Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 8489 1 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 16:50

ОРАЗАЛИННІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады деп ешкім  күтпесе керек-ті.

Мемлекеттік қызмет болған соң біреу келеді, біреу кетеді. Нұрлан Мырқасымұлының кетуінен өз басым бәлендей бір саяси астар көрмедім. Қалыпты құбылыс ретінде ғана қабылдадым. Аздап ішімнің қоңқылдап қалғанын да жасырмаймын.

Біз шеттен келген қандастар қырық жыл қырғын болса да ұмытпай, қоңыраулатудан жалықпай айтып жүретін екі нәрсе бар. Ол – «Елім!», «Жерім!», «Отаным!» деп алыстан аңсап келген ағайынға билік тұтқасын ұстаған чиновниктердің жасаған зәредей жақсылығы мен қылдай қиянаты! Басқаны білмеймін, өз басым солаймын! Маған сүтпен біткен осы қасиеттің сүйекпен кететін түрі бар. Құдайға шұкір, өзім біреуден қорлық көріп жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ, өзім көрмеген сол қорлықты арғы беттен оралған қандастарым да көрмесе екен деймін!

Мен Жазушылар Одағына мүше емеспін. Сондықтан, ол түйеде жүгім жоқ. Сөйте тұра, одақтың Астана қалалық филиалына екі рет жұмысқа тұрып, екі рет шықтым. Алдыңғысында өзім арыз жазып кеттім. Соңғы рет «сөзі көп бала екен!» деп осы Нұрлан Оразалин өз қолымен босатты. 2013 жылы 15 желтоқсанда қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық бірілмейтін болып қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына байланысты Елбасына «Ашық хат» жазғаным үшін! 

Еліміздегі билік тұтқасын ұстаған азаматтардың бәрімен дос болу, жақын араласу мүмкін емес. Дегенмен, қысылғанда іздеуіңе, сұранып қабылдауына баруыңа тура келеді. Астанада тұрған соңғы төрт-бес жылдың көлемінде мен қақпаған есік жоқ шығар. Соның бір де біреуі өз жеке басымның  шаруасымен емес, алыстағы ағайынның Көші-қон жұмысы үшін, әрине. Мен үшін ең қолжетімді депутаттың біреуі - Нұрекең болды. 

Қазақ билігінің пұшпағын ұстаған көкелердің қай-қайсысының да деңгейін өлшейтін ең бір дұрыс өлшем, әділ таразы – осы қазақ көші. Алыстан келген ағайын тағдырына болған көзқарасы мен танымы арқылы кімнің кім екенін бірден білуге болады. Өйткені, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздікті ала салып, небәрі он бес күннен кейін жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты! Есіңізде болсын, Азаттықтың алтын таңы ата салысымен алыста жүрген ағайынды бірден Атажұртқа шақырып, ұлтын сүйюдің теңдессіз үлгісін көрсеткен кісі – Нұрсұлтан Назарбаев!

Осы жағынан келгенде, бекер обалы не, Нұрлан Оразалиннің беті жарық, біз үшін орны бөлек!

Сенаторлық мандат Нұрлан Оразалиннің қолына дәл сол Қазақ көшінің ұлттық сана-сезімнен жұрдай топ жағынан құрдымға кетіп бара жатқан бір алмағайып шағында тиді. Ол – «Халықтың көші-қон туралы» Заңына апақ-сапақ өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, шеттен келетін қазақтарға азаматтықты бес жылсыз бермейтін етіліліп қабылдағалы жатқан тұс болатын.

Әлі есімізде, Заң жобасы Мәжілістің екі оқылымынан тез-тез өтіп, Сенаттың қарауына барғанда « ...Австрия секілді елдерде азамат­тық алу үшін 12 жыл күту керек екен. Әлемдік тәжірибеде ең азы – үш жыл. Біз төрт жыл деп отырмыз. Біз еш­кім­ді де керек қылмай отырған жоқпыз. Келем дегендер әлі де келе береді. Ал нағыз елім, жұртым дегендер баяғыда-ақ көшіп келіп алды. Сондықтан да бәрі­не бірдей жалпақшешейлік таныту керек емес. Елде тәртіп болуы керек!» - деп сайраған бұлбұл ағамызды көріп, жағамызды ұстағамыз. Міне, қазақ мүддесін, Елбасы саясатын қорғайтын депутаттың түрі!

Бес жылсыз азаматтық берілмесін деген Заң жобасы Сенаттан кері қайтты. Кері қайтаруға ашық ықпал еткен Светлана Жалмағамбетова, Нұрлан Оразалин, Қуаныш Айтаханұлы, Мұрат Бақтиярұлы, Қожахмет Баймаханов қатарлы төрт-бес қана сенатор болды! Қай-қайсысы да аянып қалған жоқ, «Министр мырза, мигранттар жөнін­де жақсы білетін шығар, алайда оралман мәселесінен мүлдем хабарсыз екенін көр­сетті. Қазақстанның өз ерекшелігі бар. Территориясы бойынша әлемде 9- орын алатын Қазақстанда халық саны 17 млн ғана. Ал бізге басқасын айтпай-ақ, эко­но­микалық қауіпсіздік үшін 25 млн ха­лық керек. Мұны қалай көбейтеміз? Кө­бейтудің жолы да оралманды оралту емес пе? Егер лаңкестік секілді құбылыстардан қорқатын болсақ, ондай отандастарымызды тексеруге бір жыл да жетіп жатыр емес пе? Төрт жыл тым ұзақ!» (http://www.elarna.com) - деп, шырылдап бақты.

