Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
5297 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 12:03

«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті

Бұрнағы күні Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті, - деп хабарлайды "Айқын" басылымы.

 Онда негізінен еліміздің 25 жылда қол жеткізген жетістіктері мен коалицияның азаматтық қоғамды нығайтудағы рөлі сөз болды.

Кездесуді ашқан Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық рәсімдеу, Конституция қабылдау, этносаралық және дінаралық қатынастың бірегей үлгісін құру, дамудың ұзақ мерзімді стратегиясын бекіту, Нұрсұлтан Назарбаев­тың интеграциялық және ядролық қаруға қарсы бастамалары, еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне сайлануы, Қазақ елінің жаңа астанасын салу сияқты тарихи шешімдерге ерекше назар аударып, тәуелсіз Қазақстан­ның басты жетістіктерін атап өтті.
– «Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз Тәуелсіздіктің 25 жы­лында толағай табыстарға қол жеткізді. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында айқын көрініс тапқан.
Біріншіден, ел тарихында алғаш рет Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның мемлекеттік шекарасы шегенделіп, халықаралық-құқықтық тұрғыдан рәсімделді.
Екіншіден, Елбасының биік беделі мен бүкілхалықтық қолдаудың арқасында мемлекеттің саяси, құқықтық және әлеу­меттік-экономикалық тұғырын қалаған Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Қос палаталы Парламент, кәсіби Үкімет, тәуелсіз сот билігі жасақталып, бүгінгі күні жүйелі жұмыс істеуде. Сондай-ақ қазіргі таңда мобильділігі, техникалық жабдықталу деңгейі және кәсіби құрылымы жөнінен посткеңестік елдер арасында жетекші орынға ие болып отырған заманауи Қарулы Күштеріміз жасақталды.
Үшіншіден, Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы нәтижесінде, мемлекетте этносаралық және дінаралық қатынастың бірегей үлгісі қалыптасты. Ол бүгінде еліміздегі бірлік пен бейбітшіліктің және қоғамдық келісімнің басты кепілі болып отыр.
Төртіншіден, Елбасымыз «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» сынды стратегиялық құжаттарды қабылдап, республикамыз үшін дамудың даңғыл жолын айқындап берді. Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуды көздейтін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен бес институттық реформа жемісті жүзеге асырылуда.
Президентіміз қалыптастырған Қазақстанның бірегей даму жолын бүгінде әлемнің көптеген елдері үлгі ретінде қабылдайды. Біз посткеңестік кеңістікте шетел инвестицияларын тартуда негізгі орталыққа айналдық. Қазірдің өзінде шетелдік компаниялар мен банктер экономикамызға 260 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы бес жылында-ақ 770 жаңа өндіріс орны ашылып, 75 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Ал «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының арқасында қазақ даласында мыңдаған шақырым жаңа магистральдар, миллиондаған шаршы метрді құрайтын баспана және жүздеген әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Бесіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды өңірдегі интеграциялық үдерістердің басты локомотивіне және Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еу­разиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Ұлы Жібек жолын жандандыру сияқты ірі халықаралық жобалардың белді мүшесіне айналдырды. Одан бөлек, Мемлекет басшысының жоғары беделінің арқасында еліміз ТМД елдерінен бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жемісті төрағалық етті және Астанада аталған ұйымның тарихи саммитін өте жоғары деңгейде өткізді.
Алтыншыдан, ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатқан Мемлекет басшысы елімізді халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде танытты. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесін әлемдік қоғамдастық жаһандық дамудың жаңа парадигмасы деп мойындап, БҰҰ-ның ресми құжаттарының қатарына қосты. Соның нәтижесінде, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел тарихында алғаш рет Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болмақ. Бұл – Елбасы жүргізіп отырған сыртқы саясаттың басты жеңісі.
Жетіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев Еуразияның жауһарына баланған Қа­зақстанның жаңа елордасын салды. Сарыарқаның төсіндегі осынау әсем қала бүгінде әрбір қазақстандықтың мақ­танышына айналды. Келесі жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы еліміз бен Астана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатынына сенім білдіремін.
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанның 25 жылда алған асулары мен бағындырған биіктерін бір баяндамаға сыйғызу мүмкін емес.
Еліміздің барлық азаматтарын «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу, Ата заңымызда Елбасымыздың ерен еңбегін атап көрсету мен оның есімін Елордаға беру бастамаларын қолдауға шақырамын. Өйткені тәуелсіздігіміздің жеңісі – Мемлекет басшысы мен барша Қазақстан халқының жеңісі, – деді «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Өз кезегінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елді жарқын болашаққа бастаған Елбасының батыл қадамдарына тоқталды. «Тәуел­сіздіктің 25 жылында Қазақстан өзгелерге үлгі болатын, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы қуатты, іргесі берік мемлекетке айналды. Президентіміздің басшылығымен Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті» деді.


