ЫНТЫМАҚ – ЫРЫЗДЫҚ БАСТАУЫ
Кеше елімізге Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард келді.
Киристин Лагардты Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен жаһандық қордың өзара ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ әлемдік қаржы-экономика жүйесінің дамуындағы маңызды үрдістер талқыланды.
Тәуелсіздік таңында Халықаралық валюта қоры Қазақстанның қаржылық жүйесінің қалыптасуына, экономикасының жандануына септігін тигізді. Бірақ бұл жаһандық ұйым несие беретін елдерге өзі қалаған реформаларды таңатындықтан, ел Үкіметі кейін ұйымның қаржылық қолдауын қажет етпеді. Қазіргі кезде ХВҚ мемлекетімізге, негізінен, кеңес-консультациялық көмек көрсетеді.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ХВҚ-ның Өңірлік конференциясын Астана экономикалық форумы қарсаңында Қазақстанда өткізу туралы шешімнің біз үшін маңызды қолдау болғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Халықаралық валюта қорымен ынтымақтасып келе жатқанын айтты.
– Қор қызметкерлері алғашқы жылдары техникалық және қаржылық тұрғыдан зор көмек көрсетті. Бұрынғы кеңестік өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына дейін көп нәрсені жүзеге асыра алды. Қазіргі кезде Қазақстан экономикасы да әлемдік экономика сияқты күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бұған бірқатар факторлар, соның ішінде шикізат ресурстары бағасының төмендеуі, қазір біз жүзеге асырып жатқан құрылымдық реформалардың кешіктірілуі, сондай-ақ Ресейге қатысты ахуал мен Қытайдағы экономикалық жағдай ықпал етіп отыр. Соған қарамастан, біз ЖІӨ-нің төмендеуіне жол бермей, оң динамиканы қамтамасыз еттік және оны биыл да сақтаймыз деген үміттемін. Біздің республика алты жылдан бері экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін азайту шараларын жүзеге асырып жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Кристин Лагард бірқатар мемлекеттер үкіметтерінің экономикалық блогының басшылары бірінші рет қатысқалы отырған Өңірлік конференцияның табысты өтетініне сенім білдірді.
ХВҚ басқарушы директоры, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа қормен арадағы серіктестіктің жолға қойылғаны үшін алғыс айтты. Осы серіктестік аясында Қазақстанға қажетті қолдау, соның ішінде техникалық сипаттағы қолдау көрсету жалғасып келеді.
Сонымен қатар К.Лагард елді экономикалық, индустриялық және инфрақұрылымдық дамыту жөніндегі Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформаларды ХВҚ қолдайтынына назар аударды.
Сапар аясында Кристин Лагард «Назарбаев университетінің» студенттері мен оқытушыларына арнап, дәріс оқыды. Оның барысында Халықаралық валюта қорының басшысы жаһандық және өңірлік ахуал, сондай-ақ Қазақстан, Кавказ және Орталық Азия үшін сын-қатерлер және мүмкіндіктер жайын әңгімеледі. Дәріс соңында студенттер Лагард ханымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. ХВҚ басқарушы директоры ертең, 26 мамырда өтетін Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына бейне үндеумен қайырылады деп күтілуде.
Осының алдында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен ХВҚ миссиясының басшысы Марк Хортон салықтық-бюджеттік саясатты талқыға салды. М.Хортон мырза Қазақстанның экономикалық даму перспективаларына, экономикалық саясат реформаларына қатысты өздерінің ұстанымдары мен ұсыныс-пікірлерін айтып берді. Өз кезегінде, Қ.Бишімбаев ел экономикасының қазіргі жай-күйі және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы реформалар туралы ақпараттандырды. Кездесу барысында республикада жүргізіліп жатқан жекешелендіру мәселелері де қаралған.
Abai.kz