Биыл рекордтық көлемде астық жиналды
Биыл егемендік тарихында тағы бір рекордтық деңгейде астық жиналды. Оның жалпы көлемі 24 миллион тоннаға жуық. Таратып айтсақ, 17,9 млн тонна бидай, 3,3 млн тонна арпа қамбаға құйылды. Ал күріштің әр гектарынан 53,6 центнерден өнім алынып, рекорд жаңартылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі ұлғайып, мал саны артты, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті.
Отандық өнімдерді экспорттау 3 есе өсіп, оның жаңа жүйесі қалыптасты. Агроөнеркәсіптік кешен инфрақұрылымы бұрынғыға қарағанда жетіле түсті. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 9 айда ауыл шаруашылығы саласы өндірістік салалар арасынан суырылып алдыңғы қатарға шықты.
Биылғы жыл мал шаруашылығына да өте қолайлы болды. Статистикалық мәлімет бойынша, жылқы саны 2,2 миллионға, ірі қара 6,7 млн, қой-ешкі 20,8 млн басқа жетті. Осы малдардан алынған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, өндірілген сиыр мен жылқы етінің жалпы көлемі 1 млн тоннаны құрады.
Сыртқы саудада да соны жетістіктер баршылық. Қазақстан астық пен ұн экспорттаудан әлем көшін бастаушы елдер қатарында келеді. Жыл басынан бері 7,2 млн тонна астық экспортталды. Басты тұтынушыларымыз Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Қытай, Түркия және Италия мемлекеттері болды.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасуы тиіс. Себебі, Мемлекет басшысы салаға серпін берерліктей үлкен қолдау көрсетіп отыр. Елбасының «Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі ұлттық экономиканы дамытудың негізгі күшіне айналды», деп айтуы соның тағы бір дәлелі. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасын жасау туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында жасалатын бағдарламаға енетін ұсыныстар мен оны жүзеге асырудың тиімді тетіктері Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен алқа мәжілісінде қаралды. Елбасының министрлікке жүктеп отырған басты міндеттері – ауыл тұрғындарының табысын көбейту, ішкі нарықты толық отандық өніммен қамтамасыз ету, осы бағыттағы субсидиялау, несиелеу тетіктерін жетілдіру және дәл бағытталған экспорттық саясат жүргізу мәселелері жан-жақты пысықталды.
Елбасы өз тапсырмаларында кешенді әртараптандыруға батыл бет бұру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осы тапсырмаға сәйкес келер жылдан бастап бидай егетін егістіктер көлемі 2,3 млн гектарға кезең-кезеңімен қысқартылып, орнына майлы дақылдар егілетін болады. Атап айтсақ, сұранысы жоғары рапс, соя, сафлор сынды майлы дақылдар мен арпа, жүгері, қант қызылшасы сияқты дақылдарға қолдау көрсетіледі. Соның нәтижесінде қант импортын 97 пайыздан, 65 пайызға өсімдік майы импортын 38 пайыздан 16 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Осы өсімдіктердің өнімділігін арттыру үшін сапалы тұқым және тыңайтқыштар алуға мемлекеттен субсидиялар бөлінеді. Келер жылдан бастап гектарлық субсидия тоқтатылып, орнына алынған өнім көлеміне берілетін көмек қаржы қолданысқа енеді.
Ал мал шаруашылығы саласында жемшөп даярлау бірінші кезекке шығады. Көп жылдық шөп даярлау, құрамажем шығару, жайылымдардың жағдайын жақсарту мәселелері жаңа бағдарламада жан-жақты қамтылып, мемлекеттік қолдауға толық ие болып отыр. Осы шаралардың негізінде сиыр және қой етінің экспортын 120 мың тоннаға жеткізу, құс етінің импортын 51 пайыздан 33 пайызға, балық импортын 67 пайыздан 46 пайызға және сүт өнімдерінің импортын 40 пайыздан 20 пайызға төмендету жоспарланған.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы ғылым мен өндірістің байланысын арттырудың әртүрлі шаралары қарастырылып, жүзеге асырылмақ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ
Абай-ақпарат