Жексенбі, 24 Қараша 2024
Осы ғой енді... 9041 0 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 10:44

«ҚАЗАҚ» ҚАЙТА ЖАБЫЛА МА?

Ұлттың атын иеленген «Қазақ» газетінің тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – 1913-1918 жылдар болса, екіншісі – 2006 жылдан қазіргі күнге дейінгі аралықты қамтиды.

1913-1918 жылдар ішінде «Қазақ» газетінің құрылтайшылары Әлихан Бөкейхановтың өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовтың қажырлы еңбектерінің арқасында газеттің 1-265 сандары жарық көрді. Сол тарихи «Қазақ» газеті араға 88 жыл салып 2006-жылдың 22-наурызында бұрынғы басылымның заңды жалғасы ретінде жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен №266 санынан қайта оқырманмен қауышты.

«ҚАЗАҚ» газетінің негізін қалағандардың бірі – Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Міржақыпқызы газет қайта жарық көргенде «Қош келдің, «Қазақ»!» деп мақала жазып, газет келген сайын үйге әкесі Міржақып кіріп келгендей әсерде болатынын айтса, академик Салық Зиманов: «Көне дәуірде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов «Қазақ» газетін өмірге әкелді. Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев бұрын жабылып қалған өткендегі «ҚАЗАҚ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, Қазақ баспасөз тарихындағы үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат!» – деп, пікір білдірген еді. Сол «ҚАЗАҚ» газетінің екінші тынысының ашылғанына биыл 10 жыл толып отыр.

«ҚАЗАҚ» газетінің екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәрсекеев 2014 жылы ауыр науқастан дүниеден өткеннен кейін «Енді «ҚАЗАҚ» газетінің күні не болар екен?» деген екіұдай пікірлердің, желдей ескен жорамалдардың басы қылтиып шыққанын көз көріп, құлақ естіді. Сол сын сағатта газет басқа құрылтайшының қолына өтпей, Сәрсекеевтер әулетінде қалды. Анығы, атқарушы директор ретінде жазушының жары Гүлбаршын Мүтталапқызы (газетте солай жазылған) газетті әрмен қарай жалғады. Бұған дейін де Қоғабай Сәрсекеевтің ұл-қыздары кәсіпкерлікпен айналысатынын еститінбіз. Сондықтан да, жазушының қазасынан кейін әдеби ортада олардың газет жұмысын жандандыратыны көп айтылған-тын. «Орнында бар – оңалар» деген. Жазушы қазасынан кейін жарық көрген газет сандарында Жасұлан Мәуленұлы деген азаматтың есімі бас редактор ретінде жазылып жүрген-ді. Газеттегі кейбір жазғандарын оқып, көз үйреніп қалған есімді жөн екен дедікте қойдық. Жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерінде де Жасұлан Мәуленұлының есімі түспейтін. Бірақ газетте айтарлықтай кадрлық өзгерістер болғанын байқамадық. Редакция қызметкерлері Қ.Сәрсекеев салған жолды айнытпай жақсы жалғастыра отырып, тарихи маңызы зор жүкті абыроймен арқалап, зор жауапкершілікті сезініп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қалаған, істі жалғастыра берді.

Алайда соңғы кездері газеттің шығу жиілігі ұзара бастаған соң, редакцияға хабарласып сондағы мән жаймен танысқан едік. Бүкіл қазақ баспасөзі тартып отырған ауыр қаржылық жағдай бұл редакцияны да айналып өтпеген екен. Тіпті екінші рет жабылып қалудың алдында тұрғаны сезіледі. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой. Бір ғана дәлел, осы қазан айында газеттің әлі бірде-бір саны жарық көрген жоқ. Яғни, бұл газеттің материалдық тұрғыда қиындық көріп отырғандығын білдіреді. Бұл мәселе бойынша редакцияға қоңырау шалғанымызда телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз газеттің қазан айындағы сандары қашан шығатынын нақты айта алмады. Ал бас редактор Жасұлан Мәуленұлы болса: «Редакцияның қаржы тапшылығын көріп отырғаны рас. Мәселе шешілу үстінде. Келіссөздер әлі аяқталған жоқ. Жақын арада бәрін хабарлаймыз», - деп қысқа қайырды.

Редактордың сөзіне қарағанда, әліптің артын бағу керек, яғни күту керек!  Әйтеуір, тарихи газет қайта жабылып қалмаса болғаны...

Қалай болғанда да, соңғы 10 жылдан бері тұрақты шығып келген газеттің неліктен қазан айындағы бірде-бір саны әлі шықпағанын 11 мың оқырман (таралымы 11 мың) білуі керек қой!

Айта кетейік, «ҚАЗАҚ» газетінің құрылтайшысы «GAUHAR» баспа компаниясынан былтырғы жылға дейін жарық көріп келген тарихи есімді иелеген ұзақ жылғы  «Айқап» журналының да біраз сандары жарық көрмей, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің меншігіне өткен еді. Қазір журнал Ғалымқайыр Мұтановтың редакторлығымен жарық көріп отыр.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5708