Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 17127 7 пікір 30 Қазан, 2016 сағат 12:45

ЕКІ ЖАРТЫ - БІР БҮТІН

Алматыға іс сапарға Мәлік  ағаймен бірге баратынымды білгенде қуанып кеттім. Ол кісінің қызметі жәй қатардағы  инженерлердің бірі болса да, өзін үлкенді-кішілі зауыт адамдары қатты құрметтейді, бірі «жұмбақ адам» десе, бірі «көпті көрген адам», бірі «басқаларға ұқсамайды, ерекше жан» деп айтып жатады. Бірақ, «не себепті олай дейсің?» десе, ешқайсысы, жарытып ештеңе айтпайды, өздерінің бір құпиялары ашылып қалатындай жауаптан қашады, әйтеуір ол туралы ешкім жаман айтпайды.  Іссапарға шыққанда мен үшін біздің бастық секілді қатты ішіп, өзінің де, өзгенің де мазасы мен берекетін алмайтын адам болса болғаны. Бірде біздің бастық Мәлік ағай туралы: «оның сөзімен бас директордың өзі де санасады, жазған сұраныстарына үлкен жауапкершілікпен қара» дегені бар. Бұлай бөле жара айту әдетінде жоқ еді, онысы құрметтеу ме, әлде сескену ме, себебін біле алмадым. Онымен кейде оқта-текте жұмыс бабымен кездесіп қалғанымыз болмаса, араластығымыз жоқ. Мерекелерде зауыттағы іс-шараларға басқа қызметкерлер семьясымен келсе, ол жалғыз жүретін. 

 Ол туралы менің есіме түскені, жақында  зауыт кеңсесі алдында Майра, кәдімгі мен жақсы көретін Майрамен кездесіп қалып, ол «Дүйсен деймін, алдағы демалыста тауға шығайықшы» дегенде, асығып тұрған түр көрсеткен мен күмілжіп,   қолымның тимейтінін айтқам.  Сол кезде қасымыздан өтіп бара жатып, сөздерімізді еріксіз естіген Мәлік ағай маған қарап жұмбақ күлімсіреген.

...Поезға отырып, билет тексергеннен кейін, төсек орын алып жатып қалған мен қатты шаршағандықтан ба, жатысымен ұйықтап кетіппін. Мәлік ағайдың «Дүйсен тұр, тамақтануға сені күтіп отырмын»-деген даусынан ояндым.

«Алматы-Москва» жүрдек поезы бір ырғақпен жүріп келеді, ұйықтағаныма бірталай уақыт болыпты, маған әйтеуір поездар күндізден гөрі түнге қарай тез жүретін секілді көрінеді. Басым жеп-жеңіл болып тыңайып қалыппын.   Жоғарыдағы екі жас жігіттер тойдан келе жатыр екен, қатты ұйқыда. Купедегі кішкене столдың үстін Мәлік ағай дәмге толтырыпты, мен де  жолға алған тамақтарымды  ала бастадым.  Әрнәрсені бір айтып отырып, тамақтанып та болдық. Бір кезде «қырыққа толдың ба ?»-деп, сұраған Мәлік ағай:

-Осы күнге дейін үйленбей жүргеніңе не себеп? –деп төтесінен кетті.

-«Үйленбей жүргеннің өзі жақсы»-деген кезекші жауабымды Мәлік ағай дені дұрыс жауап деп есептемегені көрініп тұр.

-Отыз бес дейсің бе, аз жас емес қой деп бір тоқтады да, әрі қарай әңгімесін тез жалғастырып әкетті.

- Шырағым, уақыт деген білдірмей өтіп кетеді, сені Майраның жақсы көретініңе дау жоқ,  ол маған  ап-анық байқалып тұрады, себебі,  оның зауытқа келгеніне 5-6 жыл болып қалды, кішкене коллективте адам тізе қосып бірге жұмыс істеген соң бір-бірін  жақсы біледі. Е-е,  әр бір адам кітап секілді ғой, тек оқи білу керек –деп бір тоқтады.

Майраның атын естігенде біреу жанды жерімді тырнап алғандай бұл тақырыптағы әңгімеге құлықсыздық танытқанымды білдіріп, терезенің пердесін ысырып, түнгі меңіреу далаға тесіле қарадым. Ыстықтағандаймын, ал бір жағынан еркек пен әйел қатынасы туралы әңгіме құлағыма жағатын секілді, жалықпай тыңдауға бармын, бірақ,  менің жеке басыма қатысты болмаса болғаны. Менің  Майраны жақсы көретінім өзіме белгілі, бірақ, Майраның мені жақсы көретініне шүбәлі едім, әрі оны соншалықты сырт көзге байқалып  тұрады  деп ойламаппын.

Жуынып келген Мәлік ағай екі ойлы болып аз кем тұрды да, бір шешімге келгендей маған қарап :

- Дүйсен сен, сырыңды айтатын, сырласатын, ақылдасатын алдыңда ағаң, артыңда інің жоқ, досыңа да әр түрлі себептермен  бар сырыңды айта бермейсің, намыстанасың, ұяласың, түсінбей қала ма деп ойлайсың, тіпті сол сырларың бір кезде, әлдеқалай уақытта өзіңе қарсы жұмсалады ма деп те қорқуың мүмкін.  Мен басымнан өткен өмірімнің бір үзігін айтып берейін, мүмкін ой салар, кәдеге асар, жол ұзақ қой-деді.

Жұрттың «сүр бойдақ болып қашанғы жүресің, қашан үйленесің?» дегеніне «40-қа келгенде, оған дейін үй салып, машина алайын,  сосын үйленем» десем, тағы бірде «ой, осы күні қайсы бір дұрыс қыз бар дейсің?»-деп танауымды шүйірген болып қоя саламын. Бірақ, бар мәселе басқада еді. Ал, Мәлік ағайдың сұрағы да басқаша, ол сенің ішіңдегіні көзбен оқып, біліп отырғандай.

- Өзіңіз біліңіз, уақыт өтсін ағай –дедім.

Ол кісі әңгімесін қоңыр дауыспен бастап кетті.

- Мен жас кезімде ауылдағы көрікті, әрі денелі  жігіттердің алды болдым.  Екі иығыма екі кісі мінгендей, қапсағай денелімін, құдай берген өнерім бар, арнаулы оқымасам да кез-келген музыкалық аспапта ойнап, ән салам.  Қазір қойып кетсем де жолдастар мен  таныстарым отырыстарда кездесе қалса, «Ой, жайлауды» айтшы, жоқ, «Он алты қызды» шырқашы деп, әркім жасына, көңіл-күйлеріне қарай, қалаған өлеңдеріне заказ беріп жатқаны. Көңіл күйім болса, өлеңдердің шығу тарихын, оқиғаларын өз басымнан өткендей, сөз бен әуенге жанымдағы сезімнің сөлі мен селін қосып, майын тамызып айтып берем, олар да риза, олардың риза болғанына мен де риза,  жаным рахаттанып қалады. Сөйтіп жүріп, құшағымда ай сайын бір қыз, олар өздері келіп құлаған соң қадірі болмайды ма, әлде маған тәуір  қыздар кездеспеді ме, әйтеуір олармен екі-үш рет бірге болғаннан кейін олар мені жалықтырып,  жеріп шыға келемін.  Мені қол жетпестей көрді ме, олар да талапсыз қала берді.  Атыраудың Әсила деген бір қызы «маған үйлен»-деп біраз жүгіргенде: «мен сенің бірінші жатқан еркегің емеспін ғой» дегем, ол «мен сенің алдыңда адал болдым, мені жасөспірім кезімде бір мас адам зорлап кеткен», деп шынымды айтып едім ғой,  мен сенімен болғанша басқа жігіттермен сүйіскен де емеспін-деді.