 

Азат ПЕРУАШЕВ, 
«Ақ жол» партиясының төрағасы:

– Ширек ғасыр ішінде жаңа Қазақстан қалыптасты. Тәуелсіздіктің 25 жылындағы табыстарымыз Мәңгілік ел тұжырымдамасында көрсетілген ұзақ мерзімді ұлттық мүдделер мен Елбасы еңбегінің заңды нәтижесі.
Дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді, еңбекқор халқы бар қуатты мемлекет қана шынайы тәуелсіз болады. Елбасы тәуелсіздік ең басты байлығымыз екенін үнемі айтып келеді. Тәуелсіздікті ешбір әлеуметтік немесе материалдық игілікпен салыстыруға болмайды. Ал оны сақтап қалу үшін кез келген сынақтарға, тіпті құрбандықтарға да баруға болады. Оған біздің ата-бабамыздың азаттық жолындағы күресі дәлел.
Елдігімізді одан әрі нығайту үшін барша ақжолдықтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын қолдайды.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, 
Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы:

– Кез келген мықты мемлекеттің әлеуметтік жағы да берік болуы керек. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты саяси және экономикалық бағытының арқасында әлеуметтік саясат еліміздің қаржылық жетістіктері және мүмкіндіктерімен бірқалыпты дамуда. Әлемдегі қиын қаржылық ахуалға қарамастан, әлеуметтік бастамалар нақты орындалуда.
Мемлекет басшысы халықаралық интеграция­лық үдерістердің идеялық шабыт берушісі болып табылады. Егемендіктің ширек ғасыры ішінде еліміз Елбасының бастамасымен аса күрделі экономикалық және саяси түрленуді бастан өткерді. Осыған орай Қазақстан коммунистері депутаттар қабылдаған декларацияны толығымен қолдайды.

Серік СҰЛТАНҒАЛИ, 
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы:

– Қазіргі таңда біз алға қарай сеніммен жүріп келеміз. Отанымыз – Қазақстанның қуатты саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық жағдайында дамып келе жатқанына бәріміз куәміз. Қазақстандықтардың әл-ауқаты артып, халықаралық аренада еліміздің беделі биіктеп келеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Елбасының дана саясатының арқасында тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қалыптастыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ал экономика, мәдениет пен ғылымды дамытудағы ел жетістігі шын мәнінде, барлық қазақстандықтың мерейі болып саналады. Сондықтан «Бірлік» партиясы еліміздің жарқын болашағы үшін жасалған барлық игі бастаманы қолдайды.

Әли БЕКТАЕВ, 
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

– Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын толық қолдайтынымызды айтқым келеді. Онда Қазақстанның соңғы 25 жылдағы жетістіктері анық жазылған. Сондай-ақ халықтың еңбегі мен Елбасының өлшеусіз қызметі шынайы көрсетілді.
Тәуелсіздік арқылы Қазақстан дүниежүзі білетін қуатты мемлекетке айналды. Қазір өзге елдер Қазақстанды мойындап, даму жолымызды үлгі ретінде алатын күнге жеттік. Біздің көптеген алпауыт елдермен тереземіз теңесті. Мұның барлығы ең біріншіден, Елбасының арқасы.

