Жұма, 22 Қараша 2024
8088 0 пікір 15 Желтоқсан, 2016 сағат 10:41

ЕЛБАСЫН МҰРАТЫНА ЖЕТКІЗЕ ГӨР, ТӘҢІРІМ

  Менің білуімше, біз «Ұлы дала еліміз» деп саналуымыз керек. Кейбіреулер «аспан асты еліміз» дейді, кейбіреулер «күншығыс еліміз» дейді. Біз ұлы даланың ұрпағымыз. Осы далада біздің ата-бабамыз даланы сақтап қалған. Қан төгіп, тер төгіп сақтап қалған. Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады деп ойлаймын!

                                                             Нұрсұлтан Назарбаев, 

        Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінен.

                                                            ***

  Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын! 

                                                         Нұрсұлтан Назарбаев,

        Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық  конференцияда сөйлеген сөзінен.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы даламызды Тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік мекені екендігін әр саналы көкейге кемеңгерлікпен жеткізіп келеді.

Елбасы ұлы дала жайлы тағы да бір кемел ой толғады!

Елбасы Ұлы даланы ұлықтау ұлағатын көрсетіп берді!

«Біз «Ұлы дала еліміз» деп саналуымыз керек»,- деген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл пайымды да салиқалы ойынан әрқайсымыздың көз алдымызда көсіліп жатқан және де әрқайсымыздың санамызда жаңғырып жатар  ұлы даланы мәңгілікке ұлықтау мен сол ұлы даланы Мәңгілік елдің мәңгілік мекені болып тұруы үшін бүгінгі және келер ұрпаққа айтылған аманат сынды бұл тұжырымды сөздің терең де тарихи маңызы бар. Және де Елбасының бұл ойынан     Ұлы даланы Мәңгілік елдің мәңгілік мекені етіп ұстап тұру ол бүгінгі Тәуелсіздігімізді ұстап тұру екендігін де әр саналы көкейдің жықпай танығаны да болды. Өйткені Елбасы өзінің көңіл толғанысындағы бір сәтінде:

                 Бабамның қаны, анамның жасы,

                 Сіңген бұл далам, қымбатсың маған,

                 Береке, бірлік-қамалдың басы,

Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам!,- деп    жыр көңілімен толғанғандығын да әр қазақ баласы жақсы білеміз. Ендігі арада Ұлы даламыздың ұлылығын  бүгінгі және келер ұрпақ тани білсе екен деген ниеттегі сөз бұл.  Елбасының «Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам!»,-деп және де толғанары ендігі ұрпақтың кіндігі де, ниеті де, еңбегі де, ой-мүдде мақсаты да Ұлы даламен мәңгілікке байланысып жатса екен деген бағзы бабалар аманатыменн үндесіп тұрған ұлағат есебінде қабылдар едік.                                                     

 Елбасы толғанысынан ой түйе отырып, Ұлы дала деген  қасиетті де, қастерлі ұғымға Уақыт пен Кеңістіктің ақыл жетпейтін өлшемі сыйып жатқандай көрінері және де бар.  Әуелі дала – кеңістіктің  өлшемі. Дала – біздің бағзы тарихымыздың бастауы, бүгінгі жылнамамыздың жалғасы. Дала –  біздің баба тарих, бастау көзіміз! Даламыз қаншалықты кең болса, тарихымыз да соншалықты ауқымды. Ұлы даланың ол шеті мен бұл шеті қаншалықты  кең болса, тарихымыз да соншалықты жықпылды да көп қатпарлы. Ұлы дала қаншалықты шиыр болса, тарихымыз да соншалықты щым-шытырық. Соны сұңғыла көңілімен түйсіне алған Елбасы осы Ұлы даланың тарихы жайлы Ұлытау баурайында толғана айтқаны да жадымызда.

Ұлы дала тарихын жинақтау үшін Елбасымыз қай қазынасының болмасын қақпасын кім көрінгенге аша бермейтін іргедегі Қытай басшылығымен өзі келісіп, шығыстағы Парсы мен Мысырға дейін ғалымдарды жұмсап, шашырап қалған құнды құжаттарды жинатып алып жатқандығы да кемел ойлы кемеңгердің елдің жайын ойлағандығы деп білеміз. Сол оймен қазақ хандығының 550 жылдығын айтулы да аталы шараға ұластыра білген Елбасы ұлы даланың бүгінгі ұландарының санасын бір сілкіндіріп алмағы және де ұлы даланың өткеніне бір үңілсін, ұлы даланың үніне құлақ түрсін деген парасат пайымы еді.

