, тіреуге сүйеніп қалды.

Сабырдың шешесі Мәнзура мен келіні келіп, Мусрат кемпірдің жағдайын жеңілдетті. Қонақтармен сәлемдесіп, ішке кіргенде, мың болғыр Сабырдың әйелі көрпеше салып үлгерген.

Қонақтар төрге озды. Жора өзінің кінәсін сезінгендей, ас-ауқатты түсіріп келіп, дастархан шетіне басын салбыратып отыра кетті.

Әңгімені Зумрат кемпір бастады:

− Менің балам үлкен қателікке жол берді. Сол қателігі үшін, өзіңнен кешірім сұрай келдік. Мәнзура көрші сөз мәнісін ұғынып, көпшілікпен бірге Мусрат кемпірге назар аударды.

− «Танымағанды сыйламас» деген. Екі жасқа бақыт тілеп кеп отырмыз. Ер жігіттің басын идірмеңіз.

− Күтпеген жерден келіп, мені ыңғайсыз жағдайда қалдырдыңыздар. Сіздерді күтуге арнайы дайындық көруіміз керек еді, − деді Мусрат кемпір қонақтың үлкеніне қарап.

− Майда-шүйдені ойламаңыз, бәрі бар. Дастархан тола, міне! – деді Зумрат әже. Ауыл ақсақалы Ашурмат ата келгенде, жапатармағай орындарынан тұрып, шалға төрден орын берді. Дастарқанға қол жайып, ата-баба рухына құран бағыштады. Екі жасқа игі тілектерін айтып, пәтір нан сындыруға шақырды.

− Кім пәтір сындырады?

Екі кемпір бір-біріне қарасты.

− Пәтірді екі жастың әкесі сындырсын, − деді Мусрат кемпір.

Бұл сөзді жұрт мақұлдады.

Жора әка өздерінің пәтірі үстіне, Мусрат кемпірдің пәтірін қойып, екеуін бірден «бисмилла» айтып, қос қолдап сындырып, алдымен екі кемпірге ұстатты. Олар отырғандарға «Той көріңдер,» − деп айналаға үлестірді.

− Құда құтты болсын! – деп бір-бірін құттықтасты.

Осы рәсімнен кейін, Жора әкәнің жанары жасқа толып, аулаға шығып кетті.

Кәміл мен Қасиеттің тойы болды.

Өзбек тілінен аударған: Гүлдәрия Әшірбаева

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052