Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 6747 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 12:51

ИТАЯҚ


Дінімізде адал, арам деген ұғым бар. Бұл екеуі ешқашан бірінің орнын бірі алмастырмайды. Себебі адалдықтың да, арамдықтың да әу бастағы негізі бірге жаратылады. Ал ол негіз – ниет арқылы қалыптасады. Сондықтан қай істе де ниеттің тазалығына жете мән беріледі. Себебі сырт көзге адал сияқты көрінген не бір игілікті іс әрекеттер әу бастағы ниет кінәратынан көріністе сауапты іс сияқты әсер қалдырғанымен, шынтуайтына келгенде күнәһарлыққа қарай бұрылып кетіп жатады. Бұл жайт бұрын «Адал деген қазаннан шошқаның басы шықты» деліну арқылы ниеттен кеткен кәкір кінәраты шошқаның басына телінетін. 

Кейін материалдық түсінік алға шықты да, руханият, ұғынықтылық үшін айтсақ, әлгі ниет мүлде қаперге алынбайтын болды. Содан барды да әу баста арам асқа лайықталып жасалған «итаяқ» адал дастархан төрінен орын алды. Байыбына барсақ, итаяқ ешқашан жуып-шаю арқылы тазармайды. Себебі оның негізгі болмысы ниетте тұр. Тақуа адамдардың стаканмен су ішпейтіні, босаған арақ-шарап ыдысымен дәрет алмайтыны сондықтан. 

Дінімізде «әруағын сыйла» деген тіркес бар. Әруақ делінетін сол біз айтып отырған негіз. Әруақ – ниет арқылы түскен тапсырысты қабылдап алады да, соны жасап шығара береді. Сондықтан оған әсте кінә арта алмайсың. Бар кінә, дұрысы – жауапкершілік өзімізде тұрады. Сондықтан ниет түзелмейінше еш іс оңғарылмайды. Тіпті діни білім алу да ниетке қарай оң, не теріс әсер береді. Егер діни ілім әу баста жеке бас мүддесіне қызмет етуге ниеттелсе, алған білімі оның тек күнәсін арттыруға қызмет етеді. Себебі негізі, яғни «итаяғы» таза емес. Рас, білімі де, көрінісі де керемет. Бірақ қанша жерден алтынмен апталып, күміспен күптелгенімен, итаяқтың әу бастағы негізі арам болғандықтан адалданбайтындығы сияқты әлгі діни білім негізіндегі арамдық та өзгеріссіз қалады. Біздің сөз басында адал мен арам ешқашан алмаспайды деуіміз сондықтан. 

Бұл күнде мешітсіз ауыл жоқ. Шамалы тірлігі оңғарыла бастағаннның бәрі бір-бір мешіт салып тастады. Алла ниеттерін қабыл етсін. Иә, ниеттерін. Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарата айтылатын «Олардың салған мешітіне намаз оқыма» деген аят бар. Себебі ол мешіт салушылар ниеті дұрыс емес. Демек ол жерде жасалған ғибадатта қайыр болмайды. Қайырдан бұрын ондай жерде жасалған сауапты іс нәтижесін әуелгі ниет негізі (әруағы) сол мешіт атын иеленген адамға кері әсер ететіндей күнәға айналдырып жібереді. Сондықтан негізі ғана емес, көрінісінің өзі арамдыққа тұнып тұрған мейрамхана, дүкен, тойхана аттарына адам есімі берілмегені жөн. Ондай атаулар материалдық тұрғыда оларға жасалған құрмет сияқты көрінгенімен, негізіне мән берсек, әлгі ардақтыларымызға жасалған қиянат екенін түсінер едік. Түптеп келгенде мұның бәрі әруақ мәнін түсінбеуден шығып жатқан кінәрат. 

Мынандай бір тәмсіл бар. Хазіреті Әли бір христианның үйіне қонаққа барады. Әлгі христиан әуелі оған жүзім ұсынады. Хазіреті Әли жүзімді жейді. Сәлден кейін жүзімнен жасалған шарап алып келеді. Хазіреті Әли шарапты ішпей, оның харам екенін айтады. Христиан «Мен мұсылмандарға таң қаламын. Жүзімге халал, ал шарапқа харам дейсіңдер. Ал негізінде шарап жүзімнен жасалады емес пе?» дейді. Сонда Хазіреті Әли «Әйелің бар ма?» деп сұрайды. Христиан «Иә, бар» дейді. Хазіреті Әли «Қызың бар ма?» деп сұрайды. Ол «бар» дейді. Хазіреті Әли «Екеуі де келсін» дейді. Әйелі мен қызы келген соң Хазіреті Әли «Бұл қыз мына анадан шыққан. Бірақ Алла Тағала саған анасын халал, ал қызын харам қылған» деп жауап береді. Орынды жауапқа қанағаттанған христиан сол жерде ислам дінін қабылдайды. 

Қорыта айтқанда, бір байламға келмес бұрын әуелі қай нәрсенің де негізіне мән бергеніміз жөн.

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576