Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6044 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 10:22

ҚАЗАҚ НЕГЕ ТОЙШЫЛ? (Ойлау жүйесінің төрт күйі: тұтынымпаз сана мен кәсіпқор сана)

Сезімкүй/эмоция дегенің бәрінде бірдей болғанмен, бірақ ой алуан... адамдар алуан... жұмыстар түрліше... әр алуан нәтиже.

Роберт Киосаки

Халқымыздың күйі мен қоғамның жайын тану үшін «тұрмыстың сананы» билейтінін ескере отырып, әлеуметтік сана деген психологиялық категорияның ауылына ат басын бұрып отырмыз. 

Әлеуметтануда қоғамды тапқа және әлеуметтік топтарға (жастық, экономикалық, кәсіби, құқықтар мен міндеттер жүйесі, әлеуметтік мәртебе) бөлу орын алған. Қазіргі қоғамда қоғамдық еңбек бөлінісі, жекеменшік қатынастар, басқа да факторларға сай әлеуметтік жіктелу және ықпалдасу үдерісіне қарай араларында әріптестік, бәсекелестік немесе қақтығыс туындайтын, дегенмен, демократиялық принциптермен реттелетін әртүрлі жіктер мен топтар қалыптасады - делінген. Ғылыми қаптаған анықтамаларға бармай-ақ, өзіміздің қарапайым қауашаққа шақталған ұғыммен қарағанда, жұртшылық өзінің кәсібі мен тірлік көзіне қарап, түрлі топтар мен жіктерге бөлінеді. Бұлардың ішінен біз тек қана ХХІ ғасыр белгілеп отырған тірлік көзін 4 жүйеге бөліп қарастыру арқылы, жұрттың да сол 4 түрлі ойлау жүйесі мен санаға жіктелетінін қарастырғымыз келіп отыр. Бұны қарастыру бізге не береді? Біздің халқымыздың саналық сапасы мен оның сезімкүйін танумен бірге оны шыңдауға мүмкіндік бермек.

Аталмыш төрт тірлік көзі адамдардың да санасын қалыптастырып, белгілі бір үдерістің өңешінен өткізе отырып, өзіне сәйкес Адам жасап алатынына көз жеткізу маңызды болып отыр. Сонымен, еліміздің (бұл негізінен біздің елге ғана емес, әлемдік үрдіске тән) бүгінгі ахуалына көз жіберсек, экономикамыз негізінен 4 түрлі деңгейде көрініс береді: бюджеттік күнкөріс, шағын кәсіп саласы, өндеркәсіп пен ірі қаржы саласы.

Міне, осы 4 сала өзіне сәйкес «жай – жайға, сай – сайға, бай – байға, пай – пайға (үлес)» тұрғыларын қалыптастырып, қоғамда төрт түрлі басты әлеуметтік жік пен топтарды түзеді және соған сай  4 түрлі психологиялық күйді байқататын сана түрлерін қалыптастырады. Әрқайсысына тоқталып өтейік.

ТҰТЫНЫМПАЗ САНА. Бұл сананы қалыптастыратын үдеріс көзіне бюджеттік күнкөріске көндігіп, қазынадан айлық алып, мемлекеттік қамқорлық арқасында үй-жай, зейнетақы, жәрдемақы т.т. түрлі бюджеттік ақыларға қызмет ету саласы жатады. Әрине, бұл саланың өзіне сай талабы, мемлекеттік ақының қызметші мен мемлекет арасындағы тәртібін белгілеумен бірге, соған сәйкес сана мен жандүниені де қалыптастырады.  Артық әрекет пен әсіре бостандықты бұл күнкөріс көзі қаламайды. Басқа күнкөріс көзіне күнәһар ретіндегі сезім қалыптастырады, ол – түрлі жолдармен тыйым салынады да.  Осындай бірқалыпты, дәліздік сүрлеу анықталған, әр күні мен айы ережемен бекітілген өмір сүру салты өзіне сәйкес барынша шектеулі сана мен ойлау жүйесін түзеді. 

