Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5658 0 пікір 2 Желтоқсан, 2016 сағат 17:55

ӘБУБӘКІР СМАЙЫЛОВ. ТҮСІК

ТҮСІК  

(Отыз жыл өткен соң) 

Алматынының алаңы. Желтоқсанда

Алаңдап бір хабарды ел тосқанда...

 

Көртышқандай тығылып түгел інге

Жалтақтаған күн еді Кремльге.

Намыс ойнап қазақтың жүрегінде

Қару ойнап биліктің білегінде,

Бірін-бірі ала алмай тірескенде

Қабақтардан қар жауып сірескенде -

 

Қатып қалған санамда СТОП-КАДР:

Қабаған ит тісінен тіс қаққан ұл

сытылып-ақ шығып ед, бірақ оны

сүйрейді әлі шашынан ұстап қазір!

 

СТОП-КАДР санамда кері айналған -

Қар үстіне қан тамып самайлардан,

Қаршадай қыз көзінде үрей тұрды

Лағындай еліктің қарай қалған!

 

Тұзы жеңіл қазақтың дәл өзіндей

Жер қозғалса қозғалмас және зілдей -

«Менің Қазақстаным» әуеледі,

Қандай жақсы қалғаны ән ЕЗІЛМЕЙ!

 

Әлі-ақ толар орыны кем-кетіктің,

Қарны тоқ қой қазақы пенделіктің.

Алматынының алаңы.

Желтоқсанда

Мен де тұттым Азаны, сен де тұттың.

 

Айтшы, орны толды ма кем-кетіктің

Ел тізгінін ұстайды ер жетіп кім?

МЕНІҢ ҰЛЫМ ОТЫЗҒА КЕЛЕР ЕДІ

КЕТПЕГЕНДЕ ҰШЫНДА КЕРЗІ ЕТІКТІҢ!!!

 

АТЫ ЖОҚ ҚАЛА

немесе бақытты шаһардың тұрғындары  

 

Бір қала бар әлемде нұр сипатты

Тұрғындары соншалық ілтипатты.

Көрген жанның бірден-ақ көзін жаулап

Баурайды екен жүрегін бір күй тәтті.

 

Бәрі арманда көрсек деп сол қаланы,

Сол қалаға асығып жол барады.

Римің де реңсіз, Париж де пәс

Қала біткен қасында қор болады!

 

Барынша адал шаһардың тұрғындары

Ашылмаған араны, құлқындары.

Қызығады бар әлем: Бұл қаланың

Парадан пәк періште мүмкін бәрі?

 

Күллі дүние қарайды ұрлана да

Күндіз түгіл түнде де нұрлана ма?

Бірақ, онда бір мұң бар.. Не жетпейді

Сәулетті де, дәулетті бұл қалаға?!

 

Көп ұзамай болыпты мұң да мәлім

Әлі атауы жоқ екен бұл қаланың!

Ханның тәлпіш қызындай аңыздағы

Айғай сапты: «Атым кім?

Кім боламын?»

 

Аңыздағы айтылар әділ патша

Жан қала ма жар салып, дабыл қақса :

«Ей, бақытты шаһардың тұрғындары,

Қаламыздың кімде-кім атын тапса...»

 

«Аңыз еді..» десек те бұл кешегі

Әлі күнге ел сабылып жүр деседі!..

    

КЕТПЕНДЕ КЕТКЕН КЕК

(Кейкі батыр келгенде)

 

 «Сағат түнгі үште Астанаға ұшақпен әкелдік. Бас сүйектің барлық бөліктері бар, қалпына келтіруге болады. Бастың өзінде сұмдық қанды оқиғаның іздері көрініп тұр. Тізерлетіп қойып, кетпенмен мойнынан шапқан. Өтпейтін кетпенмен бірнеше рет шабу деген сұмдық қой...»

(Алматы орталық мемлекеттік мұражай директоры Нұрсан Әлімбайдың  «Азаттық»  тілшісіне берген сұхбатынан) 

Шығарып сап Путинді, жыл құстарын

Шырт ұйқыда Астана..

Түнгі үш жарым.

Кейкі батыр келіп тұр!  Оян, қазақ

Күйбеңдемей, күйттемей тұрмыс қамын!

 

Батыр келді! Батырдың Басы келді,

Жаниын деп рухы жасық елді.

Түнгі үш жарым.

Тым-тырыс....Жатырсың ба

Қарсы алуға жарамай асыл ерді?

 

Ажал құшқан жүз жылдың белесінде

Кейкі батыр бейнесі ел есінде.

Алмас қылыш лайық асыл басқа

Кетік кетпен бұйырса... көнесің де!

 

Не амал бар бұйрыққа көктен жеткен,

Бұл қазаққа өтпейтін кетпен де өктем!

Иесі жоқ байлығын иен даланың

Иеленіп жатыр ғой өткен-кеткен!

 

Далаң дауға түскенде алаңдауға

Қақың жок па? Санасы самарқауға

Сан айтсаң да жетпейді - жүз жылда бір

Атылады аспанға Жанартау да!

 

Жігіт болса жігерсіз о да нәлет,

Сол бір кетпен сарт етті санама кеп-

Атаң құнын ақырып сұрамасаң

Ата-баба басынан садаға кет!

 

Құрманғазы күйі ойнап тамырыңда

Намыс туды қайтадан, таныдың ба?

Кейкі батыр кейпінде келіп тұрған

РУХЫ еді қазақтың анығында!

 

P.S.

Шығарып сап Путинді, жыл құстарын

Шырт ұйқыда Астана..

Түнгі үш жарым.

 

Астана, 6 қазан 2016 жыл, таңғы 03 сағат 30 мин.

 Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351