Дала бізге кеңдікті, дарқандықты, жомарттықты, қонақжайлылықты, қайырымдылықты үйретті. Осынау қасиеттердің бәрі де әр қазақтың қанында бар. Ұлы даламыз кең болғаннан кейін көңіліміз де кең, тарылайық десек те тарыла алмас едік. Ұлы даламыз дарқан да,  жомарт та  болғаннан кейін біз де солмыз! Ұлы даламызға, оның өн бойына қазақтың адал ниетінің дастарханын жаратқанның өзі ырысымен бірге жайып тастаған, қонақжайлылығымыз да сол жаратқаннан! Ұлы дала бізге әрдәйім қайырымдылықпен қарап келеді. Кей кейде сол даланың сәл еңкейіп-ақ алар олжасынан құр қалып жатарымыз да бар. Асқақ көңілмен шауып өте шығамыз. Сонда да сол дала өз баласына деген бір сыбағасын сақтап ақ отырады. Тарықтырмайды, өзегіңді талдырмайды, Әманда солай!

Ұлы даланы игеру, оған иелік ету қай-қашанда ата-бабаларымызға оңайлыққа түспепті. Сондай сәтте де ата бабаларымыздың далалық даналығы, кең даладай көсілген шешендігі мен көсемдігі құтқарып қала алған екен. Мына қараңыз, 1742 жылы ойраттың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып алу үшін елшілікке барған қаз дауысты Қазыбек би қалмақтың қонтайшысының қоңыр ордасының қақ төрінде отырып, былай демеп пе еді:

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

 Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басынан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзымызды ақтай білген елміз.  

Атадан  ұл туса, құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса күң боламын деп тумайды.

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз

Сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз.

Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз

Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,

Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз.

 Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз,

Тұтқыр сары желіммін жабысқалы келгенбіз.

Берсең жөндеп бітім айт, не тұрысатын жеріңді айт!

Ұлы даланың жайдары жайсаңдығы да, ұлы даланың айбынды айбары да би бабамыздың мінезімен  дала үні, дала айбары және де дала рухы болып жау алдында да осылайша асқақтағанын қайтерсіз?!

Ел бірлігі- Ұлы даланың ұлы бабаларының аманаты!«Көп қорқытады, терең батырады. Тұлпардың төрт тұяғындай бірлігің бұзылмай, берекелі болғаныңа еш нәрсе жетпейді.Қилы-қилы заман болар. Сыйлассаң жекжат та туыс. Жекжатты сырттан ізде. Тілектес көбейер, тынысың кеңейер. Туыстық тұтастығың нығайып, жекжаттығың жалпақ елге жайылып жатса, елдігіңнің үстем болғаны!»- деген Өтжан би  Күржіұлының  өсиеті бүгінгі күнімізге де жарап тұрған ұлағат емес пе?! Және де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың « Ел бірлігі-ең асыл қасиет. Біздің бабаларымыз тірі болуы үшін бір болған, біз ірі болуымыз үшін бір болуымыз керек»,-деген пайымды пікірінен дала даналығының сабақтастығын аңғарар едік. Бұл Ұлы дала рухының бүгінгі ұрпақ санасынан кетпегені де, өшпегені де  болар бәлкім! Қлы даланың бүгінгі санасын да рухын да жаңғыртушы Елбасы екендігін айтқанды да жөн санап отырмыз.

Ұлы дала бізге сұлулықты сыйлады, әсемдікке, ізгілікке, мейірімге үйретті. Ұлы дала – осынау қас-қағым сәттей өмірдің «Дүние ойлап тұрсам шолақ екен, адамдар бір біріне қонақ екен»,- дегізіп мына дүниенің жалғандығын түсіндірді, аттың жалы, түйенің қомында жүріп «Дүние күнде өтеді, түнде өтеді, көңілден өлең айтсақ кір кетеді»,-деп мына  дүниені сүюді паш етті. Шырқап салар  әсем әніміз де , күмбірлете тартар шалқар күйіміз де,  «құс салып айдын көлді дабылдатқан» саятшылық өнеріміз де, серілеу де салдау дегдар болмысымыз да осы даламен біткен мінез бен  қасиет дегеніміз де абзал.

Тау –  біздің әкеміз, Дала – анамыз іспетті. Біз далаға қарап сәйгүлігімізді баптайтын халықпыз! Дала – менің жөргектегі үнім болып уілдеп, бесік жыры болып  тербетеді, тәй-тәй басқан әр қадамымның куәсіндей көрінеді, құлын ғұмырымның ойқастай шапқан алаңсыз тірлігі болып шаттанады, асау тайдай аласұрған алапат бұла күшімнің айғағындай бұлқынады, ошақ жағып, отау тіккен адами тірлігімнің көк түтіні болып көлбейді, далаға тән дархан болмысымның туындай болып желбірейді, тал бесіктен жер бесікке дейін керуен тартқан ғұмыр көшімнің сыбызғылы сырындай, қара домбыраның шанағынан  төгілген мамыражай күйдей әлдилейді, қара  қобыздың  шегінен  шер болып төгілген сарындай сай сүйегімді сырқыратады. Дала – менің  марал оты көктеген мамыражай тіршілігімнің, майда қоңыр сағынышымның айғағы!

