Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2545 0 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 17:58

ОҚО-да ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеумен 198 кәсiпорын айналысады

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Бүгiнде ел экономикасы аграрлық секторының құрылымы жан-жақты кеңейiп келедi. Десек те, шағын да шашыраңқы ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлер материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаушы, өнiм өңдеушi, сауда құрылымдары делдалдар мен тұтынушылар тарапынан түрлi кедергiлер мен қолайсыздықтарға кезiгiп отырғаны да жасырын емес. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдейтiн iрi кәсiпорындар саудада, өңдеу нарықтарында монополиялық жағдайды пайдаланып, шағын шаруашылықтарды көбiне өз дегенiне мәжбүрлейтiнi де рас. Осы ретте шаруалардың мүдделерiн бiрiншi кезекке қоя отырып, олар өндiрген өнiмдердi барынша ұқсатып, өңдеп нарыққа шығару еңбек өнiмдiлiгiн арттырумен қатар диқан мен егiншiнiң маңдай терлерiнiң өтемi де болар едi.

«Нұр Отан» партиясының ХVII съезiнде Қазақстан Республикасының Президентi, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгiнде бiз өндiрiлген өнiмдi субсидиялауға көшiп жатырмыз, бұл ауыл шаруашылығы жерлерiн тиiмдi пайдалануға және аграрлық кешеннiң жұмысын жақсартуға септiгiн тигiзедi. Жаңа технологиялар мен өндiрiс инфрақұрылымдарын енгiзу ауыл шаруашылығындағы еңбек өнiмдiлiгiнiң өсiмiн 1,5 есеге арттыруға тиiс» деп атап көрсеттi. Мемлекет үшiн елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн нығайту, соған орай iс-қимыл жасау бiрiншi кезектегi мiндет болып отыр. Мiне, осыны басшылыққа алған облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов өңiрiмiздегi күрделi мәселенi шешудiң бес бағытын ұсынды. Әрине, облыста аграрлық сектор саласының мүмкiндiгi мол. Жыл сайын облысымыз ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткiзiп келедi. Сөз жоқ, өнiмдi өндiру бар да, оны өңдеп, тиiмдi пайдалану бар. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Қолда барды бағалай алып жүрмiз бе? Осы сауалдарға жауап iздеп көрiп едiк.

Өңiрiмiзде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеумен 198 кәсiпорын айналысады. Оның 27-сi iрi, 171-i орта және шағын кәсiпорын санатында. 2015 жылы өндiрiлген еттiң – 18, сүттiң – 26,8, көкөнiс пен жемiс-жидектердiң 14,2 пайызы өңделген. Қазiргi таңда жұмыс iстеп тұрған көкөнiс өңдейтiн 36 кәсiпорын жылына 107600 тонна өнiмдi өңдеуге қауқарлы. Былтыр 135,5 мың тонна жемiс-жидек пен көкөнiс өңдеуден өткен. 2015 жылы облыс бойынша жемiс-жидек және көкөнiс өңдеу кәсiпорындарына 10 миллион теңге инвестициялық субсидия төленiптi.

Әр ауданның басым бағыттары айқындалғанда таулы елдi мекендерде бау шаруашылығын дамыту тиiмдiлiк беретiнi ескерiлдi. Сондықтан биыл Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектарға алма ағаштарын отырғызылды. Түлкiбас және Төлеби аудандарында 1200 гектарға алма бауы егiлдi. Осы жобаның қаржылық мәселесi шешiлген. Түлкiбаста жемiс-жидек өңдейтiн 2 цех iске қосылған. Индустриалды аймаққа қосымша 4 жоба орналастырылмақ. Жалпы, осы аудандарда бау және қайта өңдеу кластерi құрылмақ.

Облысымызда сүт өндiру және өңдеу саласы жылдан-жылға дамып келедi. Мәселен, Төлеби ауданындағы «Фудмастер» зауытының қосымша 20 мың тонна сүт қабылдауға қуаттылығы жетедi. Түлкiбастықтар да сүт өңдеуге талаптанып жатыр. Ал, Қазығұртта сүт ұнтақтарын өндiруге арналған жоба мақұлданған. Олар жаңа технологиямен жабдықталған зауытты iске қоспақ. Сайрам ауданы да – сүт бұлағы. Олар да бұл саланы дамытуды көздеп отыр.

«Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында тоқыма саласы барынша қарқын алып келедi. Фабрикаларға шикiзат керек. Сол үшiн де Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығын қайта қолға алуды облыс басшысы мiндет етiп қойды. Қазiр қолда бар мақтаның 30 пайызын жергiлiктi тоқыма фабрикалары алып жатыр. Жалпы, аймақта тоқыма саласы жан-жақты өркендемек. Ендеше, жаңа тоқыма фабрикаларына шикiзат сырттан тасымалданбауы тиiс. Мақта егiстiгiнiң көлемiн ұлғайту бағытындағы өңiр басшысының тапсырмасы осыған негiзделген. Биыл 2,5-3 миллиард теңге мақта шаруашылығына бағытталмақ. Су, техника, тұқымдық шит мәселелерi де рет-ретiмен шешiмiн таппақ.