Әдетте бұл кепілдік табыс көзі адамды тұтынымпаз етумен шектейді, адамның психологиясы тұтыну мен басыбайлы қызметке ғана бағытталады. Осыдан барып, басқа әлемге шошына қарау, жаңашылдықтан қашық жүру және әрбір табысқа тек қана тұтынушы көзімен қарау адам бойына еріксіз сіңеді. Әрбір өзгеріске кепілдік күнкөрістің бұзылмауы тұрғысынан баға беріледі. Бұл топтың контингентіне тән басты сипат  ТҰТЫНЫМПАЗ болуында.  Қолға түскен ақшаны ала сала дүкенге жүгіру, оны жылтыраған нәрсеге жұмсау, несиеге де табыс көзі ретінде қарап, оның қаржылық сайман екенін сезбеу психологиясы осындай басыбайлық салтынан туындайды. Мұндай ойлау жүйесі өмірге ұлы той ретінде қарауға дағдыланады, реті келгенде көзге түсуге, қоғамшыл, өзгенің өміріне қызыққыш, еліктегіш, бұралқы нәрсеге мойын бұрғыш болп келеді.  Өйткені, тұтынымпаздық ләззәт пен дағды осымен ғана шектеледі.

Бұл топтағы сана адамға қызықты той-томалақтан береді, табысын соған салғызады. Тірлігіне ақша тапшы болса да, оған соншалықты жауапкерлікпен, сауатпен қарамайды. Сондықтан да ондай ойлау жүйесі адамды тойшыл, несиешіл болуға итермелейді. Қолына қомақты ақша түссе, Жалғанды жалпағынан басқысы келеді де тұрады. Дүниеге негізінен қоғамдық көзқарас пен салт тұрғысынан қарайды. Өмірдің қозғаушы, жылжытушы күші қалыптасқан дәстүрлі өмір салты мен тірлік болып саналады. Жаңашылдықты шошына, үрке, икемсіздене қабылдайды.

Уақытты меңгеру жағынан ТҰТЫНЫМПАЗ САНА  барынша тар, бүгінмен шектеліп, ертеңге көз жіберуге мұрсаты да, мүмкіндік пен қабылеті де жете бермейді.  Оған оның өмір салты мен басыбайлы қызмет бабы жібермейді. Бұл сана бүгінмен, бүгінгі қызықпен және ұжымдық рахатпен шектеледі. Мұндай сананың қызметі мейлінше нәтижесіз, іс-әрекеті өнімсіз. Адам уақыттың текке өтіп жатқанына мән бермейтін жандүниелік марғау күйді бастан кешумен болады. Бұл сана адамды тәуелсіз сезінуге құлықсыз етеді. Тәуелсіздіктен гөрі кепілді табыс көзін таңдайды. Елдің амандығы ретінде қалыптасқан кепілденген қаржы көзі ретіндегі жүйенің амандығын ұғады.

Бұл топтағы адам өзінің осы күйін қалай сезінсе, тиісті шешім қабылдаса, одан бас тартып, басқа сипатты ойлау жүйесіне өтіп, сәйкес өмір дағдысын таңдайды. Ол үшін оның өзіне деген сенімі мен әлгі тұтынымпаздық санадан бас тарту түрткі болуы керек. Шамамен алғанда, мұндай тұтынымпаз сананы қамқорлыққа алған қоғамның жұртшылығы 30 пайыздан көп болған жағдайда ол елдің дамуы мен экономикасы кері кетеді, ел саяси-экономикалық тәуелділікке ұшырайды.

Тұтынымпаз сана – советтік идеологияның таптырмас нәтижесі болды. Бұл сана идеология жағынан да, материалдық игіліктер тұрғысынан да тұтынумен ғана шектелуді көздегендіктен советтік құндылық болып табылатын социалистік принципке таптырмайтын ойлау жүйесі болатын. Тұтынымпаз сана басқаша ойлауды жаратпайды, дайын сүрлеуді бұзуға құлықсыз, ақпараттың дайынын ғана тұтынумен шектелетін әлеуметтік тұрғыдан төменгі ерекше саналық саты.

