Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2316 0 пікір 20 Желтоқсан, 2016 сағат 11:49

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп нарыққа шығару жолға қойлып келеді

Бүгiнде ел экономикасы аграрлық секторының құрылымы жан-жақты кеңейiп келедi. Десек те, шағын да шашыраңқы ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлер материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаушы, өнiм өңдеушi, сауда құрылымдары делдалдар мен тұтынушылар тарапынан түрлi кедергiлер мен қолайсыздықтарға кезiгiп отырғаны да жасырын емес. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдейтiн iрi кәсiпорындар саудада, өңдеу нарықтарында монополиялық жағдайды пайдаланып, шағын шаруашылықтарды көбiне өз дегенiне мәжбүрлейтiнi де рас. Осы ретте шаруалардың мүдделерiн бiрiншi кезекке қоя отырып, олар өндiрген өнiмдердi барынша ұқсатып, өңдеп нарыққа шығару еңбек өнiмдiлiгiн арттырумен қатар диқан мен егiншiнiң маңдай терлерiнiң өтемi де болар едi.   

Оңтүстік өңірде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеумен 198 кәсiпорын айналысады. Оның 27-сi iрi, 171-i орта және шағын кәсiпорын санатында. 2015 жылы өндiрiлген еттiң – 18, сүттiң – 26,8, көкөнiс пен жемiс-жидектердiң 14,2 пайызы өңделген. Қазiргi таңда жұмыс iстеп тұрған көкөнiс өңдейтiн 36 кәсiпорын жылына 107600 тонна өнiмдi өңдеуге қауқарлы. Былтыр 135,5 мың тонна жемiс-жидек пен көкөнiс өңдеуден өткен. 2015 жылы облыс бойынша жемiс-жидек және көкөнiс өңдеу кәсiпорындарына 10 миллион теңге инвестициялық субсидия төленiптi.

Әр ауданның басым бағыттары айқындалғанда таулы елдi мекендерде бау шаруашылығын дамыту тиiмдiлiк беретiнi ескерiлдi. Сондықтан биыл Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектарға алма ағаштарын отырғызылды. Түлкiбас және Төлеби аудандарында 1200 гектарға алма бауы егiлдi. Осы жобаның қаржылық мәселесi шешiлген. Түлкiбаста жемiс-жидек өңдейтiн 2 цех iске қосылған. Индустриалды аймаққа қосымша 4 жоба орналастырылмақ. Жалпы, осы аудандарда бау және қайта өңдеу кластерi құрылмақ.

 «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында тоқыма саласы барынша қарқын алып келедi. Фабрикаларға шикiзат керек. Сол үшiн де Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығын қайта қолға алуды облыс басшысы мiндет етiп қойды. Қазiр қолда бар мақтаның 30 пайызын жергiлiктi тоқыма фабрикалары алып жатыр. Жалпы, аймақта тоқыма саласы жан-жақты өркендемек. Ендеше, жаңа тоқыма фабрикаларына шикiзат сырттан тасымалданбауы тиiс. Мақта егiстiгiнiң көлемiн ұлғайту бағытындағы өңiр басшысының тапсырмасы осыған негiзделген. Биыл 2,5-3 миллиард теңге мақта шаруашылығына бағытталды. Су, техника, тұқымдық шит мәселелерi де рет-ретiмен шешiмiн тауып жатыр.

Шардара, Отырар аудандары мен Түркiстан, Арыс қалалары жүгерi мен көкөнiс өсiруге қолайлы. Сондықтан осы аймақтарда жаңадан 80 мың гектар жер айналымға қосылады. 20 мың гектардан астам жердiң су жүйелерi жаңғыртылады. Мал азығына деген сұраныс қай кезеңде де өзектi. Осы сұранысты өтеу мақсатында Отырар ауданында қосымша жүгерi өңдеу және сақтау зауыты салынады.

Дайын өнiмдердi нарыққа шығару да – үлкен табыс көзi. Бұл ретте Шымкент қаласында көлiк-логистикалық орталығының құрылысы жүрiп жатыр. Осындай орталық Түркiстан, Сарыағаш қалаларында да бой көтередi. Осы орталықтарда диқандар қысқа дейiн өнiмдерiн сақтай алады. Бұзылмай жақсы сақталған көкөнiс қыста үлкен сұранысқа ие.

2016-2020 жылдар аралығында Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Түлкiбас, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларында да жемiс-жидек және көкөнiс алқаптарының көлемiн арттыру жоспарланған. Аталған аудандар мен қалалар өңдеу бағытына бет бұрып, өнiмдердi нарыққа шығару жолдары қарастырылып отыр. Мақтаарал, Шардара аудандары бақша өнiмдерiн өңдеп, түрлi шырындар мен концентраттар шығаруды жолға қойғандары жөн болар едi

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576