«Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күні» жалғасып жатыр
«Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты жұлдызды 25 күн шарасы аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, ғалымдар қатысты, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.
Жиында сөз алған Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша Тұжырымдама жасалғанын, соған сәйкес, Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толған торқалы тойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарлары қабылданғанын атап өтті. «21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында өтетін іс-шаралар «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күні» аясында ұйымдастырылады. Осыған орай, күні кеше еліміздің 16 жасқа толған азаматтарына жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілсе, бүгінгі жиын Тәуелсіздіктің басты нышаны – Мемлекеттік рәміздерге арналып отыр», – деді Гүлшара Наушақызы. Сонымен қатар, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында биылғы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің қабылданғанына тоқтала келе, бұл тарихи құжатта Мәңгілік Елдің мызғымас 7 тұғырын нығайту, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету міндеттері белгіленгенін жеткізді. «Олар Тәуелсіздік пен Астанаға, жалпыұлттық бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, зайырлы мемлекет және жоғары руханиятқа, инновация иірімдеріне, тұрақты экономикалық өсімге, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығына, ұлттық қауіпсіздікке, сондай-ақ, Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларын шешуге тікелей қатысуына байланысты», – деді Мемлекеттік хатшы.
Жиын аясында Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік рәміздерге арналған байқаулардың, патриоттық іс-шаралардың жүргізіліп жатқанын айта келе: «Мемлекеттік рәміздер – ел ішіндегі тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Сондықтан оларды қадірлеп, қастер тұтуымыз керек», – деді.
Отырыста Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков те сөз алды. Ол Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның Тәуелсіз Қазақстанның өмірінде алатын орнына тоқтала отырып, 1992 жылғы маусымның 4-інде Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісінде Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерімен ресми танысу болғанын, ал 1996 жылдың 24 қаңтарында Президенттің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық күші бар Жарлығымен Елтаңбаның құқықтық мәртебесі айқындалғанын жеткізді.
Ал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков елдің алғаш өз тәуелсіздігін алған кезеңін еске алып, толғанысымен бөлісті. Тәуелсіздіктің жолы «Оңай болған жоқ. Мұны ұрпақ білуі керек. Құлдыраған экономиканы, тұралаған өндірісті қалыпқа салу әрине, оңайға түскен жоқ. Бұл жерде Елбасының төзімі де жетті, ақылы мен парасаты да жетті. Бұл жолда басын бәйгеге тіккен, бірақ, жандары қиылған бабаларымыз, қолына қару алған батырларымыз, көсемдеріміз, даналарымыз, ақындарымыз, жырауларымыз, хандарымыз жете алмаған Тәуелсіздікке біз жеттік», – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Оның айтуынша, сол жылдары қазақ халқының саны 39 пайыз болған екен. «Сол кезде бізді бұрыннан бері Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері де қолдады. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстанның желбіреген көк Туының тұғыры халқымыздың мызғымас бірлігі мен ынтымағының арқасында биіктеп тұр. Есіктегі басымыз төрге жетті. Қазақстан дамыды, оны әлем таныды, мойындады. Қазақтың тілі БҰҰ мінберінен естілді. «Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады» дейді, біз осы бақытты бағалай білуіміз керек деп ойлаймын», – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Сонымен қатар, ол Мемлекеттік рәміздердің құндылығына қатысты да өз ойын білдірді. «Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің паспорты, яғни төлқұжаты. Біздің желбіреген Туымызға, Елтаңбамызға, Әнұранымызға қарап, Қазақстанды таниды», деді Мырзатай Жолдасбеков.
Бұл күнгі отырыста сондай-ақ, Сыртқы істер, Ақпарат және коммуникация, Мәдениет және спорт министрліктерінің, Алматы қаласының, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің есептері тыңдалды. Жиын соңында мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ
Abai.kz