КӘСІПҚОР САНА. Қоғамдық сананың келесі сатысын кәсіпқор сана ретінде шартты түрде атауға болады. Бұл топтағы жандар жауапкершілігін жанұясы мен әулетіне бағыттап, өзінің бар ресурсын соған жұмсайды. Оның бар қызығы сол үшін табыс табу мен соған жұмсау – өмір мәні болып табылады. Кез келген материалдық игілікпен шектелетін кәсіпті қуалайды, соны өнердің шыңы көреді, табыс көзі деп санайды.Табыстың негізгі көзі дәстүрлі түрде шағын кәсіпті айналдыру, содан тапқан табыспен айналасына деген қарым-қатынасы орнайды: жанұясына да сол табыспен қатынас орнатады, мемлекетке де сол табыстан салық төлеу арқылы табыс орнатады, бірақ мемлекеттің дамуына араласа алмайды, оған мұршасы жоқ. Өзінің салығы мен кәсібі арқылы қоғамға үлес қосып жатқандығына күмәні болмайды. Оны қоғамның қалай пайдаға асыратыны оның басын қатырмайды. Дүниеге негізінен кәсіптік көзқарас пен соның салтанаты тұрғысынан қарайды. Өмірдің қозғаушы, жылжытушы күші ретінде жеке кәсіптің сәттілігі болып саналады. Жаңашылықты кәсіпке қажеттілік деңгейінде қабылдайды. Кәсіпке барын береді,тіпті денсаулығы мен өмірін де арнайды. Адам бойын кәсіпсүйгіштік билейді.

Алайда, бұл кәсіпқор сана белгілі бір кәсіптің майын ішіп, жілігін сорады да, келесі сатыға өрмелеуге алғышарт жасай алады. Бұның бойында құлдық мінез болмаса да, өз кәсібіне қатысты бағыныштылық қалыптасады. Дегенмен, өмірге кеңінен қарап тұшына алатын жағдайда емес, оған кәсіпкерлік жағдай мен сана мұрсат бермейді. Ол өзінің осы адал кәсібі мен табысына риза болумен өмірді өткізуі де ғажап емес. Әрине, ол жеке дара қасиетке байланысты. Бұл топтағылар дүниеге өз кәсібінің ауқымынан, деңгейінен қарайды, сол кәсіпті аялаумен күнін өткізуге душар. Бар ақшаны соны дамытуға салады, несие алуға да сол кәсіп тұрғысынан қарайды. Кәсіпқор сананың басты құндылығы жеке кәсіптің амандығы мен дамуына бағышталады.

Десек те бұл санадан келетін қоғамға пайда шаш етектен емес, алайда тұрақтылық пен мұсалдаттық болдырмасқа бірден бір дәру екені мәлім. Бұл сана – ұжымшылдық пен дарашылдық сана қасиетінің арасындағы аралық саты. Ойлау жүйесінің кәсіпқорлық сатысы қоғам мен мемлекет үшін орнықты саясаттың кепілі болып табылады. Сол себепті қоғамның кемінде үштен бір бөлігін қамтыған жеке кәсіпкерлік елге барынша саяси-экономикалық тұрақтылық жасақтайды.

Кәсіпқорлық сана дами келе адамды қоғамдық белсенділікке жетелейді, жергілікті ұсақ-түйек бастамаларға итермелейді. Азаматтық ұстанымды дамытуға тиек болады. Әулетіне қамқор бола бастайды, қайырымшыл мінезі арта түседі. Адамның өзіне сенімі мен айналасын өзгертуге деген құлшынысын арттырады. Жеке кәсіп адамның жеке басының сапасын нығайтуға таптырмас мүмкіндік болып табылады. Алайда, ол өз кәсібін іргелі бизнеске айналдырмайынша, оның құлы болып қала бермек.

(жалғасы бар)

С. Әбдірешұлы, психология ғылымының магистрі

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5547