Біз –  тауға қарап қыранымызды баптайтын халықпыз! Тау-менің өмір бойы талпынып келе жатқан биіктегі асқақ арманым, қол жетпей кеткен ардағым, сарқырап ағар ғұмыр өзенім, ойға жаңбыр жауғанда, шың басына жауар әппақ қарым мен  көгілдір мұнарым, құмарым мен тұмарым, салқын самалым мен саумалым! Арман да арман биігім!

Ұлы Дала! Жазылып жатқан жалпақ кеңістік, жасанып, түрленген жазира жайлау,  жусаны мен жуасы бұрқырап, боз көдесі мен ақселеуін жамылған шапқат өлке, жасыл шалғыны мен жалаңаш көлдері көз тартатын көкшіл дүние, ерке өзендері есіле аққан ат шаптырым алқап, ат шоқытып шығатын адыр белең, қиялай тартатын қырат, кербезден желпитін керімсал леп, сарайыңды ашатын самал жел, көкжиекті көмкере шөккен көк өңез мұнар, сағыныштың белгісіндей сарсаң қылған сары сағым, шаңқай түсте шалқалап келіп жай тастайтын шағырмақ бұлт, бәрі-бәрі сенің өн бойыңда өріліп жатқан жоқ па?!

Ұлы дала!  Жасанған, жайнаған жазира дүниенің бар базары ғана емессің, кеңдіктің, дархандықтың, шексіздіктің, батылдықтың, еркіндіктің  баба текті рәмізісің, асқақ арманның, биік мұраттың,  мағыналы мақсаттың, жүйрік көңілдің, ұшқыр қиялдың, селкеусіз кезімннің, патша парасаттың, тулаған жүректің, тасыған қанның, лықсып шыққан ұлы шежіренің мәуелі бағысың, тартылмаған тамырысың!

Ұлы дала! Сенің қылтанақтан қылтиып көрінер көгілдір көктемің де, жадыраған шуақпен жаны кіріп жайқалған жасыл барқыт жайдары жазың да,  мұңлы бір әнімен қайтқан қазбен бірге қайтар базар қызығыңды бауырыңнан беретін қоңылтақ қоңыр күзің де,  ақ жамылып, аяз бен үскірікті үрлеп тұратын алтайы ақ боранды қысың да  ғажап қой, шіркін! Соның бәрі де даланың  мезгіл бояуымен, мір өрнегімен, тіршілік ғадетімен, өніп  өрнектеліп келе жатқан  өмір ғой, өмір!

 Ұлы дала! Сенің төсіңді мекендеген қазақ деген қайсар, қайратты да бейбітсүйгіш халықтың табиғатына тарту, тарихына  таралғы еткен  өшпес  ерлік, өкінбес мәрттік,  кемеңгер ой мен  кемел ақылдылық, ханындай қаһарлы, биіндей пайымды, батырындай айбарлы ақсүйек бекзада болмыс, ән болып шалқып, күй болып төгілген зор махаббат, ағыл-тегіл қопарлып дария дүниенің өзін шайып кететін өлең-жыр, аңыз-дастан осы даланың үстімен көшіп,  бұлдырлы  бұлыңғыр уақыттың бұлтымен бірге жөңкіліп, замана көшінің зар запыранындай ақтарылып, сезім дүниесінің селі болып  төңкеріліп, көз жасы болып мөлтілдеп, көңіл қаяуы болып сөгіліп,  шаттық жыры болып шалқып,  сазы болып баурап, бізге жеткені ғажабы мен имани шүкіршілігі бүгінгі Тәуелсіздік! Қазақтың Тәуелсіздігі!

Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген  тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын  айта келіп, кезінде  «Тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр-тұтас бір халықтың тағдыры!  Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат!»,-деген пікірімізді де жариялаған едік.

Елбасының өз жүрегінде тербеп келе жатқан мына  Ұлы даланың   көгілдір заңғар аспанында қырандар ғана  қалықтап,   кең жазира төсінде  сәйгүліктер мен киелі киіктер ғана жүйткісе екен!  Қазақстан сынды Ұлы дала елінің ұрпақтары Тәуелсіздіктің  көк байрағын  биікке  көтере отырып,  ел экономикасының жақсы жетістіктерімен, ынтымағы жарасқан халқының мызғымас бірлігімен төрткүл дүниені сүйсіндіре берсе екен!

Елбасының Ұлы дала елін Мәңгілік ел етсем  деген аңсарлы арманы мен мұратына жеткізе гөр Тәңірі! 

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270