Аз-кем ойланған мен :

- Маған пәк болып кездескен қыздар да жетерлік – деп,  күлгенімде, ол жұлып алғандай :

- Ендеше сені солардың пәктігі ұрсын, мен сені шын жүрегімнен сүйіп едім ғой – деп, көздеріне толған жасты көрсетпеуге тырысып, жүгіріп кеткен. Мені ол кезде қыздар ғана емес, тума –туыстар да, жұмыста бастықтарға дейін төбелеріне көтеретін. Жүрген жерім думан, ауыл түгіл ауданға келген әр түрлі комиссиялар мен атақты, қадірлі деген адамдардың алдында өнер көрсетем, табыс та жаман емес. Шынымды айтсам, сол  қызға берген сондай мысқыл жауабыма әлі өкінемін. Сол қыздың қарғысы бірнеше күн құлағымда шыңылдап тұрғандай болғанмен, біраздан кейін ұмытып кеттім.  Қайран жиырма бестің демімен, алды-артыңа қаратпайтын бұлқынған бұла күштің тасқыны шығар. Кез-келген ортада суда жүзген балықтай өзімді еркін сезінемін. Сөйтіп жүріп үйленіп, ажырасып та үлгірдім.  Олардың арасында көлденең кездескен әйелдер мен кездейсоқ байланыстар қаншама. 

Сөйтіп жүріп 32-ге толдым.  Сол кезде менің өмірімде  бір өзгеріс болып,  басымды қара бұлт торлады. Бір рет әйелмен оңашада ыңғайсыз жағдайға қалғаннан кейін, сол жағдай бірнеше рет қайталанған соң, әйел атаулыға  беттемей қалдым.  Тағы бірде  бір қылықты әйел үйіне шақырып, тәтті қылығына денем балқып төменгі жағым жыбыр-жыбыр етіп жан біткендей болып еді, жеме- жемге келгенде қанша тырыссам да түк шықпады. Қылықты әйел «істемейтіні бар, қатын не теңің?»-деп былш еткізді.  Содан кейін үйленбек түгіл,  әйелдерге жақындауға қорқатын болдым. Менің өмірімде басқа бір кезең басталды. Алматы мен Москваның арасындағы қалалардағы талай дәрігерлерге көріндім. Бойыма қан жүгіргенмен, әйелге жақындағанша күш кетеді.  Не керек, әйтеуір дәрігерлердің қойған диагноздары мен қолданған емдері қаншалықты әр түрлі болып, әр түрлі ем қолданса да нәтиже болмады. Менің емделуден де бетім қайтып, шаршадым. Шет елге шығып емделу  ол кезде, Советтер Одағы дейтін үлкен елде ілуде біреулерге ғана бұйырған.  Оның үстіне қаржы жағы да қол байлау болды, жылына алатын демалысың да бір-ақ- ай.  Одан шешем қайтыс болып, ажырасқан  әйелім басқа қалаға көшіп кетіп, жаныма жұбаныш болатын жалғыз баламен кездесу де проблема болып қалды. Жанымды арақпен жұбатқым келіп, бөтелкемен,  ащы суды жақсы көріп, бірге ішетін бөтелкелестермен дос бола бастадым.  Осы арада тағы екі-үш жыл зу ете түсіп, менің еңсем түсіп, бұрын маған сүйсініп, таңданып қарайтындардың енді маған мүсіркей, тіпті жиіркене қарайтындарын сезе бастадым.  Әйтеуір денемді сүйреп жұмысқа келем. Көңілімді ауламақ болған дос-жаран, тума-туысқандарға ыңғай бермеймін. Олар менің көңілімдегі ең үлкен қорлықты білмек түгел, сезбейтін де.  Сол кезде тағдыр маған аяулы бір періште әйелді жолықтырды. Алима, маған тағдырдың тартқан үлкен сыйы еді.

Үлкен зауыттың өндіріс пен жоспарлау бөлімінің кабинеттері қатар орналасқан.  Соның бірі - мен істейтін өндіріс бөліміне шамамен жасы отыз бес отыз жетінің  арасындағы, аққұба келген тартымды келіншектің жаңадан жұмысқа тұрғанын біздің бөлімнің жігіттері бір-ақ күнде білді. Оған себепші Алиманың өзі болатын. Бөлімдегі төрт жігіт айдың аяғы болғандықтан, төрт столды құшақтап,  мұрындарымыздан шаншылып, жұмыстарымызбен айналысып  отырғанбыз.

- Жігіттер, саламатсыздар ма, мына ток шәйнекті жөндеп бересіздер ме?-деген таза мөлдір дауыс естілгенде, денем шым ете қалды. Неге  сонша елең еткенімді білмеймін, шын болса,  кейде адамға құдай сездіреді дейді ғой. Бұл дауыстан кейін бір түрлі күйге түскеніме өзім де түсінбей, ешнәрсеге мән бермеген болып, басымды көтермеген күйі отыра бердім. Әйелдер туралы ойлауға өзіме-өзім тыйым салғалы қашан. Аздан соң,  «О, Мәке, мынаны сіз қарамасаңыз, біздің қолдан келмейді екен» деген әзілкеш Жандостың ойнақы даусын естіп, басымды көтердім. Әйелге көзім түскен менің көңілім ойсырап, қарным ашып қалды.  Алдымда аққұба, еш ерекшілігі жоқ,  қарапайым ғана әйел тұрды.  Жаңағы мөп-мөлдір дауыстың иесі менің ойымша сұлу, әрі жас қыз болуы керек еді.

Кінәрат ток шәйнектің өзінде емес, ток жүретін бауында екен, оны тез жөндеп берген,  мен Жандостың ол әйелді маған әдейі сілтегенін сездім. «Сізге көп рахмет» деген мөлдір дауыс шынымен жаңағы әйелдің аузынан шықты. Байқағаным кішкене қара көздері адамға тіке, зерделей, зерттей қарайды екен. Әйел кеткен соң Жандос :

 - Аты Алима, күйеуі жоқ,  бір баласы бар екен, мен кадр бөліміне жаңа технологияны өндіріске енгізуге байланысты сыйақы беру туралы бұйрық жобасын апарып едім, сонда анкета толтырып жатыр екен-деп,  үлкен бір іс бітіргендей ыржиды, мен болсам мән бермегендей түр көрсеттім.     

Арада бірнеше ай өтті. Алимамен араласып кеттік, жоспарлау бөліміндегі әйелдермен бұрын араластығымыз жоқ еді, енді бір мейрам болса екі бөлім қосылып, соңынан жалпы зауыттағы қызықшылыққа бірге барамыз. Бірде Алиманың үйіне екі-үш жігіт барып ауласын жөндеп бердік.  Шешесі мен бір ұлы бар екен.  Алимадан біздің жігіттер авансқа дейін қарызға ақша алады, ақылдасып тұрады, т.б уақ-түйек жұмыстарымен еркін бара беретін болды.  Мен ғана сөйлеспеймін десе де болады, әйелдерді жек көремін, соңғы екі жылда оларға еркімнен тыс жазғыра, кінәләй қарайтын болғанмын. 

Әйелдерсіз жаңа өміріме үйрене бастадым.  Думанды кештерге барғанда, ең сұлу, ең тәкаппар деген қыз-келіншектердің айналама үйіріле қалатыны, екі-үш көргеннен кейін қойныма енуге кет әрі еместігі, олармен кешетін тәтті ләззат алу сәттерінен кейін майдан алаңынан  жеңіспен оралғандай күй кешетінім, әйелдердің алдындағы асқақ күйім, оларға кейде менсінбей, кейде мысқылмен қарайтыным-бәрі көзден бір-бір ұшып, көрген түстей өте шықты. Тек әйел денесінің құпия территориясына жетпей, не ене бергенде шаухатымның еріксіз төгіліп кететіні үнемі көз алдымнан кетпейтін сурет болып қалды. 