 

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, 
Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Осы уақыт ішінде еліміз Елбасының көреген, тегеурінді саясатының арқасында аса қиын жаһандық дағдарыстарды артта қалдырып, қарқынды дамып, әлемге белгілі елге айналды.
Алдағы уақытта да осы бағытымыздан таймай, береке-бірлігімізді арттыру үшін Мемлекет басшысының дана саясаты төңірегінде топтасуымыз керек. Осы ретте Тәуелсіздіктің 25 жылдық тарихи межесі қарсаңында қазақстандық ардагерлер қауымы болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, Парламентте қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын қолдайды.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ, 
Ұлттық ғылым академиясының президенті:

– Мемлекет басшысының әлемдік сын-тегеурін­дердің алдын алып, халықты кемел келе­шекке бастауы бізге қазақстандық даму жолының іргетасын бекемдеуге мүмкіндік берді. Қазақстанда тұңғыш рет стратегиялық жоспарлау нәтижесі енгізіліп, этносаралық және конфессияаралық келісімнің ерекше моделі қалыптасты және қаржы жүйесі өзгертілді. Мемлекет жаңа заманның кадрларын дайындауға ерекше мән беріп отыр.
Елбасымыз елдің жетістігі тікелей адам капиталымен байланысты екенін әрдайым айтып келеді. Қазақстанның болашақ ғалымдарының мүмкіндіктерін жаңа белеске шығару үшін тұрақты түрде тың бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осының бәрі Президентіміздің ерен еңбегінің жемісі. Сол себепті, Қазақстан ғалымдары депутаттардың бастамасына өз үндерін қосып, қолдау білдіреді.

 

Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, 
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында макроэкономикалық даму көрсеткіштеріне қарамастан, әлеуметтік жүйені дамытуға бағытталған негізгі жаңа қадамдар қарастырылған. Қоғамдық өмірдің аспектілеріне талдау жасай отырып, Мемлекет басшысы кәсіпорындарға да басым міндеттер жүктеді. Бұл тапсырмалардың дені ең алдымен еңбек қарым-қатынастарын реттеуде демократиялық тәсілдерді енгізу мәселелеріне қатысты. Бұл міндеттердің басым бөлігі Мемлекет басшысының көрсеткен бағытының арқасында орындалған болатын.
Осы орайда халық қалаулыларының бүгінгі бастамасын Кәсіподақтар федерациясының қолдайтынын жеткіземін.

 

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, 
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

– Ата-бабамыз аңсаған, сол жолда қан төккен тәуелсіздікті көру бақыты бізге бұйырып отыр. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан шекарасын бекітіп, қуатты, дамыған елге айналды. Елбасының игі бастамаларының арқасында Қазақстанды өте қысқа уақыттың ішінде бүкіл әлем мойындады.
Сонымен қатар өзіміздің жаңа, бәсекеге қа­бі­летті экономикамызды құрдық. Өндіріс аясы кеңейіп, шетелдік ірі компаниялармен әріптестігіміз ны­ғайды. Одан бөлек, елімізде шағын және орта кә­сіп­керліктің даму қарқыны да көңіл қуантады. Бүгінде Қазақстанда 1 млн 300 мың кәсіпкер жемісті жұмыс істеп, ел эко­но­микасының локомотивіне айналды. Тәуелсіздік алған кезде ширек ғасырдан кейін осындай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлап па едік?! Осының барлығы Президентіміздің ел үшін жасап жатқан игі істерінің нәтижесі. Сондықтан бүгінгі бастаманы еліміздің барлық кәсіпкерлері толық қолдайды.

Ал Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков тәуелсіздік жылдарында алған асуларымыз бен бағындырған белестеріміз Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екеніне қатысушылардың назарын аударды.
Сондай-ақ аталған іс-шараға қатысқан еліміздің жетекші саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктерінің басшылары да мемлекетіміздің жеңістері мен жетістіктерін тілге тиек етті. Атап айтқанда, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚХА кеңесінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Кәсіподақтар федерацияс­ы­ның төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов және Қазақстан Республикасы­ның Президенті жанындағы рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен көркеюі Елбасының есімімен тікелей байланысты екенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы қазақстандықтарға арналған Үндеу қабылдады. Онда Тәуелсіздік жетістіктері – Тұңғыш Президенттің көшбасшылығы, жалпыұлттық бірлік, барша қазақстандықтардың жанкешті еңбегі мен ынта-жігері екені атап өтілген. Сондай-ақ азаматтарды Елбасының мемлекеттік бағыт-бағдары аясындағы бірлік пен ынтымаққа шақырған Үндеуде бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және Мәңгілік ел идеясы Қазақстанның даму жолында маңызды рөлге ие екендігіне ерекше көңіл бөлінген.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2072