Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3235 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 22:47

Ауласы асырайды

Қазiр еңбек етем деген адамға мемлекет тарапынан мүмкiндiктер қарастырылған. Қолынан iс келетiндер еңбек етiп, өз арбаларын өздерi сүйреуде. Сондай жандардың бiрi Қазығұрт ауданында тұратын жеке кәсiпкер – Нұрболат Досханов. Бүгiнде үйiнiң ауласындағы 6 соттық жерге қора салып, 140 iрi қара бордақылап отырған ол ауыл шаруашылығы арқылы да табыс табуға болатынын айтады.

– Бастапқыда 3 сиырым болды. Кейiн мал басын көбейтiп көрейiн деген ойға келдiм. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 2 млн. теңге несие алып, осы iстi бастадым. Несиемдi қайтарып бердiм. Ал, биыл сол қордан тағы 5 млн. теңге алдым. Қазiр қорамда 140 iрi қара бар. Оны базарларға сатамын. Қасапханаларға сойдырып та саудалаймын. Жылына 400-ден астам мал бордақылауға мүмкiндiгiм бар. Әкем – мал дәрiгерi. Сол кiсiден көп нәрсенi үйрендiк. Керектi вакциналарды дәл уақытында салып тұрамын. Қора таза, жем-шөп жеткiлiктi. Он гектар жерге бидай, жоңышқа егемiз. Қосымша жем-шөп сатып аламыз. Жалпы, ауданымызда кәсiпкерлiктi дамытуға, шаруашылықпен айналысуға еш кедергi жоқ. Ендiгi мақсатым – еттi бағытқа ғана емес, сүттi бағытқа да қаржы салып, iрi қара басын бiр-екi мыңға жеткiзу, – дейдi Нұрболат кәсiпкер.

Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Серiк Саркөзовтың айтуынша, мал шаруашылығымен айналысамын дейтiн тұрғындарға тиiстi көмек көрсетiлуде.

– Субсидиялаудың өзiндiк шарттары бар. Осы салада жүрген шаруалар мұны бiледi. Әсiресе, еттi өзге облыстар мен шет мемлекеттерге экспорттайтын iрi шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан тиiстi жеңiлдiктер қарастырылған. Мал шаруашылығымен айналысамын дейтiн азаматтарға көмек көрсетуге дайынбыз, – дейдi ол.

Қазығұрт ауданында жыл басынан берi «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 760 аналық мал сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы бойынша 282 аналық мал алынған. Бүгiнде ауданда 569 iрi қара мал бордақылау алаңдарында 9023 мал бордақылануда. Биыл 314 бiрлiк мал бордақылау алаңдары ашылып, аудан бойынша 9100 тонна ет өндiрiлген. Ет өнiмдерi елiмiзбен қатар БАӘ мемлекетiне де сатылымға шығарылған.

Ғабит САПАРБЕКОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572