Жаңа жыл жақындап қалды. Екі бөлімнің қызметкерлері жаңа жылды бір күн бұрын  жұмыстан кейін қалып, қарсы алатын болып келістік. Ұйымдастырып жүрген баяғы Алима, ол туралы жұрт мақтап айтатын болған, жұмысына да тыңғылықты, білімді, өзі де таза адам дейді. Ол жұмыс аяғында маған келіп, «Мәлік,  Сізді өлең айтады - дейді ғой, ертеңгі мерекелік кешімізге  домбыра мен гитара алып келіңізші»-деді. Құдай біледі, бұл туралы оған айтып жүрген Жандос.  Ол әйел менің үйде домбырам мен гитарам барын қайдан білсін? Ертеңіне Жандостың машинасымен екеуін де алып келдім. Үлкендеу болған соң, әйелдер біздің кабинетімізге дастархан жасады, біз оларға көмектесіп, дүкенге жүгіріп, банкілер мен шөлмектерді ашып көмектестік. Бір үйдің адамдарындай,  ұйымшылдықпен дастарханға отырдық. Тостылар айтып, биледік.  Осы кешке арналған шарт бойынша, әркім бір номер дайындау керек, біреу биледі, біреу өлең айтты,  Жандос анекдоттар айтып берді.  Өлең айтуға зауқым соқпаған соң, мен домбырамен «Балбырауынды», гитарамен «Полонезді» орындап бердім.  Кеш аяғына қарай,  Алима маған «музыкамен сүйемелде» дегендей емеурін білдіріп,  әнге басты.  Қасымызда күн сайын көріп жүрген адамды елемейміз де, бағаламаймыз да ғой.  Жалғыз менің ғана емес, бәріміздің ауыздарымыз ашылды да қалды. Алима менің музыкамен  сүйемелдеуімді   қажет етпегендей, биік даусымен шырқап отыр.

Қамысы-ай, Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым, осынау көлдің суын іше,-Әупілдек

Қос қанат саған біткен маған бітсе,

Барар ем, қалқатайға, әлде неше, Әупілдек

Мөлдір дауысында сағыныш бар, аңсау бар, адамды бір тылсым, тереңдікке тартып бара жатқандай.

Алима екінші әнді бастады.

...Дудар-ай, келмек болсаң тезірек кел,

Орныңа өңкей жаман таласып жүр

Дударайым дудым

Бір сен үшін тудым....

Мөп-мөлдір дауысында арман бар, зарыға күту бар. Махаббатын, бақытын іздеу бар.  Ән аяқталғанда әуені бәрімізді сыйқырлап тастағандай бір сәт үнсіз қалдық. Осыны айтқан шынымен Алима ма дегендейміз.  Ішіміздегі Сәрсенкүл апай ду қол шапалақпен қабаттаса:

-Ту, Алима, бір жылдан бері осынша өнеріңді неге жасырып жүрсің?-деп өкініш білдіргендей болды, оның  айтқандарына  мен де іштей қосылдым. Алима айтқан екі ән де бәрімізге ұнады. Ұзақ отырдық, мен де аяқ астынан «Қайран жиырма бес, атпен қудым жеткізбес» деп, біраз ішімдегі ащы запыранымды шығарып алдым. Сарсенкүл апай бастап, Алимадан тағы өлең айтуын сұрадық. Біздің ауылдың «частушкалары» деп, жеңіл, ойнақы өлеңдерге көшті. Айтқан өлеңіне қарай, адамның да  мінезі өзгеріп тұратынға ұқсайды екен, қазіргі «ауылының алты ауызын» айтып отырған Алима басқа Алима.

 

-Есігім алды көтерме,

Көтермеден өтерме?

Қанша сүйдім десеңде

Сүйгеніме жетерме?

 

Алтын сағат әперме,

Таға білмейтіндерге.

Махаббатты қор қылма

Сүйе білмейтіндерге.

Ол өлеңді беріліп айтады екен.  Сол күні тамаша кеш болып, ұзақ отырдық, ешкім үйлеріне қайтуға асықпады. Барлығы балалық, жастық шақтарына әсем әндер арқылы саяхаттап келгендей.

Кеш аяқталғанда үлкендерді бір рейспен үйлеріне жеткізіп тастаған Жандос, екінші рет кетіп бара жатып,  кабинеттің кілтін Алима екеумізге ұсынып,

- Алима екеуіңе комсомолдық тапсырма, (комсомолдық жастан өтіп кеткеніміз есіне түссе керек, дереу сөзін түзеп) жоқ,  партиялық тапсырма, аяғына дейін жинап, тазалап, бір-біріңді шығарып саласыңдар - деді. Екеуміз де партия мүшелері болмасақ та  қарсылықсыз қала бердік. Екеулеп кабинетті жинастырып, Алиманы үйіне шығарып салдым. Жолай үнсіз болдым, не айтарымды білмеймін, әңгімеміз қабыспады, жынды адамдай жасын сұраппын.  Ол болса әлде бір мұңды әуенді ыңылдаумен болды, жасы менен бақандай төрт жас үлкен екен, бірақ, сырт көзге жас көрінеді.  Алима есігін ашып жатып:

-Мәке үйге кіріп, шәй ішіп кетіңіз-деді. Мамасы мен баласы бар емес пе еді, әлде бүгін жалғыз ба екен деп, екі ойлы тұрдым да, сыпайы рахметімді айтып, қайтып кеттім. Үйге келе жатып Алиманың әні ұнағаны шын, бірақ, өзі емес деген ойға келдім.

Мәлік ағаның сөзін бөліп, біреу купе есігін жұлқылады. Ағай әңгімесін үзіп, есік ашты. Купесін шатастырып алған көрші купенің адамы екен. Сірә, рестораннан қайтса керек, аузынан арақ исі сасып тұр. Әңгімемізді бұзып жіберді.  Мәлік ағай да тамбурға шығып, темекі тартып келіп, даусын баяулатып әңгімесін әрі жалғастырды.

... Жұмысқа келсем, Жандос жымың-жымың етеді. «Жағдай қалай?»-деген сөзіне соншалықты маңыз береді. Екі иығымды көтерем.  Жұрт дегенді қойсаңшы, Жандос тағы «нағыз парсыңдар»-дейді. Жалғызілікті әйелге ғана емес, жалғызілікті еркекке де сөз үйір келеді екен. 

Бір күні мені ток ұяларын жөндеуге Алима үйіне шақырды.  Жөндеу деген әдейі айтылған  сылтау, бүгін Алиманың туған күні екен.  Ыңғайсызданып қалған мен, «неге жалғыз қарсы алғалы жатырсың?»-деп едім, ол тіке «туған күнімді сенімен бірге өткізгім келді»-деді. Онымен жалғыз қалудан қорыққандай, кеткім келіп еді, аяқтарым айтқаныма көнбегендей, көңілім де онымен бірге аз уақыт болса да бірге болуды қаладым, бірақ, «асығыс  едім, баратын жерім бар, 1-2 сағат болайын, бұндай күні сені жалғыз қалдыруға болмас»- деп, күлген болдым. Алдымызға исі бұрқыраған манты да келді, салаттардың да ащысы да, тұщысы да бар. Тост айтып, құттықтаған болдым. Білмегенімді айтып, «сыйлығың мойнымда» дегенді қостым. Алима шарапты молынан ішіп отыр, кезектесіп те, қосылып та өлең айтып, біраз уақытты өткіздік. Тезірек қайтуға себеп іздеген мен:

-Сені бұлай көп ішеді деп, ойлаған жоқ едім - дедім.

-Сенімен еркін сөйлесіп, еркін болу үшін әдейі ішіп отырмын - деді.  Бағанадан бері бір жаққа бармақшымын деп,  тартқыншақтанып, «тормозым ұстамай» қатты ішіп кетем бе деп, қорқып, аз ішіп отырған мен, рюмканы ысырып қойып, үлкен кесеге ақ арақты құйып, тартып жібердім де :

-Несі бар, еркін болсақ , еркін болайық - дедім.

Ол біраздан кейін тіземе отырып, мойнымнан құшақтады, еріндері ернімді іздеп тапты. Сезімім селт етпейді.

 -  Мәлік, бағана сыйлығың мойнымда деп едің ғой, сол сыйың болсын, бүгін таң атқанша менің қасымда болшы - деді.

Арақ ішкеннен соң ба,  әлде не «бүк», не «шік»  болсын деп, бұл қатынасымызға тезірек нүкте қоюға тырысып, өзімше жұмбақтап:

- Алима, мен сенің ойыңнан шыға алмаймын-ау деп қорқамын -дедім. Тағы бір жолы бар, ол ештеңеге қарамай, атып тұрып үйге қайту болатын. Бірақ, Алиманы аядым, олай істесем, оның намысын таптап, менсінбей кеткендей болам, бағана отырмау керек еді, енді бір қалған соң, не болса да аяғына дейін жеткізу үшін шыдау керек деп шештім.

Құшағыма тығылып жатқан ол «Оны білем»-деді.  «Мәссаған!» - дедім ішімнен. Нені біледі екен?

- Мен сені сүйемін Мәлік, ол жағың істемегенмен, қолың мен тілің бар емес пе?

Қап, мына қатын мені өлтірді-ау, өзі немене, көріпкел ме ? Тілім байланып қалды. Мен құлағым қате естіп тұрған жоқ па, деп құлағымды шұқыдым, дұрыс еститін секілді. Алима сөзін әрі жалғастырды.

-Сен тек таң атқанша  менің қасымда болып, менің айтқандарымды тыңдасаң болды, бір түн ғана, содан кейін өзің шешерсің-деді. Кішкентайымда жаңа ойыншық алып берсе, бұзып, зерттеп, ішінде не бар, не жоғын біліп, қайтадан құрастырып шығатынмын. Мені бір әуестік биледі ме, әлде әйел мен еркек арасындағы қатынасты бір кісідей білемін дейтін маған өзімнен де білгір ұстаз кездескенін сездім бе,  әйтеуір ұятты бір жағдай болса, «көп ішіп қойыппын»- деп, нағыз болмаса «ол жерден жұмыстан шығып кетермін»-деп ойлап,  осы жерде таң атқанша қаламын деп шештім.

Басыма арақтың буы тие бастаған секілді ме, көңілдене бастадым. «Әміріңізге құлдық, о падишам,  не бұйырасыз?»-деп,  ойнақылана тіл қаттым.

- Бар киімдеріңді шеш те, ваннаға жүр, мен су толтыра берем-деді. Дастархан басына келіп, тағы бір рюмка арақты қағып салып, «еркінсітіп, ұялмайтын етіп жіберетін арақтың болғаны қандай жақсы»-деп ойладым.

...Ваннаға кірсем, Алима ваннаға су толтырып, әлде бір қызғылт сары ұнтақты суға салып жатыр екен. Мұрын жарған қош иіс аңқып кетті.  Арақтың қызуы ма, дел-сал бір күйге түстім.  Алиманың айтуымен ваннаға отыра кеттім, ішімнен бе, әлде даусым шықты ма білмеймін, «рахат, ұят емес»-деп, өзіме-өзім дем беріп қоям. Алиманың да тыр жалаңаш шешініп жатқанын байқап, көздерімді жұма қойдым.  Әйел денесінің сәл ашық-шашық жеріне көзім түссе болды, бойымды билейтін тәтті дірілден еш хабар жоқ. «Өлім-ай»-деймін ішімнен, ваннадан атып шығып кетіп те қалғым келді. Не болса да болары болды, «иә, оны білем» дегенде нені меңзеді екен, мен болсам өзімнің «пас» екенімді меңзеп айтқам.  Қателеспесем, ол да менің ойымды дұрыс түсінген секілді, бала емес қой, мейлі, не болса да, енді бәрі кеш. Көп болса Алимамен бірге істейтін заводтан жұмыстан шығып кете саламын.   «Мәлік белсіз екен»-деп айтып жүрмес, өзі ғой қалмай жүрген.

Алиманың аузында ән:  жаңа шыққан ән.

«Қайда сол жан жаны әппақ шуақты,

Сезімге де, сөзіне де тұрақты,

Мені сүйер біреу бар деп алданам,

Сол алданыш шын бақытым сияқты».

-Мәлік, кәне арқаңды ысайын,  мен бағана шомылып алғам, -деп, баласын шомылдырған анадай мені жуындырып жатыр. Мен болсам, «не істесең соны істе, бар ерікті өзіңе бергем» дегендей момақан күйде отырмын, ұйқыда жатқан сезімді оятып алса, тіпті жақсы болар еді деймін. Мені шомылдырған суды төгіп тастап, қайтадан су толтырып, маған аяқтарыңды жина дегендей ымдап, өзі де отырды. Біреу айтса күлер едім, ваннада шомылудың да өз қызығы бар екен, әсіресе әйел мен еркектің бірге шомылғаны. Ванна үлкен болғанмен екеуімізге таршылық қылғандай, Алима алдымда бір адамдай жартылай жабысып жатырмыз.  Алима менің батылсыздау қолдарымды қос анарына апарды, жәйлап сыйпағаннан артыққа бармадым.  Қысып-қысып алғым келген, аймалап ұзақ сүйгім келген, бірақ, содан соң не істеймін деймін...

-Мәлік мені төсекке көтеріп алып баршы,- деген сызылған үнді естігенде, көрші бөлмедегі төсек емес, жердің шетіне алып бар десе де әзір едім. Бөлек бөлмеге жерге салынған төсекке әкелгенде Алима бұлтың етіп құшағымнан шығып кеткенін пайдаланып, дастархан басынан екі рюмкаға арақ құйып әкелдім, Алиманың шарап ішіп отырғанын білсем де, әдейі ақ арақ құйдым.  Өзімнің де ішкім келіп тұрмаса да, өз есебім бар. Кейде әр нәрсенің кем-кетігін арақ білдірмей жібереді, арақ  ішкендер анау-мынау нәрсеге  көңіл аудара қоймайды дейді ғой.  Алимаға «екеуіміз үшін алып қоялық»-деп, қиыла қарап, ішуін күтіп, одан кейін өзім де тартып жіберіп, бір нәрсені қатыратын адамдай  Алиманы құшақтап төсекке құладым.  Алима мойнымнан тас қылып құшақтап, денеме дене болып жабыса қалып, ернін тосты.  Енді ерінге ерін тиіп, бұлақ суына шөлдеп келіп бас қойып сіміргендей аймаласқан соң, қолдарың да өзінен-өзі автоматты түрде әйел денесін сыйпалап, түгендей бастайды ғой.

 -Жаным, мен сені жақсы көрем, сен менің ұзақ күткен адамымсың -дейді Алима, денемді біресе аймалап, біресе сылап жатып.  Екеуіміз космос кеңістігіндегі салмақсыздықта ұшып жүргендейміз, біріміздің басымыз, біріміздің аяғымызда жатады, немесе керісінше.  «Сонша әйелдермен болып, бұндай жағдайда «соғыспаппын», қап әттеген-ай!» деп өкіндім.  Алиманы бұндай қызуқанды деп ойламап едім, денесіне массаж жасап аймалағаныма  өзінен-өзі қозып, демі жиілеп, көздері жалт –жұлт етеді.

- Мәлік, бар денемді аймалашы-деді алқынған дауыс. Өзі маған үлгі көрсеткендей сандарымды да, сүмірейіп, сұлқ жатқан «екі жүз грамм етімді» де жанай өтті. Одан соң сұқ саусағымды қыса ұстап, өзінің кіндіктен төмен тұсына апарды. Мен оқыған сұрағы келген студенттей  қуанып кетіп, оның қолдарын серпіп тастап, сол аймақты «зерттей» бастадым.  Алима көздерін жұмып, рахат бір күйде жатыр, денесі бабында, титімдей артық еті жоқ құлын мүсіні бәйгеге қосылар сәйгүліктей жұтынып тұр.

- Еркекпен болмағаныңа қанша болды деймін-алқына сыбырлап, тіпті бұл сұрағымның орынсыз екенін де біліп тұрғандаймын.

- Бес жыл, жеті ай, тоғыз күн. Жаным, бір-бірін жақсы көретін адамдар   бір-біріне деген ынтазарлық сезімін жасырмауы керек,  оны көрсете білуі керек –деп менің дене мүшелерімді түгендей бастағандай, мен де ен даладағы қос күмбездей көз арбаған, кеудеге біткен қос анарды аймалаған сайын ес-түстен айрылып барамын. Бірақ, белден басып өтіп,  бөксе жаққа баруға жүрегім дауалар емес.

- Мәлік, сен психологиялық кедергіден өте алмай тұрсың, әйел мен еркектің арасындағы қатынас - өз алдына үлкен бір ғылым. Бір–біріміздің денемізді зерттеуді бірге бастауымыз керек. Бұл уақытша нәрсе, сен ертең емделіп, жазылғанша ғана, мен де жүкті болып сенің балаңды көтеріп жүргенде сенімен жатуға болмайтын бір-екі айда да сезім рахатына бөленудің осындай жолдары бар, -деп асқан бір нәзік сезіммен тұла бойымды балқытып аймалай бастады.

Бір кезде кең төсек үстінде екеуіміз құмда ойнаған балалардай жалаңаш күйде шүйіркелесіп отырғанымызды байқадым.  Алиманың мені қанаттандырып, «мен жүкті болып, сенің балаңды көтеріп жүргенде» деген сөздерінің соншалықты сенімді, соншалықты нық шыққаны сондай, кенет менің басыма әлдеқайдан бір сигнал келгендей, сәл шыдасам Алиманы жүкті ететіндей көрініп,  бес жыл, жеті ай, тоғыз күн еркекпен болмаған әйелдің алдында бір түн айтқанын тыңдаймын-деп уәде беріп, сөзіме қожа бола алмағаным азаматтыққа жатпайтынын түсінген болуым керек, соңғы кезде «әлде қалай болады, тағы да ұятқа қалатын болдым ау»-деп, мені еркімнен тыс сезімімді  тұсаулап тұратын қорқыныштың  қақпағын алып, лақтырып тастағандай болып,  сезімімді еркіне қоя бердім.  Сөйтіп жатып, Алиманың мен ойлаған әйелдердей емес, мен үшін көп нәрсеге әзір екеніне көзім жетті. Теңіз жағасында өсіп, көптен сол теңізде болмай,  сол теңізді сағынып келген баладай  Алиманың жетегіне еніп құмарлықты қандырудың, соның ішінде әйел құмарлығын қандырудың басқаша жолдарын үйрене бастадым. Минуттар өтті ме, секундтар өтті ме, білмеймін Алиманың мені аймалап аласұра айтқан тәтті сөздерімен қатар, балықтың торсылдағының жарылғандай дауыстан басымды көтеріп алдым. Құлап-сүрініп, ваннаға жүгірген мен қолым мен бет аузымды шәйіп келсем, Алима шала-жансар адамдай былқ-сылқ жатыр екен, еппен құшағыма алып,  бауырыма бастым.  Мен оның күн сайын жұмысқа барудан, үйіне келген соң құрғақтай тамақ жалғап алып, телевизор көруден басқа жұмысы да, қызығы да жоқ,  бар істейтін жұмысы екі жұмада бір химческаға киімдерін тапсырып алатын, айына бір рет адам жалдап үйін тазарттыратын, екі күн демалысын арақ ішумен өткізетін еркектің үйіне нұрын шашып,  өзгеріс енгізетін, маған ең жақын, ең қымбат адамым болуы мүмкін екенін  түсінгендеймін.

-Мен сені ешкімге бермеймін-деді бақытты әйел даусы. «Мен сенімен өле-өлгенше бірге болам»-дедім, айналамның алтын шуақты нұрға малынғандай болғанына таңданған, жылдар бойы арқалап келе жатқан ауыр жүк мойнымнан түскендей болған мен, дел-сал болып жатып. Соңғы кезде өмір туралы, өмірімнің соңғы күндері қалай өтеді деп, қартайғанда қасымда су әперетін де адам болмайды-деп уайымдай бастағам. Кіндіктен жалғыз ұлыма әйтеуір  алиментін төлеп әкесі деген атым болмаса,  анда-санда кездескендіктен бе, арамыз салқындай бастаған. Сол кезде жалғыздық дегеннің ащы дәмін татып жүрген кезім еді.  

Сол түннен соң, Алима екеуіміз  екі жарты бір бүтін болып тұрып жатқанымызға екі жылға таяу уақыт өткен. Өміріміз өзгерді, толыққанды жанұя болып, кішкене Отанымыздың жоспарларын құрамыз, бірге қонаққа барамыз, үйге қонақ шақырамыз, саяжай мен машина алдық, әйтеуір өміріме де, Алимаға да дән ризамын.  Алима екеуміздің бірігіп жасаған махаббат атты  кемеміз  бақыт атты теңізде еркін  жүзе бастады. Бір-бірімізді көзқарасымыздан-ақ түсінетін кезге жеттік. Осы уақыт аралығында  Алиманың талабымен бұрын көрінбеген дәрігерлерге қаралдым. Нәтиже болмады. Одан халық емшісі дей ме, дұғамен емдейтіндер дей ме, әйтеуір алысты-жақынды, еркек–әйелі, жасы–кәрісі бар талай емшілерді адақтап,  күдерім үзіле бастады.  Біреулерге көзімше ем қонып, құлан таза жазылғанын көріп, үміттенемін де, айтқандарын істеймін, іш дегенін ішемін, жаса дегенін жасаймын, бірақ, соңынан еш нәтиже шықпағанын көріп, көңілім пәсейіп, үмітім үзіліп, сенген көңілім күлге айналады.  Сол кезде мен Алиманың маған үлкен сүйеніш болып, мықты төзімділік танытқанын ерекше атауым керек. Жазғы демалыста Алматыдағы әйелімнен баламды алдырды, ол да үш ай бірге болып бізге бауыр басып кетті, ұлыммен бұрынғы арамыздағы салқындық жоғалғандай. Оның баласын өз атыма жаздырдым, тәрбиелі бала екен, өз баламдай болып кетті.

Тойлар мен қонақтарда  бір-бірімізді көздерімізбен аймалап отырып, қосылып ән саламыз, жұрт бізге сүйсіне қарайды. Жақын жолдастарымыз «Төлеген мен Қыз-Жібек келе жатыр»- дейтін болды. 

Үйіміз бақыт қонған ордаға айналып, іші нұр мен жылылыққа толды.

Ер мен әйел арасындағы төсек қатынасы туралы кітаптарды Алима екеуіміз екі жақтан жинадық, қазақша кітаптар жоқтың қасы. Басқа тілдерден аударылып, орысша басылғандарында ашық, тәтпіштеп жазылады екен. Қазақшаларында басын бастап келе жатады да, «әр жағын ішің білсін» - деп қоя салады екен.  Ол кітаптарды  оқып отырып «япырау, мынау шынымен өз алдына бір ғылым саласы екен ғой, ер мен әйел арасындағы жыныстық қатынасты білу үшін бір институт бітіру керек шығар» деймін.  Менің жазылам ба деген үмітім үзілді, не дерт екеніне менің басым түгіл, ондаған ғылым кандидаты, мен профессор медиктердің де бастары жетпей жатыр. Ішімнен ылғи «Баяғы Атыраудың Әсиласының қарғысы емес пе?»-деп қоямын.  Сонымен дәрігерлерге де, емшілерге де қолды бір сілтедім. Мен бақытты едім, менің екі ұлым, үй-жайым, сүйікті жұмысым, ең бастысы менің жанымды түсінетін, мені бақытты етіп отырған, ешбір әйелге ұқсамайтын қымбат адамым бар еді.  Егер Алима болмағанда шарасыздықтан арақ ішуді бастағанда менде бұлардың бірі де жоқ,  қайыршы ма, «бомж» ба болып жүретін едім деп ойлап, шүкіршілік етемін. 

Бірақ, Алиманың мінезін білмейсің ғой. «Менің ойлағаным өз нәпсім емес, мен сенен сәби сүюім керек»-дейді.  Мен «екі баламыз бар, құдайға шүкір» деймін, ол болса құшағымда жатып  арманын айтады. «Тұлымы желбіреген саған тартқан қызым болса дейді, жоқ бір ұл, бір қыз туам дейді» сөйтіп жатып кезекті емші туралы айтқанда мен шарт кеттім.

- Мен ешқайда да бармаймын - дедім, әдеттегідей менің денсаулығымның түзелетініне көзімді жеткізіп, баруға үгіттей бастаған Алимаға.

- Мен шаршадым, саған бай болып жарытпасам, қалаған байыңа тиіп ал–деп тіке кеттім. Айтарын айтсам да, оның жанын жаралағаныма өкіндім, даусымды жұмсартып, жасының қырыққа таяп  қалғанын, оған бала туудың кеш екенін, алғашқы баласын туғанына он жылдан асып кеткендіктен қауіпті екенін айтып үгіттеумен болдым.

- Менің шешем оныншы баласын 49-мүшел жасында туғанда, мен неге қырық жасымда туа алмаймын. Анау досымыз Әсия да  бірінші қызын 41- жасында туған жоқ па? Бір  облыс орталығында емші кемпір бар екен. Арғы аталарынан бері емші. Бұндай аурулар түгіл жынды адамдарды да жазатын көрінеді.  Осы жолы соңғы рет барайық, ем қонбаса, енді мен емдел деп өмірі айтпаймын деп, ант су ішіп, ботадай боздап отырып алды.  Сөйтіп екеуміз де жұмыстан ақысыз демалыс алып, поезға отырып емші кемпір тұратын қалаға  бет алдық.

Өзімде түк үміт жоқ, тек  Алиманың  көңілі  үшін  келе жатырмын.

Қонақ үйге орналасқаннан кейін, кеш болса да, кешкі беске дейін қабылдайды деген соң, емшінің үйіне таксимен жеттік. Жағдайымызды, неге келгенімізді сұрап, құран ашып отырған кішкене қара кемпірге «апа, сіз қалай емдейсіз, оқисыз ба, әлде шөп дәрімен емдейсіз бе?»- деп сұрадым. Алдына ақ орамал жайып отырған мына кемпірге тіпті сеніп отырған жоқпын. Мен бір-екі ай бұрын жазылып, есігінің алдында елу-алпыс адамнан кісілер топырлап  кезек күтіп тұрған емшілерде де болғам.  Мына кісінің алдында біз келгенде кезекте бір-ақ кісі тұрған. Қарапайым екі бөлмелі жұпыны үй, емші кемпірге де онша көңілім толып отырған жоқ.

Ол кісі маған «мен қайдан білейін, қалай емдейтінімді атам айтады, сол кісі не айтса, соны айтам»-деді ашулы дауыспен. Сірә, менің сұрағым ұнамаған болуы керек.  Көненің көзі екені көрініп тұрған ескі құранды ашып, құмалағын салып, біреумен сөйлескендей күбірлеп отыр.  Аты-жөнімді, руымды сұрап алды.  Бір кезде бәрін жинап алды да «ертең келіңдер, бүгін атам келмей отыр»-деді. Мен күліп жібердім. Кемпір кішкене көздерімен ата қарады да: «күлетін ешнәрсе жоқ шырағым, аруақтар да шаршайды, бүгін келген адам көп болды, әлде сенбей келгеніңді сезіп отырған шығар, әлде дәрет алмап па  едіңдер?»-деп сұрады. Ертең болса ертең келейік деп, емшіден шыққан соң, Ресей шекарасына жақын орналасқан облыс орталығының көне тарихымен танысып, шағын қалаға ерекше көрік беріп, ақын өлеңі, композитор әнінен бастап, атақты жазушының трилогиясының аты болып аталған, еркелеп ағып жатқан желекті өзенді тамашаладық. Қонақ үйге оралып, тамақ ішкен соң, жатарда өмірі істемеген нәрсемді істеп,  мен үшін болмаса да Алима үшін көмектесе көр деп құдайға жалбарындым, Оның үмітінің іске асқанын, арманының орындалғанын армандап,  түнімен дөңбекшіп ұйқтай алмай шықтым.   Ертеңіне біз келгенде есік алдында кезектегі бес-алты адамнан кейін кезегіміз келіп, емшіге кіріп келе жатқанда ол Алимаға «сен қал» -деп тоқтатты.  Апай кешегі көріністі тағы қайталап, аты–жөнім мен руымды сұрап алды. Сәлден соң, құлағын тігіп, біреудің жәй дауыспен айтқандарын мұқият тыңдап отырғандай кейіпте, арасында біресе мейірімді дауыспен, біресе екіленіп, орысша-қазақшасы аралас сөйлеп қоя берді.

- Кеше атаның неге келмегенін түсіндім. Сенбегенің өз алдына, сен жаман адам екенсің ғой,  күлге аунаған әтеш құсап жатпаған ұрғашың қалмапты.  Мәссаған, мойныңда екі қыздың қарғысы жүр, ойбай, нысапсыз, нәпсіқұмар, әй ең жақын досыңның әйелімен де болыпсың ғой - деп, маған кішкене көздері өңменімнен өте қарады. Менің тілім байланып қала жаздады, оның айтып отырғанының барлығы шындық еді, мына кемпір емші емес, көріпкел де ғой деп ойладым.   Қалай білген, мен бұл қалада бірінші рет болып тұрмын, еш танысым да жоқ, менің басымнан өткен, өзімнен басқа ешкім білмейтін нәрселерге дейін қалай білген?

- Мағрипаның өзі, -дедім, қақалып-шашалып. «Досымның әйелін айтам, оның өзі қойныма кірген»-дауысымның әрең шыққанына өзім де таңданып. Басқа еш қарсы сөз айта алмадым. Көзімнен тырс-тырс жас тамып отырғанын байқадым. Кемпір менің өткен өмірімді телевизордан көріп отырғандай әлі сөйлеп отыр. Айтқандарының бәрі дұрыс, бәрі тура.

- Жә қорықпай ақ қой, келіншегіңе айтпаймын. Оны жоғалтудан қорқады екенсің, түнімен құдайға жалбарыныпсың ғой. Иә, ата не дейсіз, ауруын сол өзіңіз айтқандай ма, иә, иә, ым.  Бір кезде емші кемпір өзінен өзі, әлде атасымен сөйлескенін қойып маған қарады, қара терге түсіп, көздері қып-қызыл болып кетіпті.  Сен жазыласың, атам айтты-деді ол. Бірақ, өтеуіне қымбат адамың ба, әлде қымбат нәрсең бе жоғалтасың-деді. Емделесің бе, жоқ па, өзің шеш, менің шындықтан басқа айтатыным жоқ саған -деді емші кемпір.

Ештеңені ойлағым келмеді, бар жан-дүниеммен емделгім келді.

- Иә, емделем, Сізге сенемін - дедім. Айтарын айтып алып өзім таңдандым. Емшіге қалай сенбейін, бәрін тура айтып отырса.  Ал өтеуіне.... жоғалтасың  дегені не тәйірі, ол туралы ойлағым да келмеді.

Емші кемпір маған емді атасының айтуына қарай жасайтынын, үш күн оқып, балауыз құятынын, үш рет молаға барып сол балауыздарды ескі молаға көмуім керек екенін, сосын үш күн оқылған жеті түрлі шөпті салып ваннаға түсуім керек екенін, содан денем мен тамырларым жібіп, соңынан қызғалдақтың майымен денеме массаж жасайтынын айтты.  Үйден шыққанымда Алима мені құшақтап алып:

-     Мәлік не болды, туу, түрің құп-қу болып кетіпті, емделгің келмесе керек емес, кетейік -деді.

  - Жоқ, емделгім келеді және осы емшінің мені емдеп шығатынына сенемін -дедім.                              

Емшінің көмекшісі шығып, «Алима кім, апам кірсін»-деп жатыр деді. Алима емшіден  шыққан кезде жүзі шырайланған, қуанышты, бірақ, көзінде жас  тұр еді.

Қонақ үйге келген соң, Алиманың айтуынша мен жүз процент өзгеріп кетіппін.  Емші Алиманы «ауылдарыңа қайтыңдар, осы күйлеріңде тұра беріңдер, біреуден ілгері, біреуден кем тұрып жатырсыңдар»-деп үгіттеуге тырысыпты, оған Алима көнбепті.  Сосын емші: «Мен емдемесем,  сен бәрібір тыным таппайсың, күйеуіңе де тыныштық бермейсің, тіпті осы айтыстарыңның түбі сендерді ажыратып тынуы да мүмкін»-депті.  Емші Алимаға осылай деп айтса да, Алима алған бетінен қайтпай,   «Бұрын емшілердің ешқайсысына сенбеп еді, сізге сенді, мені шын бақытты болсын десеңіз емдеңіз, мен одан бала сүйгім келеді»-деп жалыныпты. Сөйтіп қалай ем қабылдағанымды, басымыздан кешкен әр түрлі нәрселерді айтып уақыт кетіріп қайтейін, ол өз алдына бір үлкен әңгіме, демалатын уақыт болды, қысқартып айтайын, сонымен емшінің айтқандарын толық істедік - деп, тоқтады Мәлік ағай.

Емнің ең соңғы күні емші үлкен целофан жабылған төсекке мені тыр жалаңаш жатқызып, құран сүрелерін оқып, денемді қолдарымен сылап, екі шекемді ұзақ уқалап отырды да, көз ілеспес шапшаңдықпен еркектік мүшемнің астыңғы жағынан бір нәрсені жұлып тастағандай «гірк» еткізді. Жан дауысым шығып айқайлап жібердім, екі-үш минуттай селкілдеп жатқан мен кішкентай емші кемпірдің денемдегі тарамыс қолдары тиген  жерлердің көгеріп шыға келгенін байқадым.  Осы кезде емші Алиманы шақыртып, оған да «шешін» деді.  Біз аң-таңбыз. Бірақ, басында кемпір мені емдесін десеңдер, айтқанымды бұлжытпай орындайсыңдар деген. Өзім ыңғайсызданып жатқан менің басыма «мына кемпір не істегелі жатыр?» деген қорқыныш кірген, ол менің ойымды оқығандай.

- Қорқатын да, ұялатын да ештеңе жоқ, дәрігерден ұялмайсың ғой, менен неге ұяласыңдар? Менің дәрігерден айырмашылығым, дәрігер сенің тәніңді емдесе, мен тәніңмен қоса жаныңды да емдеймін. Ал мынау өзіңнің некелі әйелің ғой, бойыңды жиып, үстіңдегі майыңды сүртте, әйеліңмен жат, мен шығып кетем –деді.

Мен өңім бе, түсім бе сене алар емеспін, не істерімді білмеймін, шешініп жатқан Алимаға қарағанда бойымда жағымды бір дірілдің пайда болғанын сездім. Таныс сезім. Айналам жарық нұрға толып кеткендей.  Орнымнан тұрғанда, тамырлары білеуленіп, бар күшіне мініп тұрған «екі жүз грамм етімді» көрдім.  Бұл маған баға жетпес бақыт еді. 32-ге толғанша тәтті ләззаттың дәмін татып, әйел атаулының сүйіктісі болған жігітке отызданасқан шағында еркек ретінде дәрменсіз болып қалғаннан жаман нәрсе жоқ еді. Сол сәтте мен өзімнің шын бақытты екенімді сездім. Алимамен өткен екі жыл бақытты деген өмірім, менің тәубеме келуім болса, Алиманың шүкіршілігі екен. Дені сау, күйеуінен жүкті болғысы келетін әйел, төсекте еркек құшағына  мейірі қанбаған әйелдің томардай болып жататын, әрекетсіз еркектің қасында  жатуы да бір азап екені менің санама жаңа жеткендей. Алиманың үйреткен амалдары да тек бергі жағынан өзімізді өзіміз алдау секілді көрінді.  Ұялғанынан абыройын екі қолымен жауып тұрған Алима бір күліп, бір жылап тұр.

Есіктің арғы жағынан емшінің әмірлі даусы естілді.

– Болыңдар, мен емімнің нәтижесіне көз жеткізбеймін бе? Денемдегі майды шала сүртіп, қапталған төсек үстінде  Алиманы жығып салып, ып-ыстық, шуақты ләззат тұңғиығына сүңгіп кеттім. Алима екеуміздің жанымыз бен тәніміз бірігіп, бір адамға айналып кеткенбіз. Арасында Алимаға «Саған рахмет, сенің еңбегің» деймін.  Емшіні де ұмытып кеткендей екенбіз. Сол кезде  бізден бақытты жандар жер бетінде жоқ еді.

... Қайтар жолда поезда  жоғары класты  екі адамдық  «СВ» аталатынынан  орын алып, бал айымызды өткізгендей болдық. Біздің қуанышымызда, бақытымызда шек жоқ еді, екеуімізде махаббаттың табиғи тән ләззатына шөлдеп қалыппыз. Мен сонда мөлдір таза сезіммен қосылған тән рахатының  адам өмірінде алатын орнының зор екенін, сексті адамға ұйқы мен тамақтай ғана керек деп ұғатын мен, енді оның дем алатын ауадай қажет екенін білдім.

Сапалы әдемі киіммен, сапасыз арзанқол дүние, немесе қоректі, тәтті тағам мен бұзылып кеткен сапасыз тағам  айырмашылықтары секілді,  еркек пен әйел арасындағы жыныстық  қатынастың да, бір адамның ғана сезімімен, не екі адамның да сезімінсіз, тәннің жабайы инстинкт пен физиологиялық, әлде биологиялық қажеттігін өтеу бар да, оның ең жоғарғы сатысы, өзіңнің жан-тәніңмен сүйіп құрметтейтін, сені де сондай сүйіп сыйлайтын, әлемдегі жалғыз еркек деп санайтын әйелмен болу-екеуі екі басқа нәрсе, олардың арасының жер мен көктей айырмашылығы бар екен. Кейбір бір отбасындағы ерлі-зайыптылардың неге төсек қатынастарынан, бір-бірінен ләззат алмайтынын енді түсіндім. Оларда бір-біріне деген адал сезім, сүйіспеншілік, құштарлықтың азайып, күнделікті күйбің тіршіліктің астында қалып, көмескі тарта бастағаны өз алдына, бір-біріне ләззат тарттыруға, бір-біріне жан-тәніндегі барын беріп, қызмет қылуға ұмтылу,  басқа нәрсені ойламай толық берілу, бір-бірін кемшіліктеріне қарамастан періште көріп, құлай сену, төсек қатынасы туралы білімдері мен түсініктерінің әр түрлі дәрежеде болуы секілді, тағы да басқа компонеттердің бірі жетсе, бірі жетпей жататыны кедергі болады екен. Бұл  табиғаттағы жан дүниесі ұқсас, яғни, бір жаққа қарайтын еркек пен әйелдің бір-біріне ұсынар үлкен сыйы екен. Мен бұрын қыздармен жатқанда, өзіме  керегін ғана алып, өз қажеттілігімді ғана өтеп жүре беретін едім. Ал үлкен сезім барда олай емес, алдымен Алимаға қалай ыңғайлы, қалай ләззат алады деп, егер ол тәтті кезді  биік шыңға, теңесем,  сол шыңның ұшар биігіне жеткізуге тырыстым. Мені кемшіліктеріме қарамай сүйе білген, маған әр кез сезімі мен сүйіспеншілігін дәлелдеуден тынбаған,  жетелеп жүріп,  осындай дәрежеме жеткізген Алимаға деген ризашылығым  шексіз еді.

- Дүйсен мен доғарайын, дем алатын уақыт болды, қалғанын қайтар жолда не Алматыға келген соң айтайын деген Мәлік ағайға мен жұлып алғандай.

- Жоқ, жоқ, Мәлік аға, менің ұйқым келіп тұрған жоқ, айтыңыз, айтыңыз , Алима апай қайда?-деп, мен оған тағатсыздана қарадым. Ішімнен менің де өз Алимам болса ғой - деп армандап үлгірдім. Мәлік аға бір сәт үнсіз қалды, салқын шәй құйып ішті. Терең дем алып, аз–кем отырып қалды. Мен Мәлік ағаның басындағы әлде бір ауыр қалді сезгендей оған тынышсыздана қарадым. Сұрағыма өкінгендей, төмен қарадым.

- Алимадан ойда жоқта айырылдым ғой – деді, ол күрсініп. Біз бақытты едік, сол бақытымызды құдай көп көрді ме, білмеймін, бір күнде өмірімнің быт-шыты шықты. Ертеректе әжелеріміз «бәрі құдайдың қолында, берейін десе бір күнде бере салады, алайын десе бір күнде ала салады» деп, отыратын. Сол шын екен, емшіден келгеннен кейін 3-4 айдан кейін, Алиманың аяғы ауырлағанда төбеміз көкке жеткендей болды, әсіресе арманы орындалған Алима асқан бақытты еді, жүзінде тек күлкі, отырса да ән, тұрса да ән,  айналасын әнмен  ажарландырып, өзіндегі шуақты айналасын-дағылармен бөлісіп жүретін.  Мен оны ерекше күтімге алдым, ауыратын бүйрегін жиі-жиі қаратып, витамині мол тамақтар ішкізіп, үйде ештеңе істетпеймін.  Екі баламмен қосылып, алақанға салдық. Тіпті ішіндегі сәбиіне көп мезгіл болмаса да «ауырлық түседі» деп,  өлең де айтқызбауға тырысам.  «Кәрі қыз ұл тапса, қоятын жер таппайды» дегендей, мен де аяулымды, кешігіп кездестірген бақытымды, мені  толыққанды өмірге жеткізген қымбат досымды қалай күтіп сақтарымды білмедім, әйтеуір менің жан дүниемде бір мазасыздану басталды. Мен Алиманың ауру бүйрегінен қорқатын едім. 

...Сол күні Алима жұмысқа кетерде мойныма асыла кетіп, бүгін аудандағы завод филиалына бір топ адамның комиссия болып іссапарға барып келетіндіктері  туралы айтып тұрып:

-Мәке-ау, мына тентектің қимылдайтын уақыты әлі болған жоқ секілді еді, жаңа жуынып жатқанымда біреу ішімнен әлсіздеу түртіп қалғандай болды, ертең дәрігерге барайық, мақұл ма, әрі УЗИ-ге түсіп, ұл ма, қыз ба білгім келеді-деді. Алиманы құшақтап, ішін ұстадым, одан құлағымды салдым, ештеңе сезбедім. Әдеттегідей, мұқият болуды тапсырдым. Алима есіктен шығып бара жатып қайта оралды.

- Тыңдашы Мәлік, мен баламызды жұбатқанда, анамның мені жұбатқан өлеңін айтамын, өзі сондай ұнайды, тыңдашы:

Ай- ай бөбегім, Ай-ай бөбегім.

Еске сақта-ай,  анаңның,

Сүйіп айтқан-ай өлеңін!  Әні Б. Байқадамовтікі, сөзін З. Жұматова деген ақын жазған, өкінішке орай мен ол ақын әйел туралы  білмейді екенмін-деді.  Тағы да кетіп бара жатып, қайта оралып, бетімнен «шөп» еткізіп сүйіп алып, «тамақтарыңды уақытында ішуді ұмытпаңдар»- деді.

Мен еңбек демалысымды алып, үйге жөндеу жүргізіп жатқанмын.  Үй сырлайтын бояу езіп жатқан мен «Бар, Алимаш бар, жұмыстан қаласың, асықпай жүр»-дедім. Әлі күнге дейін неге солай деп айттым деп, өзімді өзім кінәлаймын.  Неге әдеттегідей құшағыма қыса тұрмадым, неге аймалап шығарып салмадым деймін. Кетіп бара жатып қимағандай қайта-қайта оралғаны оған тағдыр бір нәрсені сездіргендей екен ғой, мезгілі жетпесе де уақытынан бұрын қимылдаған сәби де бір нәрсені сезгендей,  ал мен ештеңе сезбеппін.   Екі сағат жол жүріп барып келіп жүрген іссапарының бірі-ең соңғысы болады деп кім ойлаған?

Қасындағылардың айтуынша машинаның соғылысып, ауып бара жатқанын байқаған жүргізушінің қасында отырған Алима «Мәлік» деп шыңғырып, есікті ашып жіберіп секірген.   Ажалдан қашып, армандаған баласын құтқармақшы болған секілді. Бірақ, сол әрекеті өлімге алып келгендей, себебі, қасындағы машинада қалған үш адам дін аман. Қасындағылар да, жол апатына тексеру жүргізгендер де айтады, құдайдың ісі, егер ол секірмегенде аман қалатын еді, ажал айдап тұр ғой деп.  Сол жерде көргендер айтады, Алима қос қолымен ішін орай құшақтап, сәбиін бір нәрседен қорғағандай болып жатыр екен деп. Машинада болған зауыттың бір адамы айтады, Алиманың «Мәлік» деп шыңғырған дауысы құлағымда бір айдай шыңылдап тұрып алды дейді.

Мен сол кезде ғана емші кемпірдің «қымбат адамыңды ма, қымбат нәрсеңді ме жоғалтасың» деген сөздерін есіме алдым, бұрын оған еш мән бермегем. Ол емші біз сұрап алған бақыттың өтеуі болатынын білген, сол үшін мені де, Алиманы да үгіттеген, тек соны ести, сезе білмеппіз. Қандай өтеу екенін емші кемпір де білмесе керек, «қымбат адамыңнан, әлде қымбат затыңнан»-деген. Үйім өртеніп кетсе, не қымбат машинамды ұрлап кетсе өкінбес едім, тек екі адамымды алып кеткені маған оңай соққы болған жоқ. Мен тек екі баламның  алдындағы міндетім ғана сақтап қалған секілді. Сол екі баланы оқытып, үйлендіріп жеткізуім керек.  Алиманың артынан оңай жолдармен кете барғым келіп  талай   оқталғанмен Алиманың  «Мәке-ау, екі баланы кімге тастап кетпекшісіз, құдай бұйырған күні кездесеміз ғой, мен сені күтемін»-деп тұрғандай көрінеді.   Тағдыр маған бүкіл ғұмырыма тұратын төрт жылға жетер-жетпес бақытты ғұмыр беріпті.  Алимадан айрылғалы да оншақты жыл болып қалды, екі бала студент. Менің денім сау, он екі мүшем түгел жұмыс істеп тұр, Алимадан кейін әйелдерге жолаған жоқпын. Әйелдерге жоласам, бір әппақ кіршіксіз нәрсені бүлдіріп алатындаймын, саф алтынды қор қылатындаймын. Мен Алиманың алдында үлкен қарыздар екенімді білемін, түнде төсекте қиналып өткізетін түндерімді Алиманың әппақ сезімі үшін құдайдың жіберген жазасы деп ұғып, ол жазаны мүлтіксіз орындаудамын. Алимадай әйелді қайтып кездестірмейтінімді білемін, үміттенбеймін де. 

Мәлік ағай сәл тыныстап, әңгімесін қорытындылағандай, сәл үнсіз қалды да :

- Ал,  сенің басың жас, әлі өз Алимаңды кездестіресің, ешқашан күрессіз берілме, әсіресе, ауру мен өмірдегі кедергілердің алдында. Дүйсен мынаны ұқ, адам өз бақытын іздеуден шаршамау керек-деп сөзін бітірген Мәлік аға, қаламын алып, алдындағы газеттен жыртып алып, бір нәрселерді жазды да қолыма ұстата салды.

- Бұл не , аға?   

- Емші әжейдің адресі ғой, артықтығы жоқ, ала сал,  қажет болып қалса дегенім ғой...

Менің ешкім білмейді, ешкім сезбейді деген сырымды Мәлік ағаның жазбай сезгенін түсіндім.  Менің бақытсыздығым қай кезден басталғанын білмеймін, сезгенім бертін келе қыздармен жақындаспақшы болғанда жер болғам. Анамның айтуынша кішкене кезімде қолды-аяққа тұрмайтын, тынымсыз бала болып, қазандағы ыстық сүтке түсіп кетіппін. Қайнап тұрмағанмен ыстық сүттің аты –ыстық сүт. Әлде басқа себептері бар ма білмеймін, ата-анама да, жолдастарыма да айта алмаймын.  Қандай дәрігерлерге барып қаралатынымды да білмеймін. Өмір білінбей өтіп жатыр.  Менің жасымдағылардың бір-екеуден балалары бар.    Қолымдағы адрес жазылған қағазды құтқарушымдай құшарлана қыстым. Өзім де соңғы кезде жар сүйіп, семья бақытын сезініп, әке болуды аңсап жүрмін. Көз алдыма Мәлік ағайдың аяулы Алимасы келгендей.  Олда  маған «сенің де өз Алимаң бар, айналаңа мұқият қара» дегендей болады.

Көзін жұмып, терең ойға кеткен Мәлік ағайдың жүзіне көзімді салып, оның менен бақыттырақ екенін ұқтым. Оның менен бақыттылығы сүйе білген, сүйікті бола білген жан.  Көз алдыма Майра келді. «Дүйсен екеуіміз тауға шығайықшы»- деп, тұрғандай.

«Шығамыз, жаным, шығамыз»-деп сыбырлағанымды өзім де сезбей қалдым, әйтеуір ешкім естімеген секілді. Мүмкін менің Алимам Майра шығар?

Өзі айтқандай «Екі жарты-бір бүтін»  болып, аз да болса бақытты өмір сүрген  Мәлік ағаның «Адам өз бақытын іздеуден шаршамау керек» деген сөзі  көзім ұйқыға кеткенше құлағымнан кетпей тұрып алды.

 Р. Қамидуллақызы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5557