Сол топтың ішінде жаңа ғана депутат болған ақын Нұрлан Оразалиннің де сөзі салмақты, дауысы қатқылдау шықты:

– Бұл заң жобасы жұртшылық ара­сында алаңдаушылық туғызды. Әсіресе оралман бауырларымыздың қобалжуын күшейтті. Біз еңбек көші-қоны туралы заң­ға өзгеріс енгізу қажеттілігін қолдай­мыз. Ондайларға қойылатын талаптарды жетілдіріп отыруымыз керек-ақ. Бұл дұрыс, өркениетті елдердің барлығы да ондай талапты қатайтуда. Дегенмен, еңбек-көші қонына қатысты талаптардан эт­никалық көші-қонға, яғни оралман­дар­дың көшіне ешқандай да зиян кел­меуі тиіс еді. Бұл – ел тұтастығын қамта­ма­сыз ететін, мемлекеттің назарында болу­ды қажет ететін саяси мәні бар мәселе. Тағы айтамын, тарихи отанына оралу мақ­сатындағы көші-қонды біз еңбек кө­ші-қонымен бекерге аралас­тырып отыр­мыз. Бұл – тым асығыс ше­шім. Бұл екі көші-қонның айырмашылы­ғы жер мен көктей. Жасыратыны жоқ, еңбек-көші қонымен келетіндер Қазақ­станды жа­рылқайды дегенге сену қиын. Ал этни­калық көші-қон елдің өсіп-өр­кендеуіне үлес қосады. Түптеп келгенде, біз «орал­ман» дейтін ұлттың жоқ екеніне елдің көзін жеткізуіміз керек. Қазақ­станда қа­зақ дейтін бір ғана ұлт бар! Осыны ұрпақ жадына сіңіруіміз керек!!! деді, Нұрекең Санат төрінен көзілдірігін мұрнының ұшына таман еңкейтіп жіберіп, үстелінен алға ұмсына түсіп.

Ертесі Нұрлан Мырқасымұлының бұл пікірі толықтырылып, «Елді елеңдеткен заң жобасы қаралды» деген тақырыппен депутаттық мәлімдеме ретінде «Қазақ Әдебиеті» газетіне (№45 «3365», 08.11.2013.ж.) басылды.

Кейін білдім, Мәжілісте Алдан Смайыл мен Гүлнар Сейтмағамбетова қатаң заңға соңына дейін үзілді-кесілді қарсылық білдіріпті. Бірақ, көшке өш күш ақыры айтқанын орындатыпты. Қалған мәжілісмендер ішінен тыныпты...

Кеше ғана отставкаға кеткен Үкіметтің айдарынан жел есіп, қылышынан қан тамып, шеттегі бес миллион  қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған сонау бір аса қиын кезеңде алыста жүрген ағайын тағдырына араша түскен сол аға-әпкелерімнің жақсылығын қалай ұмытуға болады?! Атап айту керек, Сенат пен Мәжілістің 154 депутатының ішінен дәл бұлай суырылып шығып, БАҚ бетінде өз атынан депутаттық мәлімдеме жасаған жалғыз тұлға – осы Нұрлан Оразалин!

Көп өтпей, осы және басқа да талап-тілектерді ескеріп, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Көші-қон саясатына нүкте қойды. Заң жобасы түзетіліп, бұрынғы қалпына келтірілді. Көш өз арнасына қайта түсті. Міне, нәтижесі де көріне бастады. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында алыс-жақын шетелден 3012 этникалық қазақ Атажұртқа оралса, биыл алғашқы алты айдың өзінде республикаға 6840 отбасы немесе 14 мың 947 этникалық қазақ көшіп келіп, оралман мәртебесін алыпты. Жаман көрсеткіш емес...Көші-қонның барлық мәселесі бұл Заң жобасымен ғана бітті деп айту қиын. Әлі де толықтай түсетін түйткілдер жеткілікті. Сондай кезде жүгіріп барып, жағдай айтатын санаулы  депутат ағаларымыз бар. Мысалы, тұрақты тіркеуге тұруда Қытайдан келетін қандастарымызға кедергі болып келе жатқан «келген елінен тіркеуден шыққаны туралы сол мемлекеттің жазбаша келісімі» - не байланысты ҚР Ішкі істер министрлігінің №992 бұйрығының қатысты тармағына «Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда;» деген ескертпе қостыруға да осы Н.Оразалин, Қ.Айтаханұлы, М.Бақтиярұлы, Ж.Ерғалиев ағалардың зор ықпалы болды. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, шешті бұл мәселені.

Қысқасы, Н.Оразалин сенатор болған үш жылда Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон саясатын барынша батыл қолдады. Оның бұл еңбегін ең алдымен біз – шеттен көшіп келген ағайын білуге, құрметтеуге тиіспіз!

Ауыт Мұқибек

Астана

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5141