Шардара, Отырар аудандары мен Түркiстан, Арыс қалалары жүгерi мен көкөнiс өсiруге қолайлы. Сондықтан осы аймақтарда жаңадан 80 мың гектар жер айналымға қосылады. 20 мың гектардан астам жердiң су жүйелерi жаңғыртылады. Мал азығына деген сұраныс қай кезеңде де өзектi. Осы сұранысты өтеу мақсатында Отырар ауданында қосымша жүгерi өңдеу және сақтау зауыты салынады.

Дайын өнiмдердi нарыққа шығару да – үлкен табыс көзi. Бұл ретте Шымкент қаласында көлiк-логистикалық орталығының құрылысы жүрiп жатыр. Осындай орталық Түркiстан, Сарыағаш қалаларында да бой көтередi. Осы орталықтарда диқандар қысқа дейiн өнiмдерiн сақтай алады. Бұзылмай жақсы сақталған көкөнiс қыста үлкен сұранысқа ие.

2016-2020 жылдар аралығында Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Түлкiбас, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларында да жемiс-жидек және көкөнiс алқаптарының көлемiн арттыру жоспарланған. Аталған аудандар мен қалалар өңдеу бағытына бет бұрып, өнiмдердi нарыққа шығару жолдары қарастырылып отыр. Мақтаарал, Шардара аудандары бақша өнiмдерiн өңдеп, түрлi шырындар мен концентраттар шығаруды жолға қойғандары жөн болар едi.

Облыс бойынша жылына 39000 тонна ет өңдей алатын 47 кәсiпорын бар. Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 149136 iрi қараға арналған 6103 мал бордақылау алаңы iске қосылды. Осылайша ет өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы қосымша 8141 тоннаға артты. Биыл Бәйдiбек ауданы индустриалды аймағында қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын ет комбинатының жобасы мақұлданды. Комбинат iске қосылғанда жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймайды, халықтың етке деген сұранысы толық қанағаттандырылады. Мал шаруашылығы өркендейдi. Облыс бойынша 2016-2020 жылдар аралығында сойыс салмағында ет өндiрудi жылына 208 мың тоннадан 228 мың тоннаға дейiн арттыру жоспарлануына сәйкес қайта өңдеу кәсiпорындары шикiзаттан таршылық көрмейдi.

Десек те, елiмiздiң нарығында көршiлес мемлекеттерден қалбырланған ет, сүт, шұжық, балық, сыр, тауықтың сан еттерi, тағы басқалары әкелiнетiнi жасырын емес. Осының салдарынан өзiмiздiң өнiмдер кейде өтпей де жатады. Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн кәсiпкерлер бiлмейдi дей алмаймыз. Әлемдiк бәсекелестiкте ұтып шығудың ең тиiмдi жолы – өндiрiлген өнiмдi өткiзе бiлу. Бұл орайда тауар сапасы үлкен рөл атқарады.

2016-2020 жылдар аралығында сүт өндiру көлемiн жылына 739 мың тоннадан 832 мың тоннаға дейiн арттыру жоспарланған. Бүгiнде өңiрiмiзде жылына 130100 тоннаға дейiн сүт өңдейтiн зауыттар жұмыс iстейдi. Сүт өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы қосымша 8995 тоннаға артып отыр. Әйтсе де, сүттiң 26,8 пайызы ғана (188165 тонна) өңделгенiн ескерсек, бұл бағытта әлi де күрделi мәселелер күтiп тұрғаны белгiлi.

Созақ, Отырар, Шардара аудандары түлiк төресi – түйе өсiруге қолайлы. Бiрақ та бүгiнде түйе сүтi мен жүнiне, етiне сұраныс аз. Сондықтан түйе шаруашылығы ойдағыдай дамымай отыр. Отырар ауданында түйе сүтiн өңдейтiн цех бiраз жылдан берi жұмыс iстеп тұр. Түркiстан индустриалды аймағында түйе сүтiн өңдеу зауытын салу көзделуде. Созақ, Отырар аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларынан түйе сүтiн жинайтын пункттер ашылмақ. Жаңа жоба аясында келер жылдары түйе жүнi мен етiн өңдеу өндiрiстерi де ескерiледi. Облыс басшысы Бейбiт Бәкiрұлы аймақтардың басым бағыттарын егжей-тегжейлi сараптай келе, ауыл шаруашылығы саласына осындай мiндеттер жүктедi.

Иә, өңдеу өндiрiсi өркендесе, өнiмдi өткiзу де өрiстейдi екен. Ендеше, облысымыздағы дәл қазiргi бiрiншi кезекте iске асырар мiндет те